Тоңазытқыштың есігі көп адамға ең ыңғайлы орын болып көрінеді: қажет зат қол созым жерде тұрады. Бірақ дәл осы аймақта кейбір өнімдер тезірек бұзылады. Себебі есік бөлігіндегі температура тұрақсыз болады. Тоңазытқыш ашылған сайын ішке жылы ауа кіреді, ал есіктегі өнімдер күніне ондаған рет аздап қызады. Бұл кей тағамдарға қатты әсер етеді, деп хабарлайды turkystan.kz bestproducts.mail.ru-ға сілтеме жасап.
Тоңазытқыштың ішкі бөлігінде температура әдетте тұрақты түрде +2…+4 °C шамасында сақталады. Ал есікте температура жиі өзгеріп тұрады. Тіпті 2–3 градус айырмашылықтың өзі өнімнің сақталу мерзіміне әсер етеді: бактериялар тез көбейеді, дәмі мен құрылымы өзгереді.
Тоңазытқыштың есігіне қоюға болмайтын өнімдер
Жұмыртқа. Көп тоңазытқышта жұмыртқаға арналған арнайы орын дәл есікте орналасқан. Бірақ бұл сақтау үшін ең дұрыс жер емес. Жұмыртқа қабығы кеуекті болғандықтан ауа өткізеді. Температура ауытқығанда ақуызы сұйылып, сарысының құрылымы әлсірейді. Сондықтан жұмыртқаны негізгі сөрелердің бірінде сақтаған дұрыс.
Сүт пен кілегей. Сүтті есікке қою ыңғайлы болғанымен, ол жерде тезірек ашып кетуі мүмкін. Әр ашқан сайын қаптама қызады, ал мұндай шағын температуралық өзгерістер бактериялардың көбеюін жеделдетеді. Әсіресе жазда немесе тоңазытқыш жиі ашылатын үйлерде бұл қатты байқалады.
Йогурт пен сүтті десерттер. Йогурт, пудинг, сүзбелі десерттер тірі бактериялық дақылдар мен ылғалға бай болғандықтан температура өзгерісіне сезімтал келеді. Соның салдарынан дәмі тез қышқылданып, құрылымы өзгереді.
Жұмсақ ірімшіктер мен сүзбе. Рикотта, маскарпоне, крем-ірімшік, сүзбе секілді өнімдердің сақтау мерзімі қысқа. Есіктегі температура ауытқуы олардың тезірек бұзылуына әкеледі: суы бөлініп, дәмі қышқылдана бастайды.
Косметика. Көзге арналған патчтар, кремдер мен сарысуларды кей адамдар салқындату үшін тоңазытқышқа қояды. Бірақ есікте олардың құрылымы бұзылып, крем қабаттанып кетуі мүмкін. Мұндай заттарды да тереңірек бөлікте сақтаған дұрыс.
Дәрі-дәрмек. Кейбір тамшылар, майлар мен сироптар +2…+8 °C аралығындағы тұрақты температураны қажет етеді. Есік бөлігіндегі өзгерістер дәрінің белсенді заттарына әсер етіп, тиімділігін төмендетуі мүмкін.
Есікке қандай өнімдерді қоюға болады?
Тұздықтар мен дәмдеуіштер. Кетчуп, майонез, қыша, соя тұздығының құрамында тұз, қант немесе сірке суы болады. Олар бактериялардың көбеюін баяулатады, сондықтан мұндай өнімдер температура өзгерісіне төзімді.
Сусындар. Су, шырын, газдалған сусындар аздап жылығанымен тез бұзылмайды. Сондықтан оларды есікке қою қауіпсіз.
Тосап пен джем. Қант мөлшері жоғары болғандықтан мұндай өнімдер ұзақ сақталады және температура ауытқуына төзімді келеді.
Тұздалған өнімдер. Маринадталған қияр, зәйтүн, каперс секілді өнімдер тұзды немесе қышқыл ортада сақталады. Бұл бактериялардың дамуын тежейді.
Тоңазытқыштың есігі – ыңғайлы аймақ, бірақ барлық өнімге бірдей қолайлы емес. Жұмыртқа, сүт, йогурт секілді тез бұзылатын тағамдарды негізгі сөрелерде сақтаған дұрыс. Ал есік бөлігін соустарға, сусындарға және консервіленген өнімдерге қалдырған тиімді.