Швейцария азаматынан хантавирустың ең қауіпті түрі табылды

/
Швейцария азаматынан хантавирустың ең қауіпті түрі табылды

Швейцарияда науқастан хантавирустың ең қауіпті түрінің бірі анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Швейцария азаматынан хантавирустың Андес деп аталатын сирек әрі аса қауіпті түрі табылды. Бұл туралы ел билігі хабарлады. Мамандардың айтуынша, вирус жұқтырған адам бұған дейін індет тіркелген MV Hondius круиздік кемесінде болған.

Андес вирусының ерекшелігі – оның адамнан адамға жұғу мүмкіндігі бар. Көптеген еуропалық хантавирустар әдетте кеміргіштермен немесе олардың бөлінділерімен байланыс арқылы тарайды. Ал Андес вирусы сирек жағдайда тікелей адамдар арасында да таралуы ықтимал.

Қазір билік өкілдері халық үшін жаппай қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Соған қарамастан жағдай бақылауға алынған.

Круиздік кеме қазір Кабо-Верде маңында жүр және Канар аралдарындағы порттардың біріне тоқтауды жоспарлаған. Алайда аймақ басшылығы кеменің кіруіне қарсы шықты. Архипелаг үкіметінің жетекшісі Фернандо Клавихо қауіпсіздікке қатысты мәліметтер жеткіліксіз екенін айтты. Reuters агенттігінің жазуынша, мәселе енді Испания үкіметімен талқыланбақ.

Кемедегі індет Ушуайя қаласынан шыққаннан кейін басталған. Оқиға салдарынан Нидерланд, Ұлыбритания және Германия азаматтары қаза тапқан.

Хантавирус инфекциялары көбіне қоршаған ортадағы кеміргіштермен байланысты болады. Бірақ Андес вирусы секілді сирек түрлері адамнан адамға таралу қаупімен ерекшеленеді және аурудың ауыр өтуіне әкелуі мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары