Ес-түссіз жатқан адам сөз түсінеді – зерттеу

/
Ес-түссіз жатқан адам сөз түсінеді – зерттеу
сурет: istockphoto.com

Ғалымдар адамның миы жалпы наркоз кезінде де сөзді өңдеп, тіпті келесі сөздерді болжауға қабілетті екенін анықтады. Nature журналында жарияланған зерттеу нәтижесі медицина мен нейроғылым саласында үлкен қызығушылық тудырды, деп хабарлайды turkystan.kz nature.com-ға сілтеме жасап.

Бұған дейін жалпы анестезиядағы адам миы сыртқы ақпаратты күрделі деңгейде өңдей алмайды деген түсінік болған. Алайда жаңа зерттеу бұл көзқарасқа күмән келтіріп отыр. Ғалымдардың айтуынша, ес-түссіз жатқан адамның гиппокампы, яғни есте сақтау мен ақпаратты өңдеуге жауапты ми бөлігі естілген сөздердің мағынасын талдап, сөйлемнің жалғасын болжауға тырысқан.

Зерттеу барысында эпилепсиямен ауыратын жеті науқасқа операция кезінде дыбыстық сигналдар мен подкаст үзінділері тыңдатылған. Сол сәтте ғалымдар олардың миындағы жеке нейрондардың белсенділігін арнайы өте жұқа зондтар арқылы бақылаған. Бұл құрылғылар адамның шашынан да жіңішке және жүздеген жасушаның сигналын бір уақытта тіркей алады.

Нәтижесінде анестезия әсеріндегі гиппокамптың дыбыстарды ажыратып қана қоймай, сөздердің грамматикасы мен мағынасын өңдейтіні байқалған. Кей нейрондар сөйлем контексіне қарай келесі сөзді алдын ала «болжап» отырған. Ең қызығы, бұл белсенділік сергек адамдардың миындағы реакцияларға ұқсас болған.

Зерттеушілердің түсіндіруінше, қолданылған пропофол препараты ми бөлімдерінің өзара байланысын әлсіретіп, сананы «сөндіреді». Бірақ гиппокамп ақпаратты қабылдау және өңдеу жұмысын толық тоқтатпайды.

Самир Шет есімді нейрохирург адамның миы өте күрделі жүйе екенін айтады. Оның пікірінше, кейбір когнитивтік процестер адам оны сезбесе де жалғаса береді.

Ғалымдар бұл жаңалықтың болашақта комада немесе вегетативті күйдегі пациенттердің ми белсенділігін бағалауға көмектесуі мүмкін екенін айтады. Алдағы зерттеулерде мамандар анестезияның басқа түрлерін де тексеріп, адамның ұйқыдағы миы шетел тілдерін қалай қабылдайтынын зерттемек.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары