«Менің Мағауинім»

Мағауиннің «Аласапыраннан» басталып, «Алтын Ордамен» аяқталған әдеби жолы қа­зақтың тарихы мен танымын түгендеуді бас­ты миссия етті. Егер де ұлы қаламгердің ар­тында 27 томдық тарихи мол мұра қал­маса, оны жазу біздің буынға міндет болып қалар еді. Сондықтан да, жазушы өзінен кейін әдебиетке келетін буынның жүгін жеңілдетті.

«Менің Мағауинім»
767

3 наурыз – Дүниежүзілік жазушылар күнінде Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалында жас қа­ламгерлердің басын қосқан «Менің Мағауинім» атты дөңгелек үстел өтті. Ұлы суреткер Мұхтар Мағауиннің шығармашылығына арналған іс-шараны Одақ филиалы мен TÚRKISTAN газеті бірігіп ұйымдастырды. Дөңгелек үстелді Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы жүргізіп отырды. Жиында айтылған жас әдебиетшілердің ойларын ұсынып отырмыз.

Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ, 
ақын, жазушы:

«Алтын орда» – 260 жылдық даңқты кезеңнің шежіресі

Ғаламат қуатты ойдың, аруақ қонған рухты сөздің иесі, тарихшы, жазу­шы Мұхтар Мағауиннің тарихи-танымдық сыпаттағы «Алтын Ордасы»  – өз алдына жан-жақты зерттелген жеке еңбек. Былай қара­ғанда, алдында жазылған «Шыңғыс хан» төрт томдығының жалғасы іспетті.
Орта ғасыр, соның ішінде Шыңғыс қа­ған заманын зерттеуде мүлде қара үзіп, дара шапқан жазушының «Алтын Ордасы» тарихымызды тануда аса қастерлі еңбек дер едік. Біздің даңқты бабаларымыз құр­ған, әуелде Жошы ұлысы аталған Ұлұғ Ұлыс­т­ың негізгі мұрагері саналатын бү­гінгі Қазақ Елі үшін мән-маңызы айқын, ең толымды зерттеу.
Аталған еңбекте осыған дейін өзгелер тара­п­ынан тым қисынсыз бұрмаланған, оған ғаламды сендірмек болған, қызыл жүйе қалыптастырған қабаты қалың мың сан сеңді бұзады. 
Арғы Ғұн, Көк түріктері заманын қоя тұ­рыңыз, беріде қуатты жұрт ретінде ұйыс­­қан, Ертіс пен Дунай арасын бауы­ры­на басқан империялық тарихымыздың жыл­намаларында әртүрлі пікірлер төңі­регінде әлі таласып келеміз. Соның бірі – Жошы ұлысының құрылуы турасында. М.Мағауин қаншама сенімді дерек көзіне сүйенген зерттеулері арқылы Ұлыстың өз ал­дында ту көтерген уақытын 1220 жыл­дан бастайды. «Алтын Орда» кітабында осы айтқан 1220 жылдан 1480 жыл ара­сын­да салтанат құрған көшпенділер им­пе­риясының тұтас бір дәуірге жататын 260 жылдық даңқты кезеңін жан-жақты суреттеп береді. 
Екінші мәселе – былай қарағанда елеу­сіз саналатын, алайда жаңа Ұлыс тари­хы­ның басында тұрған, елемесе болмайтын оқи­ға­лар мен нақтылауды қажет ететін дерек­терге барынша тоқталады. Мысалы, Шыңғыс қағанның даңқты  немересі Бату хан бастаған әскердің нақты санын орыс та­рихшылары өтірік жазып, лепірме дақ­пырттарға жол берген. Ары таманырақта Карамзин бастап берген 500 мыңнан құл­дата келіп, С.Соловьевтің ұсынуымен Кеңес заманындағы оқулықтарға ресми 300 мың деп бекіген жалған деректердің бетін ашады. 
Тура сол кездегі Шыңғыс құрып кет­кен аса алып қағанаттың ішкі-сыртқы жағ­­­­­дайларына талдау жасайды. Бату хан бастап баратын Батыс жорығынан бөлек, шы­ғыста Солаңғы-Корея, Түстік қытай­дың Сұң хандығы, Хорезмнің түстігіндегі керуен-сауда жолдары үшін аса қажетті Кә­шімир тарабы секілді төрт бағытта жа­салатын қатарлас жорықтарға қажет жа­сақ пен қағанаттың бар әскерін бастан ұрып санағандай түгендеп береді. Түйін­дей келгенде, соншама байтақ жерде, оты­рықшы қуатты елдерді жайпап, Адрия теңі­зіне жеткен Батудың жасақ саны 70 мыңнан аспайды екен!
Қош, делік. Мағауин әр сұраққа тоқ­тала келе, Бату ханның, оған ерген Шың­ғыс тұқымдарының даңқын аспандатқан Орталық Еуропа майданындағы екі ұлы шайқасты тамсана жазады. 1241 жылдың 9-көкегінде болған атақты «Легница ұры­сы», одан екі күннен соң 11-көкекте өткен «Шайо ұрысы» – тұтас Еуропаға үрей әке­ліп, корольдерін қалтыратқан еді. Бату хан ашық дала, қорғансыз қыстақтардан қа­шып, еуропалық қамалдарға тығылған көп халықтың қан жағынан өздерімен жа­қындығы жоғын біледі. Шыңғыс қаған өсиетімен Батыс Түрік қағанатынан та­рам­далған киіз туырлықты көп халықты бір ту астына жинауды мақсат тұтқан ол, ары қарай жорық ашуды қажетсіз деп санаған.  Жеңімпаз қолын алып кері қай­тар жолында, Үгетай қағанның тосын өлі­мі жайлы хабарды естіп, ат басын шұ­ғыл кері бұрмағанда... Иә, Бату кері ше­гін­бегенде қазіргі Еуропа картасы басқаша түзі­лері де сөзсіз еді. Сөйтіп, байтақ батыс­тағы үлкенді-кішілі соғыстар мен ғалам тарихында ғаламат ұрыс ретінде жылна­маға енген жоғарыдағы екі даңқты жеңіс­тен кейін Алтын Орданың негізгі аумағы қалыптасқан-тұғын. 
М.Мағауин арғы-бергі тауарихты қау­зап, сол заманның түрлі саяси жағдайын баян­дай келе, Алтын Орданың ұзына та­ри­хын мейлінше қамтып жазады. Бату хан­нан кейін билікке келген Берке, одан соң Мөңке-Темір тұсында өткен «Талас Құрыл­тайынан» кейінгі Ұлыстың тұтас қа­ға­наттан бөлініп, өз еншісін алуы өз ал­дына бір ұлы оқиға болатын. Таудай-Мөңке хан, Төле-Бұқа хан кезіндегі өтпелі жылдар мен Өзбек, Жәнібек хандар заманындағы ең ғажап, ең айбынды алтын ғасырларды тереңінен толғайды.
Біз үшін ең өкінішті кезең – Бердібек хан бастап берген бүліктің ұзақ уа­қыт­қа созылуы, «Нар мойыны кесіліп, Бер­ді­бектің өлген жері...» дейтін тәмсілмен қатар осы қаражүрек ханның қолынан Бату тұқы­мы­ның тұздай құртылуы, оған қабаттаса кел­ген ауыр оба, оған жалғасқан ашаршылық. 1357-1377 жж. арасында, айналдырған жиыр­ма жылда Алтын Орда тағында 25 хан­ның ауысуы Ұлық Ұлысқа келген ауыр апат болды. Бұл апат екен, алда ауыр зобалаң – А­қсақ Темір мен Алтын Орданың соңғы ха­ны, он бес жыл өкім құрған Тоқтамыс екеуі­нің арасында өткен қырғын жайы Ма­ға­уин еңбегінде айрықша талданып жазы­ла­ды. Қанішер Ақсақ өзі қол бастап өткерген, тым аяусыз жүргізген шапқында Алтын Ор­даның 170 қаласын қиратып, байлығын то­нап, халқын құлдыққа айдап әкетуі – өт­кен тарихымыздың аса қаралы беттері-тұ­ғын. («Алтын Орда» томдығына қоса оның «Кел­де-мұнара» шығармасын оқысаңыз, Ақ­сақ Темірдің өз бауырларына қалай аяу­сыз, жосықсыз қанды қасап жасағанын тү­сіне­сіз).
М.Мағауин аталған алып еңбегінде Жо­шы ханнан басталып, Батумен жалғасып, 1450-1460 жылдар аралығында Керей мен Жә­нібек сұлтандардың Шәйбан ұрпағы би­леп отырған Көк Ордадан бөлініп, Қазақ Ор­дасының құрылған кезеңімен түйіндейді. Ұлы жазушы, даңсалы тарихшы ғұмыры жетсе, Қазақ Ордасы тарихына қайыра ора­лып, оған да керемет бір том арнар еді. 
Қалайда, ғұлама жазушының мүмкіндігі жет­кенінше атқарып, жазып кеткен теңдесі жоқ тарихи мұраларын талдап, түсініп, оқу­лық­тарға енгізіп, ұрпақ жадына сіңіру біздің басты мақсатымыз болуға тиіс. Өзім де қал-қадірімше, шамам жеткенше жазып жатқан тарихи романдарыма Мағауин мұраларын алтын арқау, айбынды ту ететінім содан. 

Арман ӘЛМЕНБЕТ, 
жазушы:

Мағауин 
Совет идеология­сын мойындама­ған қаламгер

1991 жылғы желтоқсанда Мұхтар Ма­ғауин­нің жасы 52-ге таяп қалған екен. Одан кейін 33 жылдай өмір сүріп, дүниеден өтіпті. Менің ойымша, ол кісінің қызыл өкімет ке­зінде өткізген 52 жылы кейінгі 33 жылынан әлдеқайда жемісті, қазақ үшін құнды болды. Бұл – жазушының кейінгі пікірлері мен шы­ғармаларын төмендету үшін емес, керісінше оған дейінгі еңбегінің бағасы қаншалық жо­ғары екенін жеткізу үшін салыстыру керек деп біліңіз.
Революцияға дейінгі өмірді көрген зия­лылар атылып, тірі қалғандары көн­дік­кеннен кейін, Совет одағы деп аталатын елде туып-өскен жазушылар шықты. Бұл кісі­лер өкімет насихаттаған идеологияны сіңірді, іштей басқа пікірлері болса да, оны шы­ғармасы арқылы оқырманға бере алғаны кем де кем. Жазғандары «классика» деп ата­латын сөреге қосылатындардың ішінен өзім Бердібек Соқпақбаевтан, Мұхтар Мағауин­нен, Оралхан Бөкейден ғана советтік идео­логияға иланбау, онымен қоймай тар кеңіс­тікке сыймай, бұлқыну белгілерін байқаған еке­нмін. Бердібектің уақытында жария­ланбай қалған «Ергежейлі еліне саяхаты», баспаға кетерде «Өлгендер қайтып келмейді» ро­манынан түсіп қалған аштық туралы та­рау­лар, сол шығармасындағы соғысты сынап өтетін жолдары, «Менің атым Қожасындағы» тәртіпке бағынайын десе де бағына алмай жүр­ген Қожа мен Сұлтанның өзі-ақ түсінген адам­ға талай нәрседен хабар береді. Ал Орал­ханның Қоңқайы «суверинитетім бәрі­нен де қымбат» деп азаттық туралы ойын ашық айтады.
Бүгінгі әңгімеміз Мағауин болған соң, әрі осы аты аталған үш жазушының ішінде совет өкіметіне қарсы идеяларды шығармаларына ең көп жасыра білгені де Мағауин болған соң, әңгімені сол кісіге қарай бұрайын. 
Жастау кезімде оқыған «Аласапыран», «Көк­балақ», «Тазының өлімі», «Шақан шері» сын­ды роман, повестерден санамда анық таң­баланып қалған бірнеше сөйлемді тауып алып, қайта оқыдым. Қазір мұндай идея­ларды әркім-ақ біледі. Біреу терең түсініп, сезініп айтса, біреу ұрандатып айта береді. Ал оны Мағауин сонау алпысыншы, жетпі­сін­ші, сексенінші жылдары айтқан екен.
1969 жылы жазған «Тазының өлімі» хикаятын былай деп аяқтайды: «Тазыдан қалған жалғыз белгі – ауыл еркектерінің басын­дағы түлкі тымақтар да көп ұзамай тозып бітті. Олардың орнын елтірі тымақтар мен арзан малақайлар басты. Өйткені Лашын осы өңірдегі асыл нәсілді ең соңғы тазы еді».
Отарлыққа кіргенге дейінгі тектілігі­міз­дің бір жұқанасы осылай жоғалды дейді. Одан соң бәрі тексіздікке бет бұрды, ендігі­нің адамдары да бастарына киген малақай секілді арзан дейді. 
Отарлаушы ел Тұран жолбарысының да тү­біне жеткен екен. Ықылым заманнан бері көш­пенділерді ес көріп тіршілік еткен жырт­қыштың соңғысы қырқыншы жылдары Балқаш бойында аңшының оғынан өлгенін жазушы эпиграф етіп алады. Ал соңын былай деп бітіреді: «Тек суыра соққан меңіреу құм, қылтанақсыз тақыр, тамшы сусыз шөл... – адам баласы аласталған өлі аймақтардың бар­лығы да бір заманда нулы, дулы, жасыл жазира болатын деседі. Осыны ұмытпайық». Бұл 1984 жылы жазылған шығарма екен. Екі жылдан кейін Жазушылар одағында оқыр­мандармен кездескенде «Шақан шеріні» неге жаздыңыз деген мәндегі сұраққа Мағауин «...экология мәселесіне қалам тарту үшін жазылған шығарма ғой деп ойлаймын» деп жорта жауап береді. Әрине, экология дегенді адамзатта ерте түсінген басқа емес, біздің аталарымыз. Яғни, көшпенділер. Геноцид жасамай, табиғатты ластамай, бар-жоғы білінбей өмір сүрген. Бірақ Мағауин тек оны айтып тұрмағаны анық. Жерге иелік ететін адам болса, сол жерде жайылатын малдан бө­лек аң мен құс та белгілі бір дәрежеде сол адам­ды пана тұтып тіршілік етеді. Мінекей, ғұнның кезінде, қағанат дәуірінде, орда заманында, хандық уақытында жоғалмаған жолбарыс қырқыншы жылдары тұқымы тұздай құрып отыр. Мағауин осыны меңзей­ді. Бізге сенген жолбарысты қорғай алмадық дейді. Тура осы жолбарыс секілді қаншама қасиетіміз келмеске кетті дейді. Революцияға дейін сендерде ештеңе болған жоқ дегендері өтірік, бұл далада көп нәрсе болған, бірақ оның бәрін құртқан, соны ұмытпайық дейді.
Болған, бірақ кейінде айрылып қалған дүниелеріміздің ең үлкені – елдігіміз еді. Яғни, бұрын да мемлекет болғанымыз. Оны «Аласапыранда» ашық жазады. 1982 жылы шыққан сол романда қазақ елшісін орыстың мехмандары күтіп алатын мынадай тұс бар: 
«Шылбыр бойындай қалғанда екеуі де тоқ­таған. Рәсімнің ең кіді, тайғақ тұсы да осы арадан басталады. «Аттан түсу керек, ат­тан түсу керек!» – деп сыбырлаған, бірге жүр­ген коломналық мехмандар өзінің тіл­ма­шы арқылы...
...Аттан, әрине, түсу қажет. Арттағы ақ пат­ш­аның құрметі үшін. Бірақ орыс бегінен бұрын табаны жерге тимеуі керек.
Қаба сақал қарт мехмандар талай елшіні қар­сы алған тәжірибелі кісі еді. Өз патша­сының абыройы үшін, алыстан келген бейта­ныс халықтың елшісін қалайда бұрын түсіру­г­е тиіс. Қу азиаттың өз бетімен қозғала қой­масын байқады да, айла жасады. Аяғын үзеңгіден шығарып, аттан түсе бергендей ыңғай танытқан. Елші де лып етті. Бірақ мех­мандар ат үстінде қала берген. Ал жас елші қулықты сәл кеш аңдағанымен, қолы ат жалынан, екінші аяғы үзеңгіден босамаған еді. Биік өкшелі саптама етігі жерге тиер-ти­мес қалыпта, ат қабырғасына асылып, тұрып қалды. Бұдан да ары бөгелу – әдепсіздікке саяды. Мехмандар асықпай аттан түскен. Екі жақ­­тың да аяғы мұздақ қар үстіне бір ша­мада тиді».
Мұндай дүниені совет кезінде жазу ерлік бол­са, оның кедергісіз басылып кетуін үлкен бір олжа деуге болатын шығар.
Жалпы, Мұхтар Мағауин көбіне шығар­ма­­сының соңында өз ішінде жатқан үлкен тол­қыныстарды ашық шығаратынын бай­қауға болады екен. «Аласапыранды» былай деп тәмамдапты: 
«Жер мәңгі. Ел де мәңгі. Қорғалап батқан күн қызара төңкеріліп қайта шықты. 
Шаңқай түс – алда».
Мұны сол уақыттың адамдары орыс пен қа­зақтың қосылуына қатысты сөз, шаңқай тү­сі алдағы болатын революция деп ұққан болуы да мүмкін. Бірақ Мағауиннің көкейін­де жатқан арман басқа болғанын бүгінде біз жақсы білеміз. Оның ойындағы мәңгі ел – қа­зақ, таң ататын кез – тәуелсіздік, шаңқай түс – біздің үлкен ел болатын болашағымыз.
1979 жылы жазып бітірген «Көкбалағын» бы­лай деп түйіндейді:
«Көкбалақ тұлпардай, кең сақараның тө­сінде мың сан жыл дүбір салған қайран хал­қым – бақытың әман басыңда. Талай шай­қалсаң да жүрісіңнен танбадың. Шөке түсе жығылғанмен, тірсегің қиылмаған ке­ше­гі кер заман қайда қалды. Енді кім тоқта­тар сені! Ұлы елім... Алып елім... Ертеңің ер­те­гі­дей – бүгінгің де түс болар. Көсіле шап­қан серпінді қимылың уақыт озған сайын екпін­дей түсер...».
Бұл үзінділер алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары жазылып, кітап болып шыққанын тағы да бір естеріңізге салуға рұқсат етіңіздер.

Тізімбек АНАШҰЛЫ, әдебиеттанушы:

Мағауиннің «еуропалығы»

«Шипалы Ара­сан» – автордың ең озық шы­ғарма­ла­ры­ның бірі, кемел­дік көрінісі, жаз­мыш­қа мойынсұнған һәм Тәңірі мойын­ға арт­қан міндетті қасқайып тұрып қарсы ал­ған киелі мінәжат, дұға іспетті аса биік туын­ды. 
Мұхтар Мағауин таза махаббат тақы­ры­бы­на үш шығарма арнаған. Алғашқысы – көп­ке таныс «Әйел махаббаты», содан соң, бұл тақырыптағы «арқауы босаң, сүлесоқ шығармалардың өзі далада қалмаушы еді» деп мүлдем жаңаша байыптағы «Өмір жы­рын» қағазға түсіреді. Әуелде асығына қолы жет­пеген мас ғашықтың советтік жүйедегі тра­гедиялы хәлі, кейінгіде өмір көрген ере­сек адамдардың махаббат туралы пайымы барын­ша батыстық тұрғыда басқаша, шие­леністі, ширықпалы драмамен өрнектеледі. Ақы­рында, өнер адамына шығармашылық игілік, тың қуат әкелетін іңкәрлік және оның жаз­мышқа әсер-ықпалы, тағдыр жазуына қа­тысты кемел пікірлері, өмірлік ұстан­ым­дары әйгіленетін Гөтенің соңғы махаббаты тура­лы хикаят –«Шипалы арасан» жазылады. Ро­мандарында, басқа да әңгіме-хикаят­та­рын­да бұл тақырыпқа жиі соққанымен, осы аталған үшеуінде жазушының махаббат тура­лы көзқарасы толық көрініс табады. 
Хикаяттың тілі Гөтенің Ульрикаға де­ген нәзік те құмығыңқы махаб­ба­тын баяндайтын бастапқы бөлім  байсалды, бірақ өте харизмалы ырғақта өрбиді, ал ұлы ақынның «Мариенбад элегиясын» қара сөзде қа­лыптайтын тұста мүлдем түлеп, поэ­ти­калық сыпатқа өтеді, өлеңдей болып оқы­ла­ды (Бұл элегияны біздің де қазақшала­ғаны­мыз бар, алайда хикаяттағы Мұхаңның қара сөз түріндегі еркін аудармасы нағыз поэзия сияқты да, менің өлең аудармам ұйқасына қа­рамай, не проза, не поэзия емес, екеуінің ор­тасында асылып  қалды). Әдетте, поэзия сөз өнерінің басқа жанрларынан бөлініп ата­лады, өйткені өлең тілінде магия болады, әу­лиелік пен биік парасат нұры ұйып тұра­ды. Қазақ жазушыларының біразы прозаға өлеңнен келген. Ал жас, бозбала күнінен таза үлкен проза үшін дайындық көргендердің ба­сында ұлы Мұхтар Әуезов пен Мұхтар Ма­ғауин тұр. Жыр тілі мен проза тілінің ара­жігі әлі толық айқындала қоймаған уа­қыт­та қалыптасқан Мұхтар Әуезов алғашқы әң­гімелеріндегі суық, байсал ағысты, кең ты­нысты проза тіліне өз оқырманын еріксіз бас игізеді. Сөйте тұра, «Қилы заманның» бе­ташарында, «Қыр суреттерінде», эпопея­ның көптеген тұсында поэзиядай оқылатын ұлы пейзаждар жасайды. Мұның бір сыры қа­зақ бейнелеу тілінің өлеңге жақын әуез­ді­лі­гінде жатса, тағы бір құпиясы – екі тұл­ға­ның ілкідегі ұлы жырау бабалармен сабақтас, та­мырластығында. Мұхаңның ең ұлы кейіп­кері – қазақтың бас ақыны Абай болды. Мұх­­тар Мағауин қаршадай күнінде өзінен кейін­гі бірқанша буынды тәрбиелеген жы­рау­лардың теңдессіз мұрасын, басына төн­ген қауыштырды. Алапат жыр жолдары бүкіл жан-жүрегімен біте қайнасып кетті. Әдебиет­ке тек прозаик ретінде келсе де, екеуі де жазу тілін поэзияның деңгейіне көтерді. 
Көптомдықтың соңындағы дәйектерде Ма­ғауиннің Еуропа жұртының классик қа­лам­герлері туралы үлкен мақалалар жос­парлағаны айтылады. «Гөте бірінші кезекте» (Едіге Мағауин) екен. Әрине, бұл жоба жүзеге ас­пай қалды. Мағауиннің 27 том мол мұра­сы­ның үштен екісінен көбі тәуелсіздіктен кейін хатқа түскен. Демек, өз өмірінің соңғы отыз жылында екі еседен артық еңбек етіпті. Гөте туралы көркем хикаят ғана жазылған. Қыс­талаң, тұтас отыз жылға созылған жазу­дың ауыр машақатында Гөтеге арнайы ат басын бұратынының басты себебі ұрпақ жалғастығында жатыр. Марқұм Әмірқан Балқыбек бір мақаласында «Мұқағалидың әлем әдебиетінде үш жүз досы болған» дей­тіні бар. Бұл – Батысқа, Еуропаға табын деген сөз емес, атаққа шыққан қаламгерлеріміздің өзге әдебиеттің озық үлгілеріне сусындап өскенін айғақтайды. Гөтені Абай да жоғары бағалап, сөзін қазақшаға аударады. Иықтас, рухтас тұлға ретінде қызықтап оқиды. Неміс философиясы мен прозасын қадағалаған адам бұлардың барлығының Гөтемен рухани сұхбат құратынын байқар еді. Мұхаңның  өзі де барлық шығармасы Гөтеден тамыр тар­татын Томас Маннды үлгі тұтқан. Соңғы ви­деосұхбаттарының бірінде «Қазақ деген – менмін, Қазақстан деген – менмін» дейтіні ол да Америкада эмиграцияда болған Манның «Мен қайда болсам, Германия – сонда» дейтін сөзімен үндес. Бізде Мағауин туралы «Мүмкіндігі бола тұра ұлттық тақы­рыптан аспады» деген шолақ түсінік бар. Ол осы «Шипалы Арасан», «Шақан-Шері», «Көкбалақ» қатарлы таза ұлттық қалыптағы шығармаларында әлемдік биікке көтеріледі. Керек десеңіз, қазақтағы ұлттық әдебиет пен әлемдік әдебиетте айқын шекара жоқ. Әуезов бір сөзінде ұлтшыл ақын Мағжанның өзін «еуропалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін... Мәдениеті зор ақын... Қазақ қауы­мынан ертерек шыққандай...» дейді. Жаңағы пыш-пыш әңгімелер не көре алмаушылықтан, не оқымағаннан, болмаса қазақтың ұлттық әдебиетін пәс көретін кембағал түсініктен. Тұрсын Жұртбай бір мақаласында Мағауин­нің қала мен дала тақырыбына еркін ауыса салатынына таңданады. Бұл шын мәнінде Мұхаңның ұлттық қалыбы мен еуропалық қалыбы туралы әңгіме болатын. Тұрсекең соны дәп басып танып отыр. «Шипалы Ара­сан­да» Мағауин Гөтені әр жерде «ақсақал» деп жақын, етене сөздермен атап отырады. Тіпті, өз қауымынан шыққан үлкен аруақ­тардың қатарында осы Гөтенің де аруағына сыйынатындай. «Жақсының жаттығы жоқ» деген – осы.

Есбол НҰРАХМЕТ,
жазушы:

Жас әдебиетші «Мен» романын оқуы керек 

Мұхтар Мағауин – сөзсіз қазақ әдебие­тінің аса биік тұлғасы. Прозаларын былай қойғанда, тарихи зерттеулері, жыраулар мұрасын тіріліткен «Алдаспан» пен «Қобыз сарыны», соңғы «Шыңғыс ханы» мен «Алтын Ордасы» ғасырдан-ғасырға кететін құнды туындылар. Ал менің тілге тиек еткім келетін шығармасы «Мен» ғұмырбаяндық хамсасы. «Ғұмырбаяндық» деп тақырып қойғанымен, «Мен» романы толыққанды өткен өмірдің есте­лігі емес. Бұл тек шығармашылық жол­дың, әсіресе, Мұхтар Мағауин атты жазу­шы­ның ішкі әлемінің суреті. Үлкен екі бөлімнен тұратын кітаптың бірінші бөлімі жазушы­ның таза шығармашылық жолына арналса, екінші бөлімде ғылым жолындағы, әсіресе, жыраулар мұрасын зерттеуде кездескен ке­дергілері мен тығырықта тапқан жолы, бас­қан ізі толық баяндалады. 
Бұл кітап маған несімен ұнайды, несі­мен құнды? Менің дәл осы кітапты таңдау себебім, бұл – кез келген жазарман үшін аса құнды жолбасшы, өмірлік жазушы нұс­қаулығы болатын еңбек. Өз басым осы тектес тағы екі кітапты жас жазарман мін­дет­ті түрде оқуы керек деп білемін. Оның бірі – Стефан Цвейгтің «Бальзагы», бірі – Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе» зерттеу кітабы. Осы үш кітап жазушылық шеберлікті ұштап, оң бағыт береді деп білемін. Әрі  қазір бойкүйездіктен құтыла алмай жүрген жас­тарға шабыт әкеледі, яғни мотивация сыйлайды.
Мағауин –  ежелден айтар ойын барын­ша ашық аңғартуға, шегелеп айтуға машық­тан­ған жазушы. «Мен» романы – анық пуб­лицистикалық-тарихи бағыттағы кітап болғандықтан, бұл жерде әрбір ой толықтай ашық, түсінікті жазылған. «Автор мынаны айтқысы келді» деп бас қатыруды қажет етпейді. Мұхаң бұл кітапты жазу мақсатын: «Өткенді қайта тірілту емес, өзімді мақтау емес, ақталу, Тәңірі берген талаптың тасқа кетілгенін айта отырып, тағдыр-талайым арқалатқан уәжіп-парыздың біразы өтелмей қалғанына себеп-сылтау табу, Алла Тағалам бұдан ары азды-көпті ғұмыр сыйласа, қала­мым­ды қатқыл, санамды ашық қылсын деген тілек нәтижесі. Адам алдындағы емес, аруақ, Құдай алдындағы есеп» дейді. Осы жерде кітап­тың ең басты екі мақсатын анық көрсе­тіп тұр. Және сол екі мақсатқа да толығымен жеткен.
«Менді» оқи отырып, совет заманында әр шығарманы жазып аяқтау бір іс, енді әрі қа­рай оны кітап етіп бастыру, оқырманға жет­кізу бүгінгі еркін күннен әлдеқайда қиын бол­ғаны көрінеді. Уақытты сонша ыңғайлы пай­далана алатын Мұхтар Мағауиннің осын­ша жылда неге аз ғана дүние жазғанын тү­сінесіз. Ең бастысы, қалай жұмыс істеу ке­рек екенін танып, үлгі аласыз.
«Мен» романының өзім үшін ең құнды тұсы «Қайткенде жазушы болуға болады?» де­ген сұраққа жауап беретін орта бөлігі. Он­да әуелі анадан туған бойда болатын төрт шарт­ты атап өтеді. Бірінші сөзге, әдебиетке де­ген бейімдік, яғни талант, дарын. Екінші, се­зімталдық, адамды, табиғатты сезіне алу, мұны мен эмпатия деп ұқтым. Үшінші, қиял­дың байлығы. Төртінші, пайымдай білу, бұл жерде парықтай білу, детальдарды тану, есте сақ­тау, әр адамның, заттың, табиғаттың өзін­дік ерекшелігін тани білу қабілетін ай­тады. Осы төрт нәрсе бойында бар адам әрі қарай қопарып оқуы керек, тынбай еңбек етуі тиіс дейді. Кімді, нені оқу керектігі, өзі кім­дерді оқи алғаны, кімдерге қолы жетпей, кеш жеткені туралы да айтып, өзінен кейінгі жас жазарманға өкінбестің жолын көрсетеді. Әрі автордың қазақ әдебиетінің болашағы­нан үмітті екенін аңғарамыз. Латын Амери­ка­сы мен жапон әдебиетінің даму жолдарын мы­сал ете отырып, келесі кезек Орталық Азия­ға да келіп қалғанын ишаралайды.
«Мен» романы жазылмауы керек еді, «Мен» демей, басқалай атау беруі керек еді деген секілді сыпсың сөздер де өз уақытында көп айтылғанын білеміз. Бірақ соның көбі ро­манды оқымай жатып туындағанға ұқсай­ды. Өйткені романның оқырман үшін де, кейінгі жас жазарман үшін де, тіпті Мұхаң­мен қатарлас буынға да айтары бар еді. Ро­ман 1996-1998 жылдар арасында жазыл­ған. Автор өзі айтып отырғандай, тәуелсіздіктен кейін қазақ әдебиеті біраз тоқырауға ұшы­ра­ды. Шығарма тым аз жазылды, аз жарық көр­ді, өте аз тиражбен тарады. «Қуат қайт­қан­нан емес, жазғанымыз жұртқа керек бол­­май қалғандай болды» дейді автор. Бұл күйді сол тұстағы барлық қаламгер басынан өткізгені анық. Ал Мағауиннің «Мен» романы осы бір үмітсіз шақта өзін қамшылау, өзіне есеп беру үшін де жазылғаны байқалып тұ­ра­ды. Осыған дейінгі барлық шығарма­шы­лы­ғын бір қорытындылап алып, әрі қарай жаңаша тың тыныспен еңбек етпекті мұрат тұт­­қандай. «Мен» романы –  Мағауиннің өт­п­е­лі кезеңі болды, өткен шақтағы барша сәт­сіздікпен, уайыммен осылай жазып қош­тасты, өкпе-ренішін де, қапы қалған сәттерін де кестеледі. Болды, енді ол көңілден арылды. Алдағы шығармашылық жолға шындап бел буды. Сондықтан, «Мен» романы тек Ма­ғауин­­нің ғана емес, тұтас қазақ әдебиетінің то­қыраудан алғаш жол тапқан, ертеңге үміт әкел­ген жолашар шамшырағы болды. Оны автор өзі сезінді, басқа да сезінген, түсінген оқыр­ман баршылық деп ойлаймын. Бұл ро­ман­ды үмітсіз жылдардағы жазушының көңіл кестесі деу керек. Егер «Мен» жазыл­ма­са, одан кейінгі ұлан-ғайыр еңбек, тарихи шы­ғармалар, мақалалар да өз деңгейінде жүзеге аспас еді деген ой келді. Осы себептен, «Мен» романын автордың ең бір маңызды туын­дысы деп танимын.
«Менді» оқу арқылы жас жазарман жазу­дың машақаты мен мұратын таниды, жауап­кершілігін сезінеді. Үнемі жазудың, үнемі ең­бек­тенудің әдетін қалыптастырады. Жазу­ға, оқуға, ізденіске шабыт алады. Осы роман­мен қатар Стефан Цвейктің «Бальзагын», Тұр­сын Жұртбайдың «Бесігіңді түзесін» қо­сып оқыған жас жазарман шынайы қалам­герлік жолды толық танып, қалай еңбек ету керек екенін, қалай іздену керек екенін ұғынады. Бұл кітапты ыждағатпен оқыған барша жазарманға Мұхтар Мағауиннің тәр­тібі мен еңбекқорлығы аз да болсын жұғыса­ды деп білемін. Сол себепті, маған «Мен» романы – Мұхтар Мағауин шығармалары ішін­дегі ең жақыны. 

Жадыра ШАМҰРАТОВА, 
жазушы:

«Әйел махаббаты»

Мұхтар Мағауин «Әйел ма­хаб­баты» шығар­масын Мопассан­ның «Орындық тоқушы әйел» әңгімесіндегі  «Иә… шын сүйе алатын тек әйел ғана» деген сөзімен бастайды. Бұл шығармасын 21 жа­сында жазған екен. Бір қарағанда,  жазу­шының айтып отырғаны қарапайым оқиға сияқты. Бірақ оқи бастағаннан байқайсың, бізді қызықтыратын нәрсе – оқиғаның соңы емес, сол жолдағы эмоциялар мен әрекет екен. Зияның Бағилаға айтатын сөздерінің эмоционалдық реңкі – өкініш пен өзін кінәлау. Бір кездері Зия Төлегеннің махаб­батын қабылдамады, ал қазір, жылдар өткен соң, сондай адал махаббат иесін жоғалт­қанына өкінеді.
Төлеген сияқты жігіттер өмірде бар ма деген сұрақ қызық. Адал, сүйгеніне де­ген сезімі шынайы, бірақ әлсіз жігіт. Өмір­де көрсең мүсәпір көрінуі мүмкін, қалай бол­ғанда да көркем шығармадағыдай ро­ман­тикалық асқақ образ деуге келмейді. Егер, жігіттің психологиялық жай-күйін си­пат­тасақ: романтикалық идеализация бар, ол Зияға сезімін өте биік деңгейге қойған, ма­хаббатты өмірінің басты мәніне айнал­дыр­ған, сүйген адамы жүректе ерекше орын алған, оған деген сезімін сөндірмей, сағы­ныш пен өткенге байланған, естеліктермен өмір сүрген. Зияның назарын аңсаған, оның жауап­сыздығы жанын ауыртқан, бұл оны эмо­ционалды тәуелділікке әкелген. Осы өтке­нінің әділетсіздігі, махаббатының жауап­сыздығы, таңдауының өз қолында бол­ма­ғаны – Төлегенді  құлатты. Медицина­да бұған қа­тыс­ты аддикция деген термин бар, Төлеген сол құлағаннан қайта тұрмады. Төле­ген­нің қалтасынан табылған хатта Абайдың: 
Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,
Жар тайып жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды риза болып жар ісіне,
Қорлық пен мазағына табынса да, – деген өлеңінен үзінді бар. Лирикалық кейіп­кер «сорлы асық» Төлегеннің өзі, сүйіктісіне деген сезімі азапқа салса да өз сезімінен бас тарт­пай кетті. Ешқандай шартсыз сүйіспен­шілік идеясы. Егер біреу сүйгеніне табынып, қан­дай әділетсіздік болса да көніп жүрсе, ол ма­хаббаттан гөрі тәуелділікке көбірек ұқ­сайды.
Бұл жерде Зияның кінәсін жоққа шығара алмаймыз, о баста өзінің шы­найы қалауын түсінбеген. Төлегенді соншама сүйіп тұрып, Арыстанға тұрмысқа шығып кетуінен, яғни әрекеттеріне қарап, ішкі сезім­дерінің қайшылықты екенін байқауға болады. Сол кезде Төлегеннің  ішкі әлеміне толық үңіліп, шын реакциясын көрсетсе, бұл оның өз өміріне деген көзқарасын өзгертіп жі­беруі мүмкін еді. Төлеген Зияның жүре­гінде болса да, өмірінде нақты орны жоқ бол­ға­сын мүлдем жоғалды.  Қыз о баста шы­н­айы қарым-қатынастан не күтетінін  анық­тамаған. Өзіне не керек: Арыстан бойын­дағы батылдық керек пе, сенімділік, тұрақтылық па, әлде Төлегеннің махаббаты ма? Бір қарағанда,  көзімізге өз таңдауын тәуелсіз түрде жасайтын мықты адам болып көрінетін Зия өз сезімінен қорқады, мұны филофобия деп атайды (мұндай адамдар әр­дайым сезімі бар, бірақ оны бақылауда ұста­ғысы келеді, ішкі тартыста, өз ортасы­ның, өз комплексінің ықпалында болады), Төлегенмен жолығу Зияны өзгеше күйге тү­сіреді, бірақ қыз оның жанында эмоция­сын жоғалтып, әлсіз болудан қорқатын сияқ­ты да, осыдан да жігітті одан әрі қинап, оның қиналысынан рахат табатын секілді. 
Оқиға өзінен-өзі өрбігенін көрсек те, бірақ бәрібір, Зияға бір күні өзі үшін шешім қабылдауға тура келді. Зияның әйтеуір, бір­деңеге сенбегені анық. «Мұның бір себебі Тө­легенде емес пе екен?» дейді бір ойымыз. Әдетте, әйел өзі ұнатқан жігіттің қасында өзі­нің әйелдік болмысын, жаратылысын толық­тай қабылдайды. Ал кей жігіт қыз күткен тәуекелдерге бара алмауы, тек сөзбен  жақын болғысы келуі мүмкін, бірақ шынайы өмірде әрекет етуге батылы жетпейді, оған кейбір принциптері мен ережелері шектеп, өмір­ден өз күткенін ала алмауына себеп бо­ла­ды. Мұндай сенімсіздікті әйел заты да сезе­ді ғой. 
Басында Зия Арыстанның ғалым ретінде болашағы зор деп, соны таңдап, өз өміріндегі тұрақтылықты дәлелдегісі келеді. Осылай Төлегеннен алыс кеткісі келеді, бірақ толық кете алмаған. Нүкте қойғандай болып, бірақ кейін өзі іздеуі осыны көрсетеді. Зия оны не үшін іздеді, оның бұған деген сезімі қанша­лықты шынайылығын білмек болды ма, әлде тек өткеніне өкініп, бірдеңені қайтарғысы келді ме? Оның Төлегенге деген сезімін то­лығымен мойындамаса да, байланысын үзгісі келмей, астыртын әрекет ететіні тек жүректің қалауы ма?  
Ең соңында Төлегеннің махаббаты ешқашан әлсіз болмағанын, оның сезімінің құнын кеш түсінгеніне өкінгеннен де сүйегін алып, арулап көмді. Бұл – әділеттілік сезімін қайтару секілді нәрсе. Ақырында, өткеннің елесі, орындалмаған армандарының жаңғы­рығы маза бермей, күйеуімен ажырасып тын­ды. Әрине, Зияның біреудің некелі әйелі бола тұра бұрынғы махаббатын ұмытпауы, іздеуі, жындыханадан тауып алуы, қайтыс болғанда сүйегін әкелуі бір жағы адамшылық шы­ғар, бірақ кей әрекеттері моральдық қағидалармен қайшы келеді. Көбіне өздерін екі таңдаудың арасында ұстап тұруға тыры­сатын: тұрақтылық пен қоғам алдындағы бей­несін де сақтағысы келетін, өздерінің жа­сырын қалауынан да бас тартқысы кел­мей­тін мұндай адамдарды ақтауға бола ма? 
Зияның Төлегенді әлі жақсы көретінін бай­қаймыз, бірақ ол кімді, нені жақсы кө­реді: өткендегі бір сәттерді, Төлеген  туралы ойды, естелікті, әлде оның шынайы өзін бе? Ең қиыны – осы қарым-қатынастың нақты анықтамасы жоқтығы. Өкініш, өшпеген есте­ліктер адамға не береді?  Жанына ауырлық байлаған Зия енді өз  ішінде бір тыныштыққа қашан келеді? 
Бұл – эмоциялық толқу сыйлайтын шы­ғарма. Автор мұнда өз сүйгеніне құлдық ұрған, өзін толықтай құрбан еткен махаббат жай­лы емес, ер мен әйел арасындағы махаб­бат тек сезім емес, сенім мен құрбандыққа да негізделетінін түсіндірген.  

Қанат Әбілқайыр, 
жазушы:

«Он жетi әйел алған Исақан ағам» қандай әңгіме?

Бізді Мағауинге магниттей тартып тұратын не нәрсе? Оның «Көк мұнар» мен «Аласапыраннан» басталған соқталы туын­дыларын былай қойып, шағын әңгі­ме­лерінің өзі оқырман санасын мықтап, матап тас­тайтыны неліктен? Менің білуімде, Ма­ғауин ой-қиялдан жиынтық образды кейіп­кер жасаудан гөрі, керісінше сіз бен біз се­кіл­ді ғұмыр кешкен пенделердің шынайы өмі­рін көркем шығармаға айналдыруды қа­лайтын қаламгер... Яғни, жазушы өмірдегі оқи­ғаларды, өзі көрген, сезінген, түйсінген жайт­тарды көркем туындыға айналдырумен шұ­ғылданды. Сондай шығармалардың бірі – «Он жеті әйел алған Исақан ағам» атты әңгі­месі. 
«Он жеті әйел алған Исақан ағам» атты әң­гімеде бірнеше желі бар. Алғашқысы Иса­қан мен Әлиманың махаббаты, екінші желі – соғыс кезіндегі әйелдер проблемасы, үшін­ші желі – қазақы танымдағы артта ұрпақ қалдырудың маңызы, төртінші желі – көне жазбаларды кейінгі буынға аманаттау мәселесі. Бір ғана кейіпкердің өмірін қысқаша әңгімелеу ар­қылы бірнеше қоғамдық проблеманы қатар көтеру, әрине, оқырманды екі ұдай ойда қал­дырары анық. Қайсы желінің ұштығын ұста­рыңды білмей абдырап та қаласың. Бі-р­ақ қаламгердің шеберлігі біз сөз еткен же­лілердің ешқайсысына басымдық бермейді. Бір деммен, ызғытып отырып  шығарманың аяғына бір-ақ жетесің.
Бүгінгі әдеби таным тұрғысынан қа­рап, Мағауиннің қаламгерлік ұстаны­мы­на сыни көзқараспен де қарауға болар еді. Мәселен, Мағауин әңгімелеріне ортақ бір дү­ние, кейіпкерлерінің дені ықылым зама­н­дағы тарихтың, әдебиеттің, мәдениеттің жоқ­шысы болып жүреді. Я алашордашы, я қуғын көрген, я саясаттан таяқ жеген, я көне әде­биет­тің һәм тарихтың білгірі. Жазушы кез кел­ген шығармасының тінін «қиыннан қиыс­тырып», осындай кейіпкерлердің обра­зына байлап қояды. Немесе, кейіпкерлерінің жанама қыры ретінде осы қасиеттер бойы­нан табыла кетеді. Жоғарыда «қиыннан қиыс­тыру» дегенді бекер айтып отырған жоқ­пыз. Он жеті рет үйленіп, төсек жаңғыр­тудың қазақы рекордын орнатқан Исақан қарияның образын сомдауда негізгі айтар ой көп әйел алу мәселесіне арналуы керек қой. Жазушы ретінде біз солай ойлаймыз. Бірақ Мағауин біздің таныммен келіспейді. 
Екінші дүниежүзілік соғыстың көркем шы­ғарма тұрғысынан айтылуға тиіс бір ақи­қаты бар. Соғыста қаншама боздақ шейіт кетті. Есік көрмеген бойжеткендер, жарынан қа­ра қағаз келген жесір келіншектер кәрі-жас, шал-шауқан демей кездескен еркектің ете­гін ұстауға мәжбүр болды. Мағауиннің «Иса­қан ағасы», яғни кейіпкері сол заманның өкілі. Жай өкілі емес, алғашқы махаббаты Әлимаға қолы жетіп тұрып «Мен сені басыңа жаулық салар-салмастан жесір қалдырғым кел­мейді» деп соғыстың себебінен үйлен­беген, майданнан келе сала сүйгенімен неке­лесіп, көп ұзамай айырылған, содан кейін шаңырағына әйел құтаймай, он жеті рет отбасы құрған, төртіншіде ме, бесіншіден кейін бе, Әлимаға қайта сөз салып, меселі қайтқан адам.
Қызығы сол, туындыда Исақан-кейіпкер жазушыны Алматыдағы үйіне  іздеп келіп, Әде­би зерттеу институтының қолжазба жә­не архив бөліміне көне қолжазбаларды өт­кізеді. Олардың ішінде архив қабылдамаған «Бақырғани», «Софы Аллаяр», «Біржан-Сара айтысы», «Айқаптың» бес-алты саны, Абай­дың 1923 жылғы жинағы және Шәкәрім қа­жының еңбектерін жазушы Исақан өмір­ден өткеннен кейін он жетінші жеңгесі Ал­ма­дан алғанын айтады. Әрине, өмірде оқи­ғаның дәл осылай өрбуі әбден мүмкін. Десе де, көркем туындының тақырыбы «көп әйел алу» хақында емес пе еді? Оқырманға Иса­қан­ның көне қолжазбаларды сақтаушы кейп­інен гөрі Әлиманың, Әлима секілді Иса­қанға жар болған он жеті келіншектің қилы тағдыры қызықты емес пе? Қаламгер олар­дың жанына үңілуді, ішкі зар-запы­ранын, жанайқайын оқырманға жеткізуді, тұла бойын шымырлатып сезіндіруді неге мақсат тұтпайды? 
Біз, әрине, оқырман ретінде де, Мағауин­нің соңынан ерген қаламгер інісі ретінде де мұндай сұрақтар қоюға хақылымыз. Десе де, әр буын әдебиетті әртүрлі қалыпта таниты­нын мойындамасқа шара жоқ! Мысалы, қазақтың көне жыраулары елдік мұратты туындыларына арқау етті. Рухты жырлары арқылы елдің намысын жаныды. Ал көне қисса-дастандардың міндеті негізінен уағыз­дық сипат пен моральдық танымды насихат­тайды. Абай мен Ыбырай әдебиетті ағарту­шы­лық қызметке пайдаланып, сол үрдісті алашордашылардың басым бөлігі жалғады. Кеңестік кезеңдегі социалистік реализм жазу өнерін саяси үгіт-насихаттың құралына ай­налдырып жіберді. Біздің Мағауинге дейінгі және Мағауиннен кейінгі аға буын үшін де әдебиет «ұлттық нақышпен» көмке­рілген, өткен тарих пен ұмытылған көне салт-сана, таным-түсінікті жаңғыртатын «құ­рал» іспетті болды. Яғни, жазушы әдебиет­ке емес, әдебиет жазушының дегеніне көнді.
Біз сөз етіп отырған «Он жеті әйел алған Иса­қан ағам» да сол қалыптағы туынды. М­а­ғауин әдебиетті тек көркемдік тұрғыдан қара­май, Алашордадан қалған ұлы идеяларға негіздеген қаламгер. Сол идея жолында ғұ­мы­рын сарп етіп, ұлтшыл, патриот буын­ның өсіп жетілуіне септесті. 
Мағауиннің «Аласапыраннан» басталып, «Алтын Ордамен» аяқталған  әдеби жолы қа­зақтың тарихы мен танымын түгендеуді бас­ты миссия етті. Егер де ұлы қаламгердің ар­тында 27 томдық тарихи мол мұра қал­маса, оны жазу біздің буынға міндет болып қалар еді. Сондықтан да, жазушы өзінен кейін әдебиетке келетін буынның жүгін жеңілдетті. 
Мағауин шығармалары арқылы дүние­танымы қалыптасқан бүгінгі ұрпақ әдебиетті қалай таниды? Қазіргі қаламгерлер Мағауин жолымен идеяның жалына жармаса ма, жоқ әлде Исақан мен Әлиманың адамдық болмы­сын алға оздырып, ішкі әлеміне үңілуді жөн көре ме?
Ендігі қойылар сауал осы болса керек!

Дүйсенәлі Әлімақын, 
ақын:

Америкада Мағауин Күмісбұлақта, мен Тұмандысайда тұрдым

2023 жылы Америкаға табаным тиген күннің ертесінде мен сонда тұратын ұлы жазу­шымыз Мұхтар Мағауинді іздедім. Жөнін біліп, Вашингтондағы Қазақстан ел­шілігіндегілер арқылы ол кісіге кездескім келетінін айттым. Бие сауым уақыттан кейін жауап та келді. Сөзінің ұзын-ырғасы мына­дай: «Мен қазір «Алтын Орданың» соңғы жа­ғын қағазға түсіріп, қайта қарап жатыр­мын. Сол үшін жақын арада ешкімді де қа­был­дамаймын. Іздегеніне рахмет, ренжі­месін», депті. Заңғар жазушы солай деген соң, ренжіген де жоқпын, керісінше, ұлтымыздың тарихы мен мәдениетіне тағы бір сүбелі еңбек қосылатын болды деген қуанышпен мұ­хиттың арғы жағындағы күндерімді жал­ғастыра бердім. 
Бірде Вашингтон метросымен Мэри­ланд аймағына бардым. Диктор ағыл­шынша «келесі аялдама Силвр Сприң (қазақ­ша Күмісбұлақ)» деп саңқылдады. Жүрегім біртүрлі болып кетті. Себебі мұнда Мұхтар Ма­ғауин тұрады. Төртбұрыш терезеден сырт­қа қарадым. Мағауин тұрған жер қалай екен деген ізгі ойдың ұшқыны шырмап алды. Дәл сол сәттегі менің жағдайым Париждің әлдебір көшесінен Хэмингуейді іздеген Мар­кеске ұқсап кетті. Бұл салыстыру асылық болар, бірақ мен тек көңіл күйді ғана салыс­тырып отырмын. Енді ойласам, бәрі өткінші сияқты. Кейін Мұхаң тұрған Күміс­­­­бұлаққа бірнеше рет бардым, бірақ кездесу нәсіп болмады. Көз алдымда ол кісі жазу үстелінде желетін жамылып, қа­зақ­қа қажетті дүние­лерді тоқтаусыз жа­зып отырғандай елестейді де тұрады. Ал мұндай күйдегі қаламгерді ал­қын-жұлқын іздеп барып немесе қайта-қайта мазалай берудің өзі қиянат, асыра айтсам, қылмыс болар. 
Мұхтар Мағауиннің аты тек қазақ ара­­сын­да ғана емес, шетелдерде де таны­мал. Бір­де жетекшім Питер Роллбергпен бір­ге ке­зек­ті дәрістен шығып, Вашинг­тон­ның 21-көшесінде келе жаттық. Жаңа жыл­дың басы. Көшеде адамдар әрі-бері са­пырылысып жүр. Үнсіздікті бөліп мен жетекшіме: «Сіз қа­зақ­та Мұхтар Мағауин деген жазушы ба­рын білесіз бе? Жақында ғана оның «Тазы­ның өлімі» атты шы­ғар­ма­­­сының ағыл­шын­шасын осындағы «Абай орталығында» жа­рия­ладық. Тыңдап көресіз бе?» деп телефо­ны­м­нан аудио нұс­қасын тыңдаттым. 18 минуттық шығар­маны  тыңдап болған соң, ол кісі сөз бас­тады. «Мен бұл шығарманың орысша­сын  оқыған сияқтымын. Бірақ қазір тағы да оқып отырмын. Автордың алғыр қиялы мен жазушылық шеберлігі бірден бай­қа­лып тұр» деген пікірін айтты. Дәл сол сәтте мен әйдік жазушымыз үшін қуандым. «Бұйыр­са, бұл жазушының «Шақан шері» атты романы ағылшын тілінде шығады алда. Сізге әкеліп беремін» деп уәде бердім. Сол уәдені де орындайтын күн туса игі еді. 
Бар өмірін ұлтының әдебиеті мен ру­ха­­ниятына арнаған ұлы суреткер туралы күнді түнге жалғап айтуға болады. Қалай десек те, Мұхтар Мағауиннің екінші өмірі енді бас­тал­ды. Менің көкейімде қалған осы бір жы­лы сәттер ол кісіні үнемі еске алып тұруға же­телейді. «Егер, ол кісімен сонау Америкада, Мэриланд төріндегі үйін­де кездессем, қандай әңгімелер айты­лар еді? Ұлы қаламгер маған қандай кеңес­тер айтар еді?» деген сауалдар кейде сана­ма сау ете түседі. Ал мен сол кезде ұлы жазу­­­­­­шының рұқсатын алып, Америкадағы қазақтар мен Орталық Азия танушы ға­лым­дарға бір кездесу өткізсем деген үл­кен мақсаттың жетегінде жүрдім. Бұл да жүзе­ге аспай қалған жоспардың бір пара­сы. Алыс Америкада Мағауин Күміс­бұлақ­та, мен Тұмандысайда тұрдым. Арасы 80-90 шақырым ғана. Бірақ бізге жүздесу мүмкін болмады. 

Бақытбек ҚАДЫР, 
жазушы:

Шығарма ішіндегі шығарма

Біз біршама нигилистеу ұр­пақ болдық. Не­гіз­гі кезең – жиырма мен отыздың ара­сы. Көп нәрседен түгелдей бас тартпасақ та, қайта қарастыру тәрізді тенденция болды. Оған әсер екен фактор көп. Елдегі саяси системаның да әсері болған шығар. Әй­теуір сол сенімсіздіктер біздің басқа жақ­қа қа­рауы­мызға түрткі болды. Әдеби ізденістеріміз де – сондай, көбінесе шеттің дүниесі қызық­тырды. Алдымыздан жаңа әлемдер ашылып жатты. Әрине, оның бәрі аударма. Соған сай, кей жазу-сызуымыздан да сондай бір «өзге­шеліктер» қылаң берген сияқты. Бірақ түп-тамырдан нәр алып, өз қайнарыңнан қайнап шықпаған дүние қаншалықты шынайы болар екен? Екінші өзің де шөлдей бастай­сың. Сөйтіп, тез орал­дық, сөреде сіресіп совет заман әде­биеті тұр. Ашып оқуға құл­қың жоқ. Осы кез­де қолымызға Тәуелсіз­дік­тен кейін, жаңа заманда жазылған Мұхтар Мағауин­нің екі том әңгімелері түсті. Нәнта­лап студенттік шақта бұл біз үшін өзгеше бір құбылыс болды. Оқысаң болды, жоның күжірейіп, өзіңді өжет әрі еркін, азат, рухы асқақ адам сезініп, тіпті лекторлардың өзіне мұрын шүйіре қарайтындай жыл біті­ріп қойғаны бар еді. Мағауин бізді өз за­ма­нын­дағы әдебиетке тартты. 60-жыл­ғылардың соңына түстік. Есімі көбірек таныс Әбіш, Төлен ағаларды айтпағанда, Сайын, Қалихан, Ақан, Тынымбай, Тобық тә­різді жазушыларды таптық. Олай дейті­німіз Мағауин мен Әбіш өз көңілдерінен шыққандардың бәрін жазып отырды. Ке­мең­гер жазушы М.Мағауин біздің өмірі­міз­ге, шығармашылық жолымызға осы­лай әсер еткені рас. Біз оның жазушы адам­ның қандай болу әдеттерін үлгі тұттық. 
Мағауин шығармаларын түгелдей дер­лік оқы­дық. «Тамыздан кейінгі әңгімелер», «Еркін­дік бастауындағы екі әңгіме» деген се­кілді топтамамен шыққан жаңа әңгіме­ле­рі, одан әрідегі «Қияндағы қыстау» дей­тін жи­нағы, «Көкбалақ», «Көкмұнар», «Са­ры қазақ» секілді еңбектері де оқылым­ды болды. Ал «Шаһар шері», «Тазының өлі­мі», «Мен» секілді шығармалар жазушы шы­ғар­машылығының шыңы. Маған осы­лардың ішінде бір ерекше көрінген шы­ғарма – «Салахаддиннің үкімі» деген әң­гімесі болды. Ол шығарманы озбыр­лық­қа, қиянатқа, империялық езгіге, әдейі жасал­ған геноцидке шығарылған үкім деп ұқ­тым. Шығысқа тән қиссабаян. Орта­ға­сыр­лық немесе Алтын орда дәуірінде жасалған әде­би жауһарлардың лебі еседі. «Мың бір түн» хикаяттарына тән әңгіме ішіндегі әң­гі­ме, уақиға ішіндегі уақиға, бір сандық­ты ашсаң тағы бір алтын сандық ашылады. Мағауин формалық ізденістен де олжасыз орал­майтын. Ал «Салахаддиннің үкімі» қайта тапқан алтынымыз еді.
Мағауин туралы көп нәрсе айтуға бола­ды. Бірақ өзінен асырып айту қиын. Өйткені Мағауин туралы өзінен асырып жазған ешкім жоқ.

Әзірлеген – Т.ТАҢЖАРЫҚ

Серіктес жаңалықтары