Кедейлік шегі қай жерде?
Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, Қазақстан кейінгі 20 жылда кедейлікті азайтуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген. 2006-2021 жылдар аралығында елдің экономикасы жылына орта есеппен 4,7 пайыздық тұрақты өсім көрсетіпті.
1 қаңтардан бастап елімізде кедейлік деңгейі басқаша есептеле бастады. Еңбек министрлігінің бұйрығы бойынша кедейлік шегі ел тұрғындарының медианалық табысының 35 пайызы мөлшерінде анықталатын болды. Яғни, 100 мың теңгеден аз табыс табатындар кедейлік шегінен төмен өмір сүреді. Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, миллионнан астам азамат 54 мың теңгеге күн көріп отыр...
Желтоқсанның аяғында Дүниежүзілік банк пен Қазақстанның Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі бірлесіп дайындаған «Қазақстандағы кедейлік пен теңсіздікті бағалау» атты баяндама жарияланды. Баяндамада еліміздегі кедейлік пен теңсіздік деңгейі, Қазақстандағы кедейліктің себептері мен кейінгі 15 жылдағы өзгерістері қарастырылған. Сонымен қатар сарапшылар кедейлік деңгейін төмендету бойынша да ұсыныстар айтқан екен. Сонымен, Дүниежүзілік банк қандай қорытындыға келді? Өзіміздің статистикалық деректерден айырмашылығы бар ма? Сарапшылар не дейді?
Кедейлік азайған, бірақ қарқыны баяу – Дүниежүзілік банк
Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, Қазақстан кейінгі 20 жылда кедейлікті азайтуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген. 2006-2021 жылдар аралығында елдің экономикасы жылына орта есеппен 4,7 пайыздық тұрақты өсім көрсетіпті.
– Бұл экономикалық тұрақтылық пен өнімділіктің артуы халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруына және табыстардың өсуіне ықпал етті. Осы кезеңде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім мен үй шаруашылықтарының тұтыну деңгейі едәуір артты, – деп жазылған баяндамада.
Баяндамада, сондай-ақ халықтың әл-ауқатына қатысты бірқатар мәселелер сараланған екен. Соларға жеке-жеке тоқталып өтейік.
Ұйымның дерегі бойынша, 2006 жылы кедейлік деңгейі 49,5 пайыз болған болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 8,5 пайызға дейін төмендеген. Алайда 2013 жылдан бастап кедейлікті азайту қарқыны баяулаған. 2014-2016 жылдардағы экономикалық құлдырау нәтижесінде кедейлік деңгейі 20 пайыздан асып, қайта көтерілген. Кейінгі жылдары кедейлік қайта төмендегенімен, бұл процесс баяу жүріп, 2013 жылғы көрсеткішке жету үшін 6 жыл қажет болыпты.
Дүниежүзілік банк Қазақстанның әр аймағындағы кедейлікті азайту қарқынында айтарлықтай айырмашылық бар деген қорытындыға келген. Ауылдық жерлерде кедейлік деңгейі 60 пайыздан 11 пайызға дейін төмендесе, қалаларда бұл көрсеткіш 41 пайыздан 6 пайызға дейін азайды. Дегенмен Түркістан облысы сияқты кейбір өңірлерде кедейлік деңгейі әлі де жоғары болып отыр.
Сондай-ақ ұйым кедейлікті азайтуда еңбек табысының артуы үлкен рөл атқарғанын атап көрсетіпті. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік төлемдер, әсіресе зейнетақы мен пандемия кезіндегі көмек бағдарламалары, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал еткен. Дегенмен бір ескере кететін жайт, халықтың табысының теңсіздігі 2016 жылдан бастап өсіп келеді. Джини коэффициенті 2006 жылғы 27 пайыздан 2021 жылы 26,4 пайызға дейін өзгерген. Түсінікті болу үшін айтып өтейік, Джини коэффициенті – белгілі бір қоғамдағы табыс теңсіздігі өлшенетін шама, ол әрине нақты деңгейді тура, дәл есептеп бермейді, дегенмен көптеген ел осы коэффициентті қолданады.
Сонымен қатар бай және кедей халық топтары арасындағы айырмашылық та ұлғайған. Орта таптың үлесі 2006 жылдан 2013 жылға дейін қарқынды өсіп, халықтың 67 пайызына жеткенімен, соңғы онжылдықта оның дамуы тоқтап қалған. Сарапшылардың пікірінше, бұл – экономиканың шикізат экспортына тәуелділігі және құрылымдық реформалардың баяу жүруінің салдары. Сондай-ақ білім беру деңгейі мен сапасының жеткіліксіздігі экономикалық өркендеуге кедергі келтіріп отыр. Балалардың толық өнімділік әлеуетінің тек жартысынан астамы ғана жүзеге асырылып отыр, бұл білім беру сапасының жоғарыламай тұрғанын көрсетеді.
Қандай ұсыныстар айтылған?
Дүниежүзілік банк Қазақстанның кедейлікті жою, экономиканы әртараптандыру және табыс теңсіздігін азайту жолындағы жетістіктерін атап өте отырып, болашақта әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігін арттыру, білім беру сапасын жақсарту және адам капиталына инвестиция салу маңызды екенін айтады. Нақтырақ айтқанда, тұрақты өсімге жету үшін кешенді шаралар қабылдауы қажет. Яғни, аз қамтылған топтарды қорғау үшін салық-бюджет жүйесінің тиімділігін арттыру, адами капиталды нығайту, білім сапасын жақсарту және экономикалық пен климаттық өзгерістерге тұрақтылықты арттыру қажет.
Ең алдымен, салық-бюджет жүйесінің қайта бөлу функциясын тиімдірек етуге болады. Мысалы, ұйымның пікірінше, Қазақстан табыс пен мүлікке прогрессивті салық енгізе алады, өйткені жанама салықтар көбінесе аз табысы бар отбасыларға ауыртпалық түсіреді. Салық саясаты кедей отбасыларға көбірек бағытталған әлеуметтік төлемдерді арттыру үшін қолданыла алады. Сондай-ақ мақсатты трансферттер арқылы әлеуметтік шығындардың тиімділігін арттыру кедейлікпен күреске үлкен үлес қосады.
Екінші мәселе – білім сапасын арттыру. Қазақстан барлық балалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан сапалы білім алуын қамтамасыз ету үшін білім беру сапасын жақсартуға инвестиция салуы қажет.
Адами капиталды нығайту тұрақты әрі инклюзивті экономикалық өсуді қамтамасыз етіп, болашақта жоғары білікті жұмыс орындарына дайындалуға көмектеседі. Саясаткерлер ауыл мен қала арасындағы білім деңгейіндегі айырмашылықтарды, сондай-ақ табыс деңгейі әртүрлі отбасылардың арасындағы теңсіздікті азайтуға күш салуы керек. Сонымен қатар білім беру деңгейі төмен аймақтарда оқушылардың оқу, жазу және математика дағдыларын дамытуға бағытталған арнайы бағдарламаларды енгізу маңызды.
Сонымен қатар Қазақстанды көмірқышқыл газын көп бөлетін экономикалардың бірі ретінде парниктік газдарды азайту үшін жаңартылатын энергия көздерін дамытуы қажет. Сонымен қатар ел инфрақұрылымды нығайтып, қауымдастықтардың тұрақтылығын арттырып, климаттық өзгерістерден сақтандыру жүйесін жетілдіруге тиіс.
1 млн адам 54 мың теңгеге күн көріп отыр
Ал Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы III тоқсандағы кедейлік деңгейі туралы мәліметтеріне қарайтын болсақ, 1,1 миллион адам күнкөріс минимумынан төмен, яғни 54,2 мың теңгеден аз табысқа күн көреді, бұл – ел халқының 5,4 пайызы. 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 2,1 пайызға азайған. Бұл дегеніміз, 1 миллионнан астам адамның кірісі өмір сүруге ең қажет деген заттарды алуға жететін сомадан екі есе аз деген сөз.
Одан бөлек, кедейліктің «тереңдігі» және «өткірлігі» деген ұғымдар бар. Кедейліктің «тереңдігі» табыс деңгейінің ең төменгі күнкөріс деңгейінен қаншалықты ауытқитынын көрсетеді. Ал кедейліктің «өткірлігі» табысы төмен азаматтардың кірісі орташа мәннен қаншалықты алшақ екенін сипаттайды. Кейінгі мәліметтер бойынша, елімізде кедейліктің тереңдігі – орташа есеппен 0,9 пайыз, ал өткірлігі – 0,3 пайыз.
Елімізде кедейлік деңгейі бірқатар аймақтарда төмендегенімен, кейбір өңірлерде өсім байқалуда. Сондай-ақ үлкен отбасылар арасында кедейлік деңгейі әлі де жоғары болып отыр.
Түркістан облысы қанша жыл бойы халықтың ақшалай табыс деңгейі бойынша антилидер болып келеді. Ұлттық статистика бюросының жаңа деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың үшінші тоқсанында да бұл үрдіс өзгере қоймаған. Өңір ел бойынша орташа деңгейден 35 пайызға артта қалып отыр. Жылдық деңгейде қарастырсақ, өңір тұрғындарының ақшалай табысы номиналды түрде 3 пайызға өскен, бұл да елдегі ең төменгі көрсеткіштің бірі. Бұл өсім инфляцияның жартысын да еңсере алмайды.
Әлеуметтік теңсіздік деңгейі өсіп барады
Ресми деректердегі тағы бір назар аударарлық мәселе – Астанада байлар мен кедейлердің табыстары арасындағы алшақтық күрт өскен.
III тоқсанның қорытындысы бойынша әл-ауқаты жақсы деп есептелетін елордалық отбасылардың 10 пайызының орташа айлық табысы мен ең аз қамтамасыз етілген 10 пайызының табысы арасындағы айырмашылық 7,4 есе болған. Яғни, 64,3 млрд теңге және 8,7 млрд теңге. Ал бір тоқсан бұрын ғана көрсеткіш 5,7 есе болған. Қазір байқалған алшақтық – 2008 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Қазақстанның ешбір өңірінде шартты байлар мен кедейлердің табысы арасындағы айырмашылық Астанадағыдай емес. Тіпті, бұл көрсеткіш бойынша Астанаға ең жақын Алматыда да алшақтық әлдеқайда аз байқалады – 6,5 есе. Орташа алғанда, ел бойынша ең жақсы қамтылған азаматтардың 10 пайызының табысы мен ең аз қамтылған азаматтардың 10 пайызының табысы арасындағы айырмашылық – 6,3 есе. Ал минималды айырмашылық Шымкентте және Маңғыстау облысында байқалады.
Сонымен қатар 2008 жылдан бері елордада Джини индексі максимум мәнге, 0,334-ке жетті, бұл да халық табысы жіктелгенін, күшейгенін көрсетеді.
Қорыта айтқанда, Дүниежүзілік банк жасаған талдауда сарапшылар бұрыннан айтып жүрген мәселелер мен ұсыныстар қамтылып отыр. Дегенмен талдаулар, соның ішінде статистикалық мәліметтерді қорытындылау әдістері мен тәсілдері әртүрлі болғандықтан, елдегі кедейлік деңгейі туралы тұжырымдар жағдайды дәл көрсетпейді. Ал кедейлік шегін ел тұрғындарының медианалық табысының 35 пайызы мөлшерінде анықтау жағдайды сәл де болсын анығырақ бағамдауға мүмкіндік беруі керек.