Павлодарда жеңіл көлік жолаушылар автобусымен соқтығысты

/
Павлодарда жеңіл көлік жолаушылар автобусымен соқтығысты
видеодан скриншот

Павлодарда Toyota көлігі жолаушылар автобусымен соқтығысып, төрт адам зардап шекті. Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған, деп turkystan.kz тілшісі Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, жол апаты Павлодар қаласындағы Жаяу Мұса көшесінде болған. Онда GOLDEN маркалы жолаушылар автобусы мен Toyota көлігі соқтығысқан.

Қазір полиция оқиғаға байланысты тексеру жүргізіп жатыр.

"Алдын ала дерек бойынша, жеңіл көлік жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмаған. Апат салдарынан Toyota жолаушылары зардап шекті. Облыстық балалар ауруханасына 2 жастағы қыз бала мен 12 жастағы ұл бала жеткізілді. Қыз бала ішкі ағзаларының соғылуына байланысты хирургия бөліміне жатқызылды. Оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Ал 12 жастағы бала тексерістен кейін амбулаторлық емге жіберілді. Ол дене жарақаттары мен сырылулар алған", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар 35 жастағы әйел мен 41 жастағы ер адамға да медициналық көмек қажет болған. Зардап шеккендер Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер қарап, алғашқы көмек көрсеткеннен кейін екеуіне де амбулаторлық ем ұсынылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары