Допинг: әділдік пен қауіптің шекарасы

/
Допинг: әділдік пен қауіптің шекарасы

«Астерикс және Обеликс Цезарге қарсы» фильмін көрген боларсыздар. Бұл тарихи-фантастикалық сюжетте Астерикс сиқырлы сусын ішкеннен кейін ерекше күшке ие болып, рим сарбаздарын жеңеді. Кәдімгі допингтің бейнеленуі десек те болады. Шындығында, допингтің тарихы сонау ежелгі грек пен рим дәуіріне дейін жетеді.

Қазіргі спорттағы физикалық көрсет­кіш­ті жасанды түрде арттыратын пре­парат­тар – Олимпиадалық қозғалыстың қай­та жандануымен бірге өзіне жаңа өріс тап­ты. 1904 жылғы Сент-Луис Олим­пиа­да­­­­­сында британдық марафоншы Том Хикс 42 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтіп, жарыстың соңғы 11 шақырымында есінен танып құлап қалады. Бапкері Шарль Люк оған бір мг стрихнин суль-фатын салып, коньякпен ішкізеді. Хикс жарысты аяқтағанымен, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіледі. 

Сол кезеңде спортшылар стрихнин, героин, кокаин және кофеин қоспасын қол­дана бастайды. Бұл практика 1920 жыл­дарға дейін кеңінен жалғасып, кейін героин мен кокаинді тек дәрігер рецептісі бойынша ғана қолдану тәртібі енгізіледі.

Допинг – бұл спортшылардың нәти­же­сін жасанды түрде арттыруға бағыт­тал­ған тыйым салынған препараттарды қол­дану. Бұл тек ережені бұзу ғана емес, спорт­тың негізгі мәнін – адал бәсеке­лес­тікті бұрмалау, спортшылардың ден­сау­лы­ғы­на қауіп төндіру.
Допингке қарсы белсенді күресті бастаған алғашқы халықаралық ұйым – Жеңіл атлетика федерациясы. 1928 жылы халықаралық ұйым стимуляторларды қолдануды тыйым салды. Алайда нақты нәтиже болмады. Себебі допинг қолдануды бақылаудың нақты жүйесі жоқ еді.

Жағдай танымал спортшылардың қай­ғылы өлімінен кейін ғана өзгерді. Мысалы, 1960 жылғы 26 тамызда дат велошабандозы Кнут Йенссен Римдегі Олимпиада 100 шақырымдық жарыс кезінде кенеттен құлап, қайтыс болды. Тексеру кезінде оның қанынан амфетамин ізі табылды. Бұл препарат ХХ ғасырдың 20-жылдарын­да ойлап табылып, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскерде кең қолданылған-ды.

Сол сияқты, 1967 жылы Томми Симп­сонның Франциядағы «Ле Тур де Франс» турнирінде қаза болуы халықаралық спорт қауымдастығын шұғыл әрекетке мәж­бүр етті. Осы оқиғадан кейін Халық­ара­лық Олимпиада комитеті 1968 жыл­ғы Мехико Олимпиадасынан бастап спорт-шылардан міндетті допинг-тестін алу рәсімін енгізді. Сол кезеңнен бастап до­пингке қарсы бақылау ресми түрде бас­талды.

Спорт тарихында допинг дауы одан кейін де жиі қайталанды. Мысалы, 1988 жылғы Сеул Олимпиадасында канадалық желаяқ Бен Джонсон стероид қолданғаны үшін алтын медалінен айырылды.

Тағы бір даулы оқиға – велоспорттан әлем чемпионы және Livestrong қайырым­ды­лық қорының негізін қалаушы Ланс Армстронгтың допинг дауы. Нәтижесінде, «Тур де Франс» жарысын жеті рет жеңген же­тістігінен айырылып, Францияның жо­ғары атағы – Даңқ Легионын қайтарып берді.

Дүниежүзілік антидопинг агенттігінің (WADA) бұрынғы бас директоры Дэвид Хоумэн былай дейді: «Допингке қарсы ба­қылау – спортшылардың қауіпсіздігін сақтау және халықаралық жарыстардағы әділдікті қамтамасыз етудің негізгі құралы. Ол тек жазалаудан тұрмай, білім беру мен алдын алу шараларын да қамтиды».

Шындығында, допинг мәселесі Қазақ­станда да өзекті. Ұлттық антидопинг ор­талығы (KAZ/NADO) дерегіне сәйкес, орал­туринабол, эритропоэтин, дрос­та­но­лон, метенолон, метилгексанамин, мель­до­ний, фуросемид, тестостерон, болденон, ок­сандролон, анастразол және басқа тыйым салынған заттарды қолданғандар спорттан ұзақ мерзімге шеттелді. 2014-2024 жылдары 97 атлет допингке қарсы ережені бұзғаны үшін дисквали­кация­ланды. Оның 36-сы ауыр атлет. Бұлардың ара­сында жаттықтырушылар да бар. Ең өкі­ніштісі, Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарында ел намысын қор­ғаған танымал спортшылар допинг дауына ілікті.Адам өмірі мен денсаулығына зиян кел­тіретін, күшті әсер ететін заттардың тізі­міне 95 препарат жатады. Әрі жыл сайын тыйым салынған субстанциялар жаңартылып отырады.

1999 жылы құрылған Дүниежүзілік антидопинг агенттігі (WADA) бүгінгі күнде спортшыларға толық бақылау жүргізуді талап етеді. Бұл бақылау кейде спорттық жарыстардың өзінен қымбатқа түсетінін ескерсек, допинг мәселесінің халықаралық спорттағы саяси және экономикалық мәні айқын көрінеді.

Еркін күрестен халықаралық дәре­же­дегі спорт шебері Азамат Шағапұлының сө­зінше: «Допинг – спортты бүлдіреді. Жеңіс тек еңбек пен талантың арқылы келуі керек. Кімде-кім допинг қолданса, ол өзіне де, спортқа да зиян келтіреді».

Осылайша, допингке қарсы күрес – тек спорттық әділдікті қорғау ғана емес, ұлт­тық намыс, халықаралық бедел және спорт­шылардың өмірі мен денсаулығын сақ­тау мәселесі ретінде қарастырылатын стра­тегиялық міндетке айналды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары