Үйлесімді үндестік

(Махамбет пен Мұрат мұрасының сабақтастығы хақында)

Үйлесімді үндестік
1646

Жалпы, қазақ әдебиетінің тарихында бір-біріне ой орамдары мен өлең өрнектері үлгі болған жыр жүйріктері баршылық. Ілгеріде өмір сүрген ақынның қалдырған мұрасының кейінгі шайырдың шығармашылығына тақырыптық-мазмұндық немесе көркемдік жағынан ықпал етуінің мысалдары аз емес. Мұндай сабақтастық кейде олардың белгілі бір дәуірде ғұмыр кешуіне, ал кейде нақты бір ақындық мектептің аясында қалыптасқандығына байланысты туындайды. Сонымен қатар осындай рухани үндестік заманды сезіну ортақтығының әсерінен де болатынын айтуға тиіспіз. Поэзиядағы дәстүр жалғастығының әдемі үлгісі қазақ жырының алыптары Махамбет Өтемісұлы  мен Мұрат Мөңкеұлының өлең-жырларын салыстырып қараған кезде айқын көрінеді. Бұлардың екеуі де – еліміздің батыс аймағында өмір сүрген жыр жампоздары. 

Мұрат ақынның өлең өрнегі Махам­бет­пен салыстыра қараған кезде ай­қын танылады. Әрине, Махамбет Өте­міс­ұлы – Мұрат Мөңкеұлы секілді мұңға көміл­ген зар заман ақыны емес. Сондай-ақ Мұрат Мөң­кеұлы – біртіндеп жауды қашырған кө­те­ріліс жыршысы да емес. Бірақ екеуінің өлең-жырлары үндес, кіндік кескен то­пы­рағы бір, өр мінездері үйлес, таным-тағы­лым­дары ұқсас. Екі ақынның шығармаларын қа­тар қойып оқығанда есімі елге кең та­ны­мал жыр жампоздарын бір желіге жа­қын­да­та­тын, бір арнада тоғыстыратын сабақ­тас­тық бар екеніне көз жеткізесің. Жауға атыл­ған жебедей әр сөзі мүлт кетпейтін Ма­­­хамбеттің жырдағы дәстүрі қырық жыл кейін туған Мұрат шығармашылығынан мық­тап орын алғанына куә боласың. 
Махамбет пен Мұратты бір өңірде дү­ние­ге келгені ғана байланыстырып қой­май­ды. Олардың өлең-жырларының табиғаты да ұқсас. Махамбет Өтемісұлы мен Мұрат Мөң­кеұлының тасқа басылған өлеңдері ал­ғаш рет бір кітаптың ішінде көрініс тапты. Сөй­тіп, ел екі ақынның өлеңімен де бір уа­қыт­та танысты. Бұл айтып отырғанымыз – 1908 жылы Қазан қаласындағы ағайынды Кә­рімовтердің баспасынан шыққан «Мұрат ақын­ның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деп ата­латын кітапша. Бұл жинақта Махамбеттің өлең топтамасы «Беріш Мұхамед (Махмуд не Махмет» деп те оқуға болады) ақынның сұл­тан­ға айтқаны» деген тақырыппен берілген. Сон­дай-ақ «Мұрат ақыннан жазылды» деп көр­сетілген. Осы орайда «Мұрат Мөң­кеұ­лы­ның кітабының ішінде Махамбет өлеңдері не­ғып жүр?» деген сауал туындауы мүмкін. Жи­наққа тек Махамбет өлеңдері ғана емес, «Жәң­гір хан дүниеден қайтқанда Алаша Бай­тоқ жыраудың айтқан сөзі», «Сұлтан Ке­несары батыр қоныстан ауғанда Досқожа ақын­ның айтқаны», «Адай Атамбек (Әтем­бек) ағаларымен араз болғанда Нұрым ақын­ның айтқаны, «Адай Балуанияз батыр жауда өл­гендей айтылған сөздер» деген шығар­ма­лар да енген. Сонымен қатар кітапта «Байұлы Бай­бақты Ғұмар Қазы ұғлына Мұрат ақын­ның айтқаны», «Батыр Қазтуған», (Мұрат ақын­нан алынды делінген), «Мұрат ақынның замананың түріне қарап шығарғаны» деген өлең-толғаулар жарияланған. Бұл жинақты Қа­зан қаласындағы баспадан шығару үшін кім дайындап ұсынғаны жөнінде нақты мә­лі­мет жоқ. Ілгеріректе сол кезең ахуалын са­ра­лай отырып, кітапты әзірлеген Ғұмар Қа­раш болуы мүмкін деген болжам айт­қан­быз. Махамбет мұрасын жан-жақты қарас­ты­рып жүрген зерттеуші Тілекқабыл Боран­ға­лиұлы архив деректеріне сүйене отырып, бұл жинақты шығаруға Шәңгерейдің көмегі тиген болуы мүмкін деген пікір білдіреді. Бұ­дан шығатын қорытынды, кітапты кім бас­тырса да, Махамбет пен Мұрат өлеңдері бір қолға шоғырланғанын көреміз. Өйткені Мұ­рат шығармалары бар жерде Махамбет өлең­дері де болған. Махамбет жырларын Мұрат жастайынан зердесіне сіңірген. 
Қолда бар деректерге сүйенсек, Мұрат – Махамбет өлеңдерін жатқа білген және кейінгі ұрпаққа жеткізген ақын. Махамбеттің де, Мұраттың да жырларын жинап бастырып, елге таралуына себепші болған Халел Дос­мұ­хамедұлы былай дейді: «Махамбеттің сөзі көп болған. Көбі жойылған. Ел арасында сақ­талған сөздерінің бірқатарын осы кітап­шада («Исатай-Махамбет», Ташкент, 1925, Б.О.) келтіріп отырмыз. Махамбет сөзінің ішін­де ең көп жайылған Баймағамбет сұл­тан­ға айтқаны, Әлімұлы, Байұлы, Жетірудың ара­сында осы өлең көп жайылулы. Біздің қо­лымызда ел ішінен жиналған осы өлеңнің бір­неше нұсқасы бар. Айтушылардың көбі бір­ақ Махамбеттің түрлі сөзін қосып, шатас­тырып айтқан. Жетірудың ішінен жиылған нұсқаларда қателер өте көп. Кейбір жерлерде сөздің негіздерін өзгертіп жіберген. Біздің бас­тырып отырғанымыздың негізіне Мұрат ақыннан естіп едім деп, Шөрекұлы Ығылман ақынның жазып бергені алынды». Мұның өзі Ма­хамбет өлеңдерінің текстологиясына абай болуды міндеттейді. Сондай-ақ Х.Дос­мұ­хамедұлы Мұрат пен Ығылман арқылы жеткен шығармаларды ұсынуға болатын нұсқа деген тұжырымға тоқталады: «Бала кү­нінен осы сөзге құлағы қанық Махамбеттің елін­дегі ақсақал, қарасақалдары біздің кел­ті­ріп отырған өлеңімізді дұрыс дейді». Әри­не, ХХ ғасырдың басында Қазанда шыққан кітап­тардың дені көптеген қатеге толы екені бел­гілі. Мұны Х.Досмұхамедұлының өзі де атап өтеді. Дегенмен Мұраттың бірнеше өлеңі енген жинақта жарық көрген Ма­хам­беттің «Борай да борай қар жауса» деп бас­та­лып, «Біз ол секілді көп қайраттан не көр­дік?» деп аяқталатын 192 жол өлеңі ақын өлең­дерінің жинағын баспаға дайындау ке­зінде негізге алынып жүр.
Мұхтар Әуезов «Әдебиет тарихы» ат­ты еңбегінің «Зар заман ақын­дары» атты тарауында «Бұқар жыраудан соңғы ХІХ ға­сырдағы зар заман ақындарының басы – Ма­хамбет», – деп тұжырым жасайды. Бұдан жа­зушының күрескерлік рухы басым тұра­тын Махамбет жырларындағы ел қайғы­сы­ның бейнеленуіне айрықша назар аудар­ға­нын көреміз. Солай бағаланғанына қара­мас­тан кейін әдебиетшілер арасында көтерілісші ақын­ды зар заман жыршыларының қата­ры­на қосу дәстүрі орныға қойған жоқ. Бірақ қа­лай болғанда да, М.Әуезов отаршылдық жүйе­нің қазығына байлаулы билікке өр­ше­лене қарсы тұрған Махамбет пен жерді жау­лаушыларға ызалы кегін білдірген Мұ­рат­тың шығармашылығынан сабақтастық көр­гені анық. Ол отаршылдықтың ойранына куә болған ақынның келешекке қауіп ет­кен­нен айтқан болжамын көтеріліс жыр­шы­сы­ның өршіл ойларымен салыстырады. 
Кешегі күнін тұғырынан түспеген текті­лік­тің мезгілі деп бағалайтын Мұраттың шы­ғар­машылығында жақсыны жоғалту, асыл­дан айрылу сарыны жеткілікті. Осы тұр­ғыдан алғанда, Махамбеттің жауға атыл­ған жебедей серпінді жырлары да, жасағы жеңіліп, жаны жабырқап, торыққанда ай­тыл­ған, мұң мен зарға толы өлеңдері де бар: 

Қылыштай қиғыр алмас ем,
Шарға шауып мұқалдым.
Суаруы қанық көк сүңгі ем,
Сұғуын таппай тот алдым. 

Зар заман поэзиясына өзек болған ха­лық­тық трагедия Махамбет жырла­ры­­ның арқауына да айналып жүр. Бұл – кө­те­рілісші ақынның жеке басының қапалы көңіл күйі емес, батырдың бастауымен өк­тем­дікке қарсы ұмтылып, жеңіліс тапқан ел­дің қайғысы. Тек сол халықтық трагедия «Жалаулы найза майрылып, Жау тауымды шақ­қаның, Дұшпан қайта қайрылып, Туым­ды менің жыққаның, Енді қайтіп ұмы­тар­мын» деген өр тұлғалы Махамбеттің аузынан ай­тылады. Ал керісінше, негізінен зар заман күйін толғайтын Мұрат Мөңкеұлы «Елден шық­қан есермін, Екі жақты бір тілді, Сөй­лей­тін сөзге шешенмін» деп Махамбетше тар­паң мінез танытады. 
Мұрат Мөңкеұлының өлеңдерінде өзі құр­мет тұтқан Исатай мен Махамбет есім­дері жиі аталады. Махамбеттің «Арыстан еді-ау, Исатай!» деп батыр ағасын үнемі дә­ріп­теп отыратыны сияқты, Мұрат та халық көтерілісінің қос басшысының шоқтығын биіктете түседі:

Исатай мен Махамбет, 
Қызыл тілді қазақтан,
Жоқ еді жері сүрінген.

         * * *
Бұйрат қылып қақ жарған,
Махамбет пен Исатай.

Жырлары зарлы, ойлары шерлі болып ке­летін Мұрат елді соңына ерткен қазақтың қос батырының тағдырын зар заман ағымы үр­дісіндегі өз өлеңінің өлшеміне салып, мұңд­ы әуенмен баян етеді. «Қуалап Исатайды өлтірген соң, Заманның содан бері тарыл­ғаны» деп, дәуірінің азып-тозғанының бір се­­бебін есіл ерлерден айрылумен байла­ныс­тыр­­са, «Ерлігі бір қазақтың Махамбеттей (Кей нұсқада «Бір қазақ еркек болса Ма­хам­беттей» делінеді), Оны да аңсыз жерде жа­зым­дады» деп, қапыда мерт болған батырды жыр­мен жоқтайды. Әйгілі «Үш қиян» тол­ғауын­­да қоныстан ауған тұлғаларды сана­ма­­лап жырлаған толғанысын «Ердің соңы Иса­тай, Бармағын тістеп өткен жер» деп түйін­­дейді. 
Ежелгі жыраулар дәстүрімен жырлаған Ма­хамбет поэзиясының рухы Мұрат шы­ғар­ма­шылығына қапысыз берілді. Қазтуған дәуі­рінен Махамбетке дейін жеткен түйдек-түй­дек тіркестер ақынның ой көрігінде суа­рылып, Мұрат поэзиясына көшті. Ма­хам­бет ар-намыспен, ыза-кекпен көркемдеген өлең сөзді Мұрат одан әрі әрлеп-әдіптей түс­­ті. Бар болмысымен «қасірет синониміне, қа­сиет символына айналған» (З.Қабдолов) ақын­ның «Адырнасын ала өзгіздей мөңі­рет­кен, Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен» деген өлең жолын «Қайта туған Махамбет» (Х.Ер­ға­­лиев) атанған зар заман жыршысы «Еділде тұ­рып оқ атса, Жайыққа оғын жоғалтқан, Жайық­та тұрып оқ атса, Еділге оғын жо­ғалт­­қан» деп айшықтайды. Мұрат бірде Махам­бет­ті «Еділ үшін егесіп, Жайық үшін жан­да­сып, Қиғаш үшін қырылып, Тептер үшін те­біскен» күйде қайталаса, енді бірде «Еділді ке­­ліп алғаны, Етекке қолды сал­ғаны. Жайық­ты келіп ал­ғаны, Жағаға қолды салғаны» деп түр­лендіре түсіп, жаңаша өрнек түзеді. Бел­гілі бір елді мекеннің жер-суының ауқы­мы­нан шығып, жалпы атамекендік ұғымға ай­налған «Еділ-Жайық» атауы екі ақын шы­ғар­машылығында да аз кездеспейді. Жауға қи­майтын, жатқа бермейтін қастерлі дүние ре­тінде, азаттық үшін арпалыстың символы са­натында сипатталады.
Мұрат Мөңкеұлы Махамбет өлеңінің «Еңселігі екі елі, Егіз қоян шекелі» де­ген жолын «Шекелігі үш елі» деп жалғайды. Жыраулық дәстүрдің үлгісін сақтай отырып, өлеңді өзгеше өрнекпен айшықтаудың мы­салдарын ақын шығармашылығынан көптеп та­бамыз. Өзінің «Сарыарқа» және «Әттең, бір қапы дүние-ай» атты толғауларында ауа кө­шу сарынымен қоныстан ауғандарды сана­ма­лап жырлаған Мұрат бұл үрдісті әрісі «Қайыр­лы болсын сіздерге, Мынау менен қал­ған Еділ жұрт» деп аманат қалдырған Қаз­туғаннан, берісі «Мен Нарыннан кеткен­мін, Нарынды талақ еткенмін» деп күйінген Махамбеттен алғанына дау болмаса керек. 
Махамбет шығармаларында өзекті өр­те­ген күйініш мәніндегі «Адыра қалған На­рын­ның, Теңіз деген суы бар» деген секілді тір­кес­тер ұшырасады. Осы тақылеттес толғам­дар Мұрат өлеңдерінде де баршылық. Ма­хам­бет пен Мұрат шығармашылығындағы тілдік-стильдік ортақтықтың мысалдары же­тіп артылады. Батыр ақынның «Қара қа­зан, сары баласы» Мұрат өлеңдерін де бе­дер­лейді. Ал Махамбеттің ел-жұрт түгел білетін «Әрайна, билер әрайна, Арғымағым, жарай ма?» деген өлең жолы Мұрат жырында «Әрай­на, билер, әрайна, Әрайна десем болғай ма?! Әрайнасыз һәр қайда?» деп жаңғырады. Әрі қарай қаратпа сөз мәніндегі тіркесті «Әрай­на болған Қазтуған, Қайғыланып сон­да толғай ма?» деп түрлендіріп, жыраудың тұл­­­ғасын танытатын ұғымға айналдырады. Мұрат осы ұғымның архаикалық мәнін поэ­ти­калық мәнге ұластыруға тырысады. 
Махамбеттің «Жалғыздық» деген өлеңін­дегі «Заманым менің тар болды, Тура биде би­лік жоқ» деген тұжырымы өз дәуірінің си­патын жырлаған Мұрат поэзиясының бү­кіл болмысын дәл танытады. Күрескер ақын­ның жолын жалғаған жыр жүйрігі зар за­ман мен тар заманның шерлі шежіресін өлеңмен өрнектеді. 
Қорыта айтқанда, «Бұ заманның шағын­да, Махамбеттей зарығып, Мұңды болған қай­да бар?» деп бір сәт қайғылы кейпін де аң­ғартып өтетін, Махамбеттің жорық жыр­лары мен «Қынапты қара қылышпын, Салып кет­сем кесермін» деп бір сәт өр мінезін де бай­қатып кететін Мұраттың шерлі өлең­де­рінің арасында берік сабақтастық, үйлесімді үндестік бар.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары