Бүгін елімізде көп жылдық үзілістен кейін таеквондодан Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингілік турнирі шымылдығын түрмек. Бұған дейін G-1 деңгейіндегі беделді халықаралық жарыстар 2015 жылы (Алматы) және 2017 жылы (Атырау) ұйымдастырылған болатын. Дүниежүзілік таеквондо федерациясы (World Taekwondo) араға 8 жыл салып, Қазақстанды халықаралық жарыстар картасына енгізіп, әлемнің 23 елінен 800-ге жуық спортшының басын Астанада қосты. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары мен әлемдік рейтинг көшбасшылары бар. Одан бөлек, күні кеше Ақордада Президентпен кездескен Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті Чхве Чжунвон мен өзге елден келген құрметті қонақтар да жарысты тамашалауға арнайы бас қалаға келді. Арнайы шақыру алғандардың арасында даңқты спортшы, таэквондодан қара белбеу 6 дан иегері, 6 дүркін әлем чемпионы, Қазақстанда таеквондо федерациясының негізін қалаушы Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік те бар.
Астанаға Мюнхеннен арнайы келген Неслиханмен аз-кем әңгімелескен едік.
– Қазақстанға қош келдіңіз! Алматыға бұрынырақта келгеніңізді білеміз, ал Астанаға бірінші рет келіп тұрсыз ба?
– Иә, бұл – менің Астанаға алғашқы сапарым. Бұл – мен үшін өте ерекше сәт, себебі әкем мен өз тамырыма жақындағандай сезінемін. Мен Қазақстан таеквондо федерациясының шақыруымен Kazakhstan Open Astana турниріне құрметті қонақ ретінде келдім. Әкем Мұстафа Өзтүрік Қазақстан таеквондо федерациясының негізін қалағандықтан, бұл беделді жарысты тамашалау – мен үшін үлкен мәнге ие.
– Қазақстан таэквондо федерациясының өкілдері сізді әуежайда қарсы алған кезде көңіліңіз жібіп, көзіңізге жас алғаныңызды көрдік. Атамекеніңізде сізді осылайша ыстық ықыласпен қарсы алады деп күтпедіңіз бе?
– Шынымды айтсам, мен қатты толқыдым. Мұндай жылы шырай, мейірім мен сүйіспеншілік күткен жоқпын. Бұлай ерекше қарсы алу көңілді толқытты, жүректі тебірентті. Оған қоса, әкем мен Қазақстанның байланысы әлі де мықты екенін көрсетті. Жүрегімде мәңгі сақталатын сәт... Күлімсіреп, әсем гүл шоғымен және қазақтың тәтті дәмдерінің хош иісімен мені қарсы алғанына қатты қуандым.
Бұл жай ғана салтанатты қарсы алу емес, бұл – мені Отанымның өз құшағына алған сәті болды. Олардың ыстық ықыласы көңілімді ерекше толқытты. Осы сәтте әкемнің қалдырған мұрасына ерен құрметті сезіндім, ал олардың жылы сөздері мені бұл жерде қонақ ретінде емес, елімнің қызы ретінде қарсы алғанын ұқтырды. Мені шақырған, қарсы алған федерация өкілдеріне шын жүректен алғыс айтамын. Осындай айрықша құрмет, әкеме деген сүйіспеншілігі үшін және өткен мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғаған көпір бола білгені үшін алғысым шексіз.
– Астананы аралап үлгердіңіз бе? Әсеріңіз қандай?
– Жалпы, Қазақстан мен үшін өз үйімдей, енді ғана шынайы танысып жатқандаймын. Мұнда тұратын адамдардың алғаусыз пейілі мен қонақжайлығы мені таңғалдырып жүр. Астана заманауи сәулетімен ғана емес, тарих пен мәдениеттен хабар беретін көптеген нышанымен де тәнті етті. Өкініштісі сол, тығыз кестеме байланысты әзірге тек Бәйтерек монументін және мәдениет музейіне ғана баруға мүмкіндік болды. Көп уақыт аралағым келеді-ақ, аралаймын деп те сенемін. Жақын арада қаланы аралауға мүмкіндік болатынына сенімдімін.
– Әкеңіздің ізін жалғап келе жатқан таеквондошыларымыздың өнерін көре алдыңыз ба?
– Иә, бұл мен үшін өте ғажап шақ болды. Жас спортшылардың батылдығы, өнерді шын сүюі мені мақтанышқа бөлейді. Олар тек техниканы емес, әкем туралы біраз деректі және оның құндылықтарын жақсы біледі. Олардан бұл айрықша спортқа құрметі мен Отанға сүйіспеншіліктерін байқап, марқайып қалдым.
– Қазір қайда тұрасыз? Қандай іспен айналысасыз?
– Мен Германияның Мюнхен қаласында тұрамын. Әншімін, жеке әндер жазамын. Тек жазып қоймай, оларды өзім орындаймын. Қазір өз халқыммен жақынырақ болу үшін қазақ тілінде ән айтуға дайындалып жүрмін. Ана тілімді толық меңгергім келеді. Жатық сөйлеу үшін дұрыстап үйренуді мақсат етіп жүрмін. Сондай-ақ Қазақстанда көп уақыт өткізіп, елмен мәдени және адами байланысымды арттырғым келеді. Ұзақмерзімді жобаларымды іске асырып, Қазақстан мен әлем арасында көпір салуды, әрі әкемнің мұрасын ардақтап, жалғастыруды мақсат етемін.
– Астанаға келгелі тәп-тәуір қазақша сөйлеп жүрсіз.
– Иә, шамам келгенше сөйлеп жүрмін. Сонымен қоса, жаңа сөздер үйреніп жүрмін. Мен үшін – тіл мәселесі өте маңызды. Қазақ тілі тек қарым-қатынас құралы емес, ол – менің тегім мен болмысымның бір бөлігі. Әр жаңа сөз мені халқыммен жақындас-тырып, өз тарихымды тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Менімен кездескен адамдар менің ана тілімде әлі еркін сөйлей алмайтынымды біліп, жеңіл болсын деп әңгімені ағылшын немесе түрік тілінде жалғастыруды ұсынып әлек. Әлбетте, бұл – аса қамқорлық пен мейірімнің белгісі. Алайда мен оларға: «Рахмет, бұл – әрине, өте жақсы, бірақ менімен қазақша сөйлесіңіздерші. Сонда мен тезірек үйренемін», –деп айтамын.
– Әнші болған соң, еуропалықтардан бөлек, қазақ әншілерін де тыңдайтын боларсыз? Біздің өнерпаздардан кімдерді сүйіп тыңдайсыз?
– Мен дәстүрлі қазақ әндерін ұнатамын. Өйткені олардың бойында халқымыздың жаны мен тарихы жатыр. Дала, Отан және отбасы туралы әндер жүректі ерекше толқытады, көзіме жас келеді. Сонымен қатар мәдениетімізді заманауи түрде жеткізетін қазіргі әртістерді де тыңдаймын. Аңызға айналған ұлы тұлғалардан бастап жас таланттарға дейінгі буынды тыңдап жүрмін. Олардың дауысы, туындылары маған шабыт береді.
– Жаңа бір сөзіңізде Қазақстанда ұзақмерзімді жоба іске асырғыңыз келетінін айтып қалдыңыз. Мәдениетке қатысты жоба ма?
– Ойымда бірнеше жоба бар, бірақ алдымен олардың қайсысы Қазақстанда пайдалы әрі елге өтімді болатынын зерттегім келеді. Мен үшін адамдарды, мәдениетті және қазіргі қажеттіліктерді толық түсініп алу – бәрінен маңызды. Бір нәрсеге сенімдімін: еліміздің болашағына жасалған әрбір инвестиция – баға жетпес құндылық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ