Скандинавиялық ғалымдардың 664 адамға жүргізген зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, адамдардың орта есеппен 54 пайызы қырынмен, 37 пайызы арқасымен, 7 пайызы етбетімен ұйықтайтыны анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мамандар қырында ұйықтағанда дененің түзу жатуын ұсынады. Қалың жастықпен басты тым биік көтеруге болмайды. Қолдар дене бойымен созылғаны дұрыс. Бел омыртқасында мәселе болса, тізенің арасына жастық қойған пайдалы.
Зерттеуге сүйенсек, сол қырымен ұйықтау пайдалырақ. Бұл жағдайда көкбауыр жақсы жұмыс істейді, асқазан сөлі өңешке бармайды. Ал оң қырымен жатқанда асқазан ұйқы безін қысып, оның жұмысына кедергі келтіреді.
Дегенмен жүрек-қантамыр ауруы бар адамдарға сол қырымен ұйықтау ұсынылмайды. Себебі жүрекке қосымша жүктеме түседі.
«Эмбрион» қалпында қырында жату толық босаңсуға көмектеседі. Бірақ омыртқаға артық жүк түсіріп, жарыққа әкелуі мүмкін. Сондай-ақ қан айналымы баяулап, дененің кей бөлігі ұйып қалуы ықтимал.