Мектепке дайындықтың құны қанша?

Мектепке дайындықтың құны қанша?

Жаңа оқу жылы да таяп қалды. Дәл қазір ата-аналар балаларын мектепке дайындауға кірісіп кетті. Жыл сайын тамызда мектеп формасы мен кеңсе тауарларының бағасы да қымбаттап шыға келеді. Соған қарамастан базар мен сауда үйлерінде сауда қыза түседі. Осы орайда біз жылдағы дәстүр бойынша базардағы бағаны зерттеп, бір баланы киіндіруге қанша қаржы жұмсалатынын анықтап көрдік. 

Кеңсе тауарлары – 15-20мың

Мектепке дайындық – ата-аналар үшін жыл сайынғы маңызды міндет. Бір ба­ланы мектепке дайындаудың өзі қалтаға кә­дімгідей салмақ. Ал бірнеше баласы бар от­басыларға бұл тіптен оңай емес. Мұн­дай­да қарапайым халықтың базарға ағы­ла­тыны анық. Өйткені базарда салыс­тыр­малы түрде сауда үйлеріне, бренд киім ұсы­натын дүкендерге қарағанда баға ар­за­­­нырақ. Мәселен, Астанада базарда дәп­тер – 35 теңге; 36 беттік қалың дәптер – 200 тең­ге; 48 беттік – 250 теңге; 96 беттік – 350 теңге; күнделік: сырты жұмсағы – 500 теңге, сырты қаттысы – 700 теңге; қа­­­лам­сауыт 700-3500 теңге аралығында; қалам 50-200 теңге аралығында;  қарындаш жұмсағы – 50 теңге, қаттысы – 100 теңге; түрлі-түсті қарындаш 6 түстісі – 300 теңге, 12 түстісі – 600-800-1 000 тг, 18 түстісі – 1 500-1 800 тг; 24 түстісі – 2 000-2 200 тг; ұштағыш 50-400 тг-ге дейін; сурет дәптер 16 беттік – 400 тг, 24 беттік – 500 тг, 40 беттік – 700 тг; сызғыш – 100-300 тг; түрлі-түсті қағаз – 350 тг; картон – 500 тг; желім – 200-500 тг. 
Сатушылар кеңсе тауарларына 1 ба­лаға орташа есеппен 15-20 мың теңге ке­те­тінін айтады. Өйткені базарда да, сауда орта­лықтарында да баға қымбаттап, кеңсе тауарлары 10 пайызға дейін өскен. Оған ин­фляция және логистика шығын­дары­ның артуы, импорттық шикізат баға­сы­ның өсуі себеп. Экономистер бағалар мау­сымдық сұранысқа және импорттық тәуелділікке байланысты өсіп отырғанын алға тартады. Бұл сөзді сатушылар да қол­дайды. Себебі тамыз айының соңғы апта­сында (20-31 тамыз) сұраныстың көбеюіне байланысты баға шарықтай түседі. Сон­дықтан шығынды азайтып, отбасы бюд­жетін дұрыс жүргізу үшін ата-аналарға ал­дын ала сатып алған және интернет-дү­кендердегі жеңілдіктерді пайдаланған дұ­рыс дейді саудагерлер. 

Бір баланы киіндіру – 100 мыңнан жоғары

Астана қаласының тұрғыны Айнұр Үсіпжанованың 3 баласы бар. Үлкен ұлы биыл 11 сыныпқа, ортаншы қызы 7 сыныпқа, ал кенже ұлы 1 сыныпқа барады. Мектеп формаларын тамыз айының басында алып қойған.

– Үлкен ұлыма киімді отандық бренд Glasman дүкенінен алдық. Бомбер – 14 000, шалбар – 16 000, ақ көйлек – 11 000, спорттық аяқ киім – 25 000. Қызыма Angelcher компаниясының формасын таңдадық. Пиджак – 19 000, шалбар – 15 000, ақ көйлек – 9 000, аяқ киім – 17 000. Кіші ұлымызды «Бала бренд» дүкенінен киіндірдік. Поло – 8 800, шалбар 11 000, сөмке –13 000, спорттық киім – 7 500, ақ футболка – 1 000 теңге. Костюм, шалбары мен ақ көйлегін нағашылары алып берді. Ал базарда мұндай жиынтықтың бағасы 35 000, ақ көйлегі 10 мың екен. 1 қорап ақ шұлық – 3 500, іш киімдеріне 10 000 теңге кетті. Қазірдің өзінде 180 800 теңге жұмсадық. Бұл әр затты бір-бір талдан алғандағы баға. Әлі кіші ұлыма 10-15 мыңға туфли, қызым мен үлкен ұлыма спорттық киімдер алу керек. Екеуі былтырғы сөмкелерін ұстайды, былтырғы ақ көйлектерін биыл қосымша ауыстырып киеді. Бұған әлі кеңсе тауарларының бағасы қосылмады. Үнемдедік дегеннің өзінде үш балаға 300 мыңнан аса қаражат жұмсайды екенбіз биыл. Яғни, бір баланы мектепке дайындау 100 мың теңгеден асады, – дейді Айнұр Үсіпжанова.

Базардағы баға бұдан сәл арзанырақ. Мысалы, «Астаналық» базарында жилеттер 6 500, ақ кофталар 5 000-нан басталады. Жібек жейделер қымбатырақ, 10 500-16 500 аралығында, спорттық киім 10 000-20 000, кроссовки 8 500-12 500 теңге аралығында. Іші қайыс, сырты былғары емес аяқ киімдерді 11 000 теңгеден 16 000 теңгеге дейінгі аралықта сатып алуға болады. Біз қыз баланы мектепке дайындауға қанша қаражат жұмсалатынын есептеп көрдік. Ақ жейде 7 500 теңгеден. Ауыстырып киюге екіншісін алсаңыз 15 000. Қыз балаға міндетті түрде бір белдемше (9 000) мен бір шалбар (7 000) керек. Спорттық киім – 11 000 теңге, кроссовки – 9 000, туфли – 12 000. 2 колготки 3 мың теңге болады. 2 майкасы – 2200 теңге. Екі бантик – 3 000. Осының өзі 70 мыңға жуықтайды. Бұған әлі сарафаны мен кеңсе тауарларының бағасы қосылмаған. Сарапшылардың айтуынша, оқу жылына дайындық шығыны өңірге, сатып алу орнына және отбасылық бюджет мүмкіндіктеріне қарай айтарлықтай өзгереді. Астана, Алматы қалаларында бағалар жоғары, бір баланы мектепке толықтай дайындау 150-200 мың теңгеге дейін барады. Ауылдық жерлерде – кей тауарлар арзанырақ, бірақ таңдау шектеулі. Аймақтардағы базар мен супермаркет бағасының айырмашылығы 15-30 пайыз.

Жәрмеңкелер – жәрдемші

«Үйдегі көңіл күйді базардағы баға бұзады» деген. Бірнеше баласы бар отбасылар үшін мектепке дайындық – үлкен шығын. Қарапайым халықтың алдын ала дайындалуға мүмкіндігі бола бермейді. Ал 20-25 тамыз аралығында ажиотаж басталады. Ондайда таңдау да, киім өлшемі де дұрыс табыла бермейді. Амалсыз қолына ұстағанын алып кетеді. Кей ата-аналар ақша үнемдеу үшін қыркүйектің алғашқы аптасына дейін қажет заттарды сатып алмайды. Сатушылар мектеп киімдерін тамыздың басында өлшемдері бар кезде алған жақсы дейді. Жыл сайын еліміздің әр өңірінде мектеп формасы мен кеңсе тауарлары төмен бағамен сатылатын мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Бұл да отбасылық бюджетті үнемдеуде үлкен көмек. 2-31 тамыз аралығында елордада «Мейірімді қолдар» акциясы өткізіліп жатыр. Бұл әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан оқушыларға арналған қайырымдылық бастама. Қала тұрғындары мектепке қажетті құралдарды (сөмке, дәптер, қалам, кеңсе тауарлары) арнайы орнатылған контейнерлерге салып кетеді. Контейнерлер қаладағы ірі сауда орталықтары мен дүкендерге қойылған. Барлық жиналған заттар мектептер мен қоғамдық ұйымдар арқылы қажетті балаларға таратылады. Жалпы, қала тұрғындарына ұсынылатын жәрмеңкелерге кеңсе тауарлары мен мектеп формасын қолайлы бағамен сатып алуға болады, онда дүкендердегі бағадан төмен болады.

Мемлекеттік қолдау қандай?

Мектепке дайындық шығындары көп отбасылар үшін оңай емес. Осы орайда мемлекет пен қоғам бірлесіп, жыл сайын көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған. Биыл да мемлекет пен демеушілер есебінен жаңа оқу жылы қарсаңында жарты миллион оқушыға көмек көрсету жоспарланып отыр.

– 2025-2026 оқу жылының қарсаңында елімізде «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында оқушыларды мектепке дайындау жұмыстары жүргізілуде. Биыл 500 мыңнан астам балаға қолдау көрсетілмек. Қор дәстүрлі түрде жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына көмек береді. Сонымен қатар өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар да назардан тыс қалмайды. Көмек ата-аналардың есепшоттарына аударылады, бұл оларға мектеп формасын, аяқ киім және кеңсе тауарларын өздігінен таңдауға мүмкіндік береді. 2025 жылы бір балаға берілетін ең төменгі сома көлемі – 46 228 теңге, – деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

«Жалпыға бірдей білім беру» қоры жыл сайын мыңдаған баланың оқу жылына дайындалуына жағдай жасап келеді. Бұл әлеуметтік себептермен мектепке бармай қалу жағдайларын болдырмау және білім алуға тең қолжетімділік жағдайын жасауға мүмкіндік береді. Биыл бұл мақсатқа өткен жылғыдай көлемде қаржы қарастырылған. Мәселен, елордада 8 500-ден астам бала мектеп жабдықтарын тегін алады. Жалпы, қала бойынша 12 734 оқушыны қамту жоспарланған. Бұл көмекті алу үшін ата-ана баласы оқитын мектепке, директор атына өтініш жазу керек. Ата-ананың банк картасына аударылған ақшаны мектеп формасы, аяқ киім және оқу құралдарына жұмсауға болады. Аталмыш көмекті көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылардың балалары, жетім балалар және қамқорлықтағы оқушылар, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар, төтенше жағдайда қалған отбасылардың балалары ала алады. Айта кетсек, жалпы, елімізде 500 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Ал Қазақстан бойынша орташа күнкөріс деңгейі – 58 600 теңге. Егер отбасының табысы осы мөлшерден төмен болса, көмек алуға өтініш бере алады. Егер отбасы мемлекеттік көмек алушылар санатына жатпайтын болса, «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілерден қолдау сұрай алады. Яғни, бұған көмекке мұқтаж, бірақ ресми санатқа жатпайтын отбасылар кіреді. Ол үшін білім беру ұйымына (мектепке) немесе atamekenim.kz платформасында жеке өтініш қалдыру керек. Акция 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жалғасады, ал демеушілік көмекті жыл бойы алуға болады. Жаңа оқу жылы қарсаңында «AMANAT» партиясы да дәстүрлі «Баланы мектепке дайындайық!» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясын бастады. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында 2010 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл іс-шара биыл 11-30 тамыз аралығында өткізіледі. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсетуді көздейтін ісшара барысында 45 мыңнан астам оқушыға мектеп формасы, оқу құралдары және кеңсе тауарларымен жабдықталған сөмкелер табысталады. Бұл – тек материалдық көмек қана емес, әр баланың жүрегіне мейірім мен шабыт ұялату, жаңа оқу жылын толық дайындықпен қарсы алуға мүмкіндік беру. Жаңа оқу жылы – қуаныш пен үміт қана емес, әр отбасы үшін үлкен сынақ. Балаға сапалы білім берудің бір жолы оның алғашқы қоңырауға қалай дайындалғанынан басталады. Алайда, бүгінгі қымбатшылық ата-ананы ерте жоспарлауға, үнем іздеуге, кейде тіпті қажеттісінен бас тартуға мәжбүрлейді. Бұл жол кей отбасы үшін ауыр жүкке айналған. Базардағы ыстық күндер мен жәрмеңке дүрбелеңінде біз тек киім мен құрал алмаймыз – баламыздың болашағына сенім сыйлаймыз. Әр таңдалған аяқ киім, әр мұқият жиналған сөмке – махаббат пен жауапкершіліктің белгісі. Баланың білімге деген қадамын нық басуға көмектесу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы міндет әр отбасының қолынан келетіндей, әр бала тең мүмкіндікпен оқу жылын бастайтын күн – қоғамның да, мемлекеттің де басты мақсаты болуға тиіс.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары