Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Сербияның сыртқы саяси ведомстволары арасында саяси консультациялардың үшінші раунды өтті.
Қазақстан мен Сербия арасындағы үшінші раунд саяси консультациялары екі елдің ынтымақтастығы бұрыннан жоспарлы сипат алғанын және оны стратегиялық деңгейге көтеру ниеті айқын екенін көрсетті. Диалог тек дипломатиялық этикет шеңберінде қалмай, нақты экономикалық және инвестициялық бағыттарға ойысты. Бұл – екіжақты қарым-қатынастың негізгі векторлары айқындалғанын және оларды жүзеге асырудың институционалдық тетіктері қалыптасып келе жатқанын білдіреді.
Жиында сөз сөйлеген Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Қазақстанның Сербияны Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктес ретінде қарастыратынын атап өтіп, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайындығын білдірді. Ал Сербия делегациясының басшысы, Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Дамьян Йович Қазақстанды Сербияның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі ретінде және жақында Алматыда өткен Үкіметаралық комиссия отырысының (ҮАК) оң нәтижелерін ерекше атап өтті.
Екі елдің сауда көрсеткіштері кейінгі екі жылда тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2024 жылы тауар айналымы 100 млн АҚШ долларына жетуі – ынтымақтастықтың әлеуетін дәлелдейді. Экспорт пен импорт құрылымындағы өзгерістер де назар аударарлық: Қазақстан өз өнімдерінің еуропалық нарыққа шығуын кеңейтіп, жоғары қосылған құнға ие тауарлар үлесін арттыруға мүмкіндік алуда. Ал Сербия үшін Қазақстан – Орталық Азия аймағында сенімді нарық және көліктік-логистикалық хаб.
Бұдан бөлек, Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов пен Kazakh Invest басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айбол Арғынғазинов Сербия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Дамьян Йовичпен кездесу өткізді.
Инвестициялық бағыттағы келіссөздер, әсіресе өнеркәсіп, агробизнес және көлік-логистика салаларына басымдық берілуі екі елдің экономикалық өзара толықтырушы рөлін айқындайды. Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтарындағы жеңілдіктер мен географиялық орналасуы сербиялық капитал үшін жаңа мүмкіндіктер ашса, қазақстандық бизнес үшін Балқан нарығына шығудың тиімді жолын қамтамасыз етеді.
Ғабидолла Оспанқұлов Сербияның Қазақстан үшін Еуропадағы маңызды серіктес екенін атап өтті.
– Біз өнеркәсіптік кооперация, аграрлық сектор, логистика және құрылыс салаларында ынтымақтастықты кеңейту үшін зор әлеуетті көріп отырмыз. Қазақстан сербиялық серіктестерге арнайы экономикалық аймақтарымыздың мүмкіндіктерін және еліміздің қолайлы географиялық орналасуын пайдалана отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін бәсекеге қабілетті жағдайлар ұсына алады. Сонымен қатар біз қазақстандық компаниялардың серб нарығына сапалы өнімдер мен шешімдер ұсынып, өзара экономикалық дамуды күшейте алатынына сенімдіміз, – деді ол.
Саяси тұрғыдан алғанда, Белград пен Астананың ұстанымдары бір-біріне жақын: екі ел де көпжақты ұйымдар аясындағы үйлесімді іс-қимыл, халықаралық құқық нормаларын сақтау және өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне келгенде прагматикалық көзқарас ұстанады. Бұл ортақ платформа екі елдің халықаралық аренадағы ықпалдастығын күшейтуге жағдай жасайды.
Дегенмен ынтымақтастықтың қарқынын арттыру үшін кедергілер де жоқ емес. Сауда құрылымын әртараптандыру, бірлескен жобаларды іске асырудағы бюрократиялық тосқауылдарды азайту және көлік-логистикалық тізбектерді оңтайландыру шешуді қажет ететін мәселелер қатарында. Сонымен бірге, инвестициялық климатты одан әрі жақсарту және бизнес қауымдастықтар арасындағы тікелей байланыстарды күшейту маңызды.
Қорытындылай келе, Астана мен Белградтың қазіргі келіссөздері екіжақты қатынастардың жаңа кезеңін бастап беруі ықтимал. Егер тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды жүйелі түрде орындап, нақты жобаларды іске асыруға ден қойса, Қазақстан мен Сербияның саяси және экономикалық серіктестігі аймақтық деңгейден шығып, кеңейтілген стратегиялық әріптестікке айналуы әбден мүмкін.