Айнұр Ахметова: Қазақ әдебиеті қапаста жатқан жоқ

/
Айнұр Ахметова: Қазақ әдебиеті қапаста жатқан жоқ

Бүгінгі әдебиеттану ғылымында зерттеудің жаңа бағытын ашып, қазақ көркемсөзін әлемдік үрдістермен байланыстыра, салыстыра отырып талдайтын қабілетті жас әдебиеттанушылардың есімдері танылып келеді. Солардың бірі – Әдебиеттану бойынша PhD Айнұр Ахметова. Оның Орталық Азия әдебиеті, соның ішінде қазақ әдебиеті жайлы мақалалары көптеген ғылыми журналда және шетелдік басылымда жарияланып жүр. Сол арқылы біздің әдебиеттегі түрлі ізденістер жайында шетелдік оқырмандар біле бастады дер едік. 
Біз жас әдебиеттанушымен әңгімемізде ұлттық әдебиеттің жаңа бағытта зерттелу жайын қозғап, соңғы кезде әдебиеттануда сөз болып жүрген кейбір мәселелер жөнінде пікірлерін жазып алдық.

– Бізде әдебиет мәселесінде кө­бі­не-көп жастар үлкендерді әңгімеге тар­тады ғой, бүгін соны керісінше жа­сағым келіп отыр. Өйткені бүгін­гі әдебиет те, әдебиеттану да біздің буын сөз өнеріне келген өткен ға­сыр­дың соңғы онжылдығынан мүл­де бөлек. Әдебиеттанудағы жаңа буын­ның өкілі ретінде айтшы, ен­дігі әдебиеттің беталысы қандай болуы мүмкін? Ендігі қазақ сөз өне­рі әлемдік үрдістердің жетегіне ерем деп ұлттық ерекшеліктен тамыр үзіп кетпей ме?

– Осыдан үш-төрт жыл бұрын жас қа­­­­ламгерлер шығармашылығынан әң­гі­мелерді жиі ұшыратқанда ұлттық тарих бо­лашақта қазақ романдарында қан­ша­лықты жиі және шынайы көрініс таба­ты­ны жайлы скептикалық көзқарас өзім­де де пайда болған еді. Мен үшін бұл мә­селе қазір де маңызды. 
Сұрақтың бойындағы «әлемдік үр­дістің жетегі» деген түсініктің аясына нен­дей құбылыстар мен белгілерді сый­дыруға болатыны жайлы ойланып отыр­мын. Меніңше, қаламгерлеріміз әлемдік немесе отандық әдеби тәжірибеден үй­ре­ну жолында қалыптасқан өзіндік әдіс-тәсілдері арқылы қазақ проб­ле­ма­сына үңілгісі келеді. Қазіргі жаппай қол­данысқа еніп жатқан бір ғана ро­бот­тандыру жайлы қаламгерлеріміз роман мен әңгімелерін ұсынып үлгерді. Одан тыс, әлемдік тәжірибеден әдеби баяндау, кейіп­керлер табиғатын таныстыру, жанр механизмдерін жетілдіру, артық жазу мен банальды оқиғалар құрудан арылу­ды үйренер болса, қазақ әдебиеті үшін үлкен жетістік болары сөзсіз. Ал­ғаш­қы кезде бірді-екілі әңгімелерімен оқыр­мандарға танылған жас қалам­гер­леріміз соңғы кезде ең шедевр туын­ды­ларымен жарқ етіп шығып, әдебиет тари­хында қалу үшін еңбек етіп жатыр деп үміттенемін. Солардың бәрі бірегей идеяларымен әлемдік ой қазынасынан орын алған қаламгерлерден үйренуге ұмтылатынын шығармаларынан бай­қауға болады. 
Меніңше, жазушы иә ақынның қаламгерлік ұстанымы ұлттық мә­дениетпен тығыз байланысса, шетел­дік тәжірибені үйрене отыра өз қоғамы үшін жұмыс істейді. Ал қазіргі уақыттың сұранысы ретінде және жазу арқылы табыс табуды көздейтін bestseller-ден гөрі fastseller-ге негізделетін туындылар­ды уақыт өзі іріктейді. Яғни, мұндай туын­дылар кейде кейіпкерлерін немесе туын­дыдағы кеңістік бірліктерін ше-телдік атаулармен немесе кең қолданыс-қа енген әлемдік белгілермен біріктіруі мүм­кін. Кейде мұндай «ассорти» туын­ды­ларды көзіқарақты сыншылар шы­ғар­ма арқылы көрініс табатын ұлттық не­гізге селкеу түсіру деп есептейді. Bestseller мен fastseller-ге, екі категорияға да сыятын ғажап туындылар жазылар болса әдебиеттің де, жеке автордың да же­тістігі болары сөзсіз. Мұның бәрін «әлем­дік үрдіс» деген түсініктің аясына қам­ти сөз етіп отырмын. 
Қазір оқырмандар сұранысы күр­де­леніп барады, соған сай уақыт деген төре­ші әдебиет әлеміне тек ізденіс пен үй­ренуге арқа сүйеген кәсіби қалам­гер­лерді ғана жинауға бет алғандай сезіледі. Бәл­кім, бұл баяғыдан солай болуы керек. Яғни, шабыттың екпінімен иә ізденіссіз құрастырылған мәтіндер көптеген жарыққа шығару технологиясы арқылы қолжетімді болғанымен, ғұмыры ұзаққа со­зылмайды. Кез келген мазмұндағы за­манауи өнім түрлері сапалы әдеби өнім­нің орнын алмастыра алмайтынына сенім­дімін. 

– Бүгінгі әдебиеттің де, әдебиет зерт­теулерінің де күрделеніп бара жат­қаны байқалады. Ол даму үстін­дегі әдебиетке тән нәрсе десек те, бү­гінгі тым қысқа һәм жеңіл мәтін­дер­ге ғана назар аударатын көпші­лік­ті көркем әдебиеттен алыстатып ал­маймыз ба? Қалай десек те оқыр­ман­ның көбі әдебиетпен шұғыл­дан­бай­тын, бірақ тұтынатын қара­пайым халық қой…

– Меніңше, көркем әдебиеттің нағыз оқыр­манына мұндай күрделіліктер әсер етпеуі керек. Күрделілік терең ойлануға және сол арқылы үйренуге шақырады. Қа­зіргі уақыт тұрғысынан алғанда қар­қынмен дамып бара жатқан тех­но­ло­гия­лық революциялар дәуіріндегі ой-сана бір сызықтың бойымен жазылған әдеби дәстүрден де шығып, сөз өнеріндегі экс­перименттер әлеміне саяхаттаудан бас тартпауды қажет деп таппаса керек. Та­ғы да басқаша ойланар болсақ, өнер­дің бастау тарихын үңгірлерде бей­не­лен­ген суреттерден таратып жатады, ал одан бері адамзаттың ақыл-ой қазынасы бір­неше саладағы сансыз әдеби және ғы­лыми үлгілермен толықты. Яғни, өмір­лік тәжірибемен қоса, осының бәрі оқыр­манның ой-санасын тереңдеткені сөзсіз. 
Сонымен қатар бүгінгі көпшілік қыс­қа және жеңіл шығармаларға ғана назар аударады деген оймен де ке­лісу қиын. Егер оқырман көңілінен шы­ғатын болса, қысқа да, көлемді де туын­дылар оқылатыны сөзсіз. 

– Біраз зерттеулеріңмен таныс­пын. ҚазҰУ-дың «Хабаршы» журна­лын­да (Филология сериясы, №2, 2025) жарық көрген «Қазақ поэ­зия­сын­дағы нөлдік мәтін көрінісі» деген мақалаңда біздің ақындардың фор­малық ізденістеріне назар ау­дар­ған екенсің, соның болашағы қан­дай? Смайликтермен өлең жазу, өлең­нің формасын тақырыптың мән-суретіне айналдырып жазу бірер экспериментке жарар, бірақ бә­рін мәтінмен түсіндіретін біздің вер­бальдік мәдениетке тамыр бай­лайтын поэзиямыз сөзге сараң, айт­қысы келетін мәнді символд­ар­мен, суретті жазумен (иероглифтер) ишаралап тұратын визуальдік мә­де­ниеттің өнімі – қытай, жапон секіл­ді елдердің поэзиясына тән қасиет­тер­ді кең түрде қабылдай ала ма? 

– Сіз меңзеп отырған өлең «фор­ма­сы» өлең мәтінінің орнына қолданылған мес­сенджерлер механизмдерінің көріні­сі мысал ретінде алынған еді. Меніңше, смайликтермен «өлең өрген» ақын қы­зы­ғушылықпен эксперимент жасағысы келді деп есептеймін. Сонымен қатар бұл форманы үздік өлшем ретінде де атап көрсетпедім. Қазірдің өзінде жаңа­шыл ақындарымыз қытай, жапон немесе басқа елдердегі поэзия формасын қа­был­дамай-ақ өзіндік эксперименттің сан түрін жасай алады. Өзіңіз атап өткен ма­қалада талданған Ерлан Жүністің «Эн­телехия» кітабындағы үш-төрт жол­мен көрініс тапқан поэтикалық ойлары өзіме ұнады. Кітаптың ақ бетінің орта­сына орналастырылған «Адам баласы есейген сайын, // армандары // неге ұсқын­сыз?» деген шумақ есімде қалыпты. Қаншама проза және поэзия мәтіндерін оқығандықтан, қазіргі қазақ поэзиясы өте әлеуетті, қарқынды және жаңашыл екенін айтқым келеді. Түйіндеп айт­қанда, қабылдаушы сана мейлі вербалды поэзия болсын не бейвербалды поэзия бол­сын – ақынның концептін, көз­қара­сын, үнін жеткізетін жанр, форма, ырғақ эксперименттеріне ашық болғаны поэ­зияның тамаша үлгілеріне жол ашатыны анық. 

– Ana tili  газетінің өткізген «Қа­зір­гі қазақ прозасындағы шизофре­ния­лық дискурс» атты дөңгелек үс­тел талқылауына қатысып, ой­ла­рың­­ды айтқан екенсің. Бұл бағытта зерт­теудің мақсаты не? Шизофре­ния­мен ауыратын қаламгерлердің шы­ғармаларын сақтықпен оқуға ша­қыру ма, әлде туынды мәтінін зерт­теу арқылы оның авторының пси­хологиялық портретін жасау ма? Егер солай болса, әдебиеттің адам өміріне тигізер зияны мен пай­дасын қалай анықтауға болады?

– Газет редакциясының талқысында қоз­ғалған тақырып еді. Әдебиет – өмір­дің моделі болғаннан кейін физикалық өмірдегідей әдебиет кейіпкерлері мен авторларына қатысты әртүрлі жағдай кездесетіні белгілі. Бір жағынан алғанда, сіз келтірген екі нұсқаны да мақұлдар едім. Біз кейде әдеби қолжазбалардың да адам өміріне қауіпті зияны бар-жо­ғын тексеретін жағдайға жеттік. Ал әде­биеттанудағы биографиялық және ме­дицина, психология мен гуманитария­н­ың бірлескен әдістерімен жазушы өмірбаяны мен оның туындылары ара­сын­дағы қатынасты зерттеу арқылы ав­тор­ға тән белгілерді анықтауға бола­ды. Мысалы, невроз себептеріне үңіле отырып, Фройдтың психоанализ арқы­лы Достоевскийдің жазушылығынан басқа да қырлары мен кейіпкерлерінің байланысын зерттегені іспетті. Сонымен қатар шығармашылығында психиатрия мен кейіпкерлерінің психикалық күй­лерін сипаттауға қызығушылық та­ныт­қанымен, авторда шизофрениялық аурулар кездеспеуі мүмкін. Комму­ни­ка­ция­ның жазбаша түрі ретіндегі көркем мә­тін кейіпкерлерінің (бей)вербал әре­кеттері мен автордың жазу стилі арқылы ши­зофрениялық бұзылыс симп­том­да­рын талдауға болады. Шығармадағы ой мен тілдің бұзылысына қандай ішкі жә­не сыртқы факторлардың әсер етке­нін анықтау үшін, жоғарыда айт­қаным­дай, интеграцияланған зерттеу әдістері қажет. Ал екінші жағынан, сол талқының га­зеттегі нұсқасының соңын «әдеби туын­ды – шынайы өмірдің моделі. Яғни, өзі өмір сүріп жатқан әлемді басқаша құ­руға ұмтылу – өзінше жаңа әлемді жа­ратудың қатардағы адамнан басқаша ой­лайтын, «оғаш» ойлайтын адамның ісі. Әлемнің көркемдік моделін қайта жаратуға ұмтылудың өзі шизофрения тұрғысынан алғанда бізге қандай ой салуы мүмкін?..» деп аяқтаған болатын­мын. 
Сұрағыңыз өте орынды. Әдеби мә­тіндерді зерттейтіндіктен, көп ауқымды мәтіндерді оқуға мәжбүрміз. Ме­нің байқауымда адамның ұстанатын құндылығына мазмұны мен мәні қайшы ке­летін әдебиет зарар беретіндей көрі­неді. 

– Шетелдік басылымдарда Орта­лық Азия, оның ішінде қазақ әде­биеті туралы ғылыми мақалаларың жарияланып тұрады. Олардың маз­мұнын саралап қарасам, шетелдерде біздің әдебиет туралы әлі толық­қан­ды мәлімет жоқ сияқты. Мұндай жағ­дайда «Қазақ әдебиетін әлемге қа­лай танытуға болады?» деп сұрау­дың өзі артық па деп отырмын…

– Бірінші кезекте әдебиеттің әлем на­зарына түсуі жайлы түсінікті тар­қа­тып көрсек... Қазір әлем оқырмандары жаппай қазақ әдебиетін оқып жатқан картинаны елестетудің өзі қиын сияқты. Меніңше, бұл үрдіс белгілі бір авторларға немесе авторлар шоғырына ғана тән бол­маса (көбіне Нобель сыйлығын не­месе басқа да марапаттарға ие болған әдеби туындылар), басқа әдебиеттердің де тұтас оқылуы мүмкін емес. Ал қазақ әдебиетінен жаппай болмаса да әрбір он, жиырма жылда әлде одан да сирек немесе жиі уақыт аралығында бірді-екілі әлде одан да көп шығармалар әлем назарына түседі деп ойлаймын. Әлемнің бір бөлшегі ретінде Ресейге, Түркияға және басқа да түркітілдес халықтарға біздің бірқатар шығармаларымыз таныс әрі әдебиет жанрлары аударылды. Соңғы жылдардағы мемлекеттік бастамамен ағылшын тіліне аударылған әдеби анто­логиялар мен он тілге тәржімаланған Абай туындыларын еске түсірейік. Түрік тіліне де жеке аудармашылар мен автор­лардың бастамаларымен қаншама қазақ шығармалары аударылды және онда зерттеліп те жатыр. Сондай-ақ Америка, Еуропа әлде Азия елдерінің ғылыми орта­сына қазақ әдебиетіне қызы­ғушы­лық танытқан зерттеушілердің ағыл­шын тіліндегі ғылыми жұмыстары арқылы таныс екеніне шүбәм жоқ. Бірақ бұл әдебиет жаппай танылды дегенді біл­дірмесе керек және жоғарыда айтқа­ным­дай, әдебиеттің бірден назар аудар­туы да мүмкін емес жағдай. Бұған қоса, әр жылдары бірді-екілі авторлар шетел­дегі қазақ әдебиетін аударатын тәржі­мандар мен әдеби баспалар арқылы да аударылған кітаптарының тұсаукесерін өткізіп, шетелдік баспаларда сатылып жатады. Мұның барлығы қазақ әдебиеті­нің шетелге танылуын білдірсе керек... Іздеген шетелдік оқырманға аудармалар арқылы қазақ әдебиетімен танысуға мүмкіндік бар. 
Пікірімді аяқтай келе, қазақ әде­биеті қапаста жатпағанын айт­қым келеді. Меніңше, жақсы шығарма ұсынуға еңбектенген қаламгерге танылу өзді­гінен келеді. Әлем классикасын түп­нұсқадан оқу үшін сол тілді меңгере­тін жанкүйер оқырмандарымыз сынды қазақ авторлары да ғажап туындылары­мен шеттілді аудиторияның қазақ тілін үйренуіне түрткі болса, тіл қолданысын кеңейтуде әдебиеттің нағыз жеңісі бо­лар еді.

– Әңгімеңізге рахмет!
 

Сұхбаттасқан 
Ахмет ӨМІРЗАҚ


 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары