Он күн бойы тұтас елді дүбірге бөлеген Хакім Абайдың 180 жылдық тойы ақынның туған жері Абай ауданында, Қарауыл ауылында түйінделді. Елдің бірлігін танытып, одан әрі бекіте түскен бұл той халықтың рухани діңгегін, ішкі тірегін мықтап қана қоймай, бірқатар әлеуметтік мәселенің реттелуіне, еншісін енді ғана бөлек алған аймаққа көңіл бөлінуіне түрткі болды.
Қарауылда өткен «Абай күніне» арналған салтанатты шараға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация келді. Құрметті қонақтар қатарында Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бар.
Ең алдымен құрметті қонақтар Қарауыл ауылындағы Абай ескерткішіне гүл шоғын қойып, ұлы ақынға құрмет көрсетті.
Қарауыл төбеде басталған салтанатты шараның ашылуында Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтойға арнаған құттықтау хатын оқып берді.
– Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын. Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Абайдың ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан оны тану, таныту және шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бұл өңір – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сияқты ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген киелі мекен. Мемлекет аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде дамытуға ерекше мән береді, – деп жазылған құттықтау хатта.
Облыс әкімі Берік Уәли жұртшылықты айтулы күнмен құттықтап, биылғы мерейтой алғаш рет онкүндік форматында ұйымдастырылғанын айтты.
– Мемлекет басшысы Абай мерейтойын лайықты атап өту керектігін тапсырған. Бұл той тек сахналық мереке емес, ой ойлайтын, нақты жобалар арқылы ел игілігіне қызмет ететін шара болуға тиіс. Мерейтой аясында көптеген маңызды іс атқарылды, – деді облыс басшысы.
Мерейтойға орай Президенттің қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы басталды. Әр өңір бір нысан салып, өз үлесін қосады. Маңғыстау «Достық үйін» салуды бастап кетті, Шымкент – шығармашылық орталық, Түркістан – көрме орталығын, Астана – «Жайлы мектеп», Ақтөбе – жекпе-жек орталығын, Павлодар үстел теннисі орталығын салып, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандырмақ.
Абай ауданының «Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында «Этно ауыл Жидебай» кешені бой көтерді. Жобаны осы өңір тумасы, меценат Бектас Медғатов бастаған. 60 гектар аумақты қамтитын кешен өңірдегі туризмді дамытып, рухани-мәдени мұраны дәріптеуді, Жидебайды халықаралық туристік бағытқа айналдыруды мақсат етеді.
Сонымен қатар Жидебай мен Бөріліде антенна-діңгекті құрылғы орнатылып, интернет желісі іске қосылды. Осылайша, Абай ауданы 100 пайыз интернет желісімен қамтылды.
Бала Абайдан – дана Абайға
Құттықтау сөздерден кейін дала сахнасында «Бала Абайдан – дана Абайға» деп аталатын театрланған көрініс қойылды. Жарты сағаттық бұл қойылым ұлы ақынның бала шәкірт күнінен кемелдікке жеткен дана шағына дейінгі бүкіл өмір жолын көрсетті. Алаш арыстарының хәкім туралы жазған мақалалары, шетел ойшылдары мен қаламгерлерінің пікірлері де көріністе қамтылды. Сондай-ақ қойылымда салқар көш сахналанды: түйелі керуен, қалың елдің сән-салтанатпен шеру тартуы көрерменге зор әсер қалдырды. Осылайша, Абайдың өмір жолы ғана емес, қазақ халқының сол замандағы тұрмыс-тіршілігі, көшпелі өмірдің көріністері тарих парақтарынан сусып шығып, көрермендердің көз алдына қайта келгендей болды.
Бұл сахналық көрініске облыстық Абай атындағы Қазақ музыкалық драма театрының, облыстық Достоевский атындағы орыс драма театрының және «Дариға-ай» жастар театрының әртістері атсалысты. Сондай-ақ Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның әншілері мен музыканттары, Абай аудандық «Қаламқас» ән-би ансамблінің өнерпаздары және Абай елінің өзге де дарынды өнер иелері сахнаға шықты.
Этнографиялық дала қойылымының режиссері – мәдениет саласының үздігі, танымал режиссер Жұлдызбек Жұманбай. Ол тек осы қойылымның ғана емес, Қарауылтөбеде өткен барлық мәдени іс-шаралардың бас режиссері ретінде де атсалысты. Сценарийін жазған жазушы – Қуат Қиықбай.
Абай бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының талантты актері Болат Әбділманов сомдап, ақынның рухани биігін, тұлғалық болмысын көрерменге айшықтай жеткізді. Ал Құнанбай рөлінде Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері, Мәдениет саласының үздігі Әсет Иманғали өнер көрсетті.
Қос кітап
Бұдан бөлек, той қарсаңында Семей қаласындағы «Ес-аймақ» рухани орталығында ерекше рухани кеш өтті. Бұл кештің басты ерекшелігі – екі жаңа кітаптың тұсаукесері болды: халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Асқар Алтайдың «Абай жолы» энциклопедиясы және «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, қаламгер Бағашар Тұрсынбайұлының «Абай Құнанбайұлы кім?» атты еңбегі.
Бұл туындылар ұлы ақынның рухани әлемін тереңінен тануға, оның шығармашылығына жаңаша көзқараспен үңілуге мүмкіндік беретін құнды еңбектер. Энциклопедиялық және танымдық сипаттағы бұл кітаптар – әдебиетсүйер қауым үшін маңызды рухани олжа.
Тұсаукесер рәсімінде облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ербол Алшынбай аймақ басшысы Берік Уәлидің құттықтауын жеткізді.
– Әлем әдебиетінің тарихында көркем шығармаға арналған танымдық энциклопедия некен-саяқ. Ал біздің ұлттық әдебиетімізде мұндай энциклопедия тұңғыш рет болып отыр. Сондықтан бұл абайтанудың жаңа кезеңінің бастауы деп сенеміз. Абайдың мол мұрасы, ғибратты ғұмырнамасы және рухани қазынасын өскелең ұрпақ санасына сіңірудегі маңызды еңбек, – деп айтылған құттықтау хатта.
Мәртебелі поэзия
Мерейтой аясында Семейде «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты халықаралық жыр мүшәйрасы өтті. Оған еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ Қырғыз Республикасы, Түркия, Моңғолия елдерінен 80-ге жуық ақын қатысқан.
Ал жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып озып шыққан ақындар Ә.Бөкейханов университетінде өткен қорытынды кеште бас қосты. Жыр додасына Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Мәдениет саласының үздігі, күйші Дүйсебай Шаштайұлы, республикалық айтыстардың жеңімпазы, ақын Серікзат Дүйсенғазин және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ербол Алшынбай төрелік етті.
Әділ қазылар алқасының мүшесі Серікзат Дүйсенғазин мүшәйраның шартын түсіндіріп, қатысушылардың шығармашылық ерекшеліктеріне тоқталды.
– Ақындар екі өлеңнен ұсынды: бірі – Абайға арнау, екіншісі еркін тақырыпта. Қатысушылардың көпшілігі елімізге белгілі тұлғалар, олардың әрқайсысының поэзияда өз бағыты мен стилі бар. Жас ақындар бөлек бағытта жазып, қазіргі қазақ поэзиясын әлемдік деңгейде өркендетуде, – деді ол.
Мүшәйраға қатысқандардың басым көпшілігі 20-30 жас аралығындағы жастар болды. Сонымен қатар Ринат Зайытов, Шалқарбай Ізбасар, Ұларбек Нұрғалым, Дәулет Сметов сынды ақындар өз шығармаларын ұсынды. Поэзия кешінде ұлы ақынға арналған үздік шығармалар оқылды.
Мүшәйра қорытындысы бойынша бас жүлдені Ұмтыл Зарыққан (Астана қаласы) жеңіп алып, 1 000 000 теңге сыйақыға ие болды. Бірінші орын Нұрбек Кеңесбайға (Астана қаласы, 500 000 теңге), екінші орын Бауыржан Жақыпқа (Алматы қаласы, 300 000 теңге), үшінші орын Дәурен Тілеуханға (Түркістан қаласы, 200 000 теңге) бұйырды.
Сондай-ақ бірнеше арнайы аталымдар бойынша сыйлықтар берілді.
Жеңімпаз Ұмтыл Зарыққан: «Абайдың нұр сипатына, дидарына ең жақын қауым – ақындар, ғалымдар, сөз зергерлері деп ойлаймын. Абай тойына қатысу – үлкен мәртебе. Бас жүлде иеленгеніме өте қуаныштымын», – деп пікір айтты.
Аламан айтыс
Семей қаласындағы Абай атындағы театрда «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысы өтті. Бұл өнер додасына еліміздің әр өңірінен келген он екі айтыскер қатысты.
Айтыскерлер арасында Айбек Қалиев, Мақсат Ақанов, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Мейірбек Сұлтанхан сынды алты «Алтын домбыра» иегері, сондай-ақ Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан, «Асыл домбыра» иегері Айбек Жеңісқазин, Серік Қуанған, Қуандық Кенжебекұлы, Өміржан Көпбосынов болды. Айтысты белгілі айтыскер, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев жүргізді.
Марапаттау салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысты. Аймақ басшысы бұл айтыстың жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұруын атап, Абайдың гуманистік идеяларын насихаттауға арналған шараның Семейде өтуі маңызды екенін айтты.
– «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» жырлаған ұлы ақынға арналған айтыс жоғары деңгейде өтті. Келесі жылдан бастап оны республикалық күнтізбелік шаралар тізіміне енгізуді ұсынамыз, – деді Берік Уәли.
Айтыс қорытындысы бойынша үшінші орын Әсем Ережеқызы мен Жансая Мусинаға (1 млн теңге), екінші орын Айбек Қалиев пен Мейірбек Сұлтанханға (1,5 млн теңге) бұйырды. Бірінші орынды иеленген Рүстем Қайыртайұлы 3 млн теңге жеңіп алды. Ал бас жүлдеге тігілген автокөлікті қарағандылық Мақсат Ақанов қанжығасына байлады. Қалған қатысушыларға 500 мың теңгеден сыйақы берілді. Сонымен қатар ақын Қуандық Кенжебекұлы Сиязбек Сүлейменов әулетінің арнайы жүлдесін (200 мың теңге), ал Мұхтар Ниязов облыс әкімінің арнайы жүлдесін (500 мың теңге) алды.
Аймақ басшысы айтыстың әділ бағалануы үшін еңбек еткен қазылар алқасына құрмет көрсетті. Қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерманға, мүшелері Сауытбек Абдрахманов пен Төлеген Жанғалиевқа, сондай-ақ айтысты жүргізген Аманжол Әлтаевқа арнайы тапсырыспен жасалған Абай шапаны мен тақиясы, мерейтой кілемшесі табыс етілді.
Ғылымдағы Абай
Той қарсаңында Семейдегі Шәкәрім университетінде «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Шараға Түркия, Нидерланды, Ресей, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан сияқты алыс-жақын шетелдерден және еліміздің әр өңірінен абайтанушылар, әдебиеттанушылар, философтар мен тарихшылар қатысты.
Конференцияның ашылуында облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Мұхтар Әуезовтің немересі, түркітанушы ғалым Зифа-Алуа Мұратқызы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов құттықтау сөз сөйледі. Ал аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев-тың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына сілтеме жасап, Абай шығармашылығының тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін рухани азық екенін атап өтті.
– Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де өз маңызын сақтайды. Абай мұрасын терең зерделеу, шығармашылығын қазіргі заман тұрғысынан пайымдау, ұлттық сананы қалыптастырудағы, білім мен тәрбиедегі, тұлға дамытудың мәдени-философиялық негізі ретіндегі орнын айқындау – бүгінгі конференцияның басты мақсаты, – деді Берік Уәли.
Конференция шеңберінде Түркиядағы Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бираз, Нидерландыдан келген түркітанушы Роберт Эрмерс, филология ғылымдарының докторлары Тұрсын Жұртбай, Арап Еспенбетов және еліміздің көрнекті ғалымдары баяндамалар жасады. Қатысушылар Абай ойының тереңдігі мен оның қазіргі білім мен руханияттағы рөлін талқылады.
Сонымен қатар конференцияда 9 кітаптың тұсаукесері өтті. Олардың ішінде әдебиеттанушы ғалым, Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов құрастырған «Абай шығармаларының үш томдық академиялық жинағы» ерекше назарға ие болды. «Абай» баспасынан мерейтойға орай жарық көрген бұрын-соңды жарияланбаған бірнеше туындылар ұсынылды. Атап айтсақ, бұл – филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Базарбек Атығайдың «Абайдың аударма мектебі» монографиясы және ғалымның құрастыруымен шығып отырған «Шәкәрім туралы естеліктер мен мұрағат деректерінен жасақталған «Шейіт» кітабы, «Даниял Ысқақовтың шығармалары» атты жинағы, сонымен қатар Ахат Шәкәрімұлының тұңғыш жарық көріп отырған «Жалынға малған жүрегім» атты кітабы, Әсет Медеуханұлының ғұмырнамалық «Халиолла» кітабы.
Осылайша, халықаралық конференция Абайдың рухани мұрасын терең зерттеуге, ғалымдар мен әдебиетшілерді бір алаңда жинауға, сондай-ақ жаңа басылымдар арқылы оның шығармаларының кең таралуына мүмкіндік берді.
Өлең фестивалі
Онкүндік аясындағы тағы бір ерекше рухани іс-шара «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» атты халықаралық поэзия фестивалі болды. Өлең мен өнердің, ой мен сезімнің тоғысқан бұл мерекесі Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада ұйымдастырылды.
Фестиваль «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының және Михай Эминеску атындағы Халықаралық поэзия академиясының қолдауымен өтті. Мақсат – Абай шығармашылығын әлемнің түпкір-түпкіріне жеткізу, оның асыл сөздерін 15 түрлі тілге аударып, жаһандық оқырманға ұсыну. Бұл арқылы қазақ әдебиетінің мәртебесін көтеріп қана қоймай, ұлы ақынның адамзатқа ортақ идеяларын насихаттау көзделген.
Әлемнің әр қиырынан жиналған қонақтар қатарында Конго, АҚШ, Мексика, Италия, Швеция елдерінен келген ақын-жазушылар болды. Сонымен бірге, Түркі әлемі жазушылар одағының өкілдері мен қазақ әдебиетінің айтулы тұлғалары – Ұлықбек Есдәулет, Светқали Нұржан, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Ханбибі Есенқарақызы, Ақұштап Бақтыгереева, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы фестивальдің шырайын аша түсті.
Салтанатты ашылу сәтінде ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы, Қырғыз Республикасының халық жазушысы Сұлтан Раев сөз сөйлеп, қазақ пен қырғыз арасындағы достықтың берік негізін, сондай-ақ Абай мұрасының бүкіл әлем үшін ортақ рухани байлық екенін атап өтті. Ол Абайдың шығармалары ұлт пен тіл шекарасынан асып, барша адамзаттың жүрегіне жол таба алатынын ерекше айтты.
Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ербол Алшынбай іс-шара қонақтарына аймақ басшысы Берік Уәлидің құттықтауын жеткізді. «Бүгінгі рухани жиын – өлең мен ойдың, жүрек пен тілектің, мәдениет пен мұраттың тоғысқан сәті. Әлемнің әр түпкірінен келген ақындар мен әдебиет өкілдеріне, Абай мұрасын насихаттап жүрген барша зиялы қауымға шынайы ризашылығымды білдіремін» делінген хатта.
Фестиваль аясында әдебиетсүйер қауым бірнеше жаңа еңбектің тұсаукесеріне куә болды. Олардың қатарында «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» атты қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көрген дүниежүзілік поэзия антологиясы, румын қаламгері Ион Диаконескудің «Ол құс – Мен» романының қазақша нұсқасы, Ұлықбек Есдәулеттің «Ақыннан сағат сұрама» кітабының румын тіліндегі басылымы және Сауытбек Абдрахмановтың «Алып Абай» кітабы бар.
Дүбірлі дода дарабоздары
Абай облысындағы ұлы ақынның 180 жылдығына арналған онкүндіктегі «Жеті қазына» фестивалі аясында көптеген спорттық және мәдени іс-шара өткен болатын. Жүлделі орындарға ие болған спортшыларға облыстың демеушілері атынан жалпы саны 90 бас жылқы мен 10 автокөлік сыйлық ретінде берілді. Мұның бәрі осы Абай еліндегі кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен жүзеге асқанын айта кеткен жөн.
Сондай-ақ ұлы Абайдың жақсы көрген ойыны тоғызқұмалақ сайысы мен 180 шақырымдық ультрамарафонға еліміз бойынша тұңғыш рет автокөлік сыйға тартылды. Семей мен Қарауыл арасын 19 сағат 9 минутта жүгіріп өткен Баубек Ильясов (Батыс Қазақстан облысы) жарыс жеңімпазы атанды. Тоғызқұмалақ сайысында шымкенттік Ғалымжан Темірбаев бірінші орынды иеленді.
Күрес алаңында да тартысты бәсеке өтті. «Түйе балуан» атағын Маңғыстау облысынан келген Нұрдәулет Жарылғапов иеленсе, «Өгіз балуан» бәсекесінде алматылық Жігер Еркінұлы қарсылас шақ келтірмеді.
Ұлттық өнер мен спорт сайыстарында да жүлделер қомақты болды. Тазы жарысында, құсбегілік, дәстүрлі садақ ату, жорға жарысы сияқты сайыстарда жеңімпаздар мен жүлдегерлерге жылқы, автокөлік берілді.
Марапаттау салтанатында облыс әкімі Берік Уәли жеңімпаздарды құттықтап, мерейтойлық онкүндік той тойлаудан гөрі ой ойлауға, рухани және зияткерлік іс-шараларға басымдық бергенін атап өтті.
– Жалпы, онкүндік іс-шара елдің береке-бірлігінің арқасында жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. «Абай академиясы» атты энциклопедиялық портал ашылды. Бірнеше кітаптың тұсауы кесілді. Мыңнан астам команда қатысқан «Абай куиз» интеллектуалдық ойыны өткізілді. Зағип жандар мен нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана іске қосылды. Бүгін өздеріңіз көргендей, жүлде қорларының әр өңірге, тіпті қырғыз еліне дейін кеткені қуантады. Осы ретте тойдың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан облыстың жанашыр азаматтарына алғыс айтамын, – деді өңір басшысы.
Он күнге созылған хакім тойы Қарауылтөбеде «Желсіз түнде жарық ай» гала-концертімен түйінделді. Оған еліміздің эстрада жұлдыздары қатысты. Қонақжай өңір халқы, жомарт азаматтар, жауапкершілік арқалаған ұйымдастырушылар жүгін көтерген бұл науқан ел аузында –тамаша естелік, тарих бетінде тағылымды оқиға, торқалы той ретінде қалатыны анық.
Ділда Уәлибек