Бір атаумен жарық көрген 20 кітап
Немесе бір-бірін қайталаған қазақ қаламгерлері
Атау беру, ат қою – адамзат қоғамындағы ең басты нәрсенің бірі. Себебі адам баласы ұғымды, құбылысты атауы арқылы айырады, жанды-жансыздың бәрін атымен айырады. Атаулардың өзі жалқы есім, жалпы есім деп бөлінетіні бар. Біздің өмірімізде жалқы есімнің мәні зор. Ол бір типтегі жанды-жансыз заттарды бір-бірінен айыру үшін қажет, ғылым тілімен айтсақ, «жалқы есім жеке заттың, құбылыстың атауы болатын сөз, сөз тіркесі». Демек, адамның аты-жөні оны өзгелерден айыру үшін, жеке болмыстың иесі екенін тану үшін қажет болса, сол сияқты адам баласы пайдаланатын кейбір заттардың да міндетті түрде жеке атауы болуы тиіс! Мәселен, кітаптар...
Кітаптар екі нәрсемен ерекшеленіп тұрады, бірінші авторының аты-жөнінен, екіншісі – кітаптың атынан. Кітапқа атау берудің түрлі әдісі бар, мәселен бір ғана әдеби кітаптарды алайық: мысалы «Абай шығармалары» деп жалпылама атайтын жағдайлар болады, бұдан автордың түрлі жанрдағы туындыларының жинағы екенін білуге болса, ал Мұхтар Әуезов, «Абай жолы» деген атаудан кітаптың кім туралы екенін тануға болады. Айта берсек, мысал көп, бірақ қалай дегенде де ақын-жазушылардың арасында кең таралған әдіс – кітапқа символикалық (бейнелі), астарлы сипатта ат қою. Демек, әр қаламгер өз кітабына бекерден бекер ат таңдамайды. Ал кітаптың мазмұнына сай әдемі ат қою – үлкен шеберлік.
Адам аттары жайында мәселе түсінікті: ат қоюдың өз шарты, шаблоны бар, сонымен бірге әр ұлттың өзіне тән есімдері болады, сол себепті кісі аттарында қайталаулардың болуы заңды, ал кітап атауын өзгеше етудің жолы көп болғандықтан, бұл тарапта ізденуге мүмкіндік мол. Бірақ кейде авторлар кітапқа атау беруде осалдық танытып – тым қарабайыр немесе бұрын бар аттарды пайдаланып жатады. Бұл, әрине, кітап оқитын қауымға жағымсыз әсер етеді. Оның үстіне мұның плагиаттық сипаты бар. Бірақ оған қарап жатқан қаламгер бар ма?..
Жалпы, қай өнерпаз болсын, арқыраған ақын ба, жарқыраған жазушы ма, күңіренген күйші ме – қай-қайсысына да қойылатын ортақ талап бар: жасаған туындың ешкімге ортағы жоқ ерекше болсын, атымен де, затымен де! Өйткені осы үддеден шыққандар ғана жұрттың есінде қалып, шығармаларының ғұмыры ұзақ болады.
Зерлей қараған адам болса, бізде аты тым қысқа – бір әріптен тұратын кітаптан (Серік Томанов, «У» өлеңдер кітабы), атауы тым ұзақ – екі жол өлеңмен аталған («...Қол бастаған Қабылғайсамын, қайқы ғұмырлы Қабанмын», Қабылиса ақынға арналған жыр жинағы) кітаптар табылады. Демек, бұл тарапта сан алуан әдістер бар деген сөз. Солай бола тұра қайтала-қайталана жұртты мезі еткен кітап аттары да жоқ емес. Мәселен, «Жүректегі жазулар»...
Былайғы жұртты білмеймін, «Жүректегі жазулар» деген екі-үш кітапты көргенде «е-ее, үлкен ақындарға еліктеп қойған не солай аталатын белгілі ақынның кітабын оқымаған, білмеген шығар» деген де қойғам, бірақ кейінгі кезде осындай аттас кітаптарға жиі кездесе берген соң тексеріп көрсем... әзірге менің қолымда бар мәліметтерге сүйенгенде, 1977 жылдан биылға дейін (47 жыл ішінде) бұл атауды қазақ қаламгерлері өз кітаптарына 20 рет пайдаланыпты! Есепке шақсақ, әр 28 айда шыққан бір кітап «Жүректегі жазулар» деп атанып отырған!..
Сонымен бұл үрдіс қалай басталды?..
Ежелден Орталық Азияның негізгі халықтары қазақ, қарақалпақ, өзбек, түркімен халықтары мекен еткен, тарихи дәуірлерде Бесқала атанған бүгінгі қарақалпақ елінде қандастарымыз көп-ақ. Сонау кіші жүзді Әбілқайыр билеген заманда ханның бұйрығымен бұл жақтағы қазақтар жайында мәлімет жинағанда, сол тұста Бесқалада 60 мың түтін бар деген дерек әкелген көрінеді. Ал кеңестік дәуірде саны Қарақалпақ АССР-ы тұрғындарының үштен бірін иеленген қазақтарға бұл елде орта мектепте, кейін ала бір-екі жоғарғы оқу орнында қазақша білім алуға жағдай жасалды. Тек тәуелсіздікке дейінгі кезеңде қазақша баспасөзі, театры болған жоқ. Бірақ қазақша кітаптар сатылып, кітапханаларға келіп тұратын, Қазақстандағы барлық қазақтілді басылымдарды ондағы ел жаздырып алып оқитын, қазақ теледидарын көруге мүмкіндік болмаса да, қазақ радиосын тыңдай алатын. Мұның бәрі қазақтар шоғырланып отырған елді мекендердегі халыққа әсер етпей тұра ма? Сондықтан ол жақтағы қазақтардың арасынан әнші-күйшілер, жыршы-жыраулар көп шықты, ақын-жазушылары да біраз еді. Міне, сол қаламгерлердің бірі – ақын Қалбай Әбдіраманов болатын.
Ол 1965 жылы білім қуып Алматыға келгенмен оқуға түсе алмай, еліне қайтады. Сөйтіп, 1967 Нөкістегі пединститутқа түсіп, оны бітірген соң баспасөз саласында жұмыс істей жүріп, өзі бала кезінен қызыққан әдебиет жолына өмірін арнайды. Сөйтіп, 1977 жылы алғашқы кітабы, 36 өлеңнен құралған – «Жүректегі жазулар» жарыққа шығады. Одан соң 1981 жылы екінші кітабы – «Келешекке сапар» баспа бетін көреді. Осыдан соң ол шығарған кітаптарын алып Алматыға келіп, рухани ұстазы Мұзафар Әлімбаевқа жолығып, ол бұрын тек хат жазысып отырған шәкіртінің табысына қуанып, кітабын қазақша шығартуға талаптанып, баспаға тапсырады. Бірақ неге екені белгісіз, Қалбайдың кітабына редактор болған Бақыткерей Ысқақовқа қандас ақын кітабының «Жүректегі жазулар» деген аты ұнамай, оны «Әкелердің арқасында» деп өзгертіп жіберген көрінеді... Ал сол кезде баспада жатқан, кейін мемлекеттік сыйлық алған атақты ақынымыз Тұманбай Молдағалиевтің 1982 жылы шыққан кітабы «Жүректегі жазулар» деген атпен жарыққа шығады. Солайша, атажұртында кітап шығара алмай тауы шағылған қарақалпақстандық жас ақынның кітабының ерекше атауы қазақтың танымал ақынының кітабымен белгілі болып кетті...
Сонау тоқсаныншы жылдардың соңында, ол кезде атажұртына әлі жете қоймаған, өлеңдері қазақ тілінде басылмаған кезде Бируни ауданының бір шетінде өзімен-өзі жатқан ақынды белгілі жазушы Бегабат Ұзақов екеуміз іздеп барып, түнімен ұйықтамай әңгімелескенбіз. Сонда ақынның кітаптары туралы бір әңгімеде, ақын бізге «Әрине, ақынға жақсы өлең жазу қандай міндет болса, кітабының атын ерекше етіп қою да сондай маңызды. Менің алғашқы кітабым – «Жүректегі жазулар» екенін өздерің бұрыннан білесіңдер, ал осыны қалай тапты деп ойлайсыңдар? Адамға көп оқудан, оқығаның тоқудан идея келеді. Мен де Дағыстанның ұлы ақын Расул Гамзатовтың өлеңдеріндегі «Тастағы жазу», «Шыңдағы жазу» деген атауларға қарап отырып, «Жүректегі жазулар» деген – болашақ кітабыма қоятын атты тапқанымда қуанышым қойныма сыймай жүрдім. Сөйтіп, 30 жасымда алғашқы жыр жинағым «Жүректегі жазулар» басылып шықты!».
Көрдіңіз бе, кітап жазу өз алдына бір еңбек болса, кітаптың атауын табудың өзі – үлкен бір жұмыс, процесс. Сөйтіп, осыдан 47 жыл бұрын алыстағы ағайынның алғашқы кітабы «Жүректегі жазулар» атанса, 42 жыл бұрын әйдік ақынымыздың тамаша кітабы «Жүректегі жазулар» деген атпен танылды. Бірақ қалай да, ол атауды тұңғыш қолданушы, иесі Қалбай Әбдіраманов (1947-2021) болып қала береді.
Енді осы «Жүректегі жазулар» атауымен шыққан кітаптарға шолу жасап көрейік:
ІІІ. Қалбай Әбдіраманов пен Тұманбай Молдағалиевтен соң бұл атаудағы кітап тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Шымкенттен басылып шығыпты.
Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент бөлімшесі мен «Аққұс» және «Жібек жолы» журналы әзірлеп ұсынған. Баймахан Кәрібайұлы, «Жүректегі жазулар». Өлеңдер, Шымкент шаһары, «Қосай» баспа фирмасы, 1994 жыл. Редакторы әрі құрастырушы: Сатыбалды Қосалыұлы. Құрастырушының кітапқа жазған алғысөзіне қарағанда, кітап авторы өлеңді ерте кезден бастап жазған, 1980 жылдары Алматыдағы баспаларға ұсынып көріп, шығара алмаған көрінеді. Кітаптың электрон вариантын kazneb.kz сайтынан табуға болады.
IV. Садықбек Дулатбекұлы. Кітапта «Жүректегі жазулар», өлеңдер, 1999 жылы Шонжы деген жазулар бар. Интернеттегі мәліметтер бойынша Шонжы ауданының құрметті азаматы екен. Басқа дерек таппадық, кітабының электрон варианты kazneb.kz сайтында тұр.
V. Әкім Ысқақ, ақын, сатирик, эссеист. 15-тен аса кітаптың авторы. Оның «Жүректегі жазулар» атты эссе кітабы 2002 жылы «Сенім» баспасынан шыққан, сол баспадан осы кітаптың орысша нұсқасы да жарық көрген. Аталған кітаптың аннотациясындағы «Қаламгер Әкім Ысқақтың 1996 жылы жарық көрген «Абзалдық әліппесі» атты күнделік-эссесі оқырман қауымының жоғары бағасына ие болғаны, әсіресе жастардың сүйікті кітабына айналғаны мәлім. ...Көпшіліктің өтінішімен күнделік толық күйінде қайта басылып «Жүректегі жазулар» деген атпен жарияланып отыр» деген сөздерге қарап, автор өзінің өзге атаумен шыққан кітабының қайта басылымында оның тақырыбын «Жүректегі жазулар» деп өзгерткенін білуге болады.
VI. Мұхтархан Оразбай. Интернеттегі деректерде оны Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Түркиядағы белсенді мүшесі, ғалым, ақын, тарих ғылымдарының докторы, профессор екені айтылады. Көптеген кітабы шыққан. Біздің қызығушылығымызды оятқан ол туралы мынадай дерек болды: «Жүректегі жазулар [Мәтін] / М.Оразбай ... – Алматы: Ценные бумаги, 2003. - 255 б. – Тұрсынбек Кәкішұлы қоры. – Мәтін қаз., түрік, қытай тілд. – 200 дана» (nabrk.kz сайты). Ғаламтор алдамаса, 2003 жылы бұл кісі де «Жүректегі жазулар» деген атпен кітап шығарған. Бірақ кітабы қолымызға түспеген соң ол туралы анық ештеңе айта алмаймыз.
VIІ. Қайыпназар Шотбасов. (1947-2013), ақын, журналист. Оның «Жүректегі жазулар» атты жыр кітабы Алматыдағы «Өркениет» баспасынан 2003 жылы жарық көрген. Көптеген өлең кітаптың авторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін үздік бітірген, журналистік қызметін 1972 жылы Бұқара облысы Тамды ауданында бастап, 17 жыл «Тамды шаруагері» газетінің бас редакторы болған, Қазақстанға 1999 жылы қоныс аударып, зейнетке шыққанша Жамбыл облысы Байзақ ауданында «Ауыл жаңалығы» – «Сельская новь» газетінде қызмет еткен. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Байзақ ауданының құрметті азаматы. Бір қызығы, бұл кісі Қалбай Әбдірамановпен түйдей құрдас және жерлесі.
VIII. Қаржаубай Сұлтанғалиұлы, атыраулық журналист, бірнеше кітаптың авторы. Оның «Жүректегі жазулар» кітабы (очерктер, суреттемелер, репортаждар, фельетондар) Алматыдағы «Өлке» баспасынан 2004 жылы жарық көрген.
ІХ. Ербол Шаймерденұлы (1954-2012), ақын, жазушы-публицист, рәмізтанушы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Шығармалары бірнеше том болып жарық көрген. Ақынның «Жүректегі жазулар» атты өлеңдер мен поэмалар кітабы «Отырар кітапханасы» сериясымен 2006 жылы «Өлке» баспасынан жарық көрген. Кітап «Жанымның жайып жапырағын», «Өмірге құштар көңілден», «Тағдырдың тілі» деген үш бөлімнен тұрады.
Х. Шанжархан Бекмағамбет, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, тіл генетикасын зерттеп жүрген білікті ғалым. Ғалымдығымен бірге ақындығы да бар. Оның «Жүректегі жазулар» атты жыр жинағы 2010 жылы Қызылорда қаласындағы «Тұмар» баспасынан жарық көрген.
ХІ. Дүйсен Аңсабаев. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, ақын, ғалым. Жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардың авторы, бірнеше әннің өлеңін жазған. Оның «Жүректегі жазулар» атты өлеңдер жинағы Алматыдағы «Ан-Арыс» баспасынан 2011 жылы басылып шығыпты.
ХІІ. Нағима Сатыбалдина 1932 жылы дүниеге келген, батыр ана, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі». Көптеген орден-медальмен, түрлі атақпен марапатталған. Өз өмірі туралы жазған «Жүректегі жазулар» кітабы 2012 жылы баспадан шыққан.
ХІІІ. «Жүректегі жазулар» деген тағы бір кітап 2014 жылы жарық көрген. Кітапқа Мемлекет қайраткері Серік Үмбетов туралы мақалалар мен өлеңдер енгізілген. Аталған кітапты ақын Нүсіпбай Әбдірахым мен журналист Күмісжан Байжан құрастырған.
XIV. Ақтөре Ибрагимұлы, ақын, журналист. «Жүректегі жазулар» жыр жинағы 2019 жылы басылып шыққан.
XV. Күлшат Есназарқызының «Жүректегі жазулар» кітабы 2020 жылы шыққан көреді. Ол туралы Facebook желісінде ақын, журналист Бекжан Сүлейменовтің өз парақшасында кітаптың суретін сала отырып жазған постын оқып қалдық. Онда аталған кітап туралы былай деген: «Біздің кластың ең көркем, ең ақылды қыздарының бірі – Күлшат Есназарқызының тұңғыш жинағы «Жүректегі жазулар» деген атпен жарық көрді. Республикаға белгілі баспагер, талантты журналист Махмут Қосмамбетов басқаратын «Үш қиян» баспасы тағы бір сәтті дүниені оқырманға ұсынған екен. Жып-жинақы, қыздың жиған жүгіндей көркем дүниелер бір деммен оқылады. Кітап үш бөлімнен тұрады. «Естелікке тіл бітсе» деп аталатын бірінші бөлім адамның жанын бейжай қалдырмайтындай әдемі естеліктерден тұрса, «Оқ пен отқа өртенбеген өлеңдер» деп аталатын екінші бөлімге Екінші дүниежілік соғысының ардагері, әкесі Есназар Дошманұлының еңбектері жинақталған. «Жанымның жапырақтары» деп аталатын үшінші бөлімге ақын қыздарыңыздың әр жылдарда жазылған өлеңдері жинақталған екен. Ғаламторда бұл кітап туралы дерек жоқ.
XVI. Дүйсенбі Сәнкібайұлының «Жүректегі жазулар» атты кітабы Алматыдағы «Лантар Трейд» баспасынан 2021 жылы шыққан. Кітап 2 500 рубаидан тұрады. 1949 жылы қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданында туған құрылысшы ақынның бұдан өзге де жыр жинақтары бар.
XVII. Жұмагүл Солтиева – жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі журналист-қаламгер. Бірнеше кітаптың авторы. Жазушының «Жүректегі жазулар» кітабы 2024 жылы шыққан. Үш бөлімнен тұратын бұл кітаптың алғашқы бөліміне жазушының пьесалары, екінші бөлімге хикаяттар мен әңгімелері, ал үшінші бөлімге ел мен жер, өмірі өнегелі адамдар жайлы толғаныстары топтастырылған.
XVIII. 2022 жылы Әбділда Сәрсенбінің «Үш қиян» баспасынан «Жүректегі жазулар» атты публицистикалық кітабы жарық көрді. Кітапқа автордың публицистикалық туындылары мен мақалалары, ой-толғамдары енгізілген.
ХІХ. Жақсылық Бекқожаев (1930-2006) – Қызылорда облысының телерадио коми-тетін басқарған белгілі тележурналист. 2023 жылдың аяғында оның мұраларының басын қосып, бір мұқаба ішіне жинағандар кітаптың атын «Жүректегі жазулар» деп атапты.
ХХ. Әзірше біз білетін «Жүректегі жазулар» атты ең соңғы кітап Абзал Бердібайұлы Батырханов атты жас ақынға тиесілі екен. 2024 жылы «Үш қиян» баспасынан шыққан бұл кітаптың Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында өткен тұсаукесері жайында 10 наурыз күні өзінің Facebook желісіндегі парақшасына Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аллаберген Қонарбаев хабарлапты. Басқа жерден бұл туралы мәлімет кездестірмедік.
Мінеки, 47 жылдан бері бір атаумен шығып келе жатқан кітаптар туралы мәлімет бердік. Орташа есеппен алғанда әр 28 айда «Жүректегі жазулар» атты бір кітап жарық көріп жатыпты. Бұдан нені аңғаруға болады? Біздің қаламгерлер неге біреудің кітабының атын қайталап қоюға құмар? Басқаларды оқымай ма, әлде өзіне ұнаған атаудан айрылғысы келмей ме? Бәлкім, кім біліп жатыр дейтін шығар? Қалайда бұл дұрыс емес. Біреудің он күн ойланып, қырық күн толғанып тапқан атауын оп-оңай иемденіп кету деген ұят емес пе?
Мүмкін, кезінде ерте шыққанымен, тағдырдың теперішінен өз отанына танылмай қалған, Қалбай Әбдірамановтай ақынның тұңғыш кітабын көп адам білмеген шығар, бірақ Тұманбай Молдағалиев секілді белгілі ақынның кітабының атын, басқасы басқа, қаламгер қауым білмеуі мүмкін бе?.. Біздіңше, бұл да тоқыраудың бір түрі болса керек. Кітапқа редактор болған кісілер немесе кітапты шығарып жатқан баспалар «Жүректегі жазуларын» алып жетіп келген авторларға «Мынадай атау бұрыннан бар, кітабыңның атын өзгерткенің дұрыс болар» деп бір ауыз айтпаған ба сонда?
Жалпы, кітап атауының қайталануына қатысты қызық көп. Атақты ақынымыз Қадыр Мырза Әлінің 1971 жылы «Домбыра» деген кітабы шықса, дәл сол атпен 1925 жылы Сәкен Сейфуллиннің «Домбыра» деген кітабы жарық көрген!
Белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғайдың 1992 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Жариям айдай» деген кітабы бар, ал оның замандасы Аманхан Әлімұлы 2017 жылы шыққан кітабын «Жариямайдай» деп атапты. Байботаның сондай кітабы барын, марқұм, Аманхан ағамыз білмейді дей алмаймын.
Бізде өзге тілде шыққан кітаптардың атын аударып алып, өз кітаптарына пайдаланғандар да табылады. Сондай-ақ біреудің кітабының атын өзгерту, түрлендіру арқылы да өз кітаптарына атау берушілер бар. Мысалы, Төлеген Айбергеновтің «Мен саған ғашық едім», Өтежан Нұрғалиевтің «Менің махаббатым» деген кітаптары болса, Фариза Оңғарсынованың «Мен саған ғашық емес ем», «Сенің махаббатың» деген кітаптары бар...
Айта берсек, кітаптың атаулары туралы әңгіме көп, тек біз негізінен бір кітап атының қайталануына шолу жасап көрдік. Дей келгенде айтарымыз, бүгінде кітап шығарып жүрген жастар көп. Солар осындай қайталаудан сақ болса екен дейсің. Өйткені қандай атау бірінші рет қолданылғанда әдемі, екінші рет қайталанса, оның мәні кетеді, құны түседі. Жазған кітабымыз мән-мағынасымен де, пішінімен де, атауымен қайталанбай, ерекшеленіп тұрса, одан асқан не бар?!
Ахмет ӨМІРЗАҚ