Президент Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынды

/
Президент Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынды
Ақорда

Бүгін Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтіп жатыр. Оған түркі елдерінің басшылары қатысуда. Жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Қазір әрбір елде IT-жобаларға арналған технопарктер бар. Мен Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынамын. Орталыққа «Turkic ai» атауын беріп, оны Alem.ai орталығында орналастыруға болады. Бірлескен хаб ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз», - деді Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ жасанды интеллект пен озық технология дәуірінде рухани және мәдени құндылықтарды назардан тыс қалдырмау қажеттігін атап өтті.

«Түркі өркениетінің мол мұрасын сақтау және оны зерделеу – тарихи жадыны жаңғырту мәселесі ғана емес. Бұл – біздің бірегей болмысымызды, бірлігімізді және ынтымақтастығымызды көрсететін маңызды фактор. Осы орайда мен Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенция жобасын пысықтау туралы ұсынысты қолдауға шақырамын. Бұл құжат түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дәріптеу ісіне құқықтық негіз болады. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның осы саладағы қызмет аясын кеңейте түсуге ықпал етеді», - деді Тоқаев.

Президент жасанды интеллект негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын арнайы цифрлық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігіне тоқталды.

«Жасанды интеллект негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын арнайы цифрлық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет. Бұл жоба көптілді форматта жасалуға тиіс. Сонда кез келген адам онлайн режимде түркі өркениетінің мол мұрасымен танысып, оны зерделей алады. Қазақстан бұл бастамалар бойынша жан-жақты цифрлық шешімдер ұсынуға дайын», - деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар