Қауіпсіз қоғам тұрақтылыққа кепіл

Құқықтық мемлекеттің негізі ретінде қауіп­сіз қоғам құру үшін жағдай жасау, азаматтар­дың өмірін, денсаулығын, мүлкін және құқық­та­рын қыл­мыстан қорғау мәселесі өзекті.

Қауіпсіз қоғам тұрақтылыққа кепіл
сурет: tengrinews.kz / Турар Казангапов

Мемлекет үшін қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығын сақтау – басты міндет. Тәртіп пен заңға бағынған өркениетті, қауіпсіз мемлекет  әрбір азаматының  өмірі мен денсаулығын құқығын қамтамасыз етуі тиіс. 

Құқықтық мемлекеттің негізі ретінде қауіп­сіз қоғам құру үшін жағдай жасау, азаматтар­дың өмірін, денсаулығын, мүлкін және құқық­та­рын қыл­мыстан қорғау мәселесі өзекті.

– Назар аударатын мәселенің бірі – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қыл­мыс­тар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, кө­шеде, тіпті үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқу­шылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіп­ті, ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты ме­кемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағы­дай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек. Әйелдер мен ба­ла­лар­дың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіп­сіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруы­мыз қажет, – деген болатын Мемлекет басшысы.

Балалар ерекше қорғауды қажет ететін ең осал топ болып қала бер­мек. Мәселен, жыл сайын балаларға қатысты 2 мыңға жуық қыл­мыс жасалады. Оның 700-ден астамы – кәмелетке толмағандарға жа­сал­ған жыныстық қылмыс. Бұл қылмыстардың 70 пайыздан астамын айна­ла­сындағылар жасаған.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалардың құқығын қорғау тетіктері күшейтілетінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы атап өткен басымдықтарға сәйкес былтыр әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді зерделеуге ерекше мән беріп, халықаралық ұйымдардың арасында сұранысқа ие диалог алаңына айналды. Сарапшыларымыздың қатысуымен әлеуметтік кодекс әзірленіп, әкімшілік құқықбұзушылық туралы және қылмыстық кодекске  өзгерістер еңгізілді. Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленді, – деді Аида Балаева.

 Қауіпсіздік деңгейі жоғары құқықтық қоғам қалыптастыруда күштік құрылымдардың жұмысын бір жүйеге келтіріп, құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жоспарлар құру, полицияны қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мықты құрылымға айналдыру өте маңызды. Осы ретте биыл «Қоғамдық қауіпсіздікті азаматтық қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданбақ. Тұжырымдама шеңберінде мемлекеттік органдар, әкімдіктер барлық мүдделі тараптармен және азаматтармен әріптестік орнатпақ. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша есеп берудің ашық жүйесін қалыптастыру көзделуде. Тұжырымдама үш стратегиялық бағытты қамтиды. Олар: азаматтардың өмірін, денсаулығын, мүлкін қорғау деңгейін арттыру, құқықбұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін құру және полицияны қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи тиімді ұйымға айналдыру. Сонымен қатар полиция жұмысын түрлендіру, бюрократиялық жүйеден қоғамның қажеттіліктеріне, адамға бағытталған,  клиентке бағытталған модельге көшу шаралары бекітіледі.

– Қауіпсіздік – адамның басты қажеттіліктерінің бірі. Қауіпсіздік сезімі болмаған жерде адамның толық­қанды өмір сүруі және дамуы мүмкін емес. Полиция қызметкерлері, Төтенше жағдайлар министрлігі, медицина және басқа да түрлі мемлекеттік мекемелер азаматтардың қоғамдағы осы қажеттіліктерін қам­тамасыз етеді. Олардың жұмысының тиімділігінің айрықша көрсеткіші ретінде Қазақстанның бейбітшілікті сүйе­тін елдер рейтингіндегі орнын қарастыруға болады. Мәселен, 2023 жылы Экономика және бейбітшілік институты (IEP) мен Сидней университеті сарап­шыларының бейбітсүйгіш елдер рейтингіне сәй­кес Қазақстан 163 елдің ішінде 76-орынды иелен­ді. Индекс 23 кри­терий бойынша есептеледі. Оның ішінде: қыл­мыс пен сотталғандар саны, аза­мат­тар ара­сын­дағы сенімсіздік дәрежесі, саяси тұрақ­сыздық және т.б. бар. Мұнда Қазақстанның орны емес, оның өткен жылмен салыстырғанда рей­тингтегі орнының өзгеруі маңызды. Өткен жыл­дармен са­лыстырғанда Қазақстан жиырма бір орынға кө­терілді, – дейді Қазақстан Респуб­ли­касының Пре­зиденті жанындағы Қазақстан­ның страте­ги­я­лық зерттеулер институты бас сарапшысы Дарина Даненова.

Биыл жаңадан қабылданатын қоғамдық қауіп­­сіздік туралы жаңа тұжырымдама мем­лекеттік органдардың, кәсіби полицияның жә­­не қауымдастықтың ынтымақтастығы мен бір­­лестігі нәтижесінде құқықбұзушылықтың ал­дын алудың тұтас жүйесін құруға мүмкіндік бере­ді.

– 2023 жылғы құқықтық статистика соңғы 5 жылда тіркелген қылмыстық құқық­бұзушы­лық­тар саны 32 пайызға төмендегенін көрсетеді. Мы­­салы, егер 2019 жылы 190 мың қылмыс тір­кел­­ген болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 104 мың­ды құрады. Ауырлығы орташа қылмыстар саны – 2019 жылы 137 мыңнан 2023 жылы 51 мың­ға дейін төмендеді. Көріп отырғанымыздай, ел­де құқықтық тәртіпті орнату саясаты дәйекті түр­де жүзеге асырылып жатыр.

Құқықтық статистика деректері бойынша 2023 жылы 7,79 млн әкімшілік құқықбұзушылық тір­кел­ген. Бұл 2019 жылғы 4,65 млн-нан әлде­қай­да артық. Бұдан шығатын қорытынды: аза­мат­тар жанжалдарды заңға сүйене отырып, бар­лық заңды және ресми арналар арқылы құ­қық қорғау органдарына жүгіну арқылы құ­қық­тық әдістер­мен шешуді жөн көреді. Мұндай жағ­дайды аза­мат­тардың құқықтық мәдениетінің өсуі деп тү­сіну­ге болады. Бұл – мемлекет пен қо­ғам­ның да­муы­ның оң көрсеткіші, – дейді Қа­зақстан Рес­публикасының Президенті жа­нын­дағы Қазақ­станның стратегиялық зерттеулер инс­титуты Стратегиялық талдау бөлімінің бас­шы­сы Ермек Тоқтаров.

Қауіпсіздік – қылмыстың алдын алу мәселесі. Тек, полиция қызметінің арқасына артылған жүк емес, еліміздің кез келген азаматының міндеті. Ал қауіпсіз қоғам ең алдымен халыққа қажет еке­нін ұмытпауымыз керек. Мұндай қоғамды құру халыққа жақын, ел талабына сай қызмет ете­тін, жұмысын жария түрде жүргізетін құры­лым жүйесін қалыптастырары сөзсіз.