Жамбыл облысында үш күн бұрын жоғалған малшы табылды

/
Жамбыл облысында үш күн бұрын жоғалған малшы табылды
istockphoto

Жамбыл облысында құтқарушылар жоғалған малшыны тапты, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі.

Бүгін таңертең Жамбыл облысының Сарысу ауданында жоғалған малшыны іздеу жұмыстары сәтті аяқталды.

Екі күн бұрын құтқарушыларға 1971 жылы туған ер адамның 27 мамыр күні жылқымен мал бағуға шығып, қайта оралмағаны туралы хабар түскен. Іздестіру жұмыстарына ТЖД күштері мен құралдары, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және ауыл тұрғындары жұмылдырылды. Іздеу барысында ұшқышсыз ұшу аппараттары, кинологиялық есептоп және арнайы техника пайдаланылды.

Кеше іздеу тобы жылқы мен малды тапқанымен, ер адамның нақты орналасқан жерін анықтау мүмкін болмаған. Осыған байланысты іздестіру жұмыстары үздіксіз жалғастырылды.

"Бүгін құтқарушылар малшыны Ақтоғай ауылынан 7 шақырым қашықтықтағы дала аумағынан тапты. Табылған кезде ол қатты шаршаған, шөлдеген және аяқ киімсіз болған. Алайда медициналық көмекке мұқтаж болмаған", - деп жазылған хабарламада.

Барлық қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында іздестіру-құтқару операциясы сәтті аяқталды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары