Кредит рейтингі және тұрақтылық
Жеке адам сияқты, әр елдің өз кредит рейтингі болады. Бұл – мемлекеттің қаржылық тұрғыдан сенімділігі мен қарызды қайтару қабілетін көрсететін индикатор. Ал кредит рейтингі халықтың күнделікті өміріне және жалпы елдің экономикалық әл-ауқатына қалай әсер етеді? «BBB–» деңгейі дегенді қалай түсінуге болады? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Өткен аптаның аяғында S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстан бойынша елдік шолуын жаңартты. Жүргізген талдаудың нәтижелері еліміздің кредит рейтингі «тұрақты» «BBB–» деңгейінде деген болжамды растады. Бұған дейін Moody’s пен Fitch рейтинг агенттіктері де осы деңгейде растаған болатын.
Кей сарапшылар бұл жақсы жаңалық екенін айтады, дегенмен бұған келіспейтіндер де бар. Ал S&P сарапшылары мемлекеттік шығыстардың өсуін азайтуға бағытталған бюджет ережелері енгізілуін оң бағалапты.
Жеке адам сияқты, әр елдің өз кредит рейтингі болады. Бұл – мемлекеттің қаржылық тұрғыдан сенімділігі мен қарызды қайтару қабілетін көрсететін индикатор. Ал кредит рейтингі халықтың күнделікті өміріне және жалпы елдің экономикалық әл-ауқатына қалай әсер етеді? «BBB–» деңгейі дегенді қалай түсінуге болады? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Бюджетті оңтайландыруды оң бағалады
1 наурызда S&P рейтингтік агенттігі Қазақстан бойынша егеменді кредит рейтингіне талдау жүргізіп, кредит рейтингі «BBB–» деңгейінде «тұрақты» деген болжамын растады. Агенттік бұл шешімді қабылдауға, ең алдымен, ықтимал сыртқы шоктарды бейтараптандыратын елеулі сыртқы резервтердің көлемі мен бюджет тұрақтылығы негіз болды деп түсіндірген.
Сонымен қатар агенттік сарапшылары мемлекеттік басқарудағы жоспарланған реформалар мен экономикалық реформалар егеменді рейтингтің болжамын оңынан көрсететініне де тоқталған. Дегенмен қуат көзі мен азық-түлік бағасының әлем бойынша арзандағанына қарамастан, инфляция қысымы әлі де сақталып отырғанын да айтып өтіпті.
– Сарапшылардың болжауынша, 2024 жылы инфляция орташа есеппен 8% болады, ал 2026 жылға қарай Ұлттық Банктің мақсаттық деңгейіне сәйкес келетін 5%-ға дейін баяулайды. Агенттік 2015 жылы еркін құбылмалы айырбас бағамына көшу – экономиканың құбылмалылықтың сыртқы факторларына бейімделуіне көмектескенін де атап өтті. 2023 жылдың желтоқсанында долларсыздандыру деңгейі 23 пайызға жетті. Тұрақты айырбас бағамы мен инфляцияның біртіндеп төмендеуі одан әрі өсудің алдын алуы керек, – деді Ұлттық Банк ресми мәлімдемесінде.
Яғни, сарапшылардың болжамы Ұлттық Банктің мақсатымен бірдей болып тұр.
Сонымен қатар S&P сарапшылары орталық банктің дербестігі мен ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық Банктің жаңа несие және экономиканы қолдау бағдарламаларына қатыспауға ниетті екенін жеткізген. Сонымен қатар мемлекет шығысының өсімін азайтуға бағытталған бюджет ережелерін енгізілгенін оң бағалаған. Осылайша, Ұлттық қордан түсетін шығыстар мен трансферттердің өсімін азайтуға бағытталған Үкімет жоспарлары мемлекеттік бюджеттің тапшылығын ұстап тұруға және халықаралық резервтердің деңгейін тұрақтандыруға тиіс.
Рейтинг – индикатор
Елдің кредит рейтингі оның экономикалық тұрақтылығын, саяси жағдайын, қарыз деңгейін, инвестициялық ахуалды және басқаларын қоса алғанда, бірқатар факторларды екшеу арқылы анықталады. Және де рейтинг елдің инвестиция тарту, қарыз алу және экономикасын дамыту қабілетіне әсер етеді.
S&P Global Ratings – әлемдегі ең ірі кредит рейтингін жүргізетін агенттіктің бірі. Бұл агенттік әртүрлі субъектілерге, соның ішінде мемлекеттерге, корпорацияларға және қаржы құралдарын саралайды. S&P Global Ratings бағалауын инвесторлар мен несие берушілер инвестиция мен кредитке қатысты шешім қабылдау үшін пайдаланады. Агенттік бағалауда AAA, AA, A, BBB, сияқты әріптерді қолданады. Бұл рейтингтер субъектінің қаржылық жағдайының тұрақтылығын бағалауды және олардың қарыздық міндеттемелерін қайтару ықтималдығын көрсетеді. Мысалы, AAA белгісі әдетте сенімділіктің жоғары дәрежесін және ең төменгі кредит сын-қатерін білдіреді, ал BB немесе одан төмен балл қауіп-қатердің жоғары деңгейін көрсетеді.
Осылайша, S&P Global Ratings несиелік ұпайы елдердің қаржылық тұрақтылығын және олардың қаржылық міндеттемелерін орындау қабілетін бағалаудың маңызды құралы саналады.
Moody’s Investors Service және Fitch Ratings те S&P Global Ratings сияқты, әртүрлі субъектілерге, соның ішінде мемлекеттер, корпорациялар және қаржы құралдарының кредиттік сын-қатерін бағалайтын ірі агенттіктерге жатады. Олар инвесторлар мен кредит берушілерге қарыз алушылардың қаржылық тұрақтылығы мен сенімділігі туралы ақпарат беріп, шешім қабылдауда шешуші рөл атқарады.
Рейтинг бізге қалай әсер етеді?
Елдің кредит рейтингі төмендеген кезде, қарыз қаражаты қымбаттайды. Себебі инвесторлар сын-қатерді өтеу үшін жоғары пайыздық мөлшерлемені талап етеді. Жоғары пайыздық мөлшерлемелер мемлекеттік шығындар мен салықтарға, сондай-ақ кәсіпорындар мен қарапайым азаматтарға кредит беру шарттарына әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар төмен кредит рейтингі әлеуетті инвесторларды «үркітуі» мүмкін, бұл капитал мен технология ағынының төмендеуіне әкеледі. Бұл экономикалық өсімді және жаңа жұмыс орындарын құруды бәсеңдетуі мүмкін. Сондықтан ел үшін кредит рейтингінде төменгі орындарда болуы дамудың шектеулі мүмкіндіктерін және дағдарыстан шығудың күрделі шарттарын білдіруі мүмкін.
Екінші жағынан, жоғары несиелік балл арзан кредит пен инвестицияға қол жеткізуге жол ашады. Бұл экономикалық өсімге, жаңа жұмыс орындарын құруға және азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етеді. Жоғары кредит рейтингі, сонымен қатар шетелден капитал мен технология ағынына ықпал ететін бизнес пен инвестицияның серіктесі ретінде елге деген сенімділікті арттырады.
«BBB–» деңгейі дегенді қалай түсінуге болады? Рейтингте әрі қарай жоғарылау үшін не істеу керек? Осы сұрақтардың төңірегінде сарапшы мамандардың пікірін білген едік.
Андрей ЧЕБОТАРЕВ,
экономист:
Салық саясатына мән беруіміз керек деп ойлаймын
– Агенттіктің болжамында көрсетілген факторларға сүйенсек, біздегі салық саясаты жақсы, бағамымыз тұрақты, сондықтан біздің төлем қабілетіміз жоғары және де біздегі мемлекет қарызының деңгейі төмен. Сол себепті біз кредит рейтингімізді бұрынғысынша сақтап қалдық.
Дегенмен айта кететін дүниелер бар. Егер біз құжатты соңына дейін анықтап қарасақ, онда біздің халықаралық облигацияларымыз бен қарыздарымыз бойынша мөлшерлемелер өскенін көреміз. Бұл өсім, әрине, біздің бюджетке теріс әсер етер еді.
Сондықтан бәрі ойдағыдай, расталғаны жақсы. Естеріңізге сала кетейін, Ресейде соғыс бастағалы бері біздің кредит рейтингімізді төмендету мәселесі қаралған жоқ, ал Ресейде бұл көрсеткіш дефолт деңгейде, сондықтан біздің кредит рейтингін қайта қарастырмағаны, төмендетпегені біз үшін өте жақсы.
«Рейтингте әрі қарай жоғарылау үшін не істеу керек?» деген мәселеге келер болсақ, біз ұстанып отырған саясатымызды жалғастыруымыз керек. Бюджеттің тепе-теңдігіне қол жеткізу үшін салық саясатына мән беруіміз керек деп ойлаймын.
Арман БЕЙСЕМБАЕВ,
қаржы саласының сарапшысы:
Тек «тұрақты» деген болжам қуантады
– Бұл жерде, негізі айтарлықтай жаңалық жоқ деуге болады. Біздің кредит рейтингіміз негізінен осы деңгейде жүреді. Болжам – тұрақты. Бұл негізінен теріс фактордың жоқ екенін көрсетеді. Агенттік рейтинг төмендеуі мүмкін деген болжам айтпайды, яғни ешқандай кері үрдіс байқалады деп есептемейді. Біз қазір «BBB-» деңгейінде тұрмыз. Негізінде, бұл жоғары рейтинг саналмайды. Тіпті, төменге жақын деуге болады. Сондықтан мақтануға ерте. Тек «тұрақты» деген болжам қуантады.
Дегенмен бұл рейтингтерге өте мұқият, кішкене күмәнмен қарау керек. Олар бәрін қамти алмайды және бәрін бағалай алмайды. Яғни, олар қандай да бір ресми көрсеткіштерге қарап, қандай да бір рейтинг әзірлейді.
Алайда рейтингі неғұрлым жоғары болған сайын, ел соғұрлым инвестиция салуға қолайлы болады деп саналады. Бұл біздің рейтингімізді анықтайтын инвестициялық климат, ал инвестициялық климат неғұрлым жақсы болса, рейтинг соғұрлым жоғары болады. Рейтинг жоғары болса, бұл сіздің сенімді ел екеніңізді көрсетеді. Ал неғұрлым көп инвестор елге кіргісі келсе, соғұрлым көп ақша келеді.
Дамушы ел болғандықтан, «BBB-» төмен деңгей болса да, жаман емес деуге болады. Шын мәнінде, саяси тұрақтылық, экономикалық саясат, нарық еркіндігіне байланысты сұрақ пен күмән көп. Біздің заңдарымыздың тұрақтылығы және біздің заңдарымыздың болжамдылығы да – өте үлкен мәселе. Мұның бәрі сын-қатер және мұның бәрі біздің рейтингімізді төмендетеді. Осы көрсеткіштер нашар болған сайын, төмендеу қаупі туады, сондықтан олқылықтарды түзету керек, сәйкесінше көрсеткіш те өсетін болады.
Осылайша, елдің кредит рейтингі оның экономикалық дамуы мен азаматтардың әл-ауқатында маңызды рөл атқарады. Оны жоғарылату, тіпті сақтап тұрудың өзі үлкен күш: бұл қаржыны басқаруда стратегия ұстануды, тұрақты саяси жағдайды және экономиканы дамытуды талап етеді. Сонымен қатар азаматтар да өздерінің қаржылық жауапкершілігі және экономиканы қолдаудың әртүрлі бағдарламаларына қатысу арқылы елдің несиелік рейтингіне әсер ете алады.«BBB-» деңгейі жоғары емес екені белгілі, дегенмен осы межені сақтап қалу, «тұрақты» деген баға алу – қазіргі ахуал, геосаяси жағдайында елеулі жетістік екенін де естен шығармау қажет.