Жаңа Каледония: саяси карта өзгере ме?

/
Жаңа Каледония: саяси карта өзгере ме?
сурет: istockphoto.com

Әлемнің саяси картасында жаңа мемлекет пайда болуы мүмкін. Париж маңындағы Буживальде өткен келіссөздерде Франция мен Жаңа Каледония өкілдері аралдың жаңа мәртебесі туралы тарихи келісімге қол жеткізді. Бірақ бір ескерер жайт – ол БҰҰ құрамына кірмейді, яғни толық тәуелсіз болмайды.

Тәуелді тәуелсіздік

Францияға қарасты Тынық мұхитын­дағы архипелаг Жаңа Каледония енді мем­лекет атанбақ. 12 шілдеде Елисей сарайын­да Эммануэль Макрон Франция мен Жаңа Каледония арасындағы жаңа конститу­ция­лық келісімді бекітті. Президенттің өзі бұл келісімді «сенім ойынының жеңісі» деп атап, Жаңа Каледонияны мемлекет деп рес­ми мойындады. Алайда бұл мемлекет Францияның бақылауынан толық шық­пайды. Келісім бойынша, Жаңа Каледония Франция Конституциясының XIII-бөліміне енгізілген жаңа конституциялық заң ар­қылы мемлекет мәртебесін алады. Les Nou­vel­les Calédoniennes басылымының хабар­лау­ынша, Жаңа Каледония азаматтығы құрылатын болды, бірақ бұл азаматтық фран­цуз азаматтығымен қатар жүреді. 
Әйтсе де, жаңа мемлекет өз сыртқы сая­са­тын жүргізуге құқылы. Бұл оның халық­аралық қауымдастық тарапынан дербес мем­лекет ретінде мойындалуына жол ашуы мүмкін. Бірақ бір ескерер жайт – ол БҰҰ құра­мына кірмейді, себебі толық тәуелсіз емес.
Осы келісім күшіне енуі үшін алдымен Француз парламенті Конституцияға өзгеріс енгізетін арнайы заң жобасын қабылдауға тиіс. Келісімнің соңғы және ең маңызды кезеңі – 2026 жылғы ақпанда Жаңа Кале­дония­да өтетін референдум. Бұл референ­думда жергілікті халық жаңа келісімді қол­дай ма, жоқ па – соған байланысты арал­дың болашағы шешіледі. 
Алайда сарапшылар да, келіссөзге қатысқан тараптар да референдум оңай болмайтынын мойындайды. Тәуелсіздікті қолдайтын қозғалыс та, Франциямен одақ­тас болуды қалайтын лоялистер де бұл келі­сімде өз мақсаттарына толық жете алмады. Әр тарап біршама шегініске баруға мәжбүр болды. Сондықтан бұл референдум­ның нәтижесі мүлдем болжауға келмейтін оқиға болуы мүмкін.

Халықтың ойы бір жерден шықпайды

Жаңа Каледония – Францияның 1853 жылдан бері отарында келе жатқан аймақ. Мұнда тұратын байырғы халық – канактар. Франция бұл аралды әскери-стратегиялық тұрғыдан да, никель секілді табиғи ресурс­тары үшін де маңызды санап отыр. Архи­пелаг әлем бойынша никель өндірісі жағы­нан алғашқы үштікке кіреді. Бұл металл – болашақ технологиялар мен аккумулятор өндірісінің негізгі шикізаты. Алайда кейінгі жылдары никель нарығындағы дағдарыс пен өндірістегі құрылымдық проблемалар Жаңа Каледонияны экономикалық рецес­сияға ұшыратты. Француз үкіметі жергілік­ті зауыттарға субсидия беріп кел­еді, бірақ бұл жағдай тұрақты даму теті­гі емес екені анық. 
1980 жылдардан бері канак ұлтшыл­дары тәуелсіздікке ұмтылып келеді. Бірақ байырғы халық ешқашан өз болашағын ше­шуге толық мүмкіндік алған емес. Бұл күрес қан төгіске де апарған: 1988 жылғы Оувеа аралындағы қақтығыста ондаған адам мерт болған. Франция мен жергілікті қозғалыстар арасында қол жеткізілген Нумеа келісімі Жаңа Каледонияға біртіндеп өзін-өзі басқару құқығын берді және бола­шақ­та референдум арқылы мәртебесін анықтау жолын ашты.
Бұл шешімге дейін Жаңа Каледония бір­неше ай бойы толқулардан көз ашпаған еді. 2024 жылдың көктемінде Париждің ұс­ы-
н­ысымен сайлау реформасы қолға ал­ын­ды. Бұл реформа бойынша кейінгі 10 жыл­да арал­да тұрып жатқан француздарға сайлау құқығы берілмек болған. Бұл канак хал­қы­ның саяси салмағын азайтатын өз­гер­іс 
еді.
Қазір канактар – арал халқының 40 пайызы (жалпы халық саны – шамамен 270 мың). Бірақ француз мигранттарының көбеюі мен оларды саяси процеске тарту байырғы халықтың ғасырлар бойы жалға-
с­ып келе жатқан автономия және дер­бестік үшін күресіне үлкен соққы болды. Бұл на­ра­зылықтар көптеген қалада полициямен қақтығысқа, инфрақұрылым­ның бұзылуы­на және жаппай толқуларға ұласты.
2018, 2020 және 2021 жылдары үш рет елде тәуелсіздік жөнінде референдум өт­кен. Алғашқысында – 43 пайыз, екіншісін­де – 47 пайыз тәуелсіздікті қолдап дауыс берді. Ал 2021 жылы 96 пайызы Франция отар­ында қалуды қолдап дауыс бергенімен, бұл нәтижені канак қауымдастығы мойын­дамады. Себебі олар коронавирус пандемия­сын сылтауратып референдумға қатыспа­ған болатын.
Жаңа Каледония мемлекет атануға бір қадам жақындады. Бірақ бұл мем­лекет тол­ыққанды еркін бола ма, әлде Фран­цияның жаңа форматтағы иелі­гіне айнала ма, оны алдағы референ­дум мен парламент шешімі көрсетеді. Деген­мен аз ғана халқы бар ала­қандай арал үшін осы қадамның өзі тарихи сәт ретінде бағаланып отыр.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары