Тамара Асимова: Лудоманның жақындарына да психологиялық көмек керек

Тамара Асимова: Лудоманның жақындарына да психологиялық көмек керек

Бүгінде лудомания – бүкіл әлем бойынша әлеуметтік апат деңгейіне жетіп отыр. Бұл – жеңіл ақшаға сенген сан мыңдаған адамның тағдырын тас-талқан еткен, жан-дүниесін жалмаған жаман індет. Адамдардың бірі онлайн казиноның тұзағына түседі, енді бірі букмекерлік кеңседен шыға алмайды, ал кейбіреулер қаржы нарығы мен криптобиржаны құмар ойынға айналдырып алған. Лудоманияның жаңа заманауи формалары жыл сайын көбейіп барады, ал тәуелділік жылдам қалыптасады – кейде тіпті бір жылдың ішінде адам барынан айырылып жатады. Қоғамның бас ауруына айналған мәселені дәрігер психиатр, жоғары дәрежелі психотерапевт, профессор, Қазақстан Республикасының Психиатрлар және психотерапевтер қауымдастығының және Орталық Азия психоанализ институтының мүшесі, лудомания саласында 45 жылдық тәжірибесі бар маман Тамара Әбубәкірқызымен әңгімелескен болатынбыз

– Лудоманияны нақты қай сәттен бастап ауру деп тануға болады? Қандай белгілер бұл дерттің басталғанын көрсе­теді және қандай кезеңдері бар? 

– Лудомания немесе гемблинг – бұл ақшаға ойын ойнау. Психиатрияда бұл пси­хикалық бұзылыс ретінде қарастыр­ылады. Ол адамның үнемі, эпизодтық түрде қайта­ланып тұратын құмар ойындарға қатысуы­мен сипатталады. Лудо­мания термині салыс­тырмалы түрде жаңа ұғым, шамамен 5-6 жыл бұрын ғана кең қолданыла бастады. 2022 жылдың 
1 қаң­тарынан бастап Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл дертті ресми түрде ауру деп таныды. Бұрын ол «игромания» деген атаумен белгілі болған. Жалпы, құмар ойындар адамзат тарих­ын­да өте ертеден, ежелгі дәуірден бар. Қай қоғамда болмасын бос уақыты көп адам­дар өзара әрдайым ақшаға бәс тігетін болған. Бірі ұтқан, бірі ұтылған. Бүгінде бұл өте ауыр және күрделі мәселеге айналды. 1984 жылы психолог, психотерапевт Р.Кастер лудо­мания­ның үш негізгі кезеңін анықтаған: алғашқысы – ұту кезеңі, мұнда адам үнемі жеңіске жетіп, өзін бақытты сезінеді; екін­шісі – ұтылу кезеңі; үшіншісі – түңілу кезеңі.
Қазір мамандар бұл дертті үш сатыға бөл­е­ді: компенсация, субкомпенсация және декомпенсация. Лудомания орта есеппен бір жылдан төрт жылға дейінгі мерзімде «дами­ды». Әйелдерде тәуелділік әлдеқайда тез қалыптасады – бір жылдың ішінде-ақ анық байқалуы мүмкін, ал ер адамдарда бұл про­цесс төрт жылға дейін созылады.
Құмар ойынға берілген адам біртіндеп жа­қындарымен араласудан қашады, қоғам­нан, жұмыстан, отбасы мен бала-шағасынан алшақтайды. Оның бар назары тек ақша ұтып, ойын ойнауға ауады. Бұл  пси­хи­калық тәуелділікке алып келеді. Сол се­беп­ті лудо­мания психикалық ауру ретінде мойындал­ған. Бұл – жаһандық деңгейдегі мәселе. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның мәліметінше, Канадада 19,3 мил­лион, Ұлы­британияда 17,5 мил­лион, Аустралияда 6,8 миллион адам лудоманиядан зардап шегеді. Қазақстанда ресми тіркелген­дердің саны 350 мыңға жуық. Алайда шын мәнінде олардың саны бұдан әлдеқайда көп, себебі көптеген отбасы мұндай мәселелерді жасырып, дәрі­герге бармайды. Қазір бұл дерт­­ке әйелдер де, жасөспірімдер де, егде жас­тағы адамдар да ұшырап жатыр. Әсіре­се, пандемия кезінде көптеген адам онлайн форматтағы ойынға әуестеніп кетті.

– Құмар ойынға бейімділік тұқым қуалай ма, әлде бұл тәрбиеге байланыс­ты ма? 

– Иә, құмар ойынға бейімділік ішінара тұқым қуалауы мүмкін. Егер әкесі немесе анасы құмар ойынға тәуелді болып, емделіп жүрген болса, балада генетикалық тұрғыдан белгілі бір бейімділік қалыптасады. Бірақ көбінесе бұл дерт тәрбие мен әлеуметтік ортаға тікелей байланысты. Лудоманияның жүре қалыптасуына мысал келтірсек. Кейде ата-анасы құмар ойын ойна­маса да, баланың өзі ойынға беріліп кетеді. Қазір балалар екі-үш жасынан бастап гаджет ұстауға үйреніп алған. Ата-аналар олардың немен айналысып отырға­нын үнемі бақылай бермейді. Кейбір бала­лар­да ойын арқылы бір нәрсеге жетуге, жеңіс­ке ұмтылуға ерекше құмарлық оянады. Бұл әсіресе бастауыш сыныптарда – 1-5-сы­нып­тарда анық байқалады. Бала өзінің сын­ыптас достарының қымбат киімін, соңғы үлгідегі смартфонын көріп өзін олардан кем сезінеді. Сол кезде: «Мен ойын ойнап ұтамын, ата-анама салмақ салмай­мын», – деп ойлай­ды. Осылайша, бала белгілі бір шекараны білмей, ойынға тәуелдене бастайды. Бұл неліктен қауіпті? Өйткені алкоголизм де, есірткі қол­дануда да адам өз шекарасын білмей қалады, қашан тәуелді болғанын аң­ғармайды. Құмар ойын да солай. Сондықтан бұл ауру тәуел­діліктің ең қауіпті түрлерінің бірі саналады.
Біз тәрбие дегенде тек әке-шешенің немесе ата-әженің берген үлгісін ғана емес, баланың бүкіл өскен ортасын – ауласын, көршілерін, мектебін де айтамыз. Өйткені бала тек үйде емес, қоғамда да тәрбиеленеді. Бұл ортада да өте үлкен әсер болады. Мыса­лы, кейбір балалар өте жақсы, әл-ауқаты жоғары, толыққанды отбасынан шығады. Бірақ мектепте немесе аулада құмар ойын ойнай­тын достар табады да, соларға еліктеп кетеді.
Тағы бір айта кетерлігі, әр отбасының өз ерекшелігі бар. Бір жерде мұсылман отбасы­ларында тәрбие қатал, бір жерде жұмсақ. Қазақ, орыс, ұйғыр, қырғыз, украин, өзбек от­ба­сыларында да әртүрлі салт-дәстүр қал­ыптасқан. Кей отбасыларда үлкендер бала­лармен бірге карта, домино ойнайды. Бірақ сол ойын кезінде ата-анасы дұрыс тәрбие бере алмай, мысалы, «Сен қандай мықтысың!» деп ақшалай марапаттаса, бұл дұрыс емес. Мұндай жағдайлар да кейін баланың тәуелді болуына алып келіп жатады. Мысалы, менің өз балалық шағымда, кеңес дәуірінде, отба­сы­мызда карта, домино, лото ойнаған кезі­міз болды. Бірақ біз ешқашан ақшаға ойна­мадық. Менің күйеуім балаларға үнемі: «Көше­де карта ойнауға болмайды. Бұл – мәдениетсіздік. Карта – қарт адамдардың ермегі, шахмат ойнаңдар», – деп айтып отыратын. Сондықтан бізде ақшаға ойнау әдеті болған жоқ. Ақшаға ойнау – бұл тәуел­ділікке апаратын тура жол. 

– Құмар ойын ойнағанда ми нейро­медиа­торлары қалай өзгереді?

– Кез келген ауру, тіпті қарапайым тұмау да біздің миымызға психикалық, невроло­гиялық өзгерістер әкеледі. Біз психиатрлар мұны «психоорганикалық синдром» деп атаймыз. Бұл – мидағы белгілі бір қалдық құбылыстар. Олар кейіннен әртүрлі формада көрінуі мүмкін: жалпы әлсіздік, ашуланшақ­тық, тітіркенгіштік, агрессия. Мысалы, бұрын өте мейірімді, сабырлы, еңбекқор, ешқашан ішпейтін, темекі шекпейтін, отбасын асырап жүрген адамның құмар ойынға тәуелді бол­ғаннан кейін мінезі өзгереді. Ызақор, қорқақ, өзіне сенімсіз болып, кейде жақындарына қол көтеруі мүмкін. Ол өзін төмен санай бас­тайды. Себебі ол әрдайым: «Мен жалақым­ды неге отбасыма жұмсамадым? Неге бәрін ұтылып қалдым?» – деп өз-өзін кінәлап, іш­тей жегідей жей береді. Осы ойлардың өзі адамның психикасына үлкен салмақ түсір­еді. Сонымен қатар көптеген соматикалық және психикалық белгілер қосылады. Мысалы, тұрақты стресс – ең алдымен қор­қыныш, үрей, ашу, тітіркену сияқты эмо­циялар тудырады. Бұл психикалық қысым денсаулыққа да әсер етеді. Қан қысымы бірде жоғарылап, бірде түседі, көзі нашарлайды, бұрынғы созылмалы аурулары күшейеді, жиі суық тию басталады, әйелдерде жыныс­тық жүйе де бұзылады. Неге бұлай болады? Өйт­кені адамның жан-дүниесі, психикасы ауыр­са, денесі де міндетті түрде соған жауап қай­­тарады. Денсаулық – тұтас жүйе, егер жан күйзелсе, дене де зардап шегеді. Осы белгілер психикалық бұзылыстың, лудоманияның салдары. Бұл – тәуелділіктің ауыр формасы. Психиатрияда кез келген тәуелділік мидың органикалық зақымдануымен байланысты деп айтылады. Сондықтан құмар ойынға тәуелділік ми қызметін, эмоциялық тұрақ­тылықты бұзады.

– Бұл дертті емдеу үшін қандай пси­хо­терапиялық тәсілдер тиімді? Топтық терапияның қаншалықты көмектеседі? 

– Қазақстанда лудоманияға қатысты емдеу әдістері жеткілікті. Мемлекеттік орта­лықтар да бар. Мысалы, Алматыда орналас­қан Республикалық психиатрия, психотера­пия және наркология ғылыми-практикалық орталығы, Қалалық психикалық денсаулық орталығы, наркологиялық орталығында арнайы бөлім бар, онда адамға диагноз қойы­лып, ем жүргізіледі, қажетті дәрілік терапия қолданылады.
Психотерапия – ең маңызды емдеу әдісі. Оның да көптеген бағыты бар. Бір мезгілде бірнеше тәсіл қолданылуы мүмкін. Кей кездері гипнотерапия да қолданылады. Бірақ соң­ғы жылдары психиатрлар мен нарколог­тар гипноздан біршама бас тартып отыр. Қа­зір отбасылық психотерапия, топтық пси­хотерапия және тұлғалық психотерапия көбірек қолданылады. 
Бұл емдеу әдістері әдетте ұзақ уақытқа созылады. Дегенмен тәжірибеде көптеген пациенттің толықтай сауығып шыққан мысалдары жетерлік. Мен өзім көп жыл бойы жасөспірімдермен жұмыс істедім. Әрине, емдеу ұзақ уақыт алады, бірақ өте жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Қазір отбасылық психотерапия, топтық терапия, тұлғалық психотерапия әлдеқайда тиімді деп есептеледі.

– Лудоманияны емдеу ұзақтығы қанша уақытқа созылады? 

– Стационарлық емдеу курсы орта есеп­пен 1-1,5 айға дейін созылады. Бұл нақ­ты науқастың жағдайының ауырлығына және онымен жеке жұмыс істеу қажеттілігіне бай­ла­нысты. Әр пациентпен жұмыс істеу тәсілі әртүрлі, өйткені әрбір адамның психикалық ерекшелігі, өмірлік жағдайы және емделуге деген дайындығы әрқалай. Кейбір адамдар­мен жұмыс істеу оңайырақ. Мысалы, олар­дың жеке тұлғалық мотивация­сы жоғары, алдағы өмірге нақты жоспары бар, дерттен шын ниетімен арылғысы келсе, нәтиже де жақсы болады. Ал кейбір адамдардың жағдайы өте күрделі: отбасы күйреген, қа-
р­ым-­қатынас бұзылған, әлеуметтік жағдайы төмен, олармен жұмыс істеу әлдеқайда ауыр. Бұл жағдайлар созылмалы алкоголизм мен нашақорлықты емдеуге ұқсайды – процесс қиын әрі ұзақ. Дегенмен қандай жағдай бол­масын, дұрыс таңдалған ем мен психо­тера­пия арқылы жақсы нәтижеге жетуге болады. 

– Ал дәрімен емдеу қандай нәтиже береді?

– Дәрі-дәрмекпен емдеу – әр науқасқа жеке таңдалады және бұл халықаралық тәжірибеге негізделеді. Дәрі тағайындағанда бірінші кезекте адамның жасы, жынысы, бұрыннан келе жатқан созылмалы аурулары және  қанша уақыттан бері құмар ойынға тәуелді болғаны ескеріледі. Сонымен қатар аурудың қай сатысында тұрғаны да маңызды.
Тәжірибеде біз тек антидепрессанттар мен анксиолитиктерді ғана емес, кей жағ­дайда жеңіл нейролептиктерді де қолдана­мыз. Дегенмен бұл препараттар әр адамға әртүрлі мөлшерде, әртүрлі мерзімге беріледі.
Антидепрессанттардың да өз ерекшелік­тері бар. Кейбірі жеңіл әсер етеді, ал класси­калық түрлерін ұзақ уақыт қабылдау керек болады. Неге антидепрессанттар қажет? Себебі лудомания – психикалық тәуелділік, адам үнемі стресте жүреді, нәтижесінде әр­түрлі деңгейдегі депрессия дамиды. Сондық­тан емдеуде антидепрессанттарды қолдану – депрессияны, суицидтік ойларды және тұр­ақты күйзелісті жеңуге көмектесетін маң­ызды қадам. Бірақ кез келген препарат тек маманның бақылауымен тағайындалады.

– Лудоманияны емдеуде отбасының қолдауы маңызды ма?

– Лудоманияны емдеуде отбасы мүше­лері­мен бірлесіп жұмыс істеу міндетті. Әдетте, отбасылық психотерапия керек. Бұл процеске отбасының мүшелері толықтай қатысқаны жөн. 
Біріншіден, бұл – аурудың алдын алу үшін маңызды. Екіншіден, емделуші үйіне оралғанда отбасы оны дұрыс қабылдап, қалай сөйлесу, қандай жағдайда қолдау көр­сету, ал қандай сәтте талап қою керегін білуге тиіс. Мұның бәрі арнайы мамандардың – психиатрлардың, наркологтардың, пси­хотерапевтердің кәсіби жұмысында үйлесім табады. Алкоголизмді емдегенде де осылай жасалады. Егер үйде ішімдікке тәуелді адам болса, дастарқанға ішімдік ішуге арналған ыдыс­тарды да қоймайды. Өйткені ұсақ-түйек еске салулардың өзі адамның қайтадан сол тәуелділікке оралуына себеп болады. Сол сияқты құмар ойынға тәуелді адамға да отба­сының қолдауы өте қажет. Және отба­сының әр мүшесі өзіне тән жеке психологиялық көмекті алуға тиіс. Себебі емделуші үйіне орал­ған соң оның күйзеліске қайта түспеуі өте маңызды. Сондықтан отбасы мүшелері­мен бірге психотерапиялық жұмыс жалғаса беруі керек. Олар арнайы мамандарға барып, қалай сөйлесуді, қандай шекара ұстау кере­гін үйренгені жөн. 
Науқастың санасында ойынға тәуелді болған күндердің ізі қалмауы үшін бұл жұмыс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Тіп­ті, ұсақ детальдар да бұрынғы жағдайды 
еске түсірмеуі керек. Отбасы бұл кезеңде аса са­быр­лы және сауатты әрекет етуі қа-
жет.
«Отбасылық дерт» деген ұғымды біз тек сол отбасында бірнеше адам бірдей ауырып жүрген жағдайда қолданамыз. Мысалы, ши­зо­френия туралы айтқанда, егер анасы ши­зо­френиямен ауырса, ұлы шизофреник бол­са, қызы да солай, тіпті әжесі де ауырса – онда бұл «отбасылық дерт» деп аталады. Лудоманияға да осы принцип қолданылады. Егер бір отбасында бір ғана адам емес, бірне­ше адам ойынға тәуелді болса, ол да «отбасы­лық дертке» жатады. Өкінішке қарай, мұн­дай отбасылар да кездеседі. Осындай жағдайда емдеу және алдын алу жұмысы әлдеқайда күрделенеді. Кейде мәселе өте терең, күрделі сипат алып кетеді.
Мен өз тәжірибемде өмірімде бір-ақ рет осындай отбасымен жұмыс істедім. Онда әкесі және екі ұлы карта ойынына тәуелді болды. Ал қыздары болса, бильярдты ақшаға ойнайтын. Бұл да құмар ойынға тәуелділіктің бір түрі. 

– «Ойынпаз» әдетте қолындағы бар­ын ойынға салады, кейін қарызға ба­та­­ды, соңында әлеуметтік қысымға ұшы­­р­ай­ды. Бұл оның тәуелділігін  ушық­тыра түспей ме?

– Иә, қарызға бату мен әлеуметтік қы­сым лудоманияның дамуын және ауырлығын күшейтеді. Бұл жағдайлар науқас үшін тұрақты күйзеліс көзі десек те болады. Тә-
у­ел­ді адам үнемі ой үстінде жүреді, «қарыз­ым­ды қалай жабамын», «отбасыма не айта­мын», «жұмысымнан айырылып қаламын ба?» де­ген үрей маза бермейді. Мұндай ұзақ стресс көбіне депрессияны тереңдетеді.
Мұндай жағдайдан науқас көбінесе өз­дігінен шыға алмайды. Туыстары көмектесіп кредиттерін өтеп, үйін немесе көлігін сатып мәселені шешуге тырысады. Алайда бұл тәсіл көбінесе ауруды түбегейлі шешпейді. Науқас өзін кінәлі сезініп, одан сайын күйзеліске түседі. Сондықтан мұндай жағдайлар суи­цид­тік ойларға да алып келуі мүмкін. Егер адам терең депрессияға түссе, міндетті түрде ста­­ционарлық ем қажет болады.

– Рецидивтің алдын алу үшін қандай шаралар ұсынылады?

– Рецидивтің алдын алу үшін ең маңыз­ды­сы – отбасының дұрыс ұйымдастырылған психотерапиялық жұмысы. Егер отбасы мүшелерінің бәрі арнайы психотерапиядан өтсе, бұл тәуелділіктің қайта оралу ықтимал­дығын айтарлықтай азайтады. Мысалы, лу­до­ман отбасылы адам болса, онда оның әке-шешесі, әйелі және балалары да психо­тера­пияға қатысуы қажет. Бұл – рецидивтің алдын алатын негізгі құралдардың бірі. Соны­мен қатар емделушінің өзі де ұзақ мер­зім мамандардың бақылауында болуға тиіс. Психологқа немесе психотерапевтке үнемі барып тұру, қажет жағдайда топтық кездесу­лерге қатысу маңызды.
Отбасы – лудоманияны емдеудегі ең басты тірек. Құмар ойынға тәуелді адамның тек өзі ғана емес, оның жақындары да пси­хологиялық көмекке мұқтаж дедік. Ең алды­мен, отбасы мүшелеріне нақты не болып жат­қанын түсіну маңызды. Кейде туыстары науқасты тек кінәлап, ұрысып, қысым көр­сет­іп жатады. Бірақ бұл керісінше, жағдайды ушықтырады. Олар емдеудің мәнін, науқас­тың күйін, тәуелділіктің табиғатын түсінуі керек. Сондықтан отбасы мүшелерімен бірге кәсіби психотерапия жүргізілуі қажет. Бұл жеке де, отбасылық форматта да болуы мүм­кін. Арнайы мамандар ата-аналарға, жұ­байы­на немесе бауырларына – әрқайсысына жеке қолдау көрсетіп, өздерін қалай ұстау керек екенін үйретеді. Мысалы, отбасында біреу құмар ойынға берілсе, басқалары күйзеліске түседі, қорқады, ұялады, өздерін кінәлі сезінеді. Осындай эмоциялармен де жұмыс істеу қажет.
Мен мұндай отбасылармен жиі жұмыс істедім. Кейде әйелдер мүлде үмітін үзеді, күйеуінің жазылатынына сенбейді. Ондайда біз, мамандар, жағдайды ашық түсіндіріп, нақты бағыт-бағдар беріп, оларды сенімге шақырамыз. Яғни, тек науқас емес, оның жанындағылар да толық қамтылып, жүйелі психологиялық қолдау алуы керек.

– Лудоманды қоғамнан оқшауламай-ақ тәуелділіктен арылтуға бола ма?

– Иә, аурудың жеңіл және орташа ауыр кезеңінде емдеуді қоғамнан оқшауламай-ақ жүргізуге болады. Мұндай жағдайда адам үйін­де тұрады, күнделікті жұмыстарын жал­ғас­тырады, бірақ сонымен қатар психотера­певтпен және психиатормен жүйелі түрде жұмыс істейді.
Емделушінің отбасымен және жақын ортасымен байланысы сақталады, бұл да оң нәтиже береді. Алайда егер науқаста ауыр психотикалық белгілер, мысалы, тұрақты галлюцинациялар немесе суицидтік ойлар байқалса, онда міндетті түрде стационарлық ем алуы қажет. Ал нақты қандай емдеу ре­жимі таңдалатыны әр адамның жағдайына байланысты анықталады.

– Кәмелет жасқа толмағандар ара­сын­да лудоманияның алдын алу үшін қандай бағдарламалар қажет?

– Бұл – өте маңызды сұрақ. Өйткені бү­гінде балалардың басым бөлігі компьютер мен телефонға ерте жастан үйреніп алған. Осыдан бастап бейсаналы түрде ойынға тәуелділік қалыптаса бастайды. Осындай жағдайдың алдын алу үшін мектептерге арна­йы бағдарламалар қажет. Бұл бағдарла­малар балалардың жас ерекшеліктеріне сай болуы керек. Бастауыш сыныптарда мульт­фильмдер, интерактивті ойындар, сурет салу, ертегі құрастыру сияқты әдістер тиімді. Оқушы ойынға тәуелділік туралы ақпаратты жеңіл қабылдайды. Ал жоғары сынып оқу­шы­ларына нақты өмірден алынған мысалдар көрсетіп, фильмдер көрсеткен дұрыс. Оларды ашық әңгімеге, пікірталасқа тарту қажет. Сонымен қатар топтық тренингтер мен тәжірибелік сабақтар да жақсы нәтиже береді. 
Ең маңыздысы – баланы қорқытып, ұялтпау. Керісінше, сенім орнатып, қолдау көрсету қажет. Егер бала ата-анасымен ашық сөйлесе алса, ол ойынға тәуелді болудан да сақтанады. Сонымен бірге ата-аналармен де жұмыс жүргізу аса маңызды. Олар баламен сөйлесуді және қауіптің алдын алу жолдарын білуі керек. Тек мектеп емес, отбасы да бұл жұмысқа белсене араласуы қажет.

– Құмар ойынға тәуелді адамдар суицид туралы жиі ойлайды дедіңіз. Олар­дың өзіне қол салуы қаншалықты жиі кездеседі? 

– Суицид – бұл тәуелділіктің ең ауыр және ең қауіпті салдарының бірі. Құмар ойын­ға тәуелді адамдарда мұндай ойлар өте жиі кездеседі. Өйткені бұл – адам өз-өзімен күресе алмай, тығырыққа тірелген кезде туындайтын психологиялық күйзелістің шегі. 
Науқас ұтылған ақшасын, жоғалтқан уақытын, ойран болған отбасын, сатылып кеткен мүлкін, үміт артқан туыстарының сенімінен айырылғанын көргенде, өзін түкке тұрғысыз сезінеді. Ол өзін кінәлап, енді бұл жағдайдан шығатын жол жоқ деп ойлайды.
Осындай ауыр эмоционалдық жағдайда адамда «мені ешкім кешірмейді», «мен бәрі­не ұяттымын», «мен тірі жүргенде бәріне зиян келтіремін» деген ойлар қалыптасады. Бұл – суицидтік ойлардың классикалық бел­гілері. Мен сізге өз тәжірибемнен нақты мысал келтірейін. Пациентім – Анатолий (есімі өзгертілді) – арнайы техникалық жоғары білімі бар маман, жақсы жұмыс істеген. Отбасы болған. Бірақ құмар ойынға салынып, көп қарызға кіріп кеткен. Әйелі кетіп қалады, үйінен айырылады, жұмысы­нан шығарылады. Бір күні ол маған келіп: «Мен ешкімге керек емеспін. Өмірімнің мәні қалмады. Тек сізге келіп отырмын. Соңғы рет», – деді. Осы сөздерден кейін мен дереу туыстарын шақырып, оны психиатриялық стационарға жатқызуға кеңес бердім. Себебі бұл – нақты суицид қаупі бар жағдай еді. Сондықтан лудомания диагнозы қойылған адамның мінез-құлқында күрт өзгеріс бай­қалса, мысалы, ол тұйықталып кетсе, жақын­дарымен сөйлеспей қойса, өзіне ештеңе қажет емес екенін айтса – бұл дабыл қағуды талап етеді. Мұндай жағдайда міндетті түрде психиатр маманға жүгіну қажет. Ал егер нақты суицид қаупі байқалса, науқасты жедел түрде стационарға жатқызу керек.

– Суицидтік қауіп туындағанда шұғыл көмекті қалай ұйымдастыру керек?

– Егер адам суицид туралы ашық айтып жүрсе немесе оның мінез-құлқында нақты белгілер байқалса, ең алдымен, бір сәтке де жалғыз қалдырмау қажет. Мұндай жағдайда туыстары немесе жақындары дереу әрекет етуге тиіс.
Бірінші қадам – учаскелік дәрігерге хабарлау. Егер жағдай күрделі болса, яғни адам өз-өзіне зиян келтіруі мүмкін екені анық байқалса, жедел жәрдем шақыру міндетті. Көпшілігі психиатриялық көмек бригадасы дегеннен қорқады. Бірақ бұл өте маңызды қадам. Өйткені мұндай жағдайда тек маман ғана дұрыс шешім қабылдай алады. Егер науқас келісім бермесе, бірақ суи­цид қаупі жоғары болса, туыстары дәрігерлерге оның жағдайын ашық айтуы керек. Мамандар шұғыл түрде психиатрия­лық бригада шақырып, науқасты стационар­ға жатқызады. Бұл – адамның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы болуы мүмкін. Сон­дықтан мұндай жағдайды елеусіз қалдыруға болмайды. Құмар ойынға тәуелділіктің ең ауыр салдарының бірі – дәл осы суицид. Оның алдын алуға тек кәсіби мамандар ғана көмектесе алады. 

– Ал емдеу орталығын қалай дұрыс таңдауға болады?

–  Емдеу орталығын таңдау кезінде ең алдымен ондағы мамандардың кәсіби дең­гейіне назар аудару керек. Яғни, орталықта жоғары білімі бар психиатрлар, психо­терапевтер, наркологтар жұмыс істейді және олар тәжірибелі мамандар болуы керек. Сонымен қатар орталықтың мемлекеттік немесе жекеменшік екеніне қарамастан, барлық рұқсат құжаттары мен лицензиясы болуы шарт. Бұл – орталықтың заңды түрде жұмыс істеп жатқанын, емдеу әдістері ресми түрде мақұлданғанын білдіреді.
Қазір лудоманияны емдеумен айналыса­тын жеке орталықтар да көбейіп жатыр. Бірақ оларға жүгінер алдында өте мұқият бол­ған жөн. Орталықтың кәсіби деңгейін тексеру үшін ең алдымен олардың маман­дары туралы ақпарат сұраған дұрыс. Қандай сертификаттары бар, қай жерде оқыған, қанша жылдан бері жұмыс істеп жүр – соның бәрін анықтап алыңыз. Сонымен қатар орталықтың мүмкіндігінше ұзақ уақыт бақылау жүргізетінін, тек дәрі беріп қоя салмай, психотерапиялық көмек те көрсе­тетінін нақтылау қажет. Себебі лудомания – тек дәрі-дәрмекпен емес, кешенді психоло­гия­лық көмек арқылы емделетін тәуелділік. Мүмкіндік болса, алдын ала сол орталықта ем қабылдаған адамдардан пікір сұрап, нәти­желерін біліп алған жөн. Бұл да маңызды көрсеткіш.

– «Қысқамерзімді курс» немесе «3 күн­де емдейміз» деген орталықтар қан­ша­лықты сенімді?

– Иә, қазір лудоманияны емдейтін жеке орталықтар да бар. Бірақ кейбірінде маман­дар тек тренингке немесе қысқа курстарға ғана қатысып, өздерін психотерапевтпін деп таныстырады. Мұндай мамандарға сақтық­пен қараған дұрыс. Науқастың қауіпсіздігі үшін нақты мынадай құжаттарды талап ету керек: жоғары медициналық білімі туралы диплом, психиатр, нарколог немесе психо­терапевт мамандығын растайтын сертифи­кат, медициналық қызмет көрсетуге рұқсат беретін лицензия. Осы құжаттары бар маман­дарға сенім артуға болады.
Егер орталық өздерін «біз үш күнде лудоманияны толық емдейміз» деп жарнама­ласа, бұл шындыққа еш жанаспайды.
Лудомания – тәуелділіктің өте күрделі түрі. Бұл ауру бірнеше жыл бойы дамиды. Оны үш күнде немесе бір аптада емдеп шығару – мүмкін емес.
Кей орталықтардың осындай жалған уәде беретінін естиміз. Бірақ шын мәнінде олар бір-екі психотерапиялық сеанс қана өткізеді немесе аздап дәрі береді. Мұндай қысқа уақыттық «емдеу» еш нәтиже бермейді, ал науқастың өзі және оның отбасы уақытын, қаржысын жоғалтады.
Лудоманияны емдеу – ұзақ және кезең-кезеңімен жүретін процесс. Мұнда кешенді тәсіл қажет: дәрі-дәрмек, психотерапия, отбасылық жұмыс, топтық тренингтер. Тіпті, емделушінің ынтасы өте жоғары болса да, бәрібір бірнеше апта немесе бір ай қажет болады. Сондықтан «3 күнде тәуелділіктен құтқарамыз» деген жарнамаға алданбаңыздар. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары