Павлодарда сот әйеліне күш көрсеткен азаматты жауапкершіліктен босатты

/
Павлодарда сот әйеліне күш көрсеткен азаматты жауапкершіліктен босатты

Павлодарда өз жұбайына дене жарақатын келтіріп, оны өліммен қорқытты деп айыпталған ер адам сот шешімімен ақталып шықты, деп хабарлады turkystan.kz.

Stan.kz сайты жазған ақпаратқа сүйенсек, Олеся есімді әйелді 2024 жылдың желтоқсанында күйеуі ұрып-соғып, өміріне қауіп төндірген. Бірнеше күннен соң ол үйден қашып шығып, полицияға арыз жазған.

«Іс жарты жылға жуық уақыт қаралды. Бірақ сот процесуалдық бұзушылықтарды негізге алып, оны ақтап шығарды. Бұл жағдайға менің еш қатысым жоқ. Сонда адам өлтірсе де осындай себеппен босап кете ме?», — дейді жәбірленуші.

Олеся Павлодар облысындағы сот жүйесіне сенімсіздік білдіріп, мұндай шешімдердің салдарынан қазақ әйелдерінің қорғансыз күйде қалып жатқанын алға тартты. Қазір ол жеке қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізген.

«Сотта жеткілікті дәлелдер болды. Сот-медициналық сараптама қорытындысы, фото және видео материалдар ұсынылды. Соған қарамастан, осындай үкім шықты. Егер маған бірдеңе болса, оған кім жауап береді? Тергеуші ме, судья ма, әлде прокурор ма?», — деп ашына сөйледі ол.

Олеся соттағы процестік қателіктер кесірінен кінәлілердің жазадан құтылып кетуі — ел ішіндегі күрделі мәселе екенін айтты.

«Қазақстандағы әйелдердің жағдайына жаным ашиды. Мен сияқты жағдайға тап болған әйелдердің көбі әділдік таба алмай отыр. Себебі мұндай қылмыскерлер ақталып кетіп жатыр», — деді ол.

Ал Павлодар қаласының прокуратурасы бұл үкімге қатысты апелляциялық шағым әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Ведомство сот шешімін жою және айыпталушыны жауапқа тарту үшін қажетті шаралар қабылданатынын хабарлады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары