Әділдік – азаматтық қоғамның негізі

/
Әділдік – азаматтық қоғамның негізі
сурет: istockphoto.com

Қоғамның даму деңгейі заң мен құқық үстемдігімен, әділдікке деген сенімімен өлшенеді. Құқықтық тәртіп – тек мемлекеттік институттардың тиімді жұмысы ғана емес, әр азаматтың күнделікті өміріндегі қауіпсіздік пен сенімділіктің кепілі. Заң үстемдік құрмаған жерде, әділ шешімдерге арқа сүйемеген қоғамды әлеуметтік күйзеліс, кикілжің жайлайды. Сондықтан құқықтық тәртіп – тек құқық қорғау органдарына жүктелген міндет емес,  бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік, өркениетті ел болуға ұмтылған халықтың ішкі мәдениеті мен таңдауы.

Қоғамдық сенімге ие болу, әділетсіз­дікпен күресу және азаматтардың құқық­тарын нақты қорғау – бүгінгі мемлекеттік саясаттың өзегіне айналып келеді. Себебі қоғамда құқық пен тәртіп орнамайынша, тұрақты экономика да, әділ саяси жүйе де, берекелі қоғам да құрылмайды. 
Президент жанындағы Қазақстан стра­тегиялық зерттеулер институтының сарап­шы­сы Елнар Берікбаевтың айтуынша, Мем­лек­ет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамасымен қабылданған заңнама­лық өзгерістер – ел ішіндегі қауіпсіздікті күшей­тіп, азаматтардың өмір сүру құқығын нақты қорғауға бағытталған. Қолға алын­ған ре­фор­­малар да осы сұранысқа берілген стра­тегиялық жауап. Әйелдер мен бала­ларды зорлық-зомбылықтан қорғау, кибер­қылмыс­пен күрес, адам саудасына және есірткі биз­несіне қарсы заңдардың күш­еюі – құқықтық тәртіпті нығайтуға жасал­ған батыл қадам­дар. Сарапшы қоғамда құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеу қағи­дасының орныға баста­ғанын айтып 
өтті. 

Елнар Берікбаев,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ
Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы:

Азаматтарының қауіпсіздігін қорғай алмаған қоғамда бірлік пен даму болмайды

– Құқық пен тәртіп орнамаған елде тиім­ді экономика, тұрақты саяси жүйе және өркендеген қоғам құру мүмкін емес. Құқық үстемдік орнатса, қоғамда заң мен тәртіп қалыптасады, бұл – мемлекеттің бүкіл құрылымының негізі. Құқық үстемдігі қамтамасыз етілген мемлекетте бизнес, инвестициялар мен әлеуметтік институттар дамуға мүмкіндік алатын қауіпсіз және болжамды орта қалыптасады.
Экономикалық даму қауіпсіздікпен тығыз байланысты. Тұрақсыздық, қақ­ты­ғыс­тар мен зорлық-зомбылық адами капи­талдың жойылуына әкеліп, инвестициялық тартымдылықты төмендетеді, шығын мен сын-қатерді күшейтеді.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Өмір сүру, еркіндік, азаматтардың жеке шекарасының сақталуы – кез келген өр­ке-
н­иет­ті қоғамның іргетасы. Қоғам өз аза­маттарының қауіпсіздігін қорғай алма­са, онда бірлік пен даму болмайды.
Осы мақсатта Мемлекет басшысы аза­мат­тардың өмірі мен денсаулығын қорғау­ға бағытталған бірқатар маңызды заңдарға қол қойды. Бұл бастамалар азаматтың не­гіз­гі құқықтарын қорғауды, қылмыстың алдын алуды, киберқауіптермен күресуді және зардап шеккендерге заң көмегін күшей­туді қамтиды.
Кейінгі кезде әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық фактілерінің жиілеуіне байланысты 2024 жылғы 15 сәуірде Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық акті­леріне әйелдердің құқықтары мен бала­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Заңның негізгі бағыттары: Орташа және ауыр дене жарақатын әдейі келтіргені үшін жауапкершілікті күшейту; Отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы қызмет көрсететін байланыс орталықтарын және отбасын қолдау орталықтарын құру; 16 жасқа толмағандарға қатысты жыныс­тық сипаттағы әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік белгілеу, суицидке итер­ме­леу мен оны насихаттауға тыйым салу; Кә­ме­летке толмағандарға қатысты буллинг пен кибербуллинг үшін әкімшілік жауап­кер­шілік енгізу.
«Адам саудасына қарсы іс-қимыл тура­лы» заң адам саудасының барлық түрлеріне – мәжбүрлі еңбекке, қайыр сұратуға, жы-
н­ыстық қанауға және ағзаларды заңсыз алуға – қатысты жауапкершілікті күшей­туді көздейді. Заңда:
Кәмелетке толмағандарды жыныстық қызметке тартқаны, жезөкшелікті жарна­ма­лағаны немесе притон ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарас­тырылған.
Ақпараттық технологияларды пайда­лану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін Ішкі істер министрлігі құ­ра­мын­да Киберқылмыстармен күрес де-
п­артаменті құрылды. Департаменттің мін­дет­тері: Киберқылмыстарды анықтау және тергеу; Телефон және интернет алаяқ­тық­тың жолын кесу; Қорғаныс технология­ларын әзірлеу және енгізу; Киберқылмысқа қарсы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Есірткіге қарсы күрес (2025 жылғы 
2 қаң­тар). «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне есірткі, пси­хо­троптық заттардың, сол тектестердің, пре­кур­сорлардың және күшті әсер ететін зат­тардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң келесі өзгерістер­ді қамтиды: Есірткі өндіру, өңдеу немесе лауазымды тұлғалар тарапынан жасалған жағдайда – 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостан­дығы­нан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы енгізілді. Есірткі жасырушы «зак­лад­чик­терге» алғаш рет ауырлататын мән-жайсыз жасаған қылмыс үшін 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазас­ы (бұрын 5-10 жыл) енгізілді. Бұл – олар­дың есірткіні тікелей өндірмегені және көбіне ұйымдас­тырушылардың ықпал­ында бол­ғаны еске­ріліп қабылданған шара. Алайда бұл қыл­мысты қайта жасаған­дарға жаза 
7 жыл­дан 12 жылға дейін күшейтіледі.
Кәмелетке толмағандарға, білім беру ұйымдарында немесе қылмыстық топ құра­мында есірткі таратқандар үшін – 15 жыл­дан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу қарастырылған.
Ең маңыздысы – қоғам санасының өзгеруі. Қоғам отбасылық зорлық-зом­былыққа, буллинг пен нашақорлыққа, жал­пы құқық бұзуға мүлдем төзбеу қағи­дасын қабылдай бастады. Бұл – еліміздің құқықтық мәдениетінің сапасы жаңа деңгейге көтеріл­генін білдіреді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары