Биыл елімізде туризм саласына бұрын-соңды болмаған көлемде қаражат бөлінді. Мемлекеттік бюджеттен 141 млрд теңге қарастырылып, тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеге жеткен. Бірақ әзірге салада түйткіл көп, сәйкесінше шағым да, сын да саябырламай тұр. Соның ішінде ең өзекті проблемалар инфрақұрылым, қызмет сапасы сияқты аса маңызды бағыттардан туындап отыр.
10 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтан түскен көптеген шағымды ескеріп, Алакөл көлінің айналасындағы туристік аймақтың ахуалына байланысты Үкіметке сын айтты. Себеп көп: Алакөлде туристік инфрақұрылым мен сапалы қызмет көрсету жағы ақсап тұр, оған қоса демалушылардың қауіпсіздігі де қажет деңгейде қорғалмаған. Салдары да көзге анық көрінеді. Осыған байланысты Президент Үкіметке еліміздегі барлық туристік аймақтарды жедел ретке келтіру үшін нақты тапсырма берді. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың салғырт қарағаны үшін жауапкершілік қарастырылатыны ескертілген бола-
тын.
Өкінішке қарай, мұндай олқылықтар тек Алакөлде емес, көптеген демалыс аймағында байқалып отыр. Жақында ғана Шардара су қоймасындағы жағажай аумағының санитарлық жағдайы әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызған еді.
Заңға өзгеріс енгізіледі
Сын айтылған соң Үкімет шұғыл қимылдап, мәселелерді реттеу үшін жиын өткізді. Өткен аптада Премьер-Министр Олжас Бектенов жауапты министрліктер мен әкімдіктерге туризмді дамыту бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев еліміздің негізгі туристік аймақтарын аралауға шықты. Алдымен, Алакөл аумағына барып, ахуалды бағамдады.
Ермек Көшербаевтың айтуынша, барлық туристік бағыттарда сапалы инфрақұрылым болуға тиіс.
– Мақсат – уақытша шешімдер емес, тұрақты, қауіпсіз және ыңғайлы де-
малысқа жағдай жасау. Туризм ел азаматтарына жайлы, ал өңірлерге экономикалық серпін әкелуі керек, – деді ол.
Тексеру нәтижелері туристік аймақтардағы проблемалар ортақ екенін көрсеткен: қоқыс жәшіктерінің жетіс-пеуі, бейберекет сауда, санитарлық тораптардың болмауы, нашар байланыс, заңсыз құрылыстар мен судағы қауіпсіздік шараларының толық сақталмауы. Осыған байланысты туристік аймақ-тарды жоспарлаудың жаңа стандарттары енгізіліп, әкімдіктер мен бақылаушы органдар арасындағы өзара байланыс күшейтілмек. Мұны Үкімет тікелей бақылауға алады.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та Абай және Жетісу облыстарындағы Алакөл жағалауына барып, бірқатар кемшілікті анықтаған: жуынатын орын, дәретхана, қоқыс контейнерлері, құтқару мұнаралары, ақпараттық тақталар мен жол көрсеткіштер жоқ. Сонымен қатар су көліктері дұрыс бақыланбайды, жағажай қауіпсіздігі талапқа сай емес. Министрлік осы мәселелер бойынша «Туристік қызмет туралы» заңға өзгерістер әзірлеп жатқынын мәлімдеді.
Бақылау мен бағалау жетіспейді
Туризм – ел ішіндегі қызмет сапасын, адами капиталды, жергілікті кәсіпкерлікті және мәдениетті дамыту тетігі. Бірақ қазіргі қаржыландыру мен жобалардың басым бөлігі имиджге, сыртқы әсерге бағытталғандай әсер қалдырады. Туристік аймақтар осынша пайда әкеледі, мынанша салық түсіреді деген уәде айтылғанмен, оның қаншалықты халыққа, әсіресе қарапайым азаматқа қолжетімді болары белгісіз. Мәселен, Ақтаудағы «Жылы жағажай» жобасы 137,4 млрд теңгеге бағаланған. Бұл – бүкіл облысты кей қажеттілік_термен қамтамасыз етуге кететін қаражаттан асып түсетін сома.
Туризмге бөлінген субсидиялардың да тиімділігі мен қалай қадағаланып жатқаны күмән тудырады. Мысалы, Kids Go Free жобасы балалардың демалысын ынталандырады делінеді, бірақ ол қызмет тек отбасылық турпакетпен саяхаттағандарға ғана арналған. Оны пайдалана алатындар саны шектеулі. Ал әр шетелдік туристке 15 000 теңге төлеу тәжірибесі шын мәнінде елге турист тартуға ықпал ете ме? Әлде, тек қағаз жүзіндегі статистиканы көбейте ме? Бұл сұрақтарға жауап жоқ.
Одан бөлек, әлеуметтік желілерде тәртіп сақшыларының ақша талап еткені туралы айтқан көрші елден келген туристердің шағымдары да тараған болатын.
Тағы бір мәселе – аймақтарға бірдей көңіл бөлініп отырған жоқ. Туризмге бөлінген миллиардтардың басым бөлігі Алматы, Астана және Маңғыстау сияқты орталықтарға қарастырылады. Ал Солтүстік Қазақстан, Батыс өңірлер немесе Жетісу облыстарында нақты серпіліс байқалмайды.
Жеке инвестицияларға келсек, Kazakh Tourism мәліметінше, жобалардың 90 пайызын отандық инвесторлар іске асырады. 2025 жылдың алғашқы 5 айында туризмге 300 млрд теңгеден астам қаржы (576,9 млн доллар) тартылды. Бірақ сол жобалар қандай әлеуметтік міндеттемелер алады? Олар қызметкерлерге лайық жалақы төлей ме? Сумен, электрмен, жермен қамтамасыз ету кезінде жеңілдіктер алып отырған кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілік жүгін қаншалықты арқалап отыр? Бұл сұрақтарға да жауап табу қиын.
Экоблогер әрі саяхатшы Базарбек Қамысбаевтың айтуынша, ел ішінде саяхатқа қызығушылық артқанына қарамастан, инфрақұрылым мен жол мәселесі әлі де басты кедергілердің бірі. Туристік аймақтарда тазалық пен тәртіптің сақталмауы, жергілікті биліктің саланы табыс көзі ретінде көрмеуі туризмнің өркендеуіне тосқауыл болып отыр. Спикер ішкі туризмді дамыту үшін аймақтар арасында бәсеке туғызып, туристік мәдениетті қалыптастыру қажет дейді.
Базарбек Қамысбаев,
саяхатшы, экоблогер:
Өңірлер туризмнің табыс көзі екенін толық түсініп
отырған жоқ
– Қазір Қазақстанда ішкі туризмнің дамуы оң бағытта деп айтуға болады. Кейінгі жылдары күнделікті және қысқамерзімді турлар ұсынатын компаниялардың саны артты, әрі халықтың сұранысы да өсті. Демалушылардың көбеюіне, бір жағынан, пандемия да әсер етті – шекаралар жабық кезде адамдар ел ішіндегі көрікті жерлерге баруға мәжбүр болды. Мысалы, сол кезеңде Көбейтұзға, Бурабайға халық жаппай ағылды. Осы үрдіс әлі де жалғасып жатыр.
Алайда шешімін таппаған мәселелер де бар. Ең үлкен кедергі – жол мен инфрақұрылым. Қазақстанда тамаша табиғи аймақтар жетерлік, бірақ оларға апаратын жолдардың сапасы төмен. Мысалы, Катонқарағайға бір барған турист қайта барғысы келмеуі мүмкін – жолдың нашарлығы себеп. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін жолдарды жөндеп, жол бойындағы инфрақұры-
лымды жақсарту қажет.
Өңірлер туризмнің табыс көзі екенін толық түсініп отырған жоқ. Әр аймақ өзінің табиғи нысандарын жарнамалап, туристерді тарту үшін бір-бірімен бәсекелес болуға тиіс. Мысалы, Ақтаудағы Бозжыра мен Ақтөбедегі Ақтолағай – екеуі де тартымды жерлер. Бірақ турист қайсысын таңдайды? Қай жерде жағдай жақсы жа-
салған? Қайсысының жарнамасы көбірек? Осы сұрақтарға жауап беру арқылы өңірлік туризмді дамытуға болады.
Тағы бір маңызды мәселе – тазалық. Ұлттық парктер мен демалыс орындарында қоқысты сұрыптау, жинау жүйесі жолға қойылмаған. Мұндай әрекеттерге заңмен немесе жергілікті әкімшілік деңгейінде тыйым салынуға тиіс.
Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Мысалы, Kazakh Tourism компаниясы іске асырған Kids go free бағдарламасы арқылы ел ішінде саяхаттаған отбасылардың балалары тегін ұша алады. Сондай-ақ туристік орындар мен жол бойына санитарлық-гигиеналық тораптар орнатқан кәсіпкерлерге 83 мың теңге көлемінде субсидия қарастырылған. Мұндай бағдарламалар көбейе беруге тиіс.
Сонымен қатар өз туристік мәдениетімізді қалыптастыруымыз қажет. Табиғатты аялау, жауапкершілікпен қарау – осы саланың тұрақты дамуына негіз болады. Туризм тек шетелге бару емес: көрші ауылға сапар шексеңіз де, бұл– ішкі туризмнің бір бөлігі. Сондықтан өз еліміздің байлығы мен көрікті жерлерін насихаттауымыз керек
Туризм – әлеуеті зор сала, алайда сол мүмкіндікті толық пайдалану үшін түбегейлі өзгеріс қажет. Өңірлер туризмді тек қосымша сала ретінде емес, табыс көзі, өңірлік бренд қалыптастыратын құрал ретінде қабылдаса, сектордың тиімділігі еселене түсуі мүмкін. Ол үшін әр аймақ өз ерекшелігін тиімді таныстырып, өз алдына жұмыс істеп, турист тартуға мүдделі болуы керек.