Өткен жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқықтық тәртіп, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне айрықша назар аударылды. «Бұқаралық спортты дамытуға көбірек көңіл бөлу қажет. Мұнсыз салауатты жастарды тәрбиелеу және бүкіл халықтың денсаулығын нығайту мақсатына қол жеткізу мүмкін емес», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің деректеріне сүйенсек, бүгінде елімізде 8 миллионға жуық адам немесе халықтың 40%-дан астамы спортпен айналысады. Бұл – оң көрсеткіш. Алайда министрлік бұл көрсеткішті 50%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр, яғни спортпен айналысатын халық санын 10 миллионға жеткізу міндеті қойылған.
Министрлік бұл мақсатқа жету үшін халықтың өзіндік мүддесі жоғары болуы керек екенін атап өтеді. Себебі спорттағы жетістік – тек медаль мен марапат емес, ең алдымен адамның өзіне, денсаулығына, тәртібіне деген жауапкершілігі. Бұқаралық спорт – адамның күнделікті өмірінде тұрақты серігіне айналуға тиіс. Қазақстанда салауатты өмір салтын қалыптастыру мен бұқаралық спортты дамытуға бағытталған нақты жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде халыққа тікелей әсер етіп жатқан тиімді әрі қолжетімді бастаманың бірі – «Қолжетімді спорт» жобасы.
БАҚ-та жарияланған деректерге сүйенсек, еліміздің көптеген өңірінде іске асып жатқан бұл бағдарлама спорт әуесқойларына ашық аспан астында тегін жаттығу жасауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, скандинавиялық әдіс бойынша серуендеу, жүгіру, гимнастика, йога, фитнес, стрит-воркаут, үстел теннисі, қыс мезгілінде шаңғы және конькимен сырғанау сынды бағыттар бойынша жаттығулар ұйымдастырылып жүр. Ең бастысы – бұл қызметтердің барлығы тегін, әрі кез келген адам қатыса алады.
Мәселенің мәнісі
Ресми есептерге қарамастан, ел спортының ең үлкен көрсеткіші саналатын Олимпиада ойындарындағы нәтижелер көңіл көншітпейді. 2020 жылы Токиода, 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойында-
рында Қазақстан құрамасы бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлсіз нәтиже көрсетті. Халықаралық спорт аренасындағы бәсекеге қабілеттілігіміздің төмендеуі – қоғамда орынды сын тудырып отыр. Қаржы бар, қолдау бар, алайда нәтиже жоқ. Бұл – жай сәйкестік емес, терең талдауды қажет ететін жүйелік мәселе. Зерттеу мәліметтері бойынша, Қазақстан жоғары нәтижелі спорт түрлеріне бөлінетін қаржы көлемі жағынан Орталық Азия елдерінен ғана емес, Канада, Нидерланд, Норвегия секілді дамыған мемлекеттерден де асып түседі. Алайда соған қарамастан, еліміздің спортшылары Олимпиадаларда жоғары орындарға қол жеткізе алмай келеді. Мәселенің бір ұшы – қаржының тиімді игерілмеуі мен жүйелі сыбайлас жемқорлықта жатыр. Қаражатты басқарудағы ашықтықтың болмауы, спорт саласындағы жоспарлау мен мониторингтің әлсіздігі ел спортының деңгейін төмендетіп отырған басты себептердің бірі ретінде көрсетілуде. Ең алаңдатарлық жайт – бұқаралық спортқа бөлінетін қаржының мардымсыздығы. Ресми деректерге сүйенсек, 340 миллиард теңге көлеміндегі жалпы спорт бюджетін тек 35 миллиарды ғана бұқаралық спортқа бағытталған. Яғни, бұл – тоғыз есе аз көрсеткіш. Салыстырмалы түрде қарасақ, Нидерланд секілді елдерде бұқаралық спорт – жоғары нәтижелі спорттың негізі саналады. Ол елде спортпен шұғылданатын халықтың үлесі 75 пайызға жуық. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 40 пайыздың төңірегінде. Жоғары жетістікке жеткен елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, алдымен бұқаралық спортты дамыту қажет. Өйткені чемпиондар – спорт сарайларында емес, аулада ойнап, көше жаттығу алаңдарында шыныққан балалардың арасынан шығады. Егер халық спортпен жаппай айналыспаса, ұлттық құраманың сапасы да жақсармайды.
Мамандардың айтуынша, бұқаралық спорттың әлі тиісті деңгейде дамымауының негізгі себебі – спорттық инфрақұрылымның жетіспеушілігі немесе тозуы, жоғары урбандалу деңгейі. Оның салдарынан ауылдағы жас тұрғындар саны азаяды, кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі туындайды, бұл, өз кезегінде, халыққа көрсетілетін спортқа қатысты қызметтердің саны мен сапасына теріс әсер етеді. Бұқаралық спортты халық арасында танымал ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, халықтың көп бөлігі әртүрлі факторларға байланысты дене шынықтырумен және спортпен қамтылмаған күйінде қалып отыр.
Қазақстанның 2023-2029 жылдарға арналған дене шынықтыру және спортты дамыту тұжырымдамасы бұқаралық спортты қолдау мен инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған маңызды құжат болып есептеледі. Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің талдауына сүйенсек, бұл құжаттың кейбір көрсеткіштері нақты нәтижеден гөрі формализмге құрылған. Сонымен қатар спорт инфрақұрылымының жетіспеушілігі мен қаржының тиімсіз жұмсалуы ұлттық спорттың дамуына айтарлықтай кедергі келтіруде. Тұжырымдамада белгіленгендей, жергілікті әкімдіктер жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізуге тиіс. Бұл – орта есеппен күніне үш іс-шарадан келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік сарапшылары бұл көрсеткіштің шынайы жағдайға сәйкес келмейтінін асыра сілтелген жоспарлар екенін атап өтуде. Мұндай көрсеткіштерді орындау үшін нақты сапа емес, есеп беру үшін іс-шаралар өткізілетіні алаңдатады.
Агенттік дерегіне сәйкес, елімізде заманауи спорт нысандарының жетіспеушілігі, әсіресе өңірлерде, спортшылардың дайындық сапасын едәуір шектейді. Жүзу бассейндері, жабық спорт кешендері, жаяу жүргінші жолдары мен веложолдар – бәрі де жеткіліксіз. Астана, Алматы, Түркістан және Алматы облыстары инфрақұрылым тапшылығы бойынша алдыңғы қатарда тұр. Бұл көрсеткіш спортпен айналысқысы келетін халықтың сұранысын толық қанағаттандырмай отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әсіресе легионерлерге бөлінетін қаржы кө-
леміне алаңдаушылық білдіріп отыр. Мысалы, еліміздегі ең қымбат футбол клубтарының бірі – «Астана» футбол клубының өзіне тиесілі футбол академиясы да, тұрақты инфрақұрылымы да жоқ. Соған қарамастан, клуб алты жылда 1,4 миллиард теңгені тек алаңдар мен үй-жайларды жалға алуға жұмсаған. Бұл ретте жас футболшыларды дайындау, инфрақұрылым салу немесе академия ашу жұмыстары ескерусіз қалып отыр. Агенттік жоғары нәтижелі спорт саласындағы ашықтықтың жоқтығына да назар аударады. Халықаралық жарыстарға қатысатын спортшылар ашық іріктеу арқылы емес, жабық түрде таңдалады. Бұл – әділ бәсекелестікке кедергі келтіреді және спортқа деген сенімді төмендетеді. Сонымен қатар процестерді цифрландырудың болмауы – басқарудағы басты кемшіліктердің бірі.
Балалар спорты – басты назарда
Мемлекет басшысы IV Ұлттық құрылтайда бұқаралық спортты, оның ішінде балалар футболын дамытуға ерекше назар аударды. Яғни, жеке кәсіпкерлерді балалар клубын қаржыландыруға шақыра отырып, жекеменшік клубтарды көбейту керек деген ұсыныс айтты. «Әрбір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс. Бұл – алдағы екі жылдың міндеті. Оның орындалуын тексереміз. Елімізде футболды дамытуға баса мән беру керек деп санаймын. Сонда ғана біз бүкіл әлемге танымал әрі әлеуметтік, бұқаралық спорт саналатын осы ойынды жаңа деңгейге көтере аламыз. Балаларды, жасөспірімдерді футболға қызықтыру арқылы лудомания, нашақорлық мәселесін біршама шешуге болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде. Осы ретте Алматы қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол секциясын ашқан, Arlandar-Almaty футбол клубының жетекшісі Әлібек Шахбатыровты әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы осы клубтың франшизасын алып, Алматыда футбол клубын ашуға септігін тигізген. «Бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттің басты саясаты болуы қажет. Мұны Президентіміз де айтып келеді. Себебі бүгінде ата-аналар тарапынан «балаларымыз планшет пен смартфонға үйір болып кетті» деген сөздерді жиі естиміз. Ал спорт баланы тек смартфондағы пайдасыз видеолардан алшақтатып қана қоймай, денінің сау болып жетілуіне, сапалы адам болып өсуіне септігін тигізеді. Осыны ескере отырып, досым Асхат екеуміз футбол клубын аштық. Біз футбол клубымызда балаларды португалиялық әдіс
бойынша үйретіп жатырмыз. Әйтсе де, мәселелер де жоқ емес. Мәселен, стадиондарды жалға алу қиындықты тудырады. Алматыда стадиондар біршама бар дегенмен олар көбіне бос болмай жатады. Ал біз күніне екі рет жалдаймыз. Жалдау құны сағатына 15 мың теңге. Сонда біз күн сайын стадионды жалдау үшін 30 мың теңге жұмсаймыз. Таңғы секцияға 30 бала, кешкі жаттығуға 30 бала, барлығы 60 балаға футбол секциясын үйретеміз. Егер мемлекет тарапынан осындай біз секілді жаңа бастап келе жатқан кәсіпкерлерге қолдау білдірсе, біз секілді балаларды бұқаралық спортқа бейімдейтін жастар көп болар еді деген ойдамын», – дейді ол.
Иә, бүгінде футбол – елдегі ең көп қатысушысы бар спорт түрі: 1 113 000 адам. Артынша волейбол (767 000), баскетбол (540 000) және футзал (368 000) келеді. Бұл – командалық ойындардың бұқаралық спорттағы әлеуетінің зор екенін көрсетеді.
Бұқаралық спорттың
әлемдегі орны
Дамыған мемлекеттерде бұқаралық спортқа айрықша көңіл бөлінеді. Мәселен, Финляндия халқының 70 пайызы апта сайын спортпен шұғылданады. Ал Жапонияда мектеп оқушыларының 90 пайызы қандай да бір спорт секциясына барады. Норвегияда спорт тек кәсіби бағыт емес, күнделікті өмір салтына айналған. Қазіргі заманда дене шынықтыру мен спортты дамыту тек инфрақұрылым мен қаржыландыруға ғана емес, ақпараттық қамтамасыз етуге де тікелей байланысты. Жетекші мемлекеттердің тәжірибесі спорт саласында жүйелі ақпарат тарату мен ғылыми ресурстарды қолдану қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетіп отыр. Бұл – тек хабар тарату емес, ұлттың спорттық мәдениетін қалыптастырудың маңызды құралы. АҚШ-тың дене шынықтыру мен спорт саласындағы ақпараттық қамту тәжірибесі – әлем елдері үшін үлгі боларлық деңгейде. Жыл сайын елде 1 500-ден астам спортқа арналған кітап, 300-ден аса журнал жарық көреді. Бұл – спорт тақырыбының ғылыми және танымдық тұрғыда терең зерделеніп, халыққа қолжетімді екенінің көрінісі. Сонымен қатар ABC, NBC, CBS сияқты ұлттық телеарналар жылына 1 500 сағатқа жуық спорттық контент таратады. Intimenet and Sports Programming Network секілді тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы спорттық арналар жылына 16 мың сағаттан астам уақытты спортқа арнап отыр. Мұндай көлемдегі ақпараттық қолдау тек спортшыларды ғана емес, бүкіл халықты ынталандырып, салауатты өмір салтына бағыттайды.
Ал Германияда бұқаралық спорт тек спорт ұйымдарының ғана емес, мемлекеттік құрылымдардың да басты назарында. Әсіресе, елдің Отбасы, қарттар, әйелдер және жастар істері жөніндегі министрлігі дене белсенділігін бүкіл қоғамға қолжетімді ету бағытында нақты әрі нәтижелі жобалар жүзеге асырып отыр. Министрлік іске асырған бастамалардың бірі – «Қарттар қызме-
тінде қозғалыс, ойын және спорт» жобасы. Бұл бағдарлама қарттар мен түрлі жас топтарының өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік белсенділігін қолдауға, денсаулығын нығайтуға бағытталған. Жобаның ерекшелігі – тек жаттығу ұйымдастыру емес, сонымен қатар арнайы іс-шараларды іріктеу, марапаттау, ынталандыру жүйесін енгізуінде. Бұл бастамалар тек идея деңгейінде қалмай, қомақты мемлекеттік қолдауға ие. Мысалы, бір ғана жоба үшін 40 000 неміс маркасы бөлінген. Мұндай қолдау – спортты халықтың әр тобына жақындатудың нақты жолы. Мемлекеттік жобалармен қатар, Германияның спорт қауымдастығы да бұқаралық спортты дамытуда белсенді рөл атқарады. Ел көлемінде өткізілетін «Шыңдал», «Спорт баршаға», «Бірлестікте спортпен айналысқан дұрыс» сынды ауқымды қозғалыстар мен марафондар – дене белсенділігі мен спорттық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған. Сонымен қатар жүгіру, жүзу, велоспорт, шаңғы тебу, жаяу серуендеу сияқты бағыттарда тұрақты жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Бұл іс-шаралар тек кәсіби спортшыларға емес, барлық ниет білдірушілерге ашық, яғни инклюзивтілік пен қолжетімділік қағидаттарын ұстанады.
Финляндияда спорт тек физикалық жаттығу емес, сонымен қатар ғылыми бағыт ретінде қарастырылады. Елде спорттық ғылыммен айналысатын ұйымдарға мемлекеттік қаржыландыру тікелей жүргізіледі және бұл құқық заңмен бекітілген. Сонымен қатар мамандарды даярлау жүйесінде ғылыми зерттеулерге кемінде 20 пайыз уақыт бөлінеді. Бұл – спортты ғылыми негізде дамытуға деген жоғары жауапкершіліктің дәлелі. Мемлекет меншік түріне қарамастан, барлық ғылыми зерттеу жүргізетін спорт ұйымдарына қолдау көрсетеді. Францияда спортты насихаттау үшін ұлттық телеарналар жыл сайын 1,3 миллиард франк көлемінде қаржы бөледі. Бұл қаражат спорттық бағдарламалар түсіруге, жарыстарды тікелей эфирде таратуға, спортшылардың жетістігін көпшілікке көрсетуге бағытталған. Ақпараттық кеңістікте спорттың үнемі көрініс табуы – қоғамның спортқа деген қызығушылығын арттырып, бұқаралық деңгейде қатысуға ынталандырады.
АҚШ, Германия, Жапония, Канада, Аустралия және Еуропаның басқа да дамыған елдерінде спортпен тұрақты түрде шұғылданатын халықтың үлесі 60 авйызға жуықтайды. Бұл – әрбір екінші азаматтың салауатты өмір салтын ұстанатынын білдіреді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 40 пайыздан сәл ғана асады. Яғни, алдыңғы қатарлы елдерде бұқаралық спорт азаматтардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналса, бізде бұл бағыт әлі де қосымша ынталандыруды талап етеді.
Жаһандық тенденциялар көрсетіп отырғандай, бұқаралық спортты дамытудың болашағы – оны барлық тұрғындарға қолжетімді ету, өмір сапасын арттыруға қызмет ететін құралға айналдыру. Қазақстан да осы бағытта даму үстінде. Алайда көрсеткіштер мен халықаралық стандарттарды салыстыра отырып, әлі де жүйелі, кешенді шаралар қабылдау қажеттілігі анық байқалады. Иә, бұқаралық спорттың дамуы тек жаттығу залдарын көбейту мен секция ашумен шектелмейді. Бұл – мәдениет, ғылым, ақпарат және мемлекеттік саясат үйлесім тапқан жағдайда ғана жоғары нәтижеге қол жеткізетін сала. Еліміз де осы тәжірибелерден үлгі ала отырып, бұқаралық спортты дені сау, белсенді қоғам қалыптастырудың стратегиялық құралына айналдыра алады.
Бұқаралық спортты дамыту – ұлт саулығы мен ел болашағының кепілі. Қолжетімді инфрақұрылым, қолайлы жағдай мен заңнамалық қолдау – осы бағыттағы оң өзгерістердің бастауы. Алдағы жылдары бұл жұмыстар ауқымын кеңейтіп, ауыл-аймақтар мен шалғай өңірлерді де қамтитынына сенім мол. Салауатты ұлт – табысты елдің тірегі екенін ұмытпаған жөн.
Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дене шынықтыру және спортты дамытудың тұжырымдамасы аясында ел халқының кемінде 50 пайызы спортпен тұрақты түрде шұғылдануға тиіс. Бұл стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін республика көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жергілікті және орталық деңгейде қабылданып жатқан бағдарламалар азаматтардың спортпен шұғылдануына кеңінен жол ашуда. «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға енгізілген соңғы өзгерістер халыққа спорт инфрақұрылымын қолжетімді етуге баса назар аударуды көздейді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде қазір 13 мыңнан астам спорт нысаны тіркелген. Оның 6 мыңнан астамы бұқара халық үшін тегін немесе жеңілдетілген негізде қызмет көрсетеді. Бұл – денсаулықты нығайтып, өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам. Еліміздің ірі қалаларында – Алматы, Астана, Шымкентте бұқаралық спорт инфрақұрылымы ерекше қарқынмен дамып келеді. Ашық спорт алаңдары, фитнес-парктер, жүгіру жолақтары мен стрит-воркаут орындары қала тұрғындары үшін салауатты өмір салтын ұстануға ыңғайлы жағдай туғызуда. Мысалы, Алматы қаласы әкімдігінің дерегі бойынша, соңғы екі жылда қалада 500-ден астам ашық спорт алаңы салынған. Бұл алаңдарда тұрғындар футбол, стритбол, воркаут, жеңіл атлетика сынды спорт түрлерімен тегін айналыса алады. Мұндай жобалар азаматтардың белсенділігін арттырып, қала мәдениетінде спортқа деген қызығушылықты өсіріп отыр.
Наурызбек САРША