«Сәйгүлік» сахналанды

«Сәйгүлік» сахналанды

Биыл қазақ бард поэзиясының жарық жұлдызына айналған Табылды Досымовтың 60 жылдық мерейтойы. Осыған орай Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры көрерменге тағылымы мол «Сәйгүлік» атты музыкалық драмасын ұсынды. 

Қойылымның авторы – жас драматург Қазыбек Аманжол, режиссері – талантты Әли Бидахмет, ал басты рөлді сахнаға алып шыққан актер Ақжол Амантай. Бұл спектакльді дайындау барысында драма­тург пен режиссер ақынның туған жеріне бірге барған. Арнайы зерттеу жүргізген. Алдымен Махамбет атындағы театрда қойыл­ған Табылды туралы басқа спек­такль­мен танысып, кейін ақынның туған жері – Индер ауданына барып, ол туралы тың деректер жинаған. Танымал бард ақынның атын өшірмей, аялап, шығар­масын дәріптеп, «Аспанға қол созған қыр баласының» мұрасын халықпен қауыш­тырып жүрген Табылды Досымов атын­дағы республикалық қордың директоры, ақын Бижан Қалмағамбетов бұл туралы былай дейді. 
«Маған жас жігіттер хабарласып, Та­был­ды Досымов жайында әңгімелеспек болғанын жеткізді. Туған жеріне шақыр­дым. Әнші, композитор, ақын Орал Бай­сеңгір екеуміз олармен жолығып, ойлар­ын тыңдадық. Олар Табылдының шығар­ма­шылығына арналған спектакль қоймақ екендерін жеткізді. Біз ақыл-кеңесімізді айтып, ағалық батамызды бердік», – дейді ақынның өнерін насихаттап жүрген Бижан Қуанышкерейұлы. Сценарий авторы Қазыбек Аманжол ақынның жақын-жуығымен тілдесіп, жазған дайын сценарийді Табылды марқұмның ұлы Абыл ініміз оқып, ризашылығын жет­кізіпті.
 – Табылды ағамыздың басына барып, Құран бағыштадық, ұлы Абылмен кездес­іп, рұқсатын алдық. Табылды атындағы қорда біз білмейтін көптеген дерек, қол­жазба, ән таспалары сақталған екен. Көзі тірісінде бірге жүрген адамдармен сөй­ле­сіп, естеліктер жинадық. Соның барлығы осы туындының негізіне айналды. Кейін режиссер екеуміз бірге қарап шықтық. Солай мамыр айынан бастап қойылым­ның оқылымына кірістік. Кейін Табылды­ның ұлы Абылдың өзі келіп, сценарийді оқыды. Пьеса оған қатты ұнады. Шығарма жазылмай тұрып айтқан өзінің ойлары да болатын. Сонымен санасып, кейіпкері­міздің барлық жақынымен келісіп, көр­кем­дік қойылым дайындап шығардық. Спектакльде біз көбіне оның студенттік, жастық шағын сахналадық. Өлеңдері қалай, қай уақытта шықты? Табылды аға­мыз Желтоқсан көтерілісіне де қатысқан және Алматыдағы басынан кешкен оқиға­лары қамтылады, – дейді Қазыбек Аманжол.
Иә «Сәйгүлік» – өмірі де, шығарма­шылығы да аңызға айналған ақынның тағдыр жолын көркем тілмен өрнектеген қойылым. Музыка мен поэзия үндесе отырып, еркін рухты, адал махаббатты, шынайы өнерді дәріптеген қойылымның режиссері Әли Бидахметтің айтуы бойын­ша, ақын шығармашылығымен бертінде танысқан екен.
«Ақынның шығармашылығымен төрт-­бес жылдың бедерінде таныстым. Атақты «Сәйгүлік» әнін тыңдап қайран қал­дым. Өзіме Высоцкий қатты ұнаушы еді. «Сол секілді қазақта ақын бар ма екен» деп жүргенде алдымнан Табылды Досы­мов шықты ғой. Сол кезде ақынның шы­ғар­машылығына арналған қойылым қойсам ғой деген ой пайда болды. 2025 жылға жоспар беру керек болған кезде жоспарға енгізіп жібердім. Бірақ ол кезде ақынның шыққан әндерінен басқа еш хабарым жоқ еді.  Зерттей келе ақынның шы­ғармашылығын екіге бөлдік. Лири­калық жырлар – «Желтоқсанға» дейін, бард­тық жырлар – «Желтоқсаннан» кейін деген. Өмірін терең зерттеп, жас кезіндегі кейбір сәттерін эпизодқа қостық. Әйтсе де, көркемдік тәсілмен ойдан шығарылған оқиғалар да болды. Бір жылға созылған зерттеуіміз, жарты жылға созылған шы­ғар­маны жазу жұмысымыз, екі айға созыл­ған дайындық барысы – кешегі теа­тр­да көрініс тапты деп ойлаймын. Ел өте жоғары бағалады», – дейді режис-
сер. 
 Иә «Сәйгүлік» – көркемдік деңгейі жоғары, поэзия мен драмада үндестік тапқан ерекше қойылым болды. Осы ретте Табылды ақынның «төлқұжатына» айналған «Сәйгүлік» әнінің сөзін жазған ақын Светқали Нұржанды да ерекше атап өткеніміз жөн. Сәйгүлік – «Арманнан да әппақ» – таза, асқақ идеяның, еркіндіктің символы. Бұл туынды – қазақ поэзия­сындағы еркін рухтың көркем куәсі. Осынау ғажап жыр Табылды ақынның шығармашылығының шыңына айналға­нын атап өтпеске болмас.
Бұл қойылымда Табылдының терең лирикасы, азаматтық үнi мен азат рухы сахнада тіріліп, көрермен жүрегіне жол таба білді. Табылды Досымовтың екпінді, рухты, отты бола тұра астарынан нәзік сезім мен мөлдір мұң төгіліп тұратын өлең­дері арқылы ақынның тұлғалық болмысын, азаматтық ұстанымын, шы­ғар­машылық биігін көрсете алды. Иә, 45 жасында «ұйықтап кетіп, оянбай қалған» айбынды ақын тірі болғанда 15 шілдеде 60-қа толар еді. Өмірден өткеніне де 15 жыл болыпты. Қойылымда жас журналист ақын Табылдыға «Арманыңыз не?» деп сұрақ қойғанда «Арманым, ел-елде шы­ғар­машылық кешімді қою» деп жауап береді. Ақынның өзі көре алмаса да, арма­нын орындаған жора-жолдастары мен өнер жанашырлары барда ақын мұрасы ешқашан өлмек емес.

Наурызбек БАҚЫТҰЛЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары