Өтіндей-ақ аюдың...

(Атырау экспедициясынан түйген ойлар)

Өтіндей-ақ аюдың...
2373

Қабаққа біткен қайыңның
Беріші еді, безі еді.
Өтіндей-ақ аюдың
Әкемнен қалған көз еді. 
(І. Жансүгіров)

Үзілмесін ұзан жырдың желісі


Атырау өңірі – ертеден жыр құндақтаған өңір. Ақ боз үйді салдырып, ортаға жыршы алдырып, түнді таң­ға ұрып жыр-терме айтқызатын осы бағзы әдемі дәс­түрдің нәтижесінде бұл жақта құлағын домбыра үні­мен, жыр мақамымен ашпаған жан бұрын әй бол­маған-ау! Ашқанда да төгілтіп, екпіндетіп, түйдек-түй­дегімен делебені қоздыра айтатын батырлар жы­рымен ашқан. Оның ішінде қаһармандық эпос осы Ба­тыс Қазақстан өлкесінде өмірге келіп, тұсауы ке­сіл­ген. Атырау сол жыршылық өнер тараған аты­рап­тың арасынан орнын ойып тұрып алады. Облысқа шек­тес Ойыл, Ақтөбе жеріндегі атақты Үкі жыраудан бас­­тау алып, Мақуеттерге жалғасып, Нұрпейіс Бай­ға­нин­дерге шейін тарқатылып жеткен, Маңғыстау бет­тен, Абыл, Ақтан, Мұрын жыраулар арқылы тас­қын­дап келген атақты «Қырымның қырық батыры» цик­лының бағзы отаны, ондағы аламан кейіп­кер­лер­дің жасаған жері – Алтын Орда құрылған, Ноғай ұлы­сы, оның таяғын ұстап қалған атакүлдік Атырау. 
Сондықтан да бұл жерде Нұрым Шыршығұлұлы, Мұрат Мөңкеұлы тәрізді жадында миллион жыр шу­мағын еркін сақтаған ақтаңгер жыршы-жыраулар өт­кен. Осы өнердің жалғасындай Құмар Жүсіпов се­кілді күшті жыршылардың арқасында 1970-жыл­дарға шейін үзілмей келген еді. Енді не қалды екен, сол жүйріктердің орнында?
Бірден басын ашып айтайық, өңірде киелі жыр­шы­лық өнер үзілген екен. Елі­міздің өзге аймақ­та­ры­ның да шекесі бұл жа­ғынан шылқып тұрған жоқ (Сыр бойы­нан бас­қасы), десе де, экспедиция барысында өзі­­міз болған бес ауданнан жыр айтатын, терме ай­та­тын бірде-бір адам таппадық. Бала Ораз шық­қан Ма­хамбетте, Мақатта тіпті ауылдың ал­ты ауызын ай­татын жан баласын жолық­тыра алмадық. Қы­зыл­қоға ауданы Ойыл ауы­лында біз үйінде болған Айт­баев Досбай (75 жаста) қолына көптен қол тимей қаң­сып тұр­ған домбырасын алып, «Ақбөбек», «Жы­лы­ой» халық әндерін бастаған шақта жерден ж­еті қоян тапқандай қуандық.  Индерборда, аудандық газеттің бас ре­­дак­торы Жанай Амантурлиннің үйін­де біз тың­да­ған жергілікті әнші Еркін Әу­бәкіров дәстүр­лі әндерді де, қазіргі танымал ән­дерді де бір­дей айтатын танымал өнерпаз бо­лып шықты. 1963 жылы Батыс Қазақстан об­лысы Тайпақ ауданының Зауральный ауы­лын­да көпбалалы отбасында дүниеге келген. 1983 жылы М.Өтемісұлы атындағы мемле­кет­тік университетін «Дәстүрлі музыкалық өнер» фа­культеті бойынша бітірген. Қ.Бердіға­лиев­тің шәкірті. Ғ.Құрманғалиев, М.Мерәліұлы, М.Төрешев атындағы байқауларға қатысып, лау­реат, дипломат атанып жүр. «Қазақтың дәс­түрлі ән-күйлері» антологиясына енген туын­дыларды орындаушы ретінде «Жетісаз» бағдарламасында өнер көрсеткен.

Дауысы Қа­зақ радиосының «Алтын қорына» енген өнер­паз. 2002 жылдан бастап жұмыс бабымен Атырау облысында мәдениет саласында қыз­метте. Соның ішінде репертуарында өзіміз ын­та қойып тыңдаған белгілі жергілікті әнші, ақын Қиса Көпжановтың бірнеше әні бар. Ол Қисадан бірнеше ән орындап, бірқатар мәліметтер жеткізді. Сонымен қатар халық ән­дері «Әдемі қыз», «Ақжайық», «Ақеркені» шыр­қап, одан әрі кейінгі мелодист компо­зи­тор­лардың әндеріне көшті. «Көпшілік ортада дәс­түрлі әндер сұранысқа ие ме?» деген сұра­ғы­м­ызға «Қазір үлкендер ғана халық әндерін, тер­ме-жырларды орындауды сұрайды, соңғы уақытта денсаулығыма байланысты халық ән­дері, термелер көмейге салып айтыла­тын­дық­тан әзірге орындамай жүрмін, дегенмен оқуы мен дәстүрлі өнерді қатар алып жүрген шәкірттерім бар» деп жауап берді. 
Демек, Атырау өңірінде жыршы-жы­рау­лар өнері бағзыдағыдай ауыздықпен алысып тұр­маса да оның арқауын үзіп алмай, дамы­ту­ға, жастарды өнердің ежелгі халықтық тү­ріне баулуға мүмкіндік бар деген сөз. Ол үшін Атырау атырабындағы жыршылық-тер­ме­шілік өнерді жаңғырту, Атырау жеріндегі жыр­шылық-термешілік өнердің қазіргі жағ­дайын зерттеп, проблемаларын анықтап, перс­­пективаларын белгілеу, Атырау жыр­шылық-термешілік өнерінің толық тарихын жа­сап, ерекшеліктерін ашу, өлкедегі белгілі жыршылардың мұрасын жиыстыру, Ұлттық кітапханадағы грампластинкаларды, ҚР ҒА Қолжазба қорындағы қолжазбаларды, маг­нит­офон жазбаларын тауып, қалпына кел­тіріп, зерттеу және ғылыми айналымға қосу, Атырау жыршылық-термешілік өнерін об­лыс­тық, республикалық БАҚ арқылы наси­хат­тау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қа­жет. Сонда ғана жыршылық-термешілік өнер­ді қалпына келтіріп, дамытып, насихат­таудың осы замандық, интерактивті формала­рын талдап жасап, өрістетуге болады. Бұның әсері ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, өс­ке­лең ұрпақты ұлттық рух, салт-дәстүр, төл өнер аясында тәрбиелеуге, жастар мен бала­лар­дың санасын индустриялық қоғамның жат әсерлерінен аман сақтауға зор пайдасын тигізер еді. 

Жер атауы — ел тарихы


Біз экспедиция кезінде назар аударған екін­ші мәселе – жер-су аттары. Атырау аты­­­рабының топонимикасы жергілікті ға­лым­дар тарапынан бүгінге дейін біршама зерт­телген, осы тақырыпта том-том кітаптар шық­қан. 
Экспедиция барысында түйген ой, жер-су ат­тары атүсті зерттелгенімен, жете зерттелді деп айтуға әлі ерте екен. 
Осы ойымызды бірер мысалмен дә­лел­дейік. Жайықтың сол жағалауындағы елдің ор­тасын төрт жерден айыра ағып жатқан Жем, Қайнар, Сағыз және Ойыл дейтін қа­сиет­ті өзендер бар. Сол Жемнің түстік бетін­де, Жылыой ауданының Ақкиізтоғай ауы­лы­мен Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылы ара­лығындағы кең алқапта шығыстан батыс­қа қарай ұзына бойы созылған тау тізбегін ар­найы барып араладық. Қырқа шығысында атақ­ты Иманқара, Қойқара биігінен бастау алып, одан әрі ақборлы қыратқа дейін келеді де, одан әрі Сарнияздың жалы делінетін қара­жон-жоталарға ұласып, Жемге алты-жеті шақырым жетпей аяқталады. Әлгі ақборлы қыр­қа бүгінге дейін «Ақкегеріш», «Досының ағы» деген екі түрлі атпен аталып келеді. Ақ­бор­тауға кіреберіс жолдың бойына қойыл­ған туристік тақташада «Ақкегеріш, Ақкегершін Борлы таулары» деп жазылған. Одан төмен мы­надай анықтама берілген: «...Атауының ма­ғынасы» толық толған ай» дегенге келеді. Бұл оның толған айдай болған сұлу келбетіне бай­ланысты туындаған. Бірақ біз болған Ақ­кегеріш Айға еш ұқсамайды қазақша айт­қан­да, алты аласы, бес бересі жоқ. Сірә, тақ­тай­ша­ға мәтінін әзірлегендер сөз болып отырған Бор­лытауды одан әріректе, Ақтөбенің Бай­ғанин ауданының аумағында жатқан белгілі Ақ­толағай борлы үстіртімен шатастырып ал­ған болуы керек, шындығында оның ай­туы­ның да «толған Айға» еш қатысы жоқ, қа­зақ ұғымындағы сойылған малдың ақсөңке бас сүйегінің аты – «толағайдан» шыққан. Біз бұл мәселенің анығын Құлсарыда тұратын белгілі өлкетанушы Нұрдәулет Ақназаровтан сұра­дық. Ол мынадай дерек айтты: «Біздің жақ­та мезозой дәуірінің жоғарғы бор кезеңіне жататын бірнеше борлы қырат бар –Ақто­ла­ғай, Ақұшан, Ақкерегешың. Бәрі бір үстірт-өңір­ді құрайды.

Соңғы аталған қырат-қыр­қа­ны жергілікті жұрт «Досының ағы» дейді. 
Бұрындары Досы деген кісі осы жерде мал жайып отырыпты. Балалық шағым осы маңда мал бағумен өткендіктен, мен мұны жақсы бі­лемін. Қайбір жылы Құлсарыға шетелдік зерттеушілер келді. Қолдарында ертеректе басылған карта бар екен. Онда Досының ағы «Ақкерегешың» деп белгіленіпті. Сірә, осы сөз үстірт­тің ежелгі аты болса керек. Кейіндері ұл­ты орыс геологтармен зерттеушілер тілдері кел­мей, «Ақкегершін» деп атап кеткен. Па­леонтолог, өлкетанушы Юрий Пастухов «Ақ­кере­гешың» деп айтып жазып жүрді. Осы атау­ды қабылдап, орнықтыру керек. Біз де бұл пікір­ге қосыламыз. Келешекте Иманқара-Қойқарамен Ақкерегешыңды бір үстірт ре­тінде қабылдап, ортақ туристік маршрут жа­сап, «Ақкерегешың» деп біржола қайта атау ке­рек. Ол үшін оларға алып баратын Құлсары-Мұ­қыр тас жолын қазіргі «Не жаздым, Құдай?» қал­пынан арылтып, жөнге келтіру қажет. Сон­дай-ақ өлкедегі оронимдермен қатар шұ­рат (урочище) аттары да қайта зерделеуді ті­лейді. Мысалы, Ақшелек шұраты. Ол Қы­зылқоға ауданының Мұқыр кентімен Ақтөбе об­лысы Байғанин ауданына қарасты Ебейті кен­тінің аралығында, екеуінен бірдей қа­шық­тықта орналасқан. Атырау-Орск магист­ра­ль­ды мұнай құбырынан сәл жоғары. Бұрын, со­вет кезінде ферма орталығы болған. Қазірде бір малшы үйінен өңге ел жоқ. Жергілікті тұр­ғындардан Ақшелек сөзінің мағынасын сұ­рағанымызда ешкім мандытып дерек айта ал­мады. Шауып шыққанда сүйенгендері – түйе малында кездесетін ақшелек ауруы (қа­з­ақта «Ақшелек болғыр!» дейтін қарғыс сөз бар). Ал біздің өз бетімізбен ізденуіміз қазақ­тың құдық қазу өнеріне әкеп тіреді. 
Соның ішінде бұл ойымызға атыраулық өлкетанушы Мұрат Бектеновтің «Құ­мар­шық» кітабындағы Нарын құмы құдық­тары жайлы бір мәлімет түрткі болды: «...Жел үрлеген, ызасы шығып жатқан жерді күрекпен қазып, алақанға салып қысып-сығып, қолына жұқ­қан ылғал топыраққа үлкендер тілін тигі­зіп, дәмін татып, «суы тұщы, ызасы мол екен, су көзі таусылмайтын жер болса керек, осы жерден құдық қазыңдар» деуші еді. Қарт­тар­дың көрсеткен жерінен құдықтың тереңдігі төрт күрек бойы аса су шығатын. Құдық қаз­ғанда тереңдік өлшемі күрек бойы деп есеп­тейтін немесе 80-100 см-ден аспайтын, тайыз жерден шығатын құдық ашық тұрушы еді, оны «Ақшелекқұдық» деп атайды... Сол құ­дық­тардың аумағы үш-төрт метрдей болады, мол су жиналып, қанша мал су ішсе де таусылмай, қыста жылы, жазда салқын болып, малдың мейірі қанып су ішетін... Сонымен, Ақшелек то­понимі «шегенделмеген, ашық құдық» атауынан шыққан екен. Сол Ақшелекқұдық әлі де бар, тек бұрынғыдай мол сулы емес, сөйт­се де помпалы насос күшімен айдап шы­ғарып астауға құйған су мұқырлық Ізбасар Отар иелігіндегі шаруа қожалықтың малын суа­руға қаптал жетіп тұр. Ақшелектен оң­түстік-батысқа қарай, мұнай құбыр бойында кар­таға «Тасқұдық» деген атпен түскен ауыл бар. Картада 211-биіктік, 3-мұнай айдау стан­сасы. Бұл аттың мәнісін сұрағанымызда, жер­гілікті тұрғындар 4-5 шақырым жердегі осы аттас құдыққа сілтеді. Бірақ ол құдықта тас түгіл дәнеңе жоқ, заманында тал-қурай­мен ғана шегенделген. Мұның да жауабын кітап ақтарып отырып таптық. Осы жердің пер­зенті, кезінде Мақат ауданында партия-совет қызметінде болған марқұм Бағыт Де­ме­генов «Ылаң»деген мақаласында Тасқұдықты «Төсқұдық» деп тарқатыпты. Яғни, төскейден (биіктеу жерден) қазылған құдық.

Жер-су аттары мәселесінде бірқыдыру проблема советтік кезеңдегі атауларға байланысты орын алып отыр. Айталық, Қызылқоға ауда­нындағы Жангелдин ауылының аты осын­дағы асылтұқымды қаракөл қой зауыты дәуір­лей бастаған шақта, революционер Әліби Жангелдин қайтыс болған 1953 жылы үкімет шешімімен қойылған екен. Бұрынғы қазақы аты ел жадынан шыққан. Кейінде советизация дүмпуімен ол аттан құтылу ке­рек болғанда қайсыбіреулер Жангелдин атауын осы маңдағы Жыңғылды өзенімен (Ойыл­дың бір саласы) байланыстырған. Яғни, дыбыстық өзгеріске түскен топоним ре­тінде дәлелдейді. Ал бұл версиямен ке­ліс­пеген екінші топ жақын маңдағы Қазыбек би бейітінен шығарып, осы кісінің атына өзгертуді ұсынып отыр. Қайталап айтамыз, Жың­ғылды өзенінің Жангелдинге қатысы жоқ, Әліби Жангелдин есімін есте қалдыру үшін қойылған, оны дәлелдейтін архивтік дерек­тер бар. Ендеше, ауылдың атын кезінде осы атырапқа мәлім тарихи тұлға Сырым Дат­ұлы қозғалысына қатысқан белгілі би Қа­зыбектің атымен атаса, тарихи әділеттілік бо­лар еді (Қазыбек – Батыс Алашорданың қай­раткері, қазақтан шыққан тұңғыш мұнай барлаушысы Беркінғали Атшыбаевтың ба­басы).
Махамбет ауданында болғанымызда «Ортақшыл» елді мекеннің атауына назар ау­­­дардық. Елді мекен патша заманында №13 ауыл деп белгіленген, ал 1920-1930-жылдары «Ор­тақшыл» деген атпен құрылған артель (ТОЗ, «Қосшы» одағы кезіндегі) атымен ата­лып, колхозға айналғанда да осы атты сақтап қал­са керек. 1950-жылдары колхоздар бірігіп, іріленіп, совхоз боп құрылғанда Ортақшыл «Зау­ралье» кеңшарының орталық усадьбасына ай­налады. Тәуелсіздік кезеңінде одан құты­лып, тәубастағы «Ортақшыл» атауына қайтып ора­лады. Біз бұл елді мекеннің төл, қазақы атын сұрастырғанымызда білетіндер «Қос­көл» деген атауды атады. Кеңес кезінде бұл ат совхоздағы орта мектеп атында сақталған екен, яғни Қоскөл мектебі қазір де солай. Осы­лай бола тұра, кеңессіздендіру саясаты қызу жүр­гізіліп жатқан қазіргідей уақытта байыр­ғы Қоскөлді алмай, советтік Ортақ­шылдың түп етегінен ұстап айырылмау еш санаға сый­­­­май­ды. Қызылқоға ауданындағы «Жас­қай­рат» ауылы да осының кебін киіп отыр. Із­десе, ізденсе елді мекендерді жаңадан атауға ре­зерв жетеді. Мәселен, Махамбет ауда­нын­дағы Ақжайық ауылы (бұрынғы 8-ауыл) өз пер­зенті, Қазан университетінің түлегі, қазақ­тың алғаш кәсіби мал дәрігерлерінің бірі Бақытжан Қаратаевпен 1905-1906 жылдары Оралда Қазақ конституциялық демократтар ка­дет партиясын құрысқан Ғұбайдолла Бер­диев есімімен белгілі. Осы қайраткерге туған ауылында көше ғана аталған, басқа дым жоқ. Сол сияқты, осы аудандағы 7-ауылда туып-өс­кен белгілі Батыс Алаш-Орда қайраткері, Са­ғыз уездік управасы сотының төрағасы бол­ған заңгер Ғабдолла Қожаров есімін есте қал­­дырып, әлгі ауылды осы қай­рат­кердің есі­мімен неге атамасқа?! Атырау атырабынан «Кім шықты?» деп емес, «Кім шықпады?» деп сұраңыз...

Ұлттық тағам ұмытылмауға тиіс


Экспедициялық сапарда біз үнемі на­зарда ұстаған нәрсе – ұлттық тағам әзір­леу, шай құнттау салтанаты болды. Аты­рау ежелден аузын ақтан үзбеген ел. Біз ес білгенде, күнде таңертең шұбаттың бір шұбар тос­тағанын (зерен) тауысып ішіп, ыссы таба нан­ды қарбыта екі-үш асап, содан кейін үй бетін көрмей ойнап, кешкі тамаққа бір-ақ ке­летінбіз. Ол кезде қай үй болсын күрпітіп түйе сауады. Жалғыз өркеш нар мен аруа­на­ның сүтін әрсіздеу болып келеді (майлылығы жазда 3,5 пайыз, қыста 4,5 пайыз шамасында). Қос өркештің майлылығы жоғары – 7-8 пайызды төңіректейді. Шайға қатқанға осы соңғысы әрлі. Атырау жақ «қан сыйды­рып құйшы» деп отыратын жоса түстес қызыл кү­рең шай осы қос өркештің сүтімен демде­ле­ді (бүгінде әлемдік стандартқа сай құрғақ сүт, балмұздақ тәрізді таңсық өнімдер осы бактериан сүтінен жасалып жүр). Ал шұбат ашытуда керісінше, малдың маңдайы жалғыз өркеш дромедар. «Шұбат иесінің ықыласымен ашиды» дейтін сөз бар ғой, десе де, әдетте Маң­ғыстау бетте өсірілетін жалғыз өркештің шұбатының сусындық та, емдік те қасиеті бө­лек. Оның және бір себебі, шұбат бұры­ны­рақ­та арнайы өз ыдысында – күбі шелекте ашы­тылған. Нарын жақта күбі шелекті темір­мен құрсаулап, биіктігін төрт-бес жастағы баланың бойындай етіп жасайды. «Түйемен көшіп-қонғанда, жүктің жанына байлап қой­ғанда, қақпағына мәрлі орап жауып алған­да ешқандай төгіл­мей баратын еді. Сол күбінің сыртына киіз қап тігіп, сыртын кенеп шү­берек­пен қаптап тастағанда, ішіндегі сусын көп­ке дейін жылып кетпейтін, сол кездің қа­зіргі мұздатқышы еді. Отырықшы болғанда да, көшкенде де жылып кетпей, ішіндегі ас азбай сақталады» (Мұрат Бектенов). Мұн­дай­ды семеннен жасалған, ішін құмды, құмдауыт жерде өсетін құртқашаш дейтін өсімдікпен (шөппен) ыстап, тазалап алып отырған. Дәл қы­мыз сабасын тіккендегідей. Дегенмен На­рын­ның шұбат күбішелегі қымыз ашытатын кү­біге келіңкіреді (бұл жақта қымызды да, шұ­батты да бір ыдысты ашыта береді), оны да жіңішке тақтайларды темірмен құрсаулап, не тұтас қайың дөңбектің өзегін ұңғып, кеңей­ту арқылы жасайды. Түп жағынан, ағаш­тың өзінен үш қысқа аяқ, қақпағы ор­нықты болу үшін жоғары шетінен үш құлақ шы­ғарады. Және дем шығарып тұратын ар­найы тесігі болады.

Экспедиция кезінде біз бір­неше жерден күбішелек ұшыраттық. Мия­лы кентіндегі аудандық музейде тұрған экс­понат күбішелек және Жылыойдың Тұрғызба село­лық округі әкімдігі ғимаратындағы музей бөлмеге жергілікті өлкетанушы Бозай Қара­молдиев жинақтаған мүліктердің біреуі. Тағы бірі Қызылқоғаның Жасқайрат ауылының тұрғыны Сая Сейітәлиеваның үйінен шықты (екеуі де облыстық музей қорына алынды). Бұ­лардың Нарын жақта қолданылатын күбі тектес шұбат ашыту ыдысынан едәуір айыр­машылығы бар: нарындықтардікіндей үлкен емес, аласа, жуантық, шамамен 60 см мөл­шер­лі болып келеді, бірақ дәл Нарындағыдай жіңіш­келеу ағаш (емен, қайың) тақтай­ша­лар­дан жиналып, темір белдеулермен құрсалады. Әлгі белдеулерді алып тастап, ағаш тақтай­ша­ларды шашып (демонтаж жасап), әрқайсысын құртқашалықпен ыстап, шұбат әрім татып кетпес үшін өңезге қалдықтарды кетіріп, та­залап отырған. Жоғары жағынан сүт құйып, ашы­ған шұбатты қотарып алатын қақпақ шы­ғарылған. Алайда біз ұшыратқан күбіше­лек­терде Нарындағыдай, яки біз бала кезіміз­де көргендегідей дем шығарып тұратын арнайы тесігі болмай шықты (біз көргенде апа­ларымыз бұрандалы болтпен бұрап, жа­уып-ашып отыратын). Осының өзі бізді мы­на­дай ойға жетеледі: әдетте, дем шығарар те­сікті шұбат қатты ашыған кезде ыдысты іш­тегі газ жарып жібермес үшін қалдырады, ал біз көрген күбішелектерде ол жоқ. Демек, кейінгі шұбатта ыдысты жарып жіберерлік күш-қуат болмаған. Мұның мәнісі, қазіргі шұбат негізінен қос өркеш түйенің сүтінен ашы­тылатын болса керек. Яғни, бак­те­риан­ның сүті әрлі болғанымен, одан ашытылған сүт дромеодардікіндей кеңсірігіңді жарып жіберетін ашулы болып, шырт-шыртсынып, быр­шып тұрмайды, жуастау келеді. Сәл аш­қылтым, көбінесе айран, қымыран дәмдес. Бұл өңірде шұбат ашытудың үш түрлі әдісі бар: пісіріп ыстап және шикілей ашыту. Сірә, біз бала кезімізде көре қалған «ақырған» шұбат осының үшіншісі, яғни шикілей ашы­тылғаны да, шикілей ашытылғаны да бүгінде қы­зыл­қоғалықтар мен жылыойлықтар ашы­татын тәсіл пісіру арқылы жасалса керек (Жы­лы­ой­дың Қарағай ауылының тұрғын­дары шұбаттың бұл түрін «шие татыған шұбат» деп әліп­тейді). Күбішелек жөніндегі деректерді қо­рытындылай келе айтарымыз, шұбат ашы­туда қазіргідей эмальшелек, кәстрөлде шұбат ашы­тудың орнына күбі­шелекте шикілей ашыту тәсілін жаңғырту керек. Неге десеңіз, әлгін­дей әдіс пен ыдысы келіскен шұбат он­шақты күнге дейін тағамдық, емдік қасиетін жо­ғалтпай тұрады. Дүние жүзінде қазір де шұ­батқа сұраныс артып келеді, әсіресе, Из­раиль, Қытай сияқты алып нарығы бар ел­дер­де. Әлі де шауыттап түйе айдап отырған Аты­рау аймағы осы ұлы мұсабиқа-жарысқа қо­сылса кәнеки?!  
Атырау жерінің шай құнттау өнері (чай­ная церемония) ерекше деген ілгерідегі сөзі­міз­ді тағы да көз көргендерімізбен тірілтейік.
1960-1970-жылдары қырдағы ауыл­дар­дағы бүткіл үй шәйді былайша демдейтін: құ­дық­тың, бәлки қақтың суын (көктемде, жаз­да, күзде селдетіп өтетін жаңбырдың ой­паңдау жерде тұрып қалатын суы) немесе саздың бетіне жиналған саф таза суды әкеп, қаңылтырмен құрсаған үлкендеу ескі шәй­нек­ке (шәйгөн) қайнатып алады да, үш аяқты шо­қаяққа (кейде подносқа) жалыны будақтап тұр­ған тезектің шоғын салады. Оған қаңыл­тыр құрсаумен әбден жамалған, қабырғасына шәй­дің түсі сіңіп, қызылкүрең түске әбден боял­ған тасқұманды әкеп ернектеп қояды. Со­сын оған шайкебежеден алып, қаңылтыр қал­бырдағы үнді шәйін (ол болмаса №36 ара­лас шайды) мол қылып салады. Шоқаяқта­ғы тасқұман ызыңдап, бір мезгілде саған қа­рап түкіріп-түкіріп қояды. Болды, енді кі­рі­се беруге болады! Қызылкүрең шайдан әжең­мен жарыса сораптайсың, бір сағат өткенде о кісі де, сен де бүкіл арысыңнан, жүйке-жүйеңнен бұр­шақтап тер кетіп, әбден босайсың: қаңыл­тыр қалбырдағы шайдың ішінде арагідік жүре­тін ақтүйіршіктер – жеңіл наркотик қа­лам­пырдың күшіне шайдың өз таниндері қо­сылып, тонус көтеріле бастады деген сөз. Бір-бір бас шақпақ секер тістеп ішсең шай, ал сар­су секер тістеп ішсең, ол шайдың аты сарысу шай болады.
Сарсуды дайындаудың жолы мынадай: әзірленген ірімшікті, қатық не сүзбені дорбаға салып, жоғарырақ іледі де, астына ыдыс қояды. Дорбадан тамшылаған сарсудың (сон­дай-ақ сүтті піскеннен соңғы қойылған мәйе­гін) әбден қойылып, қоймалжың қора­ба­ға айналғанша қазанға салып, бәсең отта қай­натады. Сонан соң әлгі қорабаны бөлек-бө­лек жұмыршықтап, күн астына (өреге) жайып, не желдеп тұратын бөлмеде кептіреді. Кеп­кесін қатырма түрінде өзін де жей бересің, не құрт сияқты тұздық етіп етке, ет тағам­да­рына қосуға болады. Ал қоймалжың қорабаны кеп­тіруге қоймай, сүт қосып, қызылқоңыр бол­ғанша ұзақ қайнатса, сарсу секер болады. Дә­мі грильяж кәмпитке келіңкірейді, бірақ гри­льяж сарсудың садағасы кетсін – сарсудың ерек­ше тәтті болатыны, оған аздап секер, бол­маса жылқының, түйенің сүтін қосып қай­натады. Секердің орнына тістеп, шай іше бере­сің. 
Біз аралаған ауылдың көбінде сарысу әлі де дайындалады, тек бір байқаға­ны­мыз, кейбір үйлер қазан орнына эмаль ыдыс пайдаланады екен. Бүгінде сирек әзір­ленетін жеңсік тағамның бір түрі – майқұрт. Оны дайындау тәсілін бізге Қызылқоға ау­данының Жасқайрат ауылының тұрғыны Сейі­тәлиева Сая көрсетті.
Бүгінде ұмытылыңқырап бара жатқан таң­сық тағам – пысылақ та қазіргі ауылдарда өше қоймаған. Қазақ «ірімшік», өзгелер «брын­за» дейтін бұл тағамның біздегі әзірлеу тех­нологиясының еуропалық брынзадан айыр­машылығы сонда – Еуропа (Балқан ел­дерінде) брынзаны төрт түлік малдың сүтінен бір­дей жасай береді, тек осы тағамның отаны са­налатын Словакияда ғана шылғи қой сүті­нен әзірленеді. Кейін келе оны еуропалық өзге елдердің сиыр сүтінен жасаған ірімшігі (сыр) ығыстырып шығарғандықтан, бүгінде славян брынзасы өз аймағында ғана сақталған. Және де қой сүтінен әзірленетін ірімшіктің бұл түрі түр­кі халықтарында (қазақта, ноғайда) қа­лып отыр. Ноғай жұрты оны «пыслақ» дейді, сірә ол шикізатты (ірімшік, қатық, сүзбе) соңы­на дейін «пысықтау» ұғымымен бай­ла­нысты болса керек. Сондықтан бізге де бұл та­ғам­ды «ірімшік» (ол ірімшік емес), не «брын­за» деп тілімізді бұрап жатпай, көнеден ке­ле жатқан төл түркілік атаумен атаған абзал. Қыш­қыл сүт тағамы ретінде пысылақтың ден­саулыққа пайдасы мол.
Бүгінгі қазақ (Атырау) ауылдары бағзыдан таң­дайына татып келген төрт түлігінен айы­рылмаса да, бауырын жалын жалаған қас­пақ­ты қара қазанынан қол үзе қоймаса да, кейінгі кездері көп өзгеріске түсіп қалған екен. 
Неге бұлай болып отыр? Қазіргі ғылымға айт­қызсаңыз, ғасырлар бойы қырлап-жо­ныл­ған этномәдениет жоғалуға айналып, одан эт­нография ғана қалулы. Біз бүгінде әлеу­мет­тік-мәдени организм – халық ретінде, ұжым­дық тұлға ретінде қатты өзгеріске түсу үстін­де екенбіз. Біз жол айрықта – не жаңару (мо­дерн) жолын, болмаса азу, кері кету таң­­дауының алдында тұрмыз.
Шілде экспедициясынан соң асы­лы­мыз­дан айрылғандай пұшайман күйге түстім. Қа­телесіппін. Дәуір көшіп бара жатқан жоқ екен, дәуір шынымен де көшіп кеткен екен. Ауыл, осы кеткеннің – кеткен болар...
Десе де, бұл сапарға белді бекем буып шық­­­қаныма еш өкінбедім. Бір күнді пештің тү­бінде, қазандықтың бұрмасында жатып та өткеруге болады, сол сияқты бір күнде талай жерді қарыштап, жаныңа жақын адамдармен жүздесіп, әңгімелерін тыңдап, мөлдір суы құла болып көрмеген өзен-көлдеріне шо­мы­лып, кіндік қаның тамған өңірде аунап-қу­нап, жан дүниең жаңғырып, дүниеге қайта кел­гендегі бір сезімдерді бастан өткеруге де бо­лады екен. Бір сөзбен айтқанда, жан дүнием жаңа­рып, жүректің жаңбыры себездеп орал­дым. Атырау әлемнің назары мен базарын тоғыстырып отырған жер ғой. «Қазан аузы жо­ғары». Ендігі үлкен міндет, «Атаның аздыр­май берген мүлкінің быт-шытын шығарсақ, ұнамды іс болмас» деген Ахмет Байтұрсынұлы­ның ұлағатын бағдаршам етіп ұстанып, қолда қалған жәдігерліктер мен көнеліктерді шашау шығармай жинап алып, зерттеу нысанына айналдыру.

Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ,
филология ғылымдарының кандидаты

 

Серіктес жаңалықтары