Шегіртке «шеруіне» тосқауыл қойған ғалым

Шегіртке «шеруіне» тосқауыл қойған ғалым

Бүгінде ауыл шаруашылығы – тек егіс пен еңбек емес, ол – деректер мен дәлдіктің ғылымына айналып отыр. Дрондар, геоақпараттық жүйелер, жасанды интеллект, климаттық модельдеу сынды технологиялар енді зертхана мен өндірістің арасындағы шекараны жойып, агросаланы жаңа деңгейге көтеруде. Мұндай заманауи тәсілдер зиянкестердің таралуын болжауға, өсімдік өнімділігін арттыруға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. 

Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы саласында ғылым мен технологияның тоғысуы айқын көріне бастады. Енді егін шаруа­шылығы мен өсімдік қорғау ісі тек тә­жірибеге ғана емес, нақты деректер мен за­ма­науи есептеу жүйелеріне сүйеніп жүргізі­ле­ді. Бұл – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен эко­номикалық тұрақтылығы үшін аса маңыз­ды бағыт. 
Ғылыми зерттеудің нәтижесін өндіріс про­цесімен ұштастырып, инновациялық әдіс­терді нақты шаруашылықтарға енгізу ба­ғытындағы жұмыстар ауыл шаруашылығын цифрландыруға, еңбек өнімділігін арттыруға және табиғи ресурстарды үнемдеуге жол ашуда. Қазірдің өзінде ғалымдарымыз ш­е­гірт­келердің популяциясын талдау және фи­тосанитарлық болжам жасау бағытында ха­лықаралық деңгейдегі жобалармен айна­лы­суда. Шегірткелердің таралу аймағын бол­жау, зиянкестердің көбеюін дер кезінде анық­тау, агроклиматтық аймақтарды картаға тү­сіру секілді күрделі ғылыми міндеттерді ат­қару бүгінде ақпараттық жүйелердің көме­гі­мен әлдеқайда тиімді жүзеге асырылуда. 


Қауіпті зиянкестерден келетін апаттың ал­дын алу үшін геоақпараттық жүйеге негіз­дел­ген технологиялар мен қашықтан зондтау әдіс­тері негізінде саяқ жүретін шегірткелерді фи­тосанитариялық бақылау әдістемесін әзір­леген ғалымдардың бірі – PhD,  Биология, өсім­діктер қорғау және карантин кафед­ра­сы­ның қауымдастырылған профессоры, 40-тан астам ғылыми еңбектердің авторы Құр­мет Байбусенов. Ол 2020-2022 жылдар ара­лы­ғында геоақпараттық жүйелер мен ин­новациялық әдістерді қолдана отырып, Сол­түстік Қазақстан аймағындағы зиянды саяқ шегірткелердің таралуын болжау бағы­тын­да зерттеу жүргізеді. Яғни, шегірткелердің жыл сайынғы көбею динамикасына болжам жасайды. Сараптамалық жұмысқа 1999-2021 жыл­дар аралығындағы деректер пайда­ла­ныл­ған. Зерттеу барысында саяқ жүретін ше­гірт­келер санының динамикасы көбіне абио­тикалық факторлар мен ауа райы жағ­дайларына, сондай-ақ жүргізілген пести­цид­тік өңдеулердің көлеміне  байланысты екені анық­талды. Ғылыми ізденіс нәтижесінде Пав­лодар, Қостанай және Ақмола облыс­та­рында зиянкестердің қоныстану ықтимал­дығы жоғары екені белгілі болды. 
Бүгінде ғалымның екінші ғылыми жо­басы да Ғылым комитеті тарапынан қаржы­лан­дырылып, жүзеге асырылып жатыр. 
– Қазіргі зерттеу жұмысым бойынша Қа­зақ­стан аумағында шегірткелердің таралу ай­мағын көрсететін цифрлық карта әзірлеп жа­тырмыз. Онда әрбір агроклиматтық аудан бойын­ша шегірткелердің қандай түрлері кез­десетіні және олардың электрондық ареа­лы көрсетіледі. Сонымен қатар әр аймақтағы шегірткелердің көбеюіне әсер ететін табиғи факторлар – температура, жауын-шашын мөл­­шері, шөп жамылғысы сияқты көрсет­кіш­тер талданады. Бұл зерттеулердің мақсаты – осы факторлар зиянкестердің таралуына қа­лай әсер ететінін анықтау. Бұған дейін мұн­дай кешенді зерттеулер Қазақстанда жүр­гізіл­меген. Алынған нәтижелер 2026-2027 жыл­дары жарияланатын болады. Бұл жоба­ның нәтижесінде әзірленетін электронды анықтамалық сала мамандарына қолжетімді болмақ. Ол тегін әрі веб-жүйе түрінде ұсыны­лады. Электронды анықтамалық арқылы әр агроклиматтық аймақтың фитосанитарлық жағ­дайын және болашақтағы өзгерісін бақы­лап отыруға мүмкіндік туады, – дейді ғалым.
Құрмет Серікұлы екі жобасында да жа­сан­ды интеллект пен геоақпараттық жүйе­лерді кеңінен қолданады. Ғалымның зерттеу тобында биологтар, өсімдік қорғау және IT саласының мамандары бірлесіп жұмыс істей­ді. Олар осы құралдарды кешенді түрде пай­да­­­ланып, алынатын нәтижелердің дәлдігін арттырмақ. 
– Қазір жасанды интеллект медицина, банк секторында және экономиканың түрлі сала­сында кеңінен қолданылуда. Сол сияқты оның ауыл шаруашылығындағы рөлі де зор. Біз ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу үшін алдымен оларды осындай жобалар ар­қы­лы сынақтан өткіземіз, содан кейін тә­жі­ри­беге енгіземіз. Сонымен қатар автомат­тан­дырылған болжам жасау жүйесін де құрып жа­тырмыз. Бұл жүйе көпжылдық деректер мен ауа райы мәліметтеріне сүйене отырып, ше­гірт­келердің даму кезеңдерін – көбею, дер­нәсілден ересектік кезеңге өту секілді про­цестерді алдын ала болжайды. Бұл ақпа­рат зиянкестерге қарсы күрес шараларын жос­­­­парлауда, әсіресе көктемгі мониторинг пен химиялық өңдеу жұмыстарын уақытылы ұйымдастыруда аса маңызды, – дейді ғалым.
Жоба бүкіл Қазақстанды қамтиды. Зерттеу тобы елді әкімшілік бөлініске емес, агро­к­ли­маттық аймақтарға бөліп зерттейді. Бұл ай­мақтар экологиялық және климаттық ерек­шеліктерге қарай сараланады. 


Шегірткелер – толық түрленіп дами­тын жәндіктер, олар турақанатты­лар отрядына, нақтырақ айтқанда, шегіртке­лер тұқымдасына жатады. Табиғаттағы олар­дың негізгі қызметі – өсімдіктердің та­би­ғи тепе-теңдігін сақтау. Егер шегірткелердің са­ны аз болса, экожүйеге айтарлықтай зиян кел­тірмейді. Алайда олар өсімдік массасын рет­теп, шөптердің табиғи өсу ырғағын қа­лып­қа келтіріп отырады. Шегірткелер шама­дан тыс көбейіп кеткен жағдайда ауыл ша-  р­уа­­шылығына үлкен зиян келтіреді. Өйткені олар жайылымдық және егістік алқаптардағы өсімдіктермен қоректеніп, бір маусымда үл­кен көлемдегі егінді жойып жіберуі ғажап емес. 
Қазақстан аумағында шегірткелердің ша­мамен 20 шақты түрі кездеседі. Олардың ішін­де үш түрі үйірлі. Олар: италиялық ше­гірт­ке, азиялық шегіртке, марокколық ше­гірт­ке. 
Италиялық шегіртке еліміздің құрғақ да­ла­лық өңірлерінде таралған, марокколық түрі – негізінен Түркістан мен Жамбыл об­лыс­тарында, ал азиялық шегіртке – көл маңы мен өзен жағалауларындағы ылғалды аймақ­тарда кездеседі. Бұлардан бөлек, тағы 15-20 саяқ шегірткелердің түрі бар. Олар үйірлі түр­лерге қарағанда кең тарай алмайды және тек өздері мекен еткен табиғи шабындықтар мен жайылымдық жерлерде зиян келтіреді.
Шегірткелердің биологиялық дамуы бір жыл­да бір буын берумен шектеледі. Аналық ше­гірткелер күзде топыраққа жұмыртқа­ла­рын салып, олардың айналасын арнайы био­­­ло­гиялық сұйықтықпен қаптап, көпіршік тәрізді қорғау қабығын түзеді. Осы көпір­шік­тердің ішінде жұмыртқалар қыстап шығады. Ал ересектері күзде жұмыртқаларын топы­рақ­қа тастап болған соң біртіндеп қырылып, та­биғи жолмен өледі. Өлген шегірткелердің де­несі ыдырап, топырақ құрамына қосылып, органикалық заттарға айналады. Бұл табиғи процесс топырақтың қоректік құрамын арт­тырып, экожүйедегі биологиялық айна­лым­ның бір бөлігіне айналады. Ал көктемде жер­ден дернәсілдер шығып, 4-5 жас саты­лары­нан өтіп барып, толыққанды қанатты жән­дікке айналады. Бұл процесс шамамен 45 күн­ге созылады. 
Даму кезеңдерінде дернәсілдер бірнеше рет түлейді. Әр түлеген сайын олардың денесі үлкейіп, қанат негіздері дамиды. 4-5 жаста олар соңғы рет түлеп, қанаты толық жетілген ересек жәндікке айналады. Осы сәттен бастап ше­гірткелер ұшып, үйір құрып, жаңа жайы­лым­дық және егістік жерлерге тарай бастай­ды. 
Ересек шегірткелер шағылысып, аналық­тары топыраққа жұмыртқа салып, келесі ұрпақтың дамуына бастау береді. Осылайша, олардың өмірлік циклі жыл сайын қайтала­нып отырады.
– Шегірткемен күрес тиімді болу үшін олар қанаттанып үлгермей тұрғанда, яғни дернәсілдік сатысында жүргізілуі керек. Бұл кез­де инсектицидтер мен биологиялық пре­параттар арқылы өңдеу жұмыстары әлд­е­қай­да нәтижелі. Ал қанаттанған шегірткелермен күресу қиындай түседі, себебі олар тез қозға­лып, жаңа аймақтарға ұшып кетеді. Бұл өз ке­зегінде қорғау шараларының тиімділігін тө­мендетеді, – дейді Құрмет Байбусенов
Бір шегіртке көктемнен күзге дейін өмір сүреді дедік. Алайда олардың популяциясын бақылап, артық көбеюінің алдын алмаса, егін шаруашылығына зияны шаш етектен. Сол  үшін фитосанитарлық мониторинг жүргізуде био­логиялық-геоақ-параттық технологияларды қолдану аса маңызды. 
– Шегірткелер – ауыл шаруашылығына ең көп зиян келтіретін қауіпті жәндіктердің бірі. Сондықтан олардың таралуы мен кө­беюін дәл болжау өте маңызды. Қазір әлемдік тәжірибеге сүйеніп жұмыс істеп жатырмыз. Әдістеріміз халықаралық стандарттарға сай бейімделуде. Ал верификация және модель-дердің дәлдігі нақтылау жұмыстары аяқтал-ғаннан кейін ғылыми тұрғыда анықталады. Бола­шақ­та климаттың өзгеруіне байланысты ше­гірт­келердің популяциясы мен таралу ай­мағы да өзгеруі мүмкін. Біз осы бағытта бол­жамдық модельдер жасап, олардың сан­дық өзгерісін – көбею немесе азаю үрдісін – ұзақзерзімді перспективада зерттеуді жалғас­тырамыз. Бұл жобаға әлемде үлкен қызы­ғу­шы­лық бар. Мұндай бағыттағы зерттеулер әсі­ресе Қытай, АҚШ, Канада, Үндістан және Аф­рикадағы құрғақ әрі далалы аймақтарда кеңінен жүргізіледі. Өйткені бұл елдерде климаттық жағдай шегірткелердің таралуына ұқсас, сондықтан зерттеулердің маңызы жоғары, – дейді Құрмет Серікұлы. 
Егіннің бітік шығуы – тек еңбек пен ауа райына емес, оны қорғай білудің шеберлігіне де байланысты. Ал шегірткелер – табиғаттың тепе-теңдігін сақтайтын жәндік болғанымен көбейіп кеткен жағдайда егін шаруа­шы­лы­ғына үлкен қауіп төндіретін жойқын күшке ай­на­лады. Сол себепті өсімдік шаруашылы­ғын­дағы ең өзекті міндеттің бірі – зиянкес­тер­мен ғылыми негізде, уақытылы әрі тиімді кү­ресу. Бұл тек өнімді сақтау емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қорғау.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары