Биыл қазақтың атақты күйші-композиторы, дирижер, домбырашы, Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына байланысты оның ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Соған орай композитордың қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Дінзухра Тілендиевамен сұхбаттасып, одан әкесінің шығармашылық ғұмыры туралы сұрап, бірнеше сауал қойған едік.
– Сіз өткенде Нұрғиса Тілендиев атындағы дирижерлер конкурсына қатысты баспасөз конференциясында өзіңізге қойған бір сұраққа берген жауабыңызда «Әкем дүниеден өткенде 13 жаста едім» деп едіңіз. Сол жасыңызға дейін әкеңіздің қандай ұлы композитор екенін, оны халқының қалай құрметтейтінін сезіне алдыңыз ба?
– Әрине, кім болса да, қандай тұлға болса да әке – бала үшін қашан да ең алдымен әке болып қала береді. Мен күллі қазаққа белгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің перзенті екенімді мақтаныш тұтамын. 
Ес білгелі әкем мені қасынан тастамайтын. Сондықтан ол кісіні халықтың қалай сыйлап, құрметтейтінін көріп өстім. Егер ел әкеңді төбесіне көтеріп, қадірлеп жатса, бала болсаң да әкеңнің ерекше адам екенін жаның сезеді ғой. Бойыңды мақтаныш сезімі билейді.
– Әкеңіздің сіздің өнерге келуіңізге қандай әсері болды?
– Әкем кішкене кезімнен: «Дінзухрам менің жолымды қуады» дейтін. Ал өзі менен «Кім боласың?» деп сұрағанда «Әнші болам!» дейтінмін. «Тағы кім болғың келеді, композитор боласың ба?» десе, «Иә» деп жауап беретінмін. 
Әлі бес жарым жасқа тола қоймаған кезімде Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектебіне алып келді. Солайша мен бір мезгілде балабақшаға және музыка мектебіне барып жүрдім. Мені мектепте скрипка класына алды. Әкем ол кезде гастрольде жүрген еді. Сосын анам әкеме телефон соғып: «Нұраға, құтты болсын, қызыңды музыкалық мектептің 
скрипка класына қабылдады» депті. Ал әкем: «Жоқ болмайды, менің қызым пианистка болуы керек» деп кесіп айтыпты. Сөйтіп, музыкалық мектептің директорымен сөйлесіп, мені пианино класына ауыстырды. 
Әрине, әкем менің өнерге деген бейімім барын білгендіктен музыкаға бағыттады деп ойлаймын. Бірақ менен: «Қай мектепте оқисың, пианист боласың ба?»  деп ешкім сұраған жоқ. Барасың деді, апарды – болды.
Сосын 8-сыныптан кейін өз қалауыммен домбыра класынан сабақ ала бастадым. Сөйтіп, алғашқы бірнеше шығармамды домбырамен жаздым.
– К.Байсейітова атындағы музыкалық мектепті бітірген соң білім жолыңыз қалай жалғасты?
– Музыкалық мектепті пианино класында оқып бітірген соң, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, Қазақстанның халық әртісі, белгілі дирижер Төлепберген Әбдірашевтің класында оқыдым. Ол кезде әкем дүиеден өтіп кеткен. Сондықтан ол құрған «Отырар сазы» оркестріне барғым келді. 
Консерваторияда оқып жүріп, «Отырар сазы» оркестрінде тәжірибеден өтіп жүрдім. Консерваторияны бітірген соң Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектептегі оқушылардан құралған оркестрде жұмыс істедім, одан соң «Отырар сазына» келдім.
– Әкеңіз өмірден өткен соң ол құрған «Отырар сазы» оркестрі тоқырауға ұшыраған кездері де болыпты...
– Иә, әкем дүние салған соң «Отырар сазына» бірнеше дирижер келіп жұмыс істеді. Әкем алғаш оркестрді құрған кезде алынған музыканттардың біразы жұмыстан кете бастады. Музыканттар мен дирижерлердің арасындағы қарым-қатынас ушығып, біраз түсініспеушіліктер болған. Сөйтіп, «Отырар сазы» біраз құлдырауға ұшырап, тарап кете жаздаған. Оркестрге мен келген кезде оның қай жағынан да біраз жүдеп қалғаны көрініп тұрды...
– Біраз жылдан бері «Отырар сазы» оркестрінің бас дирижерісіз. Біздің көзіміз дирижерлердің негізінен ер адамдар болатынына үйренген ғой, қыз баланың дирижер болуының қандай ерекшелігі бар?
– Жалпы, бізде әйел дирижерлер бірлі-жарым болса да, бұрыннан бар ғой. Шетелдерде әйел дирижерлер көп. Бізде де табылады. Мәселен, Алматы және Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) консерваториясын бітірген үлкен кәсіби музыка маманы, Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында дирижер болған Рая Садықованы айтуға болады. 
Шығармашылықта әйел-еркек деп бөлінбейді ғой, бастысы, өнердің қандай түрінде де қабілеті болса ер адам да,  әйел де бірдей еңбек ете береді. Бізде әйел дирижер аз болғандықтан жұрт оларды ерекше көретін сияқты. Ал шын мәнінде өзім әйел дирижердің ер дирижерден пәлендей айырмашылығы болады деп ойламаймын. Бір жағынан бұл адамның болмысына да байланысты болар.
Бала кезімде ер бала сияқты өстім, ұлдар сияқты алысып-жұлысып жүретінмін. Былайша айтқанда, мінез-құлқым ер балалар сияқты болды. Үйдің шатырына шығып жерге секіріп түсіп, алма ағаштарына өрмелеп жүретінмін. Қыздардан гөрі ер балаларға жақын едім. Сондықтан көбіне ер адамдар атқаратын дирижерлік өнер маған қиындық тудырмаған да болуы керек. Ал қазір әйелдер қай салада да ерлермен теңдей жүре береді ғой, тіпті ел басқарып жүргендері де бар. Бұрын ер адамға тән делінетін істерді әйелдер де атқарып жатыр. Машина жүргізеді, т.б. ерлерге тән шаруаларды атқарады. Демек, қазір ештеңеге таңғалуға болмайды.
– Сіз «Отырар сазына» дирижер болып келгелі оркестрдің репертуарында қандай өзгеріс, жаналықтар болды?
– «Отырар сазы» – Қазақстандағы жалғыз фольклорлық-этнографиялық оркестр. Біздің репертуарымыз, кітапханамыз өте бай. Репертуарымыз Құрманғазы, Қазанғап, Тәттімбет секілді ұлы тұлғаларымыздың күйінен бастап, бергі дәуірдегі Кенжебек Күмісбеков, Мыңжасар Маңғытаев, Нұрғиса Тілдендиев секілді ірі композиторлардың туындыларын қамтиды. Біз соларды көздің қарашығындай сақтап, тыңдармандарымызға ұсынамыз. Сонымен бірге репертуарымызға классикалық туындыларды, заманауи шығармаларды да алып жатырмыз, сондай-ақ қазіргі заман күйлері де бар.
Әр заманның жұрт сүйіп тыңдайтын танымал музыкалары болады, оны да ескеру керек. Бұрын біздің тыңдармандарымыз негізінен орта жастан жоғары адамдар болған. Қазір бізді тыңдауға үлкендер де, жастар да, шетелдіктер де келеді. Олар бізді ықыластана тыңдайды. Оған репертуарымыздың жан-жақтылығы да себеп шығар. Бұл біздің дұрыс жолда келе жатқанымызды көрсетсе керек.
Әрине, өз қазағымыз «Отырар сазын» жақсы көреді, сүйсініп тыңдайды. Дегенмен тыңдармандардың қатарында жастарымыздың көп болғаны одан да жақсы. Сондықтан қандай өнер ұжымы болса да уақытпен бірге дамып, заман талабына жауап беруге дайын болуы қажет деп санаймын.
– Шетелдік сапарларыңыз туралы айта отырсаңыз? «Отырар сазына» өзге елдердегі тыңдармандардың қызығушылығы қалай?
– Иә, шетелге де жиі шығып тұрамыз. Жақында ғана Францияның астанасы Париж қаласында болдық. Әкемнің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқандықтан ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде оркестріміз концерт берді. 
2009 жылдан бері Италия, Оңтүстік Корея, Иордания, Сауд Арабиясы, Ресей, Қырғыз Республикасы, т.б. көптеген елге барып, өнер көрсеттік. 
Шетелдіктердің «Отырар сазының» өнеріне қызығушылығы күшті. Әсіресе, қазақ күйлері орындалғанда шуласа қол соғып, ризашылығын білдіреді. Концерттен кейін келіп біздің музыкалық аспаптарымызды, костюмдерімізді көреді. Біз орындаған шығармалар жайлы сұрайды. 
Жалпы, шетелдіктер фольклорлық-этнографиялық өнер ұжымдарын өте жоғары бағалайды. 
– Енді әкеңіз туралы сұрайын: Нұрғиса атамыздың қандай да бір туындысын жазу процесіне куә болдыңыз ба? Ол кісі отбасында музыка әлемі туралы, өз шығармаларының туу тарихы туралы айтатын ба еді?
– Ол кісінің шығарма жазу процесі өте қызық болатын. Қай жанрдағы туындысын жазса да ешқандай музыкалық аспап пайдаланбайтын, іздемейтін де. Қолына домбыра да ұстамайды, фортепианоға да отырмайды. Тек нота дәптер мен қалам болса болды. Ойына келген музыканы күй таңдамай, тыныш отырып жаза беретін. Ешқандай ыңылдап дыбыс та шығармайды. Кәдімгі хат жазғандай еркін отырып, музыканы қағазға түсіре беретін. Мамам шайын құйып қояды, ал әкем шайды суытып ішетін. Ара-тұра орнынан тұрып ары-бері жүріп келіп, қайтадан музыкасын жазып кете береді. Соған қарағанда болашақ шығармасын миында әбден пісіріп алатын болса керек.
Әкемнің қайда барса да жанынан тастамайтын крокодил терісінен жасалатын портфелі болатын. Ауылға барса да, шипажайларда демалса да қолынан тастамайды. Портфелінің ішінде нота дәптері, қаламы, тағы өзіне қажет заттары болады. Сөйтіп, қай жерде жүрсе де музыкасын нотаға түсіру оған қиындық тудырмайтын. Көңілі соқса, туындысын әбден жазып бітірген соң ғана аспапта ойнап көрсететін еді. Мамам талай шығармасының алғашқы тыңдарманы болған.
– Нұрекең қазақ музыка қайраткерлерінің ішінде кімдерді бағалайтын еді?
– Әрине, әкем талғамы жоғары адам болды, бірақ талантты өнер адамдарының бәрін құрметтейтін. Музыка саласында замандастары арасынан ерекшелеп айтып отыратын да кісілері болатын, мәселен, композиторлар Мыңжасар Маңғытаев, Кенжебек Күмісбеков, Ермұрат Үсенов ағаларымызды жақсы көретін, олардың шығармаларын жоғары бағалайтын.
– Нұрғиса Тілендиев қазақтың күй өнеріне өзгеріс алып келген тұлға, былайша айтқанда, жанрдың ішінен жанр туғызған композитор. Әкеңіздің күйлері, өзге де туындылары туралы не айтасыз?
– Әкем  кәсіби композитор ғой. Ән болсын, күй болсын, өзге де жанрдағы туындары болсын – бәрін де беріліп жасаған. Музыкаларының ерекше болуын қатты қадағалаған. Сондықтан ол кісінің барлық шығармасы ерекше дер едім. Барлық шығармасын өзі нотаға түсіріп, өзі оркестрге дайындайтын.
Музыкада «оркестровка» және «партитура»  деген терминдер бар ғой, оркестрдегі музыкалық аспаптардың үндестігін айқындап, оркестр үнін құрайтын ноталық жүйеге қатысты айтылатын. Бұл – үлкен ноталық жүйе. Партитура жасалғанда музыка әр аспапқа жеке-жеке нота жазылады. Әкем соның бәрін өзі жасайтын. Шындығында, оны көп композитор жасай алмайды. 
Сол сияқты туындыларының клавирін де өзі жасайтын (клавир деп музыкалық туындылардың партитураларын фортепиано мен дауысқа немесе тек фортепианоға арнап нотаға түсіруді айтады – ред.). Өз қолымен клавирін жазған шығармаларының үш кітабы басылып шыққан.
Әкемнің күй өнерінде ешкімді қайталамайтын өз қолтаңбасы бар. Күйлерінің бәрі халқына кең танымал. Белгілі өнер шеберлерін айтпағанның өзінде, жас домбырашылардың арасында «Әлқисса», «Ата толғауы», «Аққу» секілді күйлерін орындайтындар көп. «Махамбет» поэма-импровизациясы жиі орындалады, халық та рухтанып тыңдайды. Сол сияқты күйлеріне арнап би де қойылған.
– Нұрғиса атамыздың күй тартатын бірнеше домбырасы болғаны белгілі. Ол домбыраларының әрбіріне ат қойған екен, біреуін «Дариға домбыра» десе, біреуін «Мархаба домбыра» деп атапты. Оның мәні қандай? Сіздерге сол туралы айтатын ба еді?
– Әкем өте қадір тұтатын қазақтың аса көрнекті қайраткері, қазақ ұлттық музыкасының дамуына үлкен еңбек сіңірген композитор, академик Ахмет Жұбанов 1936 жылы әкеме атақты аспап жасау шебер Эмануил Романенконың қолынан шыққан домбыраны сыйлаған. Ол кісінің жасаған домбыралары бүгінде жәдігерге айналды ғой, сондай домбыраны сатам деген адам болса, құны қанша болса да сатып алатын адамдар бар. Міне, сол Ахмет атамыз сыйлаған, Романенконың қолынан шыққан домбырасын әкем анамның құрметіне «Дариға-домбыра» деп атаған. Ал Мархаба деген өзі керемет сыйлайтын жеңгесі болғандықтан бір домбырасына «Мархаба-домбыра» деп ат берген. Бұл да өзі ерекше қадірлейтін жандарға деген құрметінің бір көрінісі болса керек.
– Соңғы сұрақ: елімізде біраздан бері Нұрғиса Тілендиев атындағы дирижерлер конкурсы өтіп келеді. Биыл да Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай өтті. Бұл конкурстың елімізде дирижерлік өнердің дамуына әсері қандай? Не байқап жүрсіз?
– Бұл конкурс алғаш рет 2004 жылы басталды. Еліміздегі дирижерлерге арналған екі жыл сайын өтіп тұратын конкурс. Бастауы жақсы басталғанымен кейін уақытында өтпей, біраз жыл іркіліп қалған еді, 2020 жылдан бері қайта жанданып, тұрақты түрде өтіп келе жатыр.
Бұрын бізде дирижер аздау болды ғой, мәселен, мен консерваторияда оқығанда бір курста екі-ақ адам болдық. Енді жылдан-жылға көбейіп келе жатыр.
Мысалы, жақында өткен Нұрғиса Тілендиев атындағы дирижерлер конкурсына 29 дирижер қатысуға ниет білдірген. Соның 23-і конкурсқа қатысып, өнер көрсетті. Конкурстың ауқымына қарағанда, бұл өте көп. 
Конкурс қатысушылары Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрімен ор-     кестрімен өнер көрсетеді. Ол деген жас дирижерлар үшін үлкен сын. Өйткені Нұрғиса Тілендиевтің өзі құрған оркестрге дирижерлік жасап музыка орындату, үлкен кәсіби өнер ұжымымен жұмыс істеп көру – дирижерлер үшін мәртебе ғой. 
Әзірше конкурс Қазақстан көлемінде өтіп жатыр, ал егер ол халықаралық конкурсқа айналса, оған қатысушылардың саны қазіргіден төрт-бес есе артары анық.
– Әңгімеңізге рахмет, шығармашылығыңызға табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан 
Ахмет ӨМІРЗАҚ
 
								 
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                         
                                        