Асекеңді көп оқыдық. Танысқанда, екеуміз де жас едік. Оқуға құштар, жазуға құмар уақытымыз. 
Біз Әлия Бөпежанова құрған әділ қазылар алқасы құрамында таныстық. Бір апта бойы Әуезов театрынан қойылымдар көріп, спектакльден соң жоғарғы қабатқа шығамыз. Бұл қабатта бізді Тұңғышбайдың бай дастарқаны күтіп тұр. Қойылым соңына қарай қуана бастаймыз, дастарқан басында шалқиып ылғи қайраткер тұлғалар, атақты жазушылар тәрізді, тегіс сақы майталмандар отырады. Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ, Әшірбек Сығай, Болат Атабаев, театртанушы-педагог – Татьяна Қасымқызы.
Сосын, Асылбек. Ол сөйлегенде, жұрт жалт қарайтын, сөздері нақ, ойы дәл, тұжырымы анық еді. Терминологиялық аппаратты меңгергені соншалық, әр айтылған категориялық түсінігі, мәні шығарма идеясына жеткенде жүйеленіп, бір арнаға түсіп, талқы соңына қарай режиссердің жұмбағын шешіп, астарын тауып, сахналанған образдардың көмескі бейнесі айқындалып, кейіпкерлердің алакөлеңке қасиеттері жарқырап көрінетін, туындының артық-кемін, қарым- қабілетін, хал-қадерін иін қандыра талқылағаны көңілге қона кетуші еді.
Жазушылығы – ерекше. Тілді білетіні бір басқа, сөздің қадіріне жеткен қаламгер.
Әңгімелері ғажап. Ситуация, өзін-өзі құтқарған қаһармандар, қалыптасқан экзистенциалистік жағдай, өмірдің басы не соңы, тығырықтан жол тапқан кейіпкерлер.
Сурет қабырғадан, ілініп тұрған жерінен сырғып алдымызға түскендей. Оқшау көрініс, олқы тұстан келген соққы.
Немесе, сезім қуанышын, әлде қайғысын уақиға дәрежесіне көтерген стиль.
Кейде, жұрт түсіне қоймаған шығармашылығына қарап ойланғанда, өнерпаз Асылбек Ихсан ашық теңізде таудай биік толқындармен жалғыз өзі арпалысып келе жатқан желкенді қайыққа ұқсап кетеді. Ескегі қираған қайықта аса маңызды хат жатыр. Қайықтың мұраты айқын – өзі жетпесе де, маңызды хатты міндетті түрде құрлыққа жеткізуі тиіс.
Қара қайық иесінің хатта жазылған ойын, сөзін қайталап оқып, жадына тоқып алуға мұршасы жоқ, бірақ оны сақтап қалуға жанталасып келеді. Қайықтағы беймезгіл жолаушы жиһангер үшін қазір оқитын немесе жазатын уақыт емес, қазір жазған-сызғанды, оқыған-тоқығанды сақтайтын уақыт.
Ертең уақыты келеді.
Сол кезде толқын жалмаған қайық қашықтан қара шалдырады. Жағадағы жұрт құзырына өткенде, құмға қаңтарылған қайықтан хат шығады. Хатты жазған қалам иесі жиналған халықты көріп қолындағы үзік-үзік, жұлым-жұлым, тозығы жетіп, шілтерідей селдіреген, жібек желкенді ұстап, жүре құлап келе жатып елге тапсырады.
Енді ашық мұхитқа ержүрек жастар шығуға тиіс. Ол әкелген хатты жұрт оқыды. Бірақ, хаттың бейнеті ішкі мазмұнына сай ма, жоқ па, оны ешкім білмейді, ол туралы ешкім жақ ашқан да жоқ, алайда, бір таңғаларлығы, хат жайындағы аңыздар осы күнге дейін бір уақыт толастар емес, меніңше, хат тасудың маңызы ешқашан жойылмайды.
Хатта қашанда хабар бар.
Повесть. Әңгімелер
Қазақ прозасында әдебиет әлеміне жасы қырықтан асқан шағында келіп қосылған бір таңғажайып жазушы бар. Ол – Асылбек Ихсан.
Бәлкім, кешеуілдеп қалам тартты ма, әлде кейіндеу жарыққа шықты ма, белгісіз, бірақ, кітабы, әйтеуір, әлі күнге дейін баспа жүзін көрген жоқ, алайда, ерекше таланты танысуға, алапат ойы сөйлесуге, шешен сөзі тілдесуге сұранып тұр, оқырман қауым, қалың жұртшылық жағалай іздейтін тәрізді.
Әлем әдебиеті дегеніміз ұлттың үздік шығармалары, Гете ашқан, біз қолданамыз.
Асылбектің туындылары түрлі жанрда жазылған, тақырыптары да сан алуан. Повестері – ықшам, әңгімелері – ұзақ. Бірде қаны сорғалаған реализм, бірде жайма-шуақ жазғы күн шұғыласындай романтизм.
Біз «Аяқтың иесі», «Автобус», «Бинокль», «Құмырсқа» және «Шәуішке шағылысқан күн сәулесі» атты әңгіме-повестерін таңдап алдық. Соңында пьесалары туралы пікірімізді білдіре кетеміз.
Шәуішке шағылысқан 
күн сәулесі
Он төртінші өлшем үлгісінде жазылған шығарманың ұзын-саны отыз сегіз бет: «Шәуішке шағылысқан күн сәулесі», повесть.
Жаратылыс-сойынан өнерді ардақ тұтқан Асылбек Ихсан – көп оқыған, ізденімпаз, зияткер тұлға. Жазу мәнері қалыптасқан, жанрдың тылсым сырларын меңгерген, қасиетін бойына сіңірген, қатаң талаптары үдесіне сай әңгіме-повестер жазған, есейген, төселген жазушы, сөз қадіріне жеткен, жазған-сызғаны мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып келе жатқан еңбекқор қалам иесі.
Соңғы жазғандарының бірі «Шәуішке шағылысқан күн сәулесі» – өмір мәнін іздеген философиялық шығарма. Батыс пен Шығыстың ойлы дүниелері тәрізді ғұмыр/тіршілік, адам/адамзат, өнер/өмір, мән/мазмұн, мұрат/үдеріс мәселелерін қозғайды. Мән іздеудің мазмұны мұрат-арманға тең бе, уақыт/кеңістік арақатынасы қандай, бір шеңбердің ішінде ме, ең бастысы көркем шығармада оның бәрі мәтін бойында тұр, ішінде емес, дәлірек уақиғадан ой туындайды. Схематизм жоқ, қарадүрсіндіктен тартына жазады.
Асылбектің тілі бай, құнарлы, ойы қуатты. Әдетте, кез келген автордың рақаттанып жазған дүниесін рақаттанып оқисың. Жайдары қалам тартса, оқырманы да жадырап қалады. Сүйкімді туындыға сүйсініп тұрасың. Еркін қалам – талғам талап-тілегіне бағынады. Немқұрайды дүние жасытады, жабырқатады, көкейіндегі мұң – көңіліндегі нала. 
Повесть кейіпкерлерінің тоғысатын тұсы – Адам уақиғасы. Ол – күллі қым-қуыт сюжеттік желілер басын біріктіруші персонаж: Айлин, Қалимолла, Бегімай, Кәмилалар басты рөлдерді атқарса да, – қосалқы қаһармандар.
Жалпы, қулық қандай – соңынан ерген – зауалын табады. 
Уақыт түрінде. Уайым кейпінде. Кішкентай уақиға өседі, үлкейіп ұлы қасіретке айналады. Ұсақтың ұлғаятыны тәрізді. Өзін-өзі жегідей жеп, тағдырдың тауқыметін көріп, тақсыретін тартады. Пенде алаяқ түгілі ауыл арасындағы айлакерге кейде оңай алдана салады. Көзі ақиқатын аңғармай қалады. Байқап, байыптап қараса, шын деп ойлағаны жалған, бар дегені жоқ, мәні – мағынасыз. 
Екеуінің арасын бөліп тұрған қатқан шәуіштің қалыңдығындай жұқа нәрсе,  жіптіктей сәуле тәрізді, астындағы ағын судан оңға да, солға да ауып кетуі кәдік. Әлсіз нәрсе алапат дүниені тізгіндегенімен, күш тең емес, қуаты сәл артса, аунап түседі, ебін тапса, ешқайда жібермейді, жалған сөздің жүгі ауыр, бірақ шындықтың шыңы биік, шындық өрге қарсы жүреді, құздың ту сырты шыңырау, өтірік пен шындық – өрілген қамшы секілді тіндері қатар. Бірге де біртұтас.   
Бір қарағанда, сюжеті қарапайым, диалогтары – ашық. Екі дос – Адам мен Қалимолла – бірде қыстың көзі қырауда балық аулауға барады. Мұз ояды, үкі жасайды. Сырыққа байлап желбіретіп ау тастайды. Әдетте, үкі егіз болады. Қос-қосынан қатар түседі.
Бір тартқандарында торға ірі балық ілінеді, алайда, кенет мұз жарылып, сең жүреді, Қалимолланы ашық теңізге қарай алып кетіп бара жатады. Адам көмекке тұра ұмтылғанда, аяғы тайып жығылады. Кейін әдейі, қасақана құлағаны анықталады. Бір қызға қатар ғашық екі жігіттің бірі осылай құрбан болады. 
Сюжет бірнеше желіден тұрады, автор ара-тұра пәлсапалық ойларға беріледі, ішкі монолог әдеби әдіс-тәсіл ретінде жиі қолданылады.
Асылбек Ихсан прозасында драматугиялық тәртіп бар: бір мәтінде теңіз көрінсе, келесі бір мәтінде көкжиектен қайық жүзіп шығады. Немесе су айдыны қатса, жылтырап бос жатпайды, жұрт сырғанақ  теуіп жүреді. Кейіпкерлері мұз ойып, үкі жасайды. Шұңқыр – балық, қармақ, ау – тілеп тұрады. Сең бұзылса, адам кетеді.  Күллі үлкенді-кішілі оқиға бір-біріне байланып, жалғасып жатады. Яғни бірін-бірі қозғайды. Домино ойыны тәрізді басы сүрінсе, аяғы жығылады. 
«Шәуішке шағылысқан күн сәулесі» туындысы біртұтас болса да, үш бөлімнен тұрады: сюжеттің өзі, ішкі толғаныстар және диалогтар. Бір-бірінен ажырамай, қатар жарыса жүріп жатады. Шығарма күрделі, алайда шебер-шедевр деңгейінде жазылған.
«Көксеректей» көркем, «Фрэнсис Макомбердің қысқа бақытындай» ұзақ, «Шұғаның белгісіндей» шұғылалы.
Әлем әдебиеті үздік үлгілерінің тізімі жасала қалса, құрамына енетіндей шығарма. Үш тізгінді қатар ұстаған еркін қалам – бірде жүйрік, бірде жорға.
Автобус
Көлік те кейіпкер. Шығармада бейнеленген автобус – үлгі. Немесе қоғамның шағын пішіні. Жолаушылары – халық. Қала аудандарын кезген қала тұрғындары. Бір-бірін танымайды, бірақ, бір көліктің ішінде келе жатыр. Тағдыры бір, тұрағы бір, жұрты басқа.
Бөтен. Қоғамда жанашырлық, елде ауызбіршілік жоқ. Әркім өз мүддесі тұрғысынан сөйлейді. Қаланың болашағы еш қызықтырмайды. Өз қамын – өзі жейді.  Өзгеде шаруасы жоқ. Бөлек-бөлек ел, біртұтас емес. Күрес жолында жалғыз. Бәрі оңаша, оқшау күреседі.
Бір үйде тұрып, бір-біріне суық. 
Ортақ мұрат-мүддесі төңірегінде бірікпейді, сондықтан көлікті басқарып келе жатқан шопыр – бастық.
Мақсаты айқындалмаған қоғам адасады. Мақсат – бағдаршам.
Бас кейіпкер әрі қатысушы, әрі куәгер. Қарапайым, қатардағы жолаушы емес. Дәлірек айтсақ, жиһангер. Өмір – саяхат, бірақ оны діттеген жеріне дейін кім жеткізіп салады. Маршрут кейде алыстан тоқтайды, кейде өтіп кетеді.
Әлемде әркімнің өз маршруты бар. Адамзат маршруты бөлек. Демек, маршрутты дұрыс таңдай білген жөн. Автордың көзі – Мұхит: көргенін бейнелеп жазып отырады. 
Автобус бірде босайды, бірде қайта толады. Аялдамалардан түсіп қалатындар да бар. Ерте кеткендер. Бірақ, маршрут анық емес. Қала ішінде жүретін көлік пе әлде қала арасына қатынайтын автобус па? Бір жылдамдықпен жөңкіледі. 
Бинокль
Драматургияға бергісіз сюжет. Қарсы үйдің балконынан күнде бір қызды көреді. Екі үйдің арасы алыс та емес, жақын да емес, көйлегінің түсі көрінгенімен, жүзінің шырайы анық көзге түсе қоймайды. 
Бірте-бірте жас ару келіп кететін мейман көретін тамашаға айналады.  
Ешкім танымайды, ал көшеде көре қалса, шырамыта да алмайды, ал, гүлді көйлектер толып жатыр, әрі-бері ағылып жатқан қыздар, әйелдер үстінде жарқырап, жан-жаққа тарасып, жарасып кетіп жатыр.
Бір күні бинокль іздеп базарға барады. Табады, бірақ сатып алған дүниесін базарда ұмытып кетеді.
Ертеңіне ме, кейіндеу ме – базар өртенеді. Сөйтіп, бинокльден айырылады.  Қыздың жұмбағы шешусіз қалады. 
Бірақ базарда бинокль сатқан адамдар өрттен аман қалып, бинокльді иесіне қайырып береді.
Жұмбақ шешіледі. Ол бинокльден қарағанда қарсы үйдің балконынан күнбағысқа ұқсаған гүлді көреді.   
Аяқтың иесі
Шиеленісін шиеленген желіге  байлаған туынды. 
Күнде таңғы мезгіл, таңертеңгілік уақ, кейде кешкі уақыт – аяқ киім табаны өкшесімен шиені жаныштап келе жатады. Басқан сайын жеміс жарылып,  ерекше бір әдемі дыбыс шығарады, дыбысына бола кетіп бара жатқанда немесе қайтып келе жатқанда іздеп жүріп езеді, құлағына әсем бір әуен құйылады, бейне бір күрделі аспап әуен төгіп, ән салып тұрғандай әсер етеді. 
Музыка аяқ иесінің көкірегінде көміліп шөгіп жатқандай көрінеді, шие қуалап, жерде шашылып жатқан жемісті таптап ағаш төңірегін жағалап   жүргенде оянатын тәрізді ме, қалай.
Мен тіршіліктің тынысын сеземін, дауысын, дабысын, дыбысын естимін.
Әңгіменің көңіліме жаққаны сондай – шалқып, шабыттанып, өзім екінші бір нұсқасын жазып кетердеймін. Әріптер кеудеме толып, дайын таңбалар жаңғырып жетелеп келе жатады.
«Аяқтың иесіне» сюжеттің керегі жоқ, форма мұратына жеткізеді.
Такт, ритм – аяқ киімнің салтанатты шеруі асфальт жолда шиені сырт еткізіп жарып, бірқалыпты естіледі.
Пьесалар
Асекең театр режиссері әрі драматург. «Хақ жолы», «Жеті ағайынды» атты драмалық туындылары – республикалық бәйгелердің жүлдегері атанған, сахналық шешімдерін сәтті тапқан пьесалар. Керекуде тұсауы кесілген «Соңғы мамонт» қойылымы елдегі театр өнері саласындағы құбылысқа айналды. «Дон Кихот» пьесасы қырғыз ағайындардың бас театр сахнасында қойылып, жүріп жатыр.
Асекең пьеса жазудың шебері: фабуладан сценарий, композициядан сюжет  құрастыра біледі. Әдетте, кіші детальдан  үлкен уақиға өрбиді. Асылбек Ихсан пьесаның  қаңқасын жасап барып, эпизодтарына көшетін тәрізді.
«Жеті ағайын», «Соңғы мамонт», «Зор Білгамеш һәм Қорқыт Ата» – сөзімізге дәлел. 
Тіпті, шексіз мәтіннің өзі формасыз  өмір сүре алмайды.
Форма стильден басталады. 
Стиль дискурсқа, дискурс атмосфераға ұласады. 
Асылбек Ихсан шығармаларының көзге көрінбейтін құдыреті осы, оқығанда білінбейтін үйлесім бар, бір қарағанда, қарапайым ғана сөйлем, алайда эпизод фабуламен жалғасып жатыр.
Оны біз түсіне қоймаймыз, бірден тани қоюымыз да күмәнді, бірте-бірте тас төбеге көтеріліп келе жатқан күн табағындай, жарық сәулесіндей қуаныш әкеледі. 
Күрмеу
Таза формализм. Қалам бейтарап, көңіл – орнықты. Автор уақиға желісіне араласпайды. Терең мазмұнға тек жақсы форма арқылы ғана жетуге болады.
Дидар Амантай
 
								 
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                         
                                        