Бітімге ұқсамайтын бітім

/
Бітімге ұқсамайтын бітім

АҚШ Президенті Дональд Трамп пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 30 қазанда Пусан қаласында бетпе-бет кездесті. Бұл – екі ел көшбасшысының кейінгі алты жылдағы алғашқы жүздесуі. Олар Оңтүстік Кореяға Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммитіне қатысу үшін барған болатын. 

Кездесу 1 сағат 40 минутқа созылды, бұл АҚШ президентінің кестесінде қарастырылған уақыттан ұзағырақ болды. Нәтижесінде, АҚШ Қытай импортына салынған орташа тарифті 57 пайыздан 47 пайызға түсіретінін жариялады, ал Бейжің сирек пайдалы қазбаларды экспорттауға қоймақ шектеулерін кейінге қалдыратын болды. Жалпы, екі тараптың да риторикасы өзгерді: Дональд Трамп кездесуге «он бал­дан – он екі» деген баға қойып, шиеленісті бәсеңдетуге дайын екенін аңғартты. Кез­десу қорытындысы туралы Дональд Трамп журналистерге Air Force One ұшағында айтып берді. Си Цзиньпин әзірге кездесуден кейінгі пікірін жариялаған жоқ. 

Бір қадам кейін, бір қадам ілгері

Келіссөздің мазмұны «бір жылдық бі­тім» форматына жақын. Тарифтер 47 пайыз­ға дейін төмендейді. Бұл – 2018 жыл­дан бергі кумулятив баждың біршамасы сақ­талады деген сөз, бірақ импорт баға­лары­на түскен қысым мен жеткізу сын-қа­тері азаяды. Қытай да сирек кездесетін пай­далы қазба экспортын біржола аш­пай­ды, тек жоспарлаған шектеулерін тоқтата тұрады. 
– Сирек жер металдары бойынша бәрі рет­телді, әрі бұл – тек Америкаға қатысты емес, жаһандық мәселе, – деді Трамп. – Қы­тай жағынан енді бөгет жоқ.
Мұның бәрі инфляция қысымын ішінара әлсіретіп, өндірісті, әсіресе жоғары технология компоненттері мен жасыл энергетикаға қажет материалдарды өндіруді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Екі ел басшылары фентанил тақыры­бын бөлек қарастырып, прекурсорлардың айна­лымын бақылау мен құқық қорғау ынтымақтастығын дамытуға уағдаласты. Вашингтон бұл блокқа салынған тарифті де жеңілдетеміз деп отыр. Ауыл шаруа­шы­лығы да күн тәртібіне кірді. Қытайдың мем­лекеттік сатып алушылары АҚШ-тың соя­сына тапсырыс бере бастады, мұны на­рық «сенім сигналы» ретінде қабылданды. 
Әйтсе де, технология майданындағы кей­бір қайшылықтар шешілген жоқ. Жар­тылай өткізгіштер, жасанды интеллект жаб­дықтары, экспорт бақылаулары, инвес­тициялық скрининг сияқты бағыттарда қандай да бір өзгеріс болатыны айтылған жоқ. Nvidia секілді ойыншыларға қатаң ре­жим сақталады, ал АҚШ-тың кеңейтілген экспорт бақылаулары Қытайдың өнімділігі жоғары есептеу экожүйесінің мүмкіндігін шектей береді. 
Бұл шешімдер нарыққа алғашында қа­лай әсер етететіні болжауға әбден келеді: өнер­кәсіп металдарына тәуелді салалар­дағы «сын-қатер үстемесі» азаяды, кеме жасау мен теңіз тасымалына қатысты реттеу белгісіздігінің қысымы азаяды, агроэкспортшыларға жол қайта ашылады. Бірақ жоғары технология сегментінде еш өзгеріс болмайды. Бұл – қаржы нарықтары мен компаниялар стратегиясында «селқос оптимизм» сценарийі сақталатынын білдіреді. 

«Ондай-ондай болып тұрады...»

Қытай басшысын қарсы алғанда, Трамп «өте сәтті кездесу» болады деп болжайты­нын айтқан. Сондай-ақ сәуірде Қытайға бару­ды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Си болса, Трамптың президент болғалы то­ғыз айда олардың үш рет телефон арқы­лы сөйлескенін және хат алмасқандарын еске салды. 
– Әлемнің екі көшбасшы экономика­сы­ның арасында анда-санда қайшылық болуы – қалыпты жағдай, – деді Қытай бас­шысы. Ол сонымен қатар АҚШ пен Қы­тай «дос әрі әріптес болуға тиіс» екенін бір­­­­неше мәрте жария түрде айтқанын атап өтті. 
– Мұны бізге тарих үйретті және қазіргі шындық соны талап етеді, – деп түйіндеді Си. 
Тайвань мәселесі Си Цзиньпинмен кез­десуде мүлде талқыланбаған, ал Украина­дағы соғыс туралы айтылды. 
– Біз Украина мәселесі бойынша бір­ле­сіп жұмыс істейтін боламыз, – деді ол. 

Бұл қадамдар «сауда соғысын» тоқтатпаса да, «қызып тұрған» тартысты сәл де болса жұмсартады деген үміт бар. Дегенмен келіссөздің саяси-экономикалық мәні – қобалжуды басып, уақыт ұту. Трамп ішкі нарықтағы баға қысымын әрі жеткізілім тәуекелдерін лезде жұмсартатын жол іздеп отыр, ал Си өндірістік жоспарлауды тұрақтандырып, экспорт арналарын қайта бейімдеуге мүдделі. Сол себепті Пусандағы мәмілені бітімге келу деуге келмейді. Ал оның беріктігі алдағы уақытта техникалық параметрлердің нақты орындалуына байланысты анықтала жатады. 
Трамп Оңтүстік Кореядан ұшып кетіп, Вашингтонға қайтып бара жатыр. Си бұдан әрі АТЭС саммитіндегі жұмысын жалғастырады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары