Кешелі бері әлеуметтік желідегі көпшілік достарымен бірге қазақ тілін үйрететін суперқосымша әзірлеп шығарған студент жігітке сәттілік тілеп, алғыс айтып жатыр. бес сыныптасымен бірге қазақша үйренгісі келетіндерге Dana Tiin атты мобильді қосымша жасақтап шығарған Амирлан Ерзатұлының тобында бүгінде 20 адам еңбек етеді. 10 жекеменшік мектеп пен екі облыста жобасын сәтті жүргізіп жүрген 20 жастағы студентпен аз-кем әңгімелескен едік.
– Желідегі бірнеше паблик Dana Tiin-ды суперқосымша деп таныстырып жатыр. Бұл жобаның қазақ тілін үйрететін басқа сайттар мен қосымшалардан несі артық?
– Біз қазақ тілін жалпылама емес, екі бағытта – мектеп бағдарламасы бойынша және қолданушының деңгейіне сәйкес үйретеміз. Біздегі басты артықшылық – қосымшада бес модуль жұмыс істейді. Олар: оқылым, тыңдалым, жазылым, сөйлеу және сөздік қорды ойын форматында молайту. Елімізде ЖИ-ға технологиялар әлі дамымағаны анық байқалады, оған қарамастан біз өз моделімізді әзірлеп шығардық. Бізде грамматикалық қатені түзеу басымдығы оқушыларға көп көмегін тигізіп жатыр. Мысалы, мұғалім оқушыға отбасы туралы әңгімелеуді үй тапсырмасы ретінде берді делік. Бала біздің қосымшада 5-7 минут отбасы туралы әңгімелейді. ЖИ оқушы мен мұғалімге «Мына жерде мынадай грамматикалық қате жіберілді. Мына сөз орынсыз қолданылды» дегендей ескертпе жіберіп, кері байланыс орнатады. Осылайша, әр қолданушыға бейімделіп, деңгейіне сай тапсырмалар беріп отырады. Әрі оның қатесін мұғалімі бақылай алады. Сонымен қатар сыныптағы жасын елеп, қанша сөз жаттай алатыны ескерілген. Мысалы, 3-4 сынып оқитын бала 300-400 сөз білуі керек. Ол жастағылар сол сөздерді жатқа білсе, тез үйренеді әрі сөйлеуден қорықпайды. Жалпы, біздің қосымша 2-9 сынып аралығында оқитын оқушылардың қазақ тілін еркін меңгеруіне бейімделген. Бір сыныпта 10 бала оқыса, барлығына бірдей бір мәтін беріледі. Бірақ бір мәтінге 8 түрлі тапсырма жасалады. Оқылымның тағы бір артықшылығы – қолданушы кітаптағы жазуды сканер арқылы қосымшаға кіріктіре алады. Ондағы мәтінді түсінбей қалсаңыз, сол сөздің үстіне бассаңыз болғаны, оның ағылшынша, орысша аудармаларын оқи аласыз. Қосымшадан шығып, басқа сайттардан іздеудің қажеті жоқ. Тағы бір ерекшелік – онда мұғалімдерге қазақша мәтін құрастыруға мүмкіндік қарастырылған. Мұғалім 5-6 кілтсөз жазса, оның оқытатын сыныбына сай мәтін жіберіледі. Біз бұл модульды әзірлеу кезінде сынып жетекшіміз және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінен көмек сұрадық. Келесі бір ерекшелік – бүгінде оқушылар TikTok, Instagram-ды жиі қолданатындықтан, олардың назары 30 секундтан артыққа шыдамайды. Мұны ескерген біз қосымшада қазақ тілінің грамматикасын Instagram сторис форматында үйретуді ұйғардық. Алдымен теория беріледі, сосын ол ереже ойынмен «бекітіледі». Одан бөлек, сөздік қорды молайтуға арналған 4 ойын бар. Алда тағы 4 ойын қоспақпыз. Әлі де көп деректі өз қолымызбен жинақтап жатырмыз.

– Қосымшаны ойлап табуға не түрткі болды? Өскен немесе оқыған орта себеп пе?
– Мен – Алматы қаласының тумасымын. 3-сыныпқа дейін сонда оқыдым. Сосын Шығыс Қазақстан облысында әжемнің тәрбиесінде болдым. Кейін ата-анамның жұмысы ауысып, Астанаға көштік. Онда мектепті бітірген соң, шетелде білім алғым келді. Алайда ата-анам қарсы болған соң, Сүлейман Демирел атындағы университеттің халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түстім. Мен Астанадағы Республикалық физика-математика мектебінде орысша білім алдым. Әжемнің қолында өскендіктен, қазақшам жақсы. Әрі үйде де қазақша сөйлесеміз. Әу баста қосымшаны құрудағы басты мақсат – достықты нығайту. Біз сыныптастарымызбен жақсы араласатынбыз. Өте бауырмалмыз. Мектеп те, сынып та жақсы болды. Мектеп бітірген соң алтауымыз достығымыз ажырап қалмасын деген оймен пайдалы жоба жүргізуді ұйғардық. Үш досым Американың үш түрлі қаласында білімін жетілдіріп жүр. Ал қалған үшеуіміз елде оқимыз. Сөйтіп, алтауымыз Ахмет Байтұрсынұлы университетінің мамандарымен бірлесіп, қазақ тіліндегі бірінші иммерсивті сөздік әзірлеп шығардық. Ондай сөздік біздің елде жоқ еді. Бірінші болып біз шығардық. Содан соң осы қосымшаны жасауға бел будық.
– Сондай-ақ бір себеп ретінде бізде көбіне тіл үйренемін деушілерге қазақ тілі тиімсіз, іш пыстырарлық сабақ ретінде оқытылатынын байқағаныңызды айтасыз.
– Дәл солай. Оған қоса, қазір қазақшаны үйретуді мақсат еткен түрлі қосымша қатарымызға қосылып жатыр. Десе де, маған олардың бизнес моделі қазақ тілін үйрету емес, ақша табуды көздегендей көрінеді. Олардың ішіндегі материалдарын бағамдап қарасаң, қолданушы одан анау айтқандай мол білім ала алмайды. Қазір Play Market немесе App Store-ға ағылшын тілі деп жазып қалсаңыз, ол тілді үйретуге арналған жүздеген қосымша шығады ғой. Сөйлеуді, жазуды үйретуге бағытталған бөлек қосымшалар тағы бар. Ал қазақ тілін меңгерту үшін мұндай қуатты құрал тіпті де жоқ. Сондықтан әдепкіде достығымызды берік қылу үшін бұл жобаны бастаған алтауымыз елімізде бұл нарықтың бос тұрғанын байқадық. Сөйтіп, ана тілімізді үйренемін деушілерге жай ғана қосымша емес, пайдалы әрі оңтайландырылған қосымша жасақтап шығаруды мақсат еттік.

– Басында алты сыныптас болып ашқан жобада бүгінде 20-дан астам маман қызмет етеді екен.
– Достарымыздың бірі – қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Екеуі – бағдарлама жасақтаушы, біреуі – философ-маман, енді біреуі – климатолог. Бірі – бизнес-аналитик. Бірақ барлығы да код жаза алады. Бағдаралама жасақтауға икемі бар. Расында бүгінде тобымызда 20 адам жұмыс істейді. Оның 11-і – бағдарлама жасақтаушы, екеуі – машиналды инженер. Нарықты зерттеуші маманымыз және бар. Сонымен қатар тіл мамандары да жемісті еңбек етуде. Одан бөлек, қатарымызда деректерді жинаған кезде әр қатені түзейтін дата лейблинг маманы да бар.
– Бүгінде қосымшаны қолдану аясы қалай?
– Қазір қосымшаны 10 жеке мектеп пен екі облыс қолданады. Біз Haileybury мектебінің ұсынысы бойынша қазақша үйренгісі келетін ағылшынтілділерге бейімдеп жатырмыз. Онымен қоса, кирилл қарпін танымайтын экспаттарға да жағдай жасамақпыз. Арнайы олар үшін латын әліпбиіндегі жүйе жасақтап жатқан жайымыз бар. Одан бөлек, қазір Қостанай облысында пилотты түрде жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінде солтүстік өңірлерде қазақ тілін тиісті деңгейде меңгергендердің үлесі аз екені, ол жақтағылардың қазақшаға шорқақ екені жиі айтылып жүр. Сондықтан осы жобамыз арқылы сол аймақтағылардың қазақша сөйлеп, түсінісуіне титтей де болса үлесімізді қоссақ дейміз.
– Dana Tiin-ді ағылшынтілді оқушылар да қолдана ма?
– Иә, біз көбіне мектеп оқушыларымен жұмыс істейміз. Еліміздегі түрлі елдің елшілерінің балалары оқитын «Хорезм» мектебіндегі оқушылар, әсіресе, араб тілділер біздің қосымшаны жиі қолданады. 1 тоқсан бойы сайрап кетпесе де, біздің айтқандарымызды түсініп, бүгінде сөз арасына қазақша қосып жүр. Оларды бәрінен бұрын ойындар қызықтырады екен. Сол ойындарды ойнау арқылы көп сөз жаттағанын айтып, бізге алғысын айтып, қуанып жүр.

– Жобаға қолдау көрсететіндер бар ма?
– Жарты жылдай Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен байланысып жүрміз. Әлі қолдау алмадық. Біз ол ведомствоның вице-министрі, тіпті сол кездегі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен, оның орынбасарымен де кездескенбіз. Барлығы бізді «Жарайсыңдар» деп арқамыздан қағып шығарып салады. Бірақ әлі қолдау көрсетілген жоқ. Қазір көпшілік «Қазақша үйрену қажет. Қазақша сөйлеу керек» дегенді жиі айтады. Алайда менен кейінгі жастар қазақша білсе де, орысша сөйлегенді қалайды. Жасырмаймын, мен де арасында қазақшадан гөрі орысшаға жиі «жүгінетінімді» байқаймын. Ыңғайлы деп хабарламаны орысша жаза саламын, орыстілді контент қараймын. Қазақшаны араластырамын кейде. Осы «әдетті» дер кезінде байқап, хабарламаны қазақша жазып, қазақша контент көруді өзімізден бастасақ. Жобаны бастағанда алтауымыздың ішінде менің ғана қазақшам жетік-тін. Қазір қалған бесеуі де қазақша біледі. Осылайша, достарымыз секілді біздің қосымшаны күніге немесе аптасына 2 рет қолданған оқушының қазақшасы жақсара түсетіні анық.
– Қазір сіздерге қандай көмек қажет?
– Әңгіме басында деректерді өзіміз жинайтынымызды айттым ғой. Қазір қолмен жазылған мәтінді дижитал форматқа айналдырамыз. Бізге қолмен жазылған көп дерек қажет. Қазір Президент архивімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Олардың бізге пайдасы тиіп қана қоймай, біздің де оларға береріміз мол екені сөзсіз. Олардың көп құжаты дижитал форматқа айналады, ал бізге дерек ретінде қолданылады.
Әңгімелескен 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
 
								 
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                         
                                        