Инновацияға иек артатын ақылды экономика құрамыз дегелі біраз жылдың жүзі болды. Оны жүзеге асыру үшін ғылымды коммерция көзіне айналдыру керек. Ғылыми жаңалықтар қағаз бетінде қалып қоймай, зауыттан зат күйінде шықса ғана адамзатқа игілік әкеледі.
Ғылым мен бизнестің тоғысуы – қазіргі экономиканың басты драйверлерінің бірі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ғылыми жаңалықтың қоғам игілігіне айналуы үшін оның нарықтық әлеуеті іске қосылуы керек. 
Елімізде 2015 жылдан бастап ғылымды коммерцияландыру мемлекеттік деңгейде басым бағытқа айналды. 2021-2025 жылдарға арналған ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында коммерцияландыруға арналған гранттардың үлесін арттыру, университеттік стартап мәдениетін қалыптастыру және патенттік белсенділікті көтеру жоспарланған. 
Кейінгі жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай өсті. Бұл – мемлекеттің ғылыми идеяны нақты нәтижеге айналдыруға, яғни отандық ғалымдардың жаңалықтарын өндіріске енгізіп, коммерцияландыруға деген ықыласын көрсетеді. Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында Мемлекет басшысы: «Қазақстан үйренетін емес, үйрететін, тұтынатын емес, өндіретін мемлекетке айналуға тиіс. Бұл міндет бос сөз күйінде қалмауы керек. Ол үшін біз әрдайым батыл қимылдап, бір қадам алда жүруіміз қажет. Жұмысты дұрыс үйлестіре алсақ, бұл шаруа біздің қолымыздан келетіні анық», – деген болатын. 
Иә, ғылымды қаржыландыру тәсілдері жақсарып, қаржы көлемі едәуір артып, ғылыми мекемелер біртіндеп жаңғыртылып жатыр. Әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда тәжірибеден өткен мамандар саны көбеюде. Жастар ғылым саласына бет бұра бастады. Соңғы он жылда ғылымды коммерцияландыруға бағытталған институционалдық және құқықтық реформалар жасалды. Алайда бұл үдерістің қарқыны мен нәтижелілігі әлі де талқылауды қажет етеді. Себебі ғылымның еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне тың серпін бере алмай отырғаны жасырын емес. 
Салаға бөлінген қаражат қомақты. 2024-2026 жылдарға көзделген ғылым бюджеті – 703,6 млрд теңгені құрады, бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 9 пайызға артық. Ал қолданбалы ғылымды 2024-2026 жылдары мемлекеттік қаржыландыру 476,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Атап айтсақ, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру – 211 млрд теңге, гранттық қаржыландыру – 198 млрд теңге, коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру – 67,9 млрд теңге. 
– Ғылым қоры 2016 жылдан бастап ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын грант аясында қаржыландыруға конкурстар өткізіп келеді. Жалпы, 2016, 2017, 2018, 2022, 2023 және 2024 жылдары 6 конкурс өткізілді, оларға 2 148 өтінім берілді, 1 681-і сараптамадан өтті, 416-сы ұлттық ғылыми кеңес (ҰҒК) шешімімен мақұлданды, 386 шарт жасалды. Бұл ретте іске асыру кезеңінде 208 жоба тұр, 180-ден астам өндіріс сатылымға шықты, оның ішінде 19 жоба экспортқа шықты. Сатылым көлемі 1 млрд теңгеден асқан 7 жоба тіркелді, – деп мәлімдеді министрлік. 
2024 жылы коммерцияландыру жобаларының саны айтарлықтай өскен. Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, тек соңғы екі жылда инновациялық өнімдер мен технологияларды сатудан түскен табыс 10 млрд теңгеден асып отыр. Бұл – әлі бастамасы ғана. Сарапшылардың айтуынша, ғылыми идеялар экономикалық айналымға толық ене бастаса, бұл көрсеткіш еселеп артады. 
Мемлекет қаржысынан бөлек кәсіпорындар да ғылымды дамытуға үлес қосуға тиіс. Олар ғылыми орталықтармен, ЖОО-лармен бірлесіп, жаңа өнімдер шығаруы керек. Еліміздегі ірі өндіріс орындары өз табысының 1 пайызын ғылым саласына аударуға міндетті. Нақтырақ айтсақ, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өндіріске жіберген шығынның 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға бөлуі керек деген заң бар. 
Жол картасының жобасына сәйкес жеке бюджеттік бағдарлама құрумен республикалық бюджет арқылы жер қойнауын пайдаланушылардың ҒЗТКЖ-ға аударымдарын орталықтандыруға кезең-кезеңмен көшу көзделген болатын. Мәселен, 2022 жылы – 50 пайыз, 2023 жылы – 75 пайыз, 2024 жылы – 100 пайыз. 
– Жаңа тетікті енгізу ғылымды жыл сайынғы қаржыландыруды 25 пайызға ұлғайтуға, жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми қызметті дамытуға аударымдарының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді, ҒЗТКЖ жобаларын мемлекеттік есепке қояды және олардың тұрақты мониторингін қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатына ұжымдық пайдалану арқылы 15 ғылыми зертхана және отандық жоғары оқу орындарының базасында 10 ғылыми-зерттеу орталығын құру жоспарлануда, – деп хабарланған болатын. 
Алайда сарапшылар көп жағдайда 1 пайыз ақша компанияның өз ішінде қалатынын, олардың әртүрлі құйтырқы амалдармен заңды айналып өтетінін айтады. Бұл туралы Мұрат Жұрынов: «Біздегі кәсіпорындардың көбі шетелдік инвесторлардың қолында, олар қазақстандық ғалымдардың жетістігін енгізуге мүдделі емес. Себебі трансұлттық компаниялардың өз елінде жекеменшік зерттеу институттары бар», – деген болатын. Әрине, жұртқа ренжитін жөніміз жоқ. Әркім өзінде барын қориды ғой. Әйтсе де, бұл мәселенің басы ашық екенін айта кетуіміз керек. 
Былтыр Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов: «Негізі бұл – үлкен проблема. Заң бойынша 1 пайыз деңгейінде ғылымға қаражат бөлу туралы норма бар. Бірақ ол норма іс жүзінде жұмыс істемейді. Жер қойнауын пайдаланушылардың көбісі бұл қаражатты ғылымға емес басқа бағыттарға жұмсап жатыр. Ашықтық пен бәсекелестік те жоқ. Осыған орай заң жобасы шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми жобаларға мемлекеттік техникалық сараптама жүргізу бойынша міндеттемелер белгіленеді және де ол зерттеулердің мониторингі мен нәтижелерін тіркеу бойынша нормалар да ұсынылды. Бұл толықтырудың мақсаты – осы қаражаттың ғылымға жұмсалуын және де ашықтығын қамтамасыз ету», – деген болатын. Осыған орай, алдағы уақытта компанияларға сұрау салып, олардың отандық ғылымның дамуына қанша қаражат бөліп отырғанын зерттеу жоспарымызда бар. 
Отандық ғалымдардың ашқан ғаламдық жаңалықтары, ойлап тапқан инновациялық құрылғылары біршама болғанымен, оның өндіріске кіріге алмауы – үлкен мәселе. Ғылымға бөлінген ақшаның қайтарымсыз болуының бір себебі де осы. Жыл сайын қаншама стартап пен патенттер тіркелгенімен олардың нарыққа шығу үлесі өте төмен. Өйткені мемлекеттік қолдау шаралары көбіне «жобаны іске қосуға» ғана бағытталады да, кейінгі нарықтық кезеңінде жүйелі сүйемелдеу жетіспейді. 
Сарапшылар ғылым мен бизнестің біріге алмауының бірнеше себебін атайды. Біріншісі, ғалымдар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың әлсіздігі. Екінші себеп – ғылыми жобалардың нарықтық талдауы мен бизнес-моделінің болмауы. Үшіншісі, коммерцияландыру механизмдерінің (венчурлық қорлар, технопарктер, трансферттік орталықтар) тиімсіздігі. Мұндай маңызды мәселеде бізге ғылыми менеджмент мәдениетін дамыту керек. Ол үшін университеттер мен зерттеу орталықтарында технологиялық брокерлер мен инновациялық менеджерлердің кәсіби институтын қалыптастырған дұрыс. Ғылымға жеке сектордың қатысуын арттыру үшін салық жеңілдіктері мен бірлескен қаржыландыру модельдері қажет. Осы ретте зияткерлік меншік құқығын нығайтуды естен шығармаған жөн. Патенттеу жүйесін цифрландыру және лицензиялық табысты ғалымға тікелей жеткізетін әдістемені енгізу маңызды. Сонымен қатар университеттер мен индустрия өкілдері арасында стартап-инкубаторлар, студенттік инновациялық хакатондар желісін кеңейту керек. 
Мемлекеттен бөлінетін қыруар қаржының ғылымның айналасындағы коррупционерлердің қалтасына емес, өндіріс пен бизнестің қамбасына түсуі өте маңызды. Өйткені ғылымды коммерцияландыру – жай экономикалық процесс емес, бұл ұлттық инновациялық мәдениетті қалыптастыру жолы. Егер ғылым мен бизнестің «әріптестігі» жүйелі түрде жолға қойылса, Қазақстан шикізатқа тәуелділіктен арылып, жоғары технологиялық өнім экспорттаушы елге айналатын күн алыс емес. 
 
								 
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                         
                                        