Декларация: Мүлкін жариялау кімдерге міндет?
Биыл елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың тағы бір кезеңі басталады.
Бұл – 2021 жылы енгізілген жалпыға бірдей декларацияның үшінші кезеңі. Яғни, енді мемлекеттік қызметкерлермен қатар, кәсіпкерлер, заңды тұлғалар жиған-терген, қолда бары мен дүние-мүлкін түгел түгендеп есеп беруге міндеттеледі.
Еске салсақ, Қазақстанда жалпыға бірдей декларация 2021 жылы енгізілді. Бірінші кезеңде лауазымды мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары мүлкін жария ету науқанына қатысқан болатын. Оған сәйкес жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, әуе және теңіз кемелері, көлік құралдары, арнайы техникалар, шетелдік банктердің есепшотында сақталған қаражат көрсетілуі керек болды. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, декларацияны 500 мыңдай адам уақытында тапсырған. Ал үлгермегендерге айыппұл салынды.
Екінші кезең – 2023 жылы мүлкін мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері мен олардың жұбайлары жария етуге міндеттелді. Олардың саны шамамен 2,1 миллионға жуықтайды.
Жалпы, декларация қорытындысы құпия саналады. Сондықтан декларацияның екі кезеңі туралы нақты мәлімет жоқ. Дегенмен Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылғы мобильдік аударымдарға қатысты мәліметтерде 8 мың мемлекеттік қызметші мен олардың жұбайы заң бұзуы мүмкін деген күдікке ілінетінін мәлімдеді. Осы секілді ішінара мәліметтер болмаса, жалпы мәліметтерді, декларация нәтижесін салық органдары өз қызметтеріне пайдаланады.
Енді, келесі үшінші кезең – кәсіпорын басшылары, құрылтайшылар заңды тұлға, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларация тапсыратын болады. Олардың саны шамамен 3,9 миллиондай болады. Одан кейін 2025 жылы соңғы кезең – 6,4 миллион жеке тұлға жеке дүние-мүлкін жариялайтын болады.
Жалпы, декларацияны қалай, қайда, қашан тапсыру керек деген секілді сұрақтардың жауабынан, негізгі мәліметтерден халық толық хабардар емес екені байқалады. Ал биылғы декларация экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың біразына қатысты екенін ескерсек, нақты қандай дүниені жариялау керек, декларациядан кешіккендерге немесе тапсырмағандарға қандай шара қолданатынын да зерттеп көруге тырыстық.
Меншігін жария ететіндер кімдер?
13 желтоқсанда Орталық коммуникациялар қызметінде МКК өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнайы салық режимдерін әкімшілендіру департаментінің директоры Нұржан Қуандықов жалпыға бірдей декларациялаудың екі кезеңі туралы айтып, үшінші кезең қалай өтетіні туралы ақпарат берген болатын.
– Декларацияда Қазақстан Республикасында да, шетелде де бар барлық мүлік көрсетілуге тиіс. Атап айтқанда, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарттары, 10 мың АЕК немесе 34,5 млн теңге шегіндегі қолма-қол ақша, сондай-ақ шетелдегі жылжымайтын мүлік пен автокөлік құралдары көрсетілуге тиіс, – деп түсіндірді комитеттің ресми өкілі.
Сонымен, биыл жеке кәсібін дөңгелетіп отырған шағын және орта бизнес өкілдері де табысын жария ететіндердің қатарына қосылмақ. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны жұмыс істеп жүрген жауапкершілігі шектеулі серіктестердің басшылары мен жеке кәсіпкерліктерден басқа, өз қызметін уақытша тоқтатқан және жұмыс істемей тұрған жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшылары да тапсыруға тиіс, себебі олар қағаз жүзінде тіркелген кәсіпкерлер деп есептеледі. Егер жеке кәсіпкерлік немесе ЖШС жұмысын жалғастыруды жоспарламаса, онда кәсіпкер өз бизнесін 2023 жылдың аяғына дейін жауып, 2024 жылы декларация тапсырмауына болады. Дегенмен 2025 жылы бәрібір жеке тұлға ретінде тапсыратын болады, өйткені алдағы жылдан бастап жалпыға ортақ декларация жалпы халыққа да міндеттеледі.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің жұбайлары Қазақстан азаматы болмаса да өз табыстарын декларациялауы керек. Бұл ереже ажырасқан ерлі-зайыптыларға да қатысты екенін айтып өткен жөн. Мысалы, егер кәсіпкер мен оның жұбайы 2024 жылғы қаңтарда ажырасса, екеуі де активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыруы керек, өйткені 2023 жылы олар жұп ретінде әлі тіркеуде болған. Бұл арқылы салық органдары табысын жасырғысы келіп, әдейі ажырасқандарды анықтап, оларды салық төлеуге міндеттегісі келеді.
«Меншігіңнің бәрін жария ету міндетті емес»
Дегенмен бұл меншігіңдегі мүліктің бәрін жариялау керек деген сөз емес. Жарияламай-ақ қоюға болатын меншік түрлері де бар екен.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сүйенсек, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарттары, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 млн теңге (10 мың АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша, нотариалды куәландырылған қарыз шарттары, құны 3,4 миллион теңгеден асатын мүлік (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асылтұқымды жануарлар) декларациялануы керек меншікке жатады.
Тарқатып айтар болсақ, 250 формадағы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда шет мемлекетте тіркелген барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлік жазылады. Оның ішінде жер учаскелері мен жер үлестері, көлік, арнайы техника, ұшақ пен кеме сияқты жылжымалы мүлік, шетел банктерінде ашқан шотында сақталған 1 000 АЕК-тен астам қаражат, шетелде құрылған заңды тұлғаның жарғы капиталына қатысу үлесі.
Бұл декларацияда Қазақстанда тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлік, оның ішінде гараждар, жер учаскелері, саяжайлар, үйлер, автокөліктер көрсетілмейді, өйткені бұл ақпарат уәкілетті органдарда бар, мемлекет оларды біледі екен. Сондай-ақ декларацияда Қазақстандағы банк шоттары да көрсетілмейді, өйткені мемлекет олар туралы біледі, оған тек шетелдегі шоттар туралы ақпарат қана қажет. Егер шетел банк шотында 1 000 АЕК-тен астам ақша жатса, ол декларацияда көрсетілуі керек, ал егер 1 000 АЕК-тен аз болса, онда көрсетпеуге болады.
Ал қайда болғанына қарамастан жария ету керек мүлікке үлескер келісімшарты негізінде алынған тұрғын үйдегі үлес, бағалы қағаздар, инвестицияланатын алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, мөлшері 10 000 АЕК-тен аспайтын қолма-қол ақша (егер одан артық болса, онда 10 000 АЕК ғана жазылады), нотариалды куәландырылған келісімшартпен бекітілген басқа тұлғалардың сізге деген қарызы немесе өзіңіздің басқаға қарызыңыз жатады. Банк алдындағы қарыз көрсетілмейді, өйткені ол – салық органдарына анық мәлімет. Одан бөлек, сенімгерлік басқаруға тапсырылған мүлікті де жазу міндетті.
Декларацияны екі түрлі тәсіл арқылы тапсыруға болады. Қағаз жүзінде немесе электронды нұсқада. Қағаз жүзіндегі декларацияны ХҚКО арқылы немесе жергілікті мемлекеттік кірістер департаментіне хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберуге болады. Электронды түрде салық төлеушінің кабинеті, eGov порталы, esalyq azamat және eGov mobile мобильді қосымшалары арқылы жолдауға болады.
Қазір декларацияны қабылдау басталып кетті. Яғни, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап есеп беруге болады. Бұл ретте қағаз жүзіндегі декларацияны 2024 жылғы 15 шілдеден кешіктірмей, электронды түрде 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей жіберу керек.
Яғни, бұл шара шетелде мүлкі бар, бірақ жасыруы мүмкін азаматтарға тосқауыл қоюға бағытталып отырғанын еске салған маңызды. Ал жасырғандарға жаза да қарастырылған.
Мүлкін жасырғандарды қандай жаза күтеді?
Осы жерде бір сұрақ туындайды. Азаматтардың шетелдегі мүлкін жасырғанын қалай анықтауға болады? Ол белгілі болмаса, жаза қалай тағайындалмақ? Айта кету керек, 2014 жылы Қазақстан салық мәселелері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы Страсбург конвенциясына қосылды. Бұл біздің мемлекет басқа қатысушы елдермен резиденттердің қаржы шоттары мен есептері туралы ақпарат алмасады дегенді білдіреді. Осылайша, салық органдары жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі мүлкі бар екені туралы жасырын ақпаратты көре алады екен.
Сонымен, декларация тапсырмағандар және толық емес немесе жалған мәлімет ұсынғандар әкімшілік жауапқа тартылады. Салық органы бірінші ретінде ескерту жасайды да, екінші ретінде декларация тапсырмағаныңыз үшін 15 АЕК, ал мәліметтерді толық ұсынбағаныңыз үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салады.
Ал егер кәсіпкер салық салу объектілерін жасырса, оған төленетін салық үстіне салық мөлшерінің 200 пайызы көлемінде айыппұл салынады, ал жағдай қайталанса, 300 пайызындай айыппұл салынады.
Егер кәсіпкер шетелде орналасқан мүлкі, сондай-ақ шетелдегі банк шоттарында жатқан ақшасы туралы мәліметтерді жасырса, онда 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады. Егер бір жылда жасырын мәлімет декларацияда түзетілмесе, 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Егер кәсіпкер қатесін өз бетінше түзейтін болса, айыппұл салынбайды. Бақылау жалпыға ортақ декларациялау барлық азаматтарды қамтыған кезде басталады.
Жалпы, кәсіпкер бизнесін ашық жүргізіп, салық органдарынан ештеңе жасырмаса, бүккені мен жасырғаны жоқ болса, декларациядан ешқандай қауіп те жоқ, оны тапсырудың қиындығы да болмайды.
– Салық кодексінде тәуекелдің үш дәрежесін қарастыратын камералдық бақылау бар. Олар: төмен, орташа және жоғары тәуекел. Төмен дәрежелі тәуекел үшін ештеңе болмайды. Тәуекел дәрежесі орташа заң бұзу бойынша хабарлама жіберіледі. Тәуекел дәрежесі жоғары болса, хабархат жіберіледі. Хабарлама жеке тұлғаға жіберіледі және сіз оған жауап бересіз. Сіз өзіңізге 10 пайыз салық тағайындайсыз немесе біз қарастырып, қорытынды жасаймыз. Не тексеруге шығамыз, не бұзушылықтар жойылғанға дейін жұмыс істейміз, – деп мәлімдеген болатын Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Нұржан Қуандықов.
Осылайша, жалпыға ортақ декларациялау бір рет емес, жыл сайын тапсырылып тұрмақ. 2025 жылдан бастап барлық азамат декларация тапсыруға міндетті болады. 2025 жылы 13 миллионнан астам адам декларация тапсырады деген болжам бар.
Дегенмен Мемлекеттік кірістер органдары декларациялардағы көрсетілген деректердің дұрыстығын 2026 жылы ғана тексере алады екен. Осыған қарағанда, алдағы екі науқанның мәліметтері енді ғана тексеріліп жатқан сияқты.
Деректердің ашық болғаны абзал
Мемлекеттік лауазымды тұлғалардың кірістері мен мүлкі туралы декларация сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, заңсыз баю және мүдделер қақтығысын анықтауға мүмкіндік беретін қуатты құрал ретінде әлемдік тәжірибедегі танымал құрал саналады. Дүниежүзілік Банктің мәліметтері бойынша, шенеуніктердің кірістері мен дүние-мүлкі туралы ақпаратты жариялау туралы талап 150-ден астам елде бар екен.
Одан бөлек, жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін декларациялау халықтың нақты табыстарын салықтық бақылау және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл құралы ретінде әлемнің көптеген елінде қолданылады. Олардың қатарына АҚШ, Канада, Германия, Франция, Швеция, Финляндия, Дания, Аустралия, Чехия, Италия, Жаңа Зеландия, Сингапур, Швейцария, Чили, Ұлыбритания, Бельгия, Греция, Венгрия, Польша, Португалия, Испания, Эстония, Норвегия, Нидерланд, Словения және т.б. елдер кіреді.
Айта кету керек, осы елдердің көбінде табыс пен мүлік туралы декларациядағы ақпарат ашық қолжетімді. Мұндай қолжетімділік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес құралы ретінде декларациялардың құндылығын арттыратыны түсінікті. Осы арқылы халық пен БАҚ өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін және декларацияның дұрыс жүргізілуін бақылайтын мекемелердің үстінен қадағалап, декларациялардағы мәліметтерді тексеру құқығына ие бола алады. Яғни, мұндай мүмкіндікті біздің елімізде де қолдану сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге сеп болары анық.
P.S. Сонымен, жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңіне аяқ бастық. Қорыта айтқанда, декларация табысын жасырғандарға, жасырғысы келетіндерге ғана жүк болмақ. Мұның алдындағы екі кезеңнің деректері ашық жарияланған жоқ. Дегенмен құзырлы органдар сол деректердің негізінде әділ жұмыс істесе, көптеген заңсыздық пен бассыздық тыйылары анық.