Түркістан мұхтариятының тілі

1917 жылғы Ақпан төңкерісі Ресей империясының қол астындағы халықтар арасында ұлт-азаттық қозғалыстардың өрбіп-өршуіне зор қуат бергені белгілі. Қос үкімет дәуірінің аясында Түркістан өлкесі де үлкен дүмпуді бастан кешті. Сол кезеңдегі қазақ, кеңірек алғанда, жалпы түркі баспасөзі тарихында орны айрықша басылымдардың бірі – Түркістан Ұлттық Кеңесі Тұрақты Атқару Комитетінің төрағасы, бар болғаны 27 жастағы Мұстафа Шоқайдың бастамасымен жарық көрген «Бірлік туы» газеті.

Түркістан мұхтариятының тілі
ашық дереккөз

1917 жылғы Ақпан төңкерісі Ресей империясының қол астындағы халықтар арасында ұлт-азаттық қозғалыстардың өрбіп-өршуіне зор қуат бергені белгілі. Монархиялық билік тақтан тайдырылып, Туысқандық, Теңдік және Бостандық ұрандары көтерілді. Қос үкімет дәуірінің аясында Түркістан өлкесі де үлкен дүмпуді бастан кешті. Саяси өмір күрт жанданып, түрлі ұйымдар құрылды. Қоғам шындығын, жұрт пікірін, саясат бағдарын халықаралық үдерістермен ұштастыра баяндайтын «Нәжат» (Мінуәр Қари Әбдірашидханов), «Кеңгаш» (Ахмет Зәки Уәлиди), «Хұррият» (Әбдірауф Фитрат), «Тұран» (Абдолла Авлани), «Ел байрағы» (Әшірәлі Захири), «Ұлық Түркістан» (Кабир Бакиров), «Түрк сөзі» (Темірбек Құдаярханов), «Шуро-и Ислами» (Абдолла Баттал), т.б. мұсылман газеттері бірінен соң бірі дүниеге келді. Сол кезеңдегі қазақ, кеңірек алғанда, жалпы түркі баспасөзі тарихында орны айрықша басылымдардың бірі – Түркістан Ұлттық Кеңесі Тұрақты Атқару Комитетінің төрағасы, бар болғаны 27 жастағы Мұстафа Шоқайдың бастамасымен жарық көрген «Бірлік туы» газеті. 

Тарихи тұрғыдан алғанда, Алаш жә­не Түркістан мұхтарият­тары идея­ла­рын, олардың бастауында тұрған тегеу­рін­ді тұлғалардың қызметін өзара өзек­тес­тіре, өрелестіре қараған жөн. Әлихан Бө­кей­хан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Ду­латұлы шығарған «Қазақ» газетінің бауы­­­рынан жаралған «Сарыарқа» (Семей), «Жас азамат» (Қызылжар), «Ұран» (Орда), «Абай» (Семей) басылымдары секілді, «Бір­лік туы» да түркілік рухпен қатар, төл ұлт­тық ұстанымдарды алға тартты. Оның бет­терінде Түркістан өлкесіне қарасты қа­зағы көп Жетісу және Сырдария облыс­та­рының тыныс-тіршілігі көбірек қозғал­ғаны, сондай-ақ ішкі қазақ сахарасының түкпір-түкпірінен жеткен хабарлардың ұдайы жарияланып отырғаны да сол се­бепті. 
«Бірлік туы» газетіне совет заманында со­ның идеологиясына сәйкес баға берілді. Мы­салы, «Қазақстан коммунистік пар­­тия­сы тарихының очерктері» кітабында: «Таш­кент­те 1917 жылдың тамызынан 1918 жыл­­­­дың сәуіріне дейін шығып тұрған бур­жуазиялық «Бірлік туы» газеті кон­тр­ре­волю­циялық үкімет – «Қоқан автоно­мия­сы­ның» жаршысы болды» (Алматы, 1963. – Б. 107), – деген жолдар ұшырасады. Сәкен Сeй­фуллин «Тaр жoл, тaйғaқ кeшу» тарихи-мемуарлық романында: «Түркiстaн aлaшшыл oқығaндaры Тaшкeнттe «Бiрлiк туы» дeгeн гaзeт шығaрып, «Aлaшты» ұрaн қы­лып, сoвeттi сөгiп тұрды» (Алматы: Жазу­шы, 1977. – Б.159), – деп қалам тербеді.
Алаш­­­­шылдармен идеялық қайшылықта бол­ған мемлекет қайраткері Тұрар Рыс­құлов «Казахстанская правда» газетінің 1935 жылғы 10 мамырдағы санында жа­рия­ланған «О контрреволюционной Алаш-Орде и ее осколках» атты мақаласында: «В Ташкенте в 1917-1918 гг. существовало от­деление алашской партии, куда входили представители местной казахской националистической интеллигенции под наз­ванием «Бірлік туы», руководителем ко­торой был известный Мустафа Чокаев, став­ший потом председателем Кокандского бур­жуазного автономного правительства. Эта организация под тем же названием издавала краевую газету. Участники этой ор­ганизации проводили оголтелую ан­тисоветскую агитацию, травили в своей га­зете большевиков. Ленина объявили не­мецким шпионом и призывали казахов ист­реблять большевиков. Они принимали учас­тие как в Кокандской автономии, так и в общих алашординских съездах», – деп, өзіне таныс мәліметтерді жайып салады. 

Қоқан қаласы.Түркістан мұхтариятының үкіметі. 1917 жыл. 6 желтоқсан
Қоқан қаласы.Түркістан мұхтариятының үкіметі. 1917 жыл. 6 желтоқсан

Ал КСРО ІІХК-нің құрылымдық бөлім­ше­сі – Мемлекеттік қауіпсіздік бас бас­қар­масы жендеттерінің С.Қожанұлын тергеу хат­тамасына (Мәскеу. Лубянка. 31.07.1937 ж.) жүгінсек, ол «Егжей-тегжейін айтыңыз, сіз пантүркілік қозғалысқа қашан және қандай жағдайларда қосылдыңыз?» деген сауалға былай «жауап қайтарған» көрінеді (әрине, бұрыннан жиып-терілген мате­риал­дардың негізінде жасалған дайын мәтін­нің астына зорлықпен қол қойып бер­геніне күмәніміз жоқ): «Менің бур­жауа­зия­шыл ұлтшыл ретіндегі қызметім 1917 жы­лы «Кеңес» деген атпен өзім құрған мұ­ғалімдер үйірмесінде басталды. Ақпан төң­керісінен кейін басқа да саяси пікірлестеріммен бірге Ташкентте байшыл-ұлтшыл «Алаш» партиясының бөлімшесін ұйым­дастырдым. Мен құрған бөлімшенің «Бір­лік туы» атты өз газеті болды. Бұл газет­тің редакциясындағы комитеттің құра­мы­на кіргендер: мен – Қожанов Сұлтанбек, Шоқаев Мұстафа, Тоқтабаев Иса, Бөриев Күмішәлі (түрікмен), Асфендияров Санжар, Ақаев Серікбай, Құрымшин Әлмұхамед, Өте­генов Садық, Кенесарин Әзімхан, Қа­сымов Ыбырай, Рысқұлов Тұрар, Жан­ұза­қов, Сейдалин, барлығы 50 адамнан астам. Кейіннен олардың көпшілігі пантүркілік ұйымға кірді. Қазан төңкерісін әзірлеу ке­зеңінде біздің ұйымның органы болған «Бір­лік туы» большевиктерді жүйелі түрде қа­ралады және халықты онымен күресуге ша­қырды» (Қожанұлы С. Шығармалары. – Алматы: Арыс, 2009. – Б.266). 
Тәуелсіздіктің елең-алаңында іздеу сал­ғанымызбен, «Бірлік туы» тез та­была қойған жоқ. Ресей, Өзбекстан ар­хив­терінің шаңын қопара ақтар­ғаны­мыз­дан нәтиже шықпады. Тіпті, күдер үзе ба­с­та­дық десе де болады. 1992 жылдың ақпан айын­да Ташкентке ғылыми сапармен бар­ғанымызда, сол уақытта жұмысы аял­дап тұрған партиялық архивке өзбек ағайын­дардың жәрдемімен бас сұғудың сәті түсті. Каталогты қарағанымызда, «Бір­лік туының» 1-ші және 2-ші нөмірлері сақ­таулы екенін растайтын кәртішке шыға кел­ді. Жүрегіміз тулап, бөркімізді аспанға атуға шақ қалдық. Бірақ көп ұзамай қуа­нышымыз су сепкендей басылды. Өйткені газет тігіндісі орнында жоқ болып шықты. «Мынау ырың-жырың заманда қолды бо­лып кеткен ғой…» деп ұйғардық. 
Арада жыл өтіп, 1993 жылғы қаңтардың аяз­ды бір күнінде ол уақытта талантты жас ға­лымдар санатындағы достарым – әли­хантанушы Сұлтанхан Аққұлы мен сма­ғұл­тану­шы Дихан Қамзабекұлы қоңырау шал­ды. Көңілдері алып-ұшып тұр. Дауыс­тары жарқын-жарқын естіледі: «Сүйінші! «Бір­лік туы» табылды!». Сенер-сенбесімізді біл­меймін: «Шын ба? Қайдан?». Жауап нақ­ты: «Өзіміздің орталық мемлекеттік ар­хив­тен. Ілияс Жансүгіровтің жеке қорынан. Тез жет!». 
Асыл жәдігермен мұқият танысу үшін Ди­хан Қамзабекұлы екеумізге архив қыз­меткері, құжаттанушы К.Абдуллина бар жағ­дайды жасады. Газеттің біразына «Жан­сүгірұлы Ілияс» деген сөзтаңба басылса, кей­біріне «Сабынкөл мектебі» – «Өнеге» делінген жазуы бар мөр соғылған екен. Кейінгісіне «Павлов пошта бөлімшесі. Қос­танай үйезі. Никентьев поселкесі. Таш­байұлы Асылбекке» дейтін сиямен түсіріл­ген жазба қосарланып отырады. Басы­лым­ның архивте сақтаулы 27 санын түгел парақ­тап шыққан соң, біз газеттің бағыт-бағ­дарынан жинақы мәлімет бере алады деген жарияланымдарды іріктеп алып, араб қарпінен кирилл жазуына көшірдік. Олар: Сұлтанбек Қожановтың «Түркістанда орыс съездері» (29.01.1918, №21), Арғын баласы­ның «Қазақ халқының дұшпандары» (07.03.1918, №24), Хайретдин Болған­байұлы­ның «Тұла бойлары қан сасиды» (15.03.1918, №25) мақалалары, сондай-ақ 4 (11) ақпан күні «Тау арасынан» жолданған Мұстафа хаты (07.03.1918, №24), Әлихан бас­таған бір топ Алаш қайраткерінің Орын­­­­бордан газет басқармасына жіберген тіліграмы (12.11.1917. №15), Ахмет Бай­тұр­сын­ұлы мен Міржақып Дулатұлының «Қа­зақ» оқушыларына һәм «Азамат» серіктігіне» атты үндеуі (09.04.2018, №28). Мен әр ма­териалды жазу мәшеңкесімен теріп, Дихан Қамзабекұлы алғысөзін жазып, өзіміз қыз­меткері болған «Ана тілі» апталығына ұсын­­дық. Сонымен, газеттің мешін – 1993 жыл­ғы 11 ақпандағы 6-шы санында «Төрт құ­быламызды түгелдейік» айдарымен «Мұс­тафа көтерген «Бірлік туы» атты топ­тама айқара бетте жарық көрді. 

«Бірлік туы» қандай газет
«Бірлік туы» газеті


Жалпы, «Бірлік туы» қандай газет еді?» деген сауалға Дихан Қамза­бекұлы­ның «Ана тіліне» дайындаған алғы­сөзін­дегі мына жолдар жауап бере алады деп ойлаймын: «Ол – аумалы-төкпелі 1917-1918 жылдары ұлттық, түркшілдік ба­ғыт­тан таймаған қазақтың бірегей газеті-тін. Ол – жалпы түрк әлеміндегі ірі тұлға Мұс­тафа Шоқайұлы бастаған қазақ зиялылары­ның елді бірлікке шақырған үні-тін. Ол – «Қазақ» газетін большевиктер күштеп жап­қан кезде оның жалауын жықтырмай іліп әкетіп, өз байрағының жанына қадаған басылым-тын».
Газет жарық көрерден жиырма күн бұ­рын Алаш қайраткері, публицист Уәлихан Ғұмарұлы (Омарұлы) былай деп хабар тара­тыпты: «Ташкенттегі» «Ықтият» сою­зын ашқан жастар «Бірлік туы» деген серік­тік тағы ашып отыр. Мақсаттары: осы се­рік­тік ақшасы атынан «Бірлік туы» деген бір газет шығармақ. Серіктіктің ағзалық ха­қы – 10 сом. Газеттің жылдық хақы – 5 сом. «Бірлік туы» газетін шығарушылықты әзір­ге ұйғарған кісі – учитель Садық мырза Өте­генов» («Қазақ» газеті, 1917, 3 маусым).
Одан кейін, «Қазақ» газеті 1917 жыл­ғы шілденің 17-сіндегі 236-санында мы­надай дерек ұсынған: «Бірлік туы» атты қа­зақ газетінің 1-ші һәм 2-ші нөмірлері бас­қармамызға келді. Шығарушысы – Мұс­тафа Шоқайбаласы. Газет жетісіне бір шы­ғады. Жылдық құны – бес сом, жарты жылдығы – 3 сом, үш айлығы – 1 сом 70 тиын. Баспасөздің ең керек уақытында кө­терілген «Бірлік туына» құтты болсын ай­тамыз. «Бірлік туы» алаш арасына жала жап­қан марқұм «Алаш» газетіндей болмай, қа­зақ-қырғыздың шын қызметкері, шын жол­басшысы болсын».
1917 жылғы маусымның 24-і мен 1918 жыл­ғы сәуірдің ортасына дейінгі аралықта «Бірлік туының» бас-аяғы жиырма тоғыз са­ны баспа жүзін көріпті. Алғашқы екі са­нына Мұстафа Шоқайдың өзі жетекшілік жа­саса, одан соңғы он төрт санына Хай­рет­дин Болғанбайұлы редакторлық еткен. Ал желтоқсанның 16-сында тасқа басылған он жетінші санынан бастап газет жабыл­ған­ға дейінгі жауапты шығарушысы – Сұл­танбек Қожанұлы. 
1921 жылы толтырған анкеталарының бірін­дегі «Әдеби жұмысқа араластыңыз ба?» де­ген сауалға Сұлтанбек Қожанұлы: «Қы­р­ғыз (қазақ – А.Ш.) газетіне редакторлық ет­тім және редакторлық етіп келемін», – деп уәж қайтарыпты. Оның «редакторлық еттім» дегені – «Бірлік туы», ал «редакторлық етіп келемін» деп айтып отырғаны – «Ақ жол» газеті. Осы екі басылымның арасында та­рихи, ұйымдық әрі идеялық сабақтас­тық­тың көзге ұрып тұратыны сөзсіз. «Бір­лік туына» атсалысқан арыстарды (М.Ду­лат­ұлы, Х.Болғанбайұлы, И.Тоқтыбайұлы, Қ.Құлетұлы, Ш.Сарыбайұлы, Қ.Қоңырат­баев, т.б.) кейіннен «Ақ жолдың» редакция­сы­нан көреміз. Сондықтан «Ақ жол» газетін 1925 жылы Сталиннің «атышулы Шо­қаев­тың ақгвардияшыл баспасөздегі кейбір ма­қалаларын еске түсіретінін айтып», ті­ке­лей өзі жаптыруының сыры мәлім.
«Бірлік туы» өз жарияланымдарында Алаш пен Түркістан идеяларын берік ұс­тан­ған басылым ретінде қайсар рухын та­нытты. Мысалы, «Туркестанская правда» га­зетінің қосымшасы – «Костры» жур­на­лын­да (1923, №3-4) Түркістан респуб­ли­ка­сы­ның оқу-ағарту халық комиссары Сұл­тан­бек Қожанұлы туралы өмірбаяндық де­рек беріліп, онда: «Ақпан төңкерісінен кейін ғұламашылармен олардың ұйымдары рес­ми түрде толық жабылғанға дейін жі­гер­лі күрес жүргізген қазақ газетінің редак­торы болды», – делінген. Мұнда көрнекті шығыстанушы Серәлі Лапин басқарған, Түр­кістан автономиясына қарсы шығып, бо­льшевиктермен мәмілеге барған «Шуро-и уле­ма» (кей деректерде «Ғұлама жамиғаты») ұйы­мына қатысты сөз болып отыр. Осы жағ­дайды «Бірлік туы» газеті былай рас­тай­ды: «Ташкент оқиғаларынан бері қарай, мұ­сылман ұйымдарының бірде-бірі бәл­ше­бек­термен жанасқан жоқ. Бәлшебектер бұрын­ғы Түркістан камитетінің орнына өз­дерінен жаңа камитет жасап, мұсыл­ман­дар үшін онда екі орын қойса да, мұсыл­ман­дар оған өз өкілдерін жібермеді. Сол екі ара­да бүкіл мұсылман ұйымдарының ын­ты­мағынан жекеленіп кетіп, ғұлама деген­дер бәлшебектермен ыңғайлас болуға ай­нал­ды. Ғұламалар өздерінің шабарман-тіл­машы Сералы Лапин арқылы, бәлшебек­тер­мен астыртын «құдалық сөйлесуге» ыж­даһат етті» (16.11.1917, №15). Бұдан басқа, «Ұят­сыздық» (29.08.1917, №7), «Елге берсін!» (20.10.1917, №12), «Басқармаға телеграм» (14.12.2017, №17), «Ескі Ташкентте ғұла­ма­лар жиылысы» (18.01.1917, №20) атты ма­қа­лалар да осы тақырыпқа арналған. Кейін­­­нен Мұстафа Шоқай: «Улеманың» сая­си бағ­дарламасы ұлт қозғалысы жау­лары­ның қолына бізге қарсы қару ұстатты», – деп жаз­ған болатын. Алаш аңсарымен «жұл­дызы жараспаған» Көлбай Тоғысов, Әліби Жангелдин, Мұхамедияр Тұңғашин, Төреқұл Жанұзақов әрекеттері жөнінде де осы газеттің бетінен оқи аламыз.
«Бірлік туы» газетінің бетінде Түркістан ай­мағындағы саяси хәл, жер-су, оқу-ағарту, азық-түлік, земство, сот, дін, әйел құқығы, ұлт қазынасы, баспасөз мәселелері жан-жақ­ты қамтылып, Түркістан мұсыл­ман­дары­ның құрылтайлары, Жетісу оқиға­лары, Ташкент бүлігі, Түркістандағы ашар­­­­шылық, Құрылтай жиылысы, Екінші жал­пықазақ съезі, Сырдария қазақтарының съезі, Қоқан қырғыны кеңінен көрініс тапты. 
«Бірлік туы» өзбекше «Ел байрағы» ба­сы­лымымен бірге, 1917 жылғы 26 қараша күні Қоқан қаласында басталған Бүкiл Түр­­­кiстaн мұсылмaндaрының IV съeзi жа­риялаған Түркістан мұхтариятының бас­пасөз органы болып белгіленді. «Жасасын автономиялы Түркістан!», «Жасасын Алаш автономиясы!» деп қатарластыра ұран тастады. 
«Осы күні Русия мемлекетін бір үлкен ауру әлсіретіп отыр. Бұл аурудың шын аты – надандық, өтірік аты – болшеуизм» деп жаз­ған газет ақыры сол большевиктердің құр­банына айналды. 1918 жылдың 20 сәуірін­де Мәскеудегі биліктің төтенше өкілі П.Ко­бозевтың басшылығымен Түркістан өл­ке­сі кеңестерінің V съезі ашылды. Съез­дің шешімі бойынша 30 сәуір күні «Түр­кі­стан Советтік Федеративті Республикасы тура­лы» ереже қабылданды. Онда «ТСФР ав­тономды басқарылып, өз іс-әрекетін Ре­сей Совет Федерациясының Орталық үкі­ме­тімен мойындай отырып үйлестіреді»; «Түр­кістан Федеративті Республикасының Жо­ғарғы заң шығарушы органы болып жұ­мысшы, солдат, шаруа және мұсылман диқан депутаттарының Кеңесінің съезі бо­лып саналады», – делінді. Осының сәл ал­дында, Түркістан мұхтарияты өз тірші­лі­гін тоқтатқан 18 сәуір күні «Бірлік туы­ның» соңғы, 29-шы саны шығып үлгерді. Онда Хайретдин Болғанбайұлы «Бортаң» деген бүркеншек атпен былай деп жазды: «Бірақ бәлшебектердің жұртқа уағда қылып отырған бұл Аутономиясы мен шын халық тілеген Аутономияның арасы жер мен көк­тей. Халықтың бүгінге шейін тілеп келген Аутономиясы – жұрттың өз тізгіні өзінде болып, өзінің тіршілігіне шеттен ешкімнің ара­ласпауы мағынасында. Ал енді бәл­ше­бек­тердің Түркістанда жасамақ болып жүр­ген Аутономиясы анау Аутономияға тіп­ті жуыспайды. Олардың жасамақшы бо­лып жүрген Аутономиясында тізгін жал­пы халықтың қолында емес, жалғыз сә­беттер қолында болмақ. Сәбеттерге де бұ­қара-кедейлер тонын жамылған азғындар кіріп, іс басында солар тұрмақ», – деп жаз­­­­ды. Алаш қайраткерінің болжамы айна-қатесіз келді. Совет тұсында қазақ халқы неше бір сұмдықты бастан кешірді. 
Бірақ өз миссиясын бұлжытпай ат­қар­ған «Бірлік туының» бетінде жа­рық көрген «Алаш автономиясы» атты мақа­ладағы мына сөздер көріпкелдікпен айтылған болып шықты: «Осы күні бостан­дық, теңдікке ұмтылған барлық жұрттарға қарсы шауып жатқан мынау қара күштің ғұмыры көктемдегі қысқа түндей шолақ. Алаштың бұл ұлы тілеуі болса, көктегі күн сөнбесе, сөнбестей ұзақ. Оны уақытша қара бұлт қаптап тұрғанменен, бір уақытта жалт етіп шығуына да шек жоқ. Найза, қылыш майысады, сынады. Алаштың сол тілегі күннен-күнге өткірленіп, күшейеді һәм түбінде жеңеді» (07.03.1918, №24). 
Алаш тілегі шынымен де түбінде жеңді. Со­ған шүкіршілік етеміз. 

Амантай ШӘРІП