Бүгінде әлемнің энергетикалық картасында жаңа вектор қалыптасуда. Өзбекстан, Қазақстан, сондай-ақ Әзербайжан арасындағы стратегиялық ынтымақтастық – өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға ғана емес, жаһандық ауқымдағы «жасыл» трансформацияны жаңа деңгейге шығаруға ықпал ететін тарихи қадам. Ташкенттің назарында Арал экожүйесі де қалып отыр.
Өзбекстан стратегиясы
Үш елдің бастамасының негізінде ең алдымен өзара сенім, берік достық және үш бауырлас мемлекет басшыларының болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілігі жатыр.
Кейінгі жылдары Өзбекстанда жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша ауқымды және қарқынды реформалар жүргізіліп келеді. Бүгінгі күні еліміздің әр өңірінде жалпы қуаты 5 582 МВт болатын 15 күн және 5 жел электр станциясы пайдалануға берілді. Осы ретте Күн фотоэлектр станцияларының қуаты – 3 930 МВт, ал жел электр станцияларының қуаты – 1 652 МВт құрайтынын айта кету керек. Энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жалпы қуаты 1 545 МВт болатын
12 энергия сақтау жүйесі қосымша пайдалануға берілді.
Нақты сандарға жүгінсек, тек 2025 жылы ғана күн және жел электр станциялары 10,5 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіре алды.
2026 жылдың басынан бастап 15 сәуірге дейін бұл көрсеткіш 2,5 млрд кВт сағаттан асты, ал жыл соңына қарай оны 15 млрд кВт сағатқа дейін жеткізу жоспарлануда. 2030 жылға қарай Өзбекстан жасыл энергетиканың нағыз орталығына айналады. Күн және жел электр стансаларының жалпы қуаты 21 ГВт-ға жетеді, ал елде өндірілетін жалпы электр энергиясының 54% -ы жаңартылатын энергияға тиесілі болады. Нәтижесінде жылына 18 млрд текше метр табиғи газ үнемделіп, атмосфераға 25 млн тонна зиянды газдың шығарылуына жол берілмейді.
Аймақтық ынтымақтастық
Осындай жоғары межелерге қол жеткізуде өңір елдерімен, әсіресе жақын көрші және стратегиялық әріптес – Қазақстанмен арадағы қарым-қатынас шешуші мәнге ие. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға таяудағы сапары барысында екі елдің көшбасшылары түрлі саланы, атап айтқанда энергетиканы дамытудың басым бағыттарын айқындады. Бұл достық қарым-қатынастар екі елдің ғана емес, бүкіл өңірдің энергетикалық тұрақтылығына кепілдік береді.
Үш елдің, атап айтқанда Өзбекстан, Қазақстан және Әзербайжан басшыларының көреген саясаты мен достығының арқасында «Жасыл дәліз» жобасы іске асырылуда. 2024 жылғы мамырда өзара түсіністік туралы меморандумнан басталған бұл жол сол жылдың қараша айында Бакуде өткен COP-29 халықаралық саммитінде үш елдің президенттері қол қойған стратегиялық серіктестік туралы келісіммен одан әрі нығайды. Бұл тарихи құжат энергия өндірісінде ғана емес, оны беруде де жаңа дәуір ашты.
Болашаққа қадамдар
Жобаның практикалық кезеңдері дәйекті түрде жалғасуда.
2024 жылғы 27 желтоқсанда қол қойылған құрылтай шарты шеңберінде Өзбекстан, Қазақстан және Әзербайжан ұлттық операторлары –«Өзбекстанның ұлттық электр желілері «АҚ, «KEGOC» АҚ және «Азерэнержи» ААҚ - бір мақсат үшін бірікті. 2025 жылдың басында Ташкентте Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика министрлігі өкілдерінің қатысуымен өткен келіссөздер жобаның халықаралық беделін тағы да растады.
2025 жылғы 1 шілдеде Баку қаласында «Green Corridor Alliance» жауапкершілігі шектеулі қоғамын құру жобаның институционалдық негізін құрды. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу ісіне әлемге әйгілі италияндық «CESI» компаниясы жұмылдырылған және Азия даму банкімен қол қойылған шартқа сәйкес бұл құжат 2027 жылдың басына дейін ұсынылатын болады. Қазіргі уақытта үш елдің мамандары «CESI» компаниясымен бірлесіп, жобаның жетілдірілген моделін (техникалық-экономикалық негіздемесін) әзірлеуде.
Бұл стратегиялық әріптестік Еуропаға жасыл энергияны экспорттау үшін ғана емес, Орталық Азия мен Каспий өңірінің бірыңғай, экологиялық таза және цифрлық энергетикалық жүйеге көшуі үшін де маңызды тірек болып табылады деп айтуға болады. Мемлекет басшыларының достық ниеті мен өңірлік ынтымақтастық рухы болашақта Өзбекстанды әлемдік энергетика нарығындағы ең сенімді және ірі ойыншылардың біріне айналдырады.
Су – ортақ құндылық
Бүгінде әлемде су ресурстарына сұраныс қарқынды өсіп келеді. Қалыптасқан жағдайда Орталық Азияның ортақ су ресурстарын ұтымды пайдалану – өңірдің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз етудің түйінді факторларының бірі.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің жаһандық экологиялық қатердің алдын алуға, атап айтқанда су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сындарлы ұсыныстары мен практикалық бастамалары өңір елдері арасында кеңінен қолдау табуда. Бұл тұрғыда заманауи ирригациялық технологияларды енгізу ауыл шаруашылығында су ресурстарын пайдалану үшін неғұрлым тиімді шешім ретінде қарастырылады. Бұл технологиялар суды үнемдеп қана қоймай, сонымен бірге өнімділіктің өсуіне ықпал ете отырып, минералдық тыңайтқыштарға, жанар-жағармай материалдарына және еңбек ресурстарына арналған шығындарды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.
Жаңа Өзбекстанда реформалардың бастапқы кезеңінде суды пайдалану мәдениетін арттыру мемлекеттік саясат дәрежесіне көтерілді. «Өзбекстан-2030» стратегиясында барлық суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізу басым бағыт ретінде айқындалған.
Өзбекстан Президенті өз Жолдауында бұл мәселенің маңызын ерекше атап өтіп, 2026 жылы елімізде су үнемдеу технологияларын енгізуге 3 трлн 300 млрд сум (шамамен $275 млн) бағытталатынын атап өтті.
Талдау көрсеткендей, 2019 жылдан бастап қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетігі, су үнемдеу технологияларын енгізу үшін субсидиялар беруді қоса алғанда, жоғары тиімділікті көрсетеді және кластерлік ұйымдар мен фермерлік шаруашылықтар үшін маңызды ынталандыру қызметін атқарады.
Атап айтқанда, 2028 жылға қарай су үнемдеу технологияларын тағы да 930 мың гектарға енгізу, оларды жалпы қамтуды 3,5 млн гектарға дейін жеткізу жоспарлануда, бұл барлық суармалы жерлердің шамамен 80% -ын құрайды. Мұндай технологияларды енгiзу ауыл шаруашылығы өндiрушiлерiн, әсiресе су ресурстары тапшы өңiрлердi сумен кепiлдi қамтамасыз ету үшiн негiз жасайды. Бұл салада мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру жөніндегі жұмыс дәйекті түрде жалғасуда.
Су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, су үнемдеу технологияларын енгiзудi кеңейту және осы саладағы реформаларды тереңдету жөнiнде жүргiзiлiп жатқан жұмыс сапалы жаңа деңгейге көтерiлуде. Бүгінде маңызды міндет тұр, ол – суды үнемдеуді жалпыұлттық құндылыққа айналдыру.
Аралдың жаңа экожүйесі
Суға ұқыпты қарау жөніндегі міндеттің өзектілігін Аралдың тағдырынан анық аңғаруға болады: ХХ ғасырдың басында Арал теңізі Орта Азиядағы ең ірі көл болып саналды. Осы ғасырдың екінші жартысынан бастап теңіздің құрғауы нәтижесінде оның түбінде Аралқұм шөлінің жаңа шөлейт экожүйесі қалыптасты. Бұл аумақ – қазір Орталық Азиядағы ең ірі антропогендік шөлді экожүйелердің бірі. Теңіз деңгейінің төмендеуі нәтижесінде 60 мың шаршы км астам сулы-батпақты алқаптар құрлыққа айналды.
Осы аумақта болған экологиялық өзгерiстер климатқа және топырақтың құрамына ғана емес, сондай-ақ биологиялық әртүрлiлiкке де едәуiр әсер еттi. Нәтижесінде сулы-батпақты экожүйелерге бейімделген түрлердің таралу аймағы күрт қысқарды. Сонымен қатар Үстiрт жазығы мен Қызылқұм шөлдерi арасында қалыптасқан Аралқұм шөлi өзiндiк және бiрегей шөлейт экожүйе ретiнде құстар қауымдастығының жаңа құрамының қалыптасуына себеп болды.
Бүгінде Өзбекстан Ғылым академиясының Зоология институтында «Аралқұм орнитофаунасының қазіргі жағдайы, түрлердің экологиялық өзгерістерге бейімделуі және қорғау шаралары» тақырыбында ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Жобаның мақсаты – Аралқұм шөлінің орнитофаунасы үшін маңызды негізгі аумақтар мен биотоптарды анықтау, сондай-ақ түрлік әртүрлілікті зерделеу, экологиялық өзгерістерге, биологиялық ерекшеліктер мен түрлердің таралуына бейімделу.
Арал теңізінің құрғап қалған түбінде қалыптасқан Аралқұм шөлі қысқа тарихи кезеңде өзіндік жаңа шөлді экожүйе ретінде пайда болды. Жүргізілген зерттеулер осы аумақта құстардың таралуына және алуан түрлілігіне тікелей әсер ететін әртүрлі биотоптар қалыптасқанын көрсетті.
Жалпы, Арал табиғатқа ұқыпты қарау қажеттілігінің және бауырлас елдердің су мәселелеріндегі келісілген саясатының символына айналғанын атап өтуге болады.
Ислом ОРИФЖОНОВ,
Өзбекстанның Қазақстандағы Елшілігінің сауда-экономикалық мәселелері жөніндегі кеңесшісі