Асыл сөздің ұстасы

Асыл сөздің ұстасы атанған Әкім Үр­тай­ұлы – қазақ әдебиетіне өзі­­­­нің прозалық жә­не драма­тур­гия­лық туындыларымен ерек­ше өрнек сал­ған дара тұлғаларымыздың бірі. Оның жүрдек қаламынан «Тасжар­ған», «Бұлт­қа салған ұясын», «Кен», «Жа­за», «Шер», «Қор­қау жұлдыз», «Ма­­­хаббат жыры», «Қия­нат», «Мұс­та­фа Шоқай» романдары, «Құй­рық­ты жұлдыз», «Үлкен ауыл», «Асу-асу» по­­вес­тері туды. Ә.Таразидің шабыт тас­қынынан жа­ралған көркем туын­­­дылары эпикалық кең­дігімен, фи­лософиялық тереңдігімен, сим­вол­дық-метафоралық астарымен ерек­­шеленеді. Ол қоғамда болып жат­­­қан әді­лет­сіздіктер мен келең­сіз­діктерге қарсы өз көз­қарасын ай­қын танытып, адам жанының су­реткеріне айналды. Қандай жағ­дайда бол­масын адам болып қалу­дың озық үлгісін көр­­сетті.

Асыл сөздің ұстасы

Жазушы, драматург, киносценарист, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және Франс Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, ұлағатты ұстаз, профессор Әкім Тарази – ұлттық әдебиеттің ірі өкілі. Ол өнеріміз бен мәдениетіміздің дамуына зор еңбек сіңірген «сегіз қырлы, бір сырлы», кең құлашты дарқан дарын иесі.

Асыл сөздің ұстасы атанған Әкім Үр­тай­ұлы – қазақ әдебиетіне өзі­­­­нің прозалық жә­не драма­тур­гия­лық туындыларымен ерек­ше өрнек сал­ған дара тұлғаларымыздың бірі. Оның жүрдек қаламынан «Тасжар­ған», «Бұлт­қа салған ұясын», «Кен», «Жа­за», «Шер», «Қор­қау жұлдыз», «Ма­­­хаббат жыры», «Қия­нат», «Мұс­та­фа Шоқай» романдары, «Құй­рық­ты жұлдыз», «Үлкен ауыл», «Асу-асу» по­­вес­тері туды. Ә.Таразидің шабыт тас­қынынан жа­ралған көркем туын­­­дылары эпикалық кең­дігімен, фи­лософиялық тереңдігімен, сим­вол­дық-метафоралық астарымен ерек­­шеленеді. Ол қоғамда болып жат­­­қан әді­лет­сіздіктер мен келең­сіз­діктерге қарсы өз көз­қарасын ай­қын танытып, адам жанының су­реткеріне айналды. Қандай жағ­дайда бол­масын адам болып қалу­дың озық үлгісін көр­­сетті.

Зерек те зерделі драматург осы уақытқа дейін тақырыбы, жанры, көркемдік-идеялық мазмұны әрқилы өрілген «Күл­мей­тін комедия», «Жолы болғыш жігіт», «Жақсы кісі», «Хан тәңірі», «Лайнер», «Люстра», «Қос боз­дақ», «Күнә», «Ақын. Періште. Махаббат», «Ма­­­хамбет», т.б. драмалық туындыларын дү­ниеге әкелді. Әрбір пьесасына мол дайын­дық, нақты да терең тұжырыммен келетін автордың драматургиясы дәуір тынысын дәл басып, уақыт талабына жауап беретін өзіндік ерекшелігімен дараланады. Оның әрбір пье­сасындағы негізгі ой, драмалық мақсат, адам тағдыры шытырман оқиғаға құрылып, шие­леніскен тартыс үстінде суреттеледі. Өмір бол­­­мысының әлеуметтік келбетін боя­ма­сыз беру, қаһармандардың рухани ой-өрі­сіне үңілу, мінез ерекшеліктерін ашуға ден қою қа­ламгердің драматургиялық стиліне тән сипат. Театр заңдылықтарын, сахна талап­тарын қатаң ескеріп, оның нәзік иірімдерін терең сезінетін Ә.Тарази пьесаларының бү­гінгі таңда халқымыздың рухани мұрасына ай­налып, ұлттық театрлар репертуарының ал­тын қорын байытып отырғаны да сон­дық­тан. 

Сөз өнерінің хас шебері Ә.Таразидай алып тұлғаның драматургия жанрын игерудегі шеберлігі мен шыққан биігі, жазу мәнері жайында республикалық, бұрынғы одақтық басылымдарда жарық көрген әдеби-сын еңбектерде әдебиеттанушылар мен өнер­танушы ғалымдардың талай-талай кө­лем­ді ғылыми талдауларында жазылып, лайықты бағасы берілген. Айталық, белгілі жазу­шы С.Жүнісов 1967 жылы М.Әуезов атын­­дағы Қазақ мемлекеттік академиялық дра­ма театрының сахнасына қойылған «Күл­мейтін комедия» спектаклінің пре­мьерасынан кейін жазған мақаласында: «Әр жазу­шының өзіндік стильдік ерекшелігі бо­лады десек, Әкім, көбінесе, айтар ойын, ғиб­ратын бүкпесіз тура көрсетуден гөрі, тұс­палдап, астарлап жеткізуге машықтанған ав­тор. Осы комедиясында да оқиға желісін ашық тартысқа құрмай, кейіпкерлерінің сөз саптасы, тіршілік характері арқылы көп жағ­­­дайды айтуға ниеттенген. Пьесадағы бас­­ты тақырып – қоғамда ұшырайтын кесел­ді мещандық тұрмыс. Ондай тұрмыс қашан да жалаң, жалғыз болмақ емес» деген бола­тын. Бұдан әрі мақала авторы мәскеулік жас ре­жиссер В.Ивановтың ұжым мүшелерімен ор­тақ тіл табысып, қойылым кілтін дәл тауып алғырлық көрсеткенін және әр актер­дің ойын ерекшелігін талдап, драматургтің ал­ғашқы қадамына ақ жол тілеген. Спек­такль­де өнер көрсеткен Еркебұлан – М.Мұра­талиев, Хасан – Қ.Бадыров, Елизавета – Х.Бөкеева, Кити–К.Сәрсенбаева, Көпбай – Ғ.Сүлейменов, Сәнжан – Н.Жантөрин т.б. әдемі актерлік ан­самбль түзіп, шабытпен ойнағанын жаз­ған. 

Драматургтің театр сахнасына қойыл­ған пьесаларының үлкен мәдени құ­былысқа айналғаны туралы белгілі театр сын­шылары Б.Құндақбайұлы, Ә.Сығай, 
А.Қа­дыров, т.б. өнер қайраткерлері де кезінде жо­ғары бағалады. Оның театр сахнасында та­быспен жүрген пьесалары туралы Ә.Сығай: «Хош, бір кездері «Асау Бөкені», «Жақсы кісі», «Күлмейтін комедия» пьесаларымен дүр­кі­рей шыққан Әкім Тарази бұл күндері де қайрат-жігер таныту үстінде. «Асау Бөкені» ке­зінде «Театр» журналында басылып, Одақ­тық конкурста жүлде алып, республикамызды елең еткізген еді. Өмірді өзгеше көруімен селт еткізген тамаша автор табылды деп ке­ре­мет қуанысқанбыз. Онан бері де «Хан­тәңі­рісін», «Әлиясын», «Ол – менің тағдырымды» жа­зып шыққан Әкім Тарази өзінің шабыт үс­тінде екенін аңғартты» деген еді. Шы­ны­мен де, Ә.Тарази қазақ драматургиясында жаңа кейіпкерлер тудыруымен, ерекше жазу стилімен оқшауланады. Ол уақыттың ұшқыр ырғағын мұқият ескеріп, соған өзіндік үн қо­са білді. Сол сияқты ары таза, ойы мөлдір, жа­ны сұлу адамдармен қатар бойларынан арам­дық пен зұлымдық ескен керітартпа пен­делердің мінездерін де шынайы бедер­ле­ді. Кеңестік дәуірдің ызғары есіп тұрған жыл­дардың өзінде екінің бірі бара алмайтын тың тақырыптарға батыл барды. Заман қа­жет еткен ділгір мәселелерді көтерген кез­де кейіпкерлерді өмірден, өз замандастарынан іздеді. Содан болар, драматургтің әрбір пье­сасы режиссерлердің назарына бірден ілігіп, театрға жол тартып отырды. Сахна құ­діре­ті неғұрлым өз тұңғиығына терең тарт­қан сайын драматург те ширығып, небір тұшымды пьесаларын дүниеге әкелді. Ә.Тарази тарихи оқиғалар­ды баян­дауға құрыл­ған пьеса­ларын­да ел мен жер тағдыры үшін бас­тарын қатерге тіккен арыстары­мыздың пси­хо­ло­гиясын қым-қуыт, шы­тыр­ман тар­тыс үстінде ашады. Оның пьеса­ларын­да та­ри­хи маңызы бар оқиғалар шын­­дық­қа сай өрі­ліп, кейіпкерлері әлеу­мет­тік-ру­хани шың­далудан өтеді, жаңа ай­қас­тардың алаңы­на шығады. 

Ұлттық драматургияның қа­нат жаюы­на үлес қо­сып, әлемдік сахна туын­ды­ла­ры­ның заңдылығына жауап бере ала­тын классикалық дүниелер жаз­ған қалам­гер­дің шығарма­шы­лығында «Індет немесе жаңа адам жасаймыз» деп ата­латын тра­ге­дия­сы­ның орны ерекше. Өйткені тәуел­сіз­дік­тің алғашқы жылдары қа­зақ драма­тур­гия­сында өткенге жаңа көз­қарас тұрғысынан қарау алдыңғы кезекке қойыл­ды. Бірқатар пьесалар ел бірлігін сақтаған хандарымыз­дың, билеріміздің, ба­тырлары­мыз­дың та­рих­тағы орнын дәріп­теуге бағыт­талды. Со­ны­мен қоса кеңес дәуірі кезінде ашық айта ал­маған тақырыптар (Се­мей по­лигоны, аш­тық пен репрессия құр­бандары, жетімдер үйі, қарттар үйі, т.б.) пьеса арқауына айнал­ды. 

Осы тұста қазақ қаламгерлері дра­матур­гия­лық оқиғаларды баян­дауда әлімсақтан қа­лыптас­қан дәстүрлі бейнелер мен көр­кем­дік тәсілдері әрқилы болуымен ерек­­­­шелене бас­тады. Солардың ара­сында Ә.Таразидың «Ін­дет немесе жаңа адам жасаймыз» тра­ге­диясы қоғам өміріндегі үлкен өзгерістерді бүгінгi тiрлiктiң диалектикалық дамуымен ұштастырып жа­зуымен дара­ланды. Атал­ған пье­сада жет­пiс жыл­дан астам уақыт бойы елi­­мiздi билеп төс­теген комму­нис­тiк идео­ло­гияның жанға салған жаралары сурет­кер­лік шеберлікпен терең ашылды. Бұл шығар­маны Қа­зақстанның Халық арти­сі, ре­жиссер Е.Обаев Ғ.Мүсіре­пов атындағы ака­демиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сах­насына «Iндет» (1994) деген ат­пен қойды. Бі­лік­ті ре­жиссер спектакль­дің бейне­леу құ­рал­­дарын тың­­нан қа­рас­тыр­­ған­дық­тан да тұр­мыс-салт­тық шешімдерге бар­май көп ойларды символ мен мета­фора­лар арқылы берді. Ол спек­такль жанрын трагикомедия деп анықтап, сахнадағы оқи­ға­ларды күрт өзгерістерге құрды. Сондықтан қойы­лым­дағы кейбір көріністер трагизмге дейін кө­теріліп өне-бойыңды мұздатып жі­берсе, енді бір сах­наларда гротескілік си­пат­қа ойысып, еріксіз езу тарқызады.

Режиссер Е.Обаев пен суретші Қ.Әлім­жа­нов пьесаның идеялық мазмұнын ашатындай бей­нелеу тәсілдерін бірге қарастырды. Шы­мыл­дық сырылған кезде сахнаның екі жақ бұрышында қаламдардың ілініп тұруы түрлі ойларға жетелейді. Бұл арқылы режиссер қаламның кез келген қарудан мықты екенін меңзеген. Спектакльдің өн-бойында барлық қыл­мыс, адамдарды сырттай сату осы қалам­ның күшімен жүзеге асырылады. Онымен жазылған арыздан қаншама адамдардың тағ­дыры ойран болғаны әр көрініс сайын ашы­лып отырады. 

Е.Обаев қойылымда көптеген ұлттың басын ерiктi-ерiксiз түрде бiрiктiрген КСРО мем­лекетiнiң iшiн жайлаған сан алуан iн­деттер мен мерездердi ашып бердi. Комму­нис­тiк партия идеологиясының қанды қақ­­­­панына iлiккен миллиондаған бейкүнә адамдардың опат болғаны бүгiнде баршаға мәлiм. Елеусiз түрде жүргiзiлген жымысқы саясаттың күштiлiгi сондай, сүттей ұйып отыр­ған бiр отбасындағы туыс адамдарды өза­ра ырылдатып, бiрiн-бiрiне аңдытып, бiр-бiрiмен жауластырып қойды. Пьесада кешегі мен бүгінгі күн туралы ащы ақи­қаттар дра­матург шеберлігімен терең ашыл­ғандық­тан да қойылымда бүкiл кеңестiк дәуiрдегi саясаттың бет пердесi боямасыз әшкерелендi. 

Спектакльдегі актерлік ойын, сахналық көр­кемдеу, бедерлі мизансценалар, музыка мен жарықтың безендірілуі тұтастай режис­серлік ой-тұжырымға бағындырылды. Әр кейіпкердің көңіл күй, сезім толқыныстары шығарма мазмұны­нан туындап, спек­такльдің көр­кем­дік ерекшелігін ай­қындай түсті. Мә­селен, Әзберген Д.Жол­жақсыновтың орын­дауын­­да ешкiмге сырын шаш­пайтын, қара жү­рек, қаныпезер болып сом­далды. Қулығы­на құрық бойламайтын адамның бойындағы сатқындық феноменін актер шеберлікпен ашты. Орындаушы Әзберген монологтарын айтқанда тура залға қарап, бар кінәні уақыт­қа жауып ақталады. Актер Ленин, Сталин, Брежнев кейпіне ішкі дайындықпен лезде еніп, кейіпкердің интонациялық сөйлеу тә­сілдері мен олардың мінезіне тән иша­ра­ларды, бет-жүзіндегі мимикалық өзгерістерді айнытпай келтіреді де іле-шала оның шы­найы мінезіне көшіп үлгіреді. Д.Жолжақсы­нов­тың осы қас-қағым сәттік өзгерістері ішкі ойға және психо­ло­гиялық тебіреністерге құ­рылған. Сол сияқты қойылымның көркем­дік шоқтығының көтерілуіне Әзиза – Г.Қа­зақ­баева, Қызыл ко­мандир – Б.Сейітмамытов, Ше­рәлі – О.Кенебаев, Пәкизат – К.Байті­леуова, Ана – К.Қажығалиева мол үлес қосты. 

Драматургтың көркем-идеялық мазмұны терең бұл пьесасы театр өнеріне басқаша си­пат, жаңа эстетикалық мазмұн әкелді. Осы­ндай тарихи-әлеуметтік салмағы басым көр­кем дүниесі арқылы Ә.Тарази драматур­гия мен театрда бұрын көтерілмеген тың та­қырыпқа жол ашып берді. Бұдан қалам­гердің талғамы мен суреткерлік танымын және өміршең де өскелең шығармаларды дү­ниеге әкелудегі азаматтық ұстанымын бай­­­­қаймыз. 
Қоғамдық, мемлекеттік, мәдени өмірде қыруар істер тындырып, республиканың сан-салалы өнерінің өсіп, өркендеуіне қо­мақты үлес қосқан Әкім Тарази – тек қазақ елі­не ғана емес, алыс-жақын шетелдерге ер­кін танылған есім. Иә, жазушылық келбеті өзін­дік бояуымен, өзгеше ажарымен ай­шықталған драматургтің театр өнеріндегі қол­таңбасы – айтарлықтай еңбек, айшықты бір белес.

Бүгінде есімі аңызға айналып, 90 жыл­дық мерейлі мерейтойға толайым табыспен, үлкен абырой-атақпен, халқының құрметіне бөленіп келіп отырған Әкім Үр­тайұлының шығармашылық жарқын жолы жас­тарға сәулесін шашып, болашақтың биік асу­ларына жетелей берері сөзсіз. Сөз өне­рінің корифейі Ә.Таразидың рухани қазы­на­сын ұрпақтарға дәріптеп, драматург әле­мін тануға деген зерттеулер алдағы уақытта жалғаса беретініне сенімдіміз. 

Бақыт НҰРПЕЙІС,
Темірбек Жүргенов атындағы 
Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану докторы, театртанушы