853
Әзербайжан халқы жаңа әліпбиін қалай меңгерді?
Әзербайжан халқы жаңа әліпбиін қалай меңгерді?
Тәуелсіздік жылдары латын әліпбиіне көшкен түркі бауырларымыздың өзгеріске енген жаңа жазуды қалай қабылдады, оқыту ісі қалай жүзеге асты, меңгертудің қандай тиімді жолдарын іздеді? Осы мәселе бойынша әзербайжан тіліндегі латын әліпбиін меңгерту тәжірибесіне назар салуды жөн санадық.
1991 жылдың 25 желтоқсанында «Латын графикасы негізіндегі әзербайжан әліпбиін қалпына келтіру туралы» Заңымен 32 әріптен тұратын латыннегізді әзербайжан әліпбиі бекітілді: Aa, Bb, Cc (дж), Çç, Dd, Ee, Əə, Ff, Gg, Ğğ, Hh, Xx, Iı, İi, Jj, Kk, Qq, Ll, Mm, Nn, Oo, Öö, Pp, Rr, Ss, Şş, Tt, Uu, Üü, Vv, Yy, Zz. Әліпбиде диакритикалық белгілері бар әріптер мыналар: Çç (седиль), Ğğ (бревис), İi (ноқат), Öö (умлаут), Şş (седиль), Üü (умлаут). Одан бөлек Ә таңбасы бар. Бұл әріп көзшалымдық жағынан ыңғайлы болу мақсатында енгізілді.
Әзербайжан лингвист-мамандарының жаңа әліпбиге көшудің артықшылықтарын былайша көрсетеді: «Бекітілген жаңа әліпбидегі барлық әріптер әзербайжан тілінің дыбыстық қорындағы негізгі фонемаларды белгілейді. Әліпбидегі кейбір әріптер әртүрлі диакритикалық белгілермен бір-бірінен ажыратылған: Oo – Öö, Uu – Üü, Iı – İi, Cc – Çç, Ss –Şş, Gg – Ğğ. Әріптердің баспа және көркем түрі көрсетілген. Әліпбиде тіліміздің фонетикалық сипатына сәйкес келмейтін әріптер жоқ. Тілімізде дыбыстар көп, олардың барлығын графикалық белгімен белгілесек, онда жазу процесі қиынға соғады, оқу және емле процесі қиындайды. Кез келген әліпбиде және оның графикалық белгілерінде белгілі бір кемшіліктерді табуға болады. Бірегей әліпби немесе графикалық белгі болмайды. Әліпбиіміздің тарихына назар аударатын болсақ, әліпби жобаларында бірқатар тарихи маңызды өзгерістер болғандығын атап өтуге болады. Мысалы, 1954 әріптердің аттары 1958 жылы өзгертіліп, жетілдірілді. Екі рет қабылданған кирилл әліпбиінде [ә] [қ] [ң] дыбыстары түсіп қалған еді, қазіргі жаңа әліпбиде сол кемшіліктер толықтырылды [Б. Хәлілов. Қазіргі әзірбайжан тілі: фонетика, жазу, алфавит, графика, орфография, орфоэпия. – Баку, «Баку баспа үйі» баспасы, 2013.].
Осындай графикааралық өтпелі кезеңде, алдымен, латын әліпбиінде оқу құралдары әзірленді. Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары білім беру жүйесіндегі жаңа кезеңде оқу құралдарының саны жеткілікті болмады. Соған қарамастан 1993 жылдың қыркүйегінен бастап орта мектептердің бастауыш сыныптарында жаңа әліпбимен оқыту жұмыстары басталды. Бастауыш сыныптарға арналған 1992 жылы Я. Каримовтың «Әліппе», 2003 жылы А.Н. Рахимовтың «Ана тілін оқыту әдістемесі» оқулықтары жарық көрді. Орта мектептің орта, жоғары сыныптарында және жоғары оқу орындарында әліпбиді оқыту бойынша қосымша сабақтар ретінде ұйымдастырылды. Бұндай қосымша сабақтар барлық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен басқа да мекеме қызметкерлеріне де жүргізілді. Дегенмен ересектерді оқытатын курстардың саны көп болмады, жаңа әліпбимен оқытатын оқу құралдары мен мамандар жетіспеді. Себебі жаңа әліпби бойынша республиканың барлық тұрғындарын оқыту үшін миллиондаған қаржыны қажет етті. Бұл мәселе 2001-2004 жылдары мемлекет басшысы Гейдар Алиевтің Жарлығымен жүзеге асты.
Әзербайжанның қазіргі әдіскер-мамандары құрамы 32 әріптен тұратын жаңа әліпбиді әліпбидегі әріптердің берілген ретімен емес, буын, сөз құрауға болатын әріптердің реттілігімен оқыту үшін төрт кезеңге бөліп оқытады:
- бірінші кезең: A, N, Ə, L, M, İ, T, B әріптері
- екінші кезең: R, İ, D, Y, O, S, U, K әріптері
- үшінші кезең: P, Ş, E, V, Z, Ü, Ö, G әріптері
- төртінші кезең: Q, X, Ğ, C, Ç, H, F, J әріптері
Сейітбекова Айнұр Аташбекқызы
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институтының жетекші ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының кандидаты