Ақтаулық оқушылар жүрек жұмысын бақылайтын смарт-жүйе жасап шықты

/
Ақтаулық оқушылар жүрек жұмысын бақылайтын смарт-жүйе жасап шықты
24KZ

Ақтаулық оқушылар адам өмірін сақтап қалуға көмектесетін кардиомониторинг жүйесін әзірледі. Жоба жүрек жұмысын тәулік бойы бақылап, қауіпті жағдай туындаса, жақындарына автоматты түрде хабарлама жібереді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«24KZ» телеарнасының мәліметінше, жобаны жасау идеясы оқушылардың бірінің егде жастағы туыстарының қауіпсіздігі туралы ойынан туған. Осылайша төрт дос денсаулықты бақылау жүйесін әзірлеуге кіріскен.

Оқушы Әбдірахым Мұраттың айтуынша, адам өзін жайсыз сезінгенде, жедел көмек мүмкіндігінше тез көрсетілуі керек.

«Мұндай мәселе көп адамға ортақ екенін түсіндік. Сондықтан қауіпті жағдайда уақытты үнемдеуге көмектесетін жүйе жасауды ұйғардық», – деді ол.

Ал оқушы Азамат Алтымбектің сөзінше, жүйенің негізгі бөлігі – жасанды интеллект орнатылған шағын компьютер. Ол датчиктерден келетін мәліметтерді талдап, адамның жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Жүйе адамның тамыр соғысын, жүрек ырғағын және басқа да көрсеткіштерді тәулік бойы қадағалайды. Егер қауіпті өзгеріс анықталса, бес секунд ішінде туыстарына немесе жақындарына Telegram арқылы автоматты түрде хабарлама жіберіледі.

Бұдан бөлек, құрылғы арнайы қозғалыс сенсорының көмегімен адамның құлағанын небәрі екі секундта анықтай алады.

Жоба жетекшісі Жоламан Саясаттың айтуынша, бұл әзірлеме цифрлық технологиялардың адам қауіпсіздігін арттырудағы мүмкіндігін көрсетіп қана қоймай, оқушылардың инженерлік дағдыларын дамытуға да ықпал етеді.

Қазір команда құрылғыны ықшам, дәл әрі күнделікті қолдануға ыңғайлы ету бағытында жұмыс істеп жатыр. Болашақта авторлар оны әлеуметтік бағдарламалар аясында енгізуді жоспарлап отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары