Тез дайындалатын кеспеден инфекция жұқтырғандар саны 100-ден асты

/
Тез дайындалатын кеспеден инфекция жұқтырғандар саны 100-ден асты
сурет: istockphoto.com

Еуропада дәмдеуіш қосылған тез дайындалатын кеспе өнімін жегендерден сальмонеллез тіркелді. Қазір 14 елде кемінде 106 адамнан сальмонелла инфекциясы анықталған. Олардың 49-ы ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

Бұл туралы Еуропалық азық-түлік қауіпсіздігі агенттігі (EFSA) мен Аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі еуропалық орталық (ECDC) хабарлады.

Мамандардың мәліметінше, індеттің негізгі көзі – бір брендтің дәмдеуіш қосылған жедел дайындалатын кеспе өнімдері. Ауру жағдайлары Австрия, Ұлыбритания, Чехия, Дания, Эстония, Франция, Германия, Венгрия, Латвия, Литва, Нидерланд, Норвегия, Польша және Швецияда тіркелген.

Эпидемиологиялық зерттеу барысында Дания, Эстония, Германия, Латвия және Литвадағы науқастардың барлығы бір брендтің кеспесін тұтынғаны анықталған.

Ресми органдар өнім атауын атамағанымен, Salmonella Stanley штамы анықталған өнімдердің Украинадағы өндірушімен байланысты екені хабарланды. Ал Reeva Foods компаниясы Балтық елдеріне жеткізілген жедел дайындалатын кеспенің белгілі бір партиясынан Salmonella Stanley табылуы мүмкін екені туралы ақпарат алғанын мәлімдеді. Өнімді Украинадағы Euro Food Service кәсіпорны өндірген.

Компания күмән тудырған партияларды сатылымнан қайтарып, ішкі тексеруді бастағанын хабарлады. Сондай-ақ тәуелсіз зертханалық талдау, өндірістік аудит және қосымша санитарлық бақылау шаралары күшейтілген.

Сальмонеллездің негізгі белгілері – іш өту, дене қызуының көтерілуі, іштің ауыруы, жүрек айну және құсу. Көп жағдайда науқастар бір апта ішінде сауығып кетеді. Алайда инфекция балалар, егде жастағы адамдар және иммунитеті әлсіреген жандар үшін ауыр өтуі мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары