Премьер-министр Олжас Бектенов Екатеринбургтегі XVI «ИННОПРОМ» халықаралық өнеркәсіп көрмесінің алаңында өткен «Индустрия 360: шекарасыз өндіріс» сессиясына қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Пленарлық сессияға Ресей Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан Премьер-министрі Адылбек Қасымалиев, Индонезия, Иран, Түрікменстан, Мьянма, Сейшель аралдары, Тәжікстан, Өзбекстан, БАӘ, Вьетнам, Венесуэла үкіметтерінің өкілдері және тағы да басқалар қатысты.
«Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен озық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституция ауқымды саяси және институционалдық реформаларды нығайта түсті. Біз барлық елдермен ашықтық пен сындарлы әріптестікке негізделген Әділ және Озық Қазақстанды дамыту бағытын дәйекті түрде жалғастырып келеміз. Адами капиталды, ғылым мен инновацияны дамыту — мемлекет қызметінің негізгі қағидаттары. Мұндай тәсіл инвесторлардың сенімін нығайтуға, экономиканы жаңғыртуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге қолайлы жағдай жасайды», — деп атап өтті Премьер-министр.
Қазақстан шикізатты терең өңдеу, заманауи материалдар жасау және ғылымды көп қажет ететін өндірістерді дамыту салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Инвесторлар үшін мемлекеттік қолдау шаралары, салықтық және кедендік преференциялар, Altyn Visa арнайы визалық режимі және «бір терезе» қағидаты бойынша жобаларды сүйемелдеу қолжетімді. Инвестициялар үшін басым бағыттар машина жасау, металлургия, мұнай-газ химиясы, химия саласы, заманауи құрылыс материалдары мен жоғары қайта бөлу өнімдерін өндіру болып қала береді.
Өнеркәсіпті цифрлық трансформациялауға назар аударылды. Қазақстан деректерді талдаудың интеллектуалды жүйелерін, байланыстың өтпелі технологияларын, бұлтты платформаларды және жаңа буын бағдарламалық шешімдерді өндірістік контурға дәйекті түрде енгізуде. Өңдеу секторында цифрлық құралдарды пайдаланатын кәсіпорындардың үлесі 2022 жылғы 13%-дан 2025 жылы 21%-ға дейін өсті, ал өнеркәсіптік интернет заттарды пайдаланатын өндірістер саны 7 мыңға жетті.
Көрме барысында елдердің делегация басшылары машина жасау, металлургия, өнеркәсіптік жабдықтар, инновациялық өндірістік шешімдер және заманауи технологиялар саласындағы әзірлемелерді қарап танысты. Қазақстандық павильонда отандық кәсіпорындардың металлургия, машина жасау, IT, тамақ өнеркәсібі және тағы да басқа салалардағы әзірлемелері ұсынылды. Экспозицияға қатысушылар арасында Qarmet, Қазақмыс, Alageum Electric, KamLitKZ, Tengry Tyres, Orda Glass, Silk Road Electronics, BTS ERG және тағы да басқалар бар.
Жалпы алғанда Қазақстан Республикасының павильоны басқа да салалармен қатар өнеркәсіптік ЖИ, микроэлектроника және технологиялық білім беру салаларындағы әзірлемелерді де қамтиды. CoreInsight компаниясы «ИННОПРОМ» қатысушыларының назарына ЖИ негізінде өндірістік жүйелердің деректерін біріктіретін, графиктерді, факторлық талдауларды және инженерлерге арналған ұсыныстарды қалыптастыратын өндірістік деректерді талдау платформасын ұсынды. Ал Texer.ai компаниясы камераларға, датчиктерге және өнеркәсіптік контроллерлерге арналған арнайы чиптер саласындағы шешімдерді жасап шығарған. Технология шикі деректерді сыртқы контурға жібермей, тікелей құрылғыда өңдеуге және сақтауға мүмкіндік береді. Artisan Education білім беру платформасы оқушылар мен студенттердің заманауи технологиялық білімге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған. Жоба орта және жоғары білім беру орындарының Astana Hub-тың өңірлік кеңселерімен өзара іс-қимыл экожүйесін қалыптастырады және өңірлерді индустриялық тұрғыда дамыту үшін қажетті кадрлық әлеуетті дайындауға бағдарланған.