Испанияның Бадахос провинциясындағы Гуаренья елді мекенінде археологтар шамамен 2 500 жыл бұрын жасалған бірегей қола арбаны тапты. Мамандар бұл олжа ежелгі Тартесс өркениетінің Жерорта теңізі халықтарымен сауда байланысын дәлелдейді деп отыр, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.
Арба Casas del Turuñuelo археологиялық кешеніндегі қазба жұмыстары кезінде анықталған. Оның шанағы бедерлі бейнелермен безендірілген. Алдыңғы бөлігінде жер асты әлемімен байланыстырылатын өзен құдайы Ахелойдың бейнесі, бүйірлерінде қыран басты, арыстан денелі екі грифон, ал шеттерінде құрылымды көтеріп тұрған адам мүсіндері бейнеленген. Арба сондай-ақ әшекейлі екі доңғалақпен жабдықталған.
Қазба жұмыстарының жетекшілерінің бірі Эстер Родригестің айтуынша, бұл – Тартесс өркениетін зерттеудегі ең маңызды археологиялық жаңалықтардың бірі.
Зерттеушілердің мәліметінше, осы арбаға ұқсас арбаларды бұған дейін тек біздің дәуірімізге дейінгі VIII–V ғасырларда қазіргі Италия аумағында өмір сүрген этруск өркениетінен ғана белгілі болған. Бұл арбаның Пиреней түбегіне ежелгі Жерорта теңізі сауда жолдары арқылы жеткізілген болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Археологтардың болжамынша, қола арба діни немесе салтанатты рәсімдерде пайдаланылған. Ол ежелгі тұрғындар ғимаратты әдейі жауып тастамас бұрын соңғы рәсімдік дастарқан өткізген бөлменің жанынан табылған. Сонымен қатар қазба барысында грек, шығыс және мысырлық бұйымдар да анықталып, Тартесс өркениетінің халықаралық саудаға белсенді қатысқанын тағы бір дәлелдеді.