Нейробиолог ғалымдар Зигмунд Фрейд теорияларын ұқсастығын растады

/
Нейробиолог ғалымдар Зигмунд Фрейд теорияларын ұқсастығын растады
сурет: istockphoto.com

Осло университетінің ғалымдары қазіргі нейробиологиядағы мидың жұмысын түсіндіретін жетекші модельдің Зигмунд Фрейд осыдан 130 жылдан астам уақыт бұрын ұсынған психоанализ қағидаларымен едәуір ұқсас екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері Entropy ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеудің негізгі өзегі – қазіргі нейробиологиядағы «болжам жасау парадигмасы» (predictive processing) деп аталатын тұжырымдама. Бұл модельге сәйкес, ми қоршаған ортада не болатынын үздіксіз болжайды, кейін бұл болжамдарды сырттан келетін ақпаратпен салыстырып, қажет болған жағдайда түзетіп отырады. Мұндай механизм адамның қоршаған ортаны қабылдауына, мінез-құлқын басқаруына және эмоцияларын реттеуіне көмектеседі.

Зерттеу авторларының айтуынша, нейробиология мен психоанализ бір психикалық үдерістерді әртүрлі қырынан сипаттайды. Нейробиология мидағы биологиялық және есептеу механизмдерін зерттесе, психоанализ адамның сол үдерістерді қалай сезініп, қалай бастан өткеретінін түсіндіреді.

Ғалымдар мысал ретінде Фрейд сипаттаған «проекция» ұғымын келтіреді. Бұл – адамның өзіндегі қасиеттерді немесе ниеттерді өзгелерге таңуы. Зерттеушілердің пікірінше, мұндай құбылыс мидың бұрынғы тәжірибеге сүйеніп, айналасындағылардың әрекетін алдын ала болжауымен байланысты болуы мүмкін.

Сондай-ақ зерттеу екі бағыттың да миды тұрақтылық пен белгісіздікті азайтуға ұмтылатын жүйе ретінде қарастыратынын көрсетті. Мәселен, шамадан тыс күмәндану, қудалау сезімі немесе үнемі сын күтетін психологиялық жағдайлар мида қалыптасқан, бірақ өзгеруі қиын болжам үлгілері болуы ықтимал.

Авторлардың пікірінше, нейробиология мен психоанализдің ортақ тұстарын зерттеу психикалық жарақаттарды емдеудің жаңа тәсілдерін дамытуға мүмкіндік береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары