АКАДЕМИК КӨПЖАСАР НӘРIБАЕВ

АКАДЕМИК КӨПЖАСАР НӘРIБАЕВ

АКАДЕМИК КӨПЖАСАР НӘРIБАЕВ
ашық дереккөзі
370

Ұлағатты ұстаз, көрнектi қоғам және мемлекет қайраткерi, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигi, Қазақстанның еңбек сiңiрген ғылым және техника қайраткерi, экономика ғылымдарының докторы, профессор Көпжасар Нәрiбаевтың ұлттық ғылымға сiңiрген еңбегi ұшан теңiз. Сырт көзге сабырлы, салмақты әрi биязы көрiнетiн сымбатты пiшiнiне қарап бақытты жан дерсiз. Иә, ол бақытты жан. Кезiнде атқа мiнiп, тiзгiн ұстады. Ғылымның сара жолына түсiп, шыңына шықты. Қаншама шәкiрттер тәрбиеледi. Қай уақытта да мансаптан, қошаметтен асып -таспады. Алды-артын тереңнен ойлап, ары мен намысына жүгiнiп отырды. Сондықтан ұлтының алдында, халқының алдында жүзi жарық.

Оның өмiр жолы да өзгеше әрi өзгелерге өнеге. Ел басына күн туған Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде тағдырының тар жол, тайғақ кешуiнен өттi. Мансап үшiн жанын жалдаған жоқ. Қайта ұлты үшiн аянбай күрестi. Сол кез ұлт зиялылары үшiн сын болатын. Жай сын емес халықтық сын едi. Кiмнiң кiм екенi көрiнiп жатты. Көпжасар Нәрiбаев бiр басына жетiп асарлық тауқыметтi тартса да, сол сыннан сүрiнбей өттi. Сыр берiп сынатын жерде иiлсе де сынбады. Болаттай қайта серпiлiп, қайсарлық танытты. Сол бiр қиын кездерде де қасиетiн, азаматтық ары мен абыройын сақтап қалды. Ендiгi әңгiме сол жайында.

* * *

КӨПЖАСАР Нәрiбаев Орталық Комитеттiң пленумынан ауыр оймен шықты. Жоғары және арнаулы орта бiлiм министрлiгiндегi қызметiне бара жатып, әлгiнде ғана қысқа пленумда болған жайды еске алды. Дiнмұхамед Қонаевтың Орталық Комитет қызметкерлерiне алғыс айтып, алдағы iстерiне табыс тiлегенi, КПСС ОК хатшысы Разумовскийдiң оның зейнеткерлiк демалысқа шығуға берген өтiнiшi қабыл алынғаны туралы айтқаны, республиканың жаңа басшысы Колбиннiң болмашы болбыр сөздерiн қайта ой елегiнен өткiздi. "Қонаев кiм едi? Аграрлы республиканы индустриялы елге айналдырып ұлттың санын өсiрiп, ұлттық кадрларды көтердi емес пе. Ал Колбин кiм? Горбачев қазақтың салт-дәстүрiнен, тiлiнен мақұрым жанды неге мұнда жiберiп отыр? "Шаш ал десе бас алатынның" нақ өзi емес пе? Жергiлiктi ұлт өкiлдерiнен ел басқаруға лайықты жандар бар едi ғой…" Жауабы жоқ сұрақтар көкiрегiне күмән туғызды. "Басшымыз басқадан болған соң бiзге бiрлiк керек. Ынтымағы жоқ ел тез тозады, басқаның илеуiнде кететiнiне тарихтан мәлiм. Ендi осыны қазекем түсiнсе иегi едi". – Ол осы оймен кеңсенiң есiгiн ашты.

Бұл 1986 жылдың 16 желтоқсаны едi.

Ертеңiне қала жастары алаңға шығып, пленум шешiмiне наразылықтарын бiлдiрдi.

* * *

МИНИСТР кеңсесiндегi тiкелей Үкiметтiк байланыс желiсiне қосылған телефон безек қақты. Көпжасар Нәрiбаев тұтқаны көтерiп құлағына тосқаны сол едi, арғы жағынан өктем үнмен:

– Алаңға сендердiң студенттерiң жиналып жатыр. Тез келiп тарқатыңдар. Әйтпесе олар да, сендер де таяқ жейсiңдер, – деп тұтқаны тастай салды.

Ол аты-жөнiн айтпаса да даусынан таныды. Орталық Комитеттiң Ғылым және бiлiм бөлiмiнiң бастығы Е.Асанбаев. "Апырай, Ерекең бұрын бұлай ызғар шашып сөйлемеушi едi. Тым дөрекi айтқаны несi… Сендердiң студенттерiң дегенi қалай? Олар бәрiмiзге ортақ балалар емес пе?"

Нәрiбаев сағатына қарады. Таңертеңгi он. Қаладағы жоғары оқу орындарының ректорларымен хабарласып, алаңға барды. Жастар жан-жақтан топ-тобымен жиналып жатыр. Араларында ересектер де бар. Өз наразылықтарын бейбiт түрде жеткiзгелi келiп тұрғандары көрiнiп тұр.

Олардың шеруi 18 желтоқсан күнi де жалғасты. Сол күнi түнде оларға күш қолданылып, алаңнан қуылды. Жазықсыз жазалау шаралары қатаң жүргiзiлдi.

* * *

ҮШ КҮННЕН соң Мәскеуден КПСС ОК жанындағы партиялық бақылау Комитетiнiң төрағасы Михаил Соломенцев келдi. Бұрын республика ОК екiншi хатшы болған. Жеңiл жүрiске салынып, бар абыройынан айрылып кеткенiн жұрт жақсы бiледi. Содан қазақ халқына деген өшi iшiне берiш болып қатып қалса керек… Нәрiбаевты ОК шұғыл шақыртты. Алматы обкомының бiрiншi хатшысы М. С. Меңдiбаев, ОК бөлiм меңгерушiсi Е.Асанбаев, Колбин және Соломенцев қаланың жоғары оқу орындарын аралауға кiрiстi. Олар әуелi ҚазМУ-ге ат басын тiредi. Кездесу шағын залда, университеттiң аздаған басшыларымен өттi. Әуелi ректор Е.Ерғожин сөйледi. Содан кейiн Соломенцев оңды-солды сiлтедi. Студенттердi ұлтшылдар, надандар, бұзақылар, нашақорлар деп аузына келген сөздi аталады. Университетте Лениндiк ұлт саясаты бұрмаланған, оқуға тек қазақтар ғана алынады деп те соқты. "Бұларды аямай жазалау керек" – деп Колбиннiң қолына шоқпар ұстатты.

Тарих кафедрасының меңгерушiсi, профессор Ә.Тұрсынбаев оның асылық айтып тұрғанын сыпайылап жеткiздi. Көтерiлiске байланысты партия ұйымының жұмысын сынады. "Студенттердiң наразылық бiлдiргенi рас, бiрақ бұл орыстарға қарсы емес. Солай деп кесiп айтуға еш негiз жоқ. Университетке оқуға қабылдағанда ұлтына қарап емес, бiлiмiне қарап қабылдануы керек", – дедi.

Журналистика факультетiнiң деканы Козменько студенттер көтерiлiсiн ұлтшылдық деп бағалап, олардың арасында ауылдан келгендердiң көбейiп кеткенiн, оқытушылардың ұстаз болуға жарамайтынын басып айтты. Бәрiнен де Соломенцевке соның сөзi ұнады. Ректордың кеңсесiнде болған кеңесте ол тұлданып: "Мен Қазақстанда iстеген жылдары Алматыда қазақтардың саны 10-12 пайыздан аспайтын. Қазiр қалай көбейiп кеткен? Бұл мәселенi қолдан шығармай қадағалап отыру керек", – деп ескерттi.

Шовинизм үстемдiк алып тұрған жерде шынайы достық қайдан болсын.

* * *

СОЛОМЕНЦЕВ бастаған топ Қазақ политехникалық институтына барғанда, бас ғимараттың алдында ұзынды-қысқалы арматура кесiндiлерi бей-берекет шашылып жатыр екен. Соломенцев пен Колбиннiң бiресе мына жағына, бiресе ана жағына шығып, құрақ ұшып жылмаңдап жүрген Марат Меңдiбаев:

– Мiне, көрiңiздер, мына кесiндi темiрлердi студенттер алаңға ұстап шыққан. Бар дүниенi бүлдiрген солар, – дедi жортаңдай сөйлеп. Анау екеуi темiрлерге тыжырана қарап Меңдiбаевтың сөзiн мақұлдап бастарын изедi. Көшенiң қарсы бетiндегi шағын кiтап дүкенiн қолымен көрсеткен ол:

– Әне, ана дүкеннiң терезелерiн сындырған да студенттер, – дедi екпiндеп.

Нәрiбаевтың оны одан әрi тыңдап тұруға шыдамы жетпей, шарт кеттi.

– Марат Самиевич, неге өтiрiк айтып тұрсыз? Алаңдағы студенттердiң қолдарында мұндай темiрлердiң болмағанын мына сiз бен бiз өз көздерiмiзбен көрдiк қой. Оның үстiне алаңға жиналғандардың iшiнде студенттерден басқа жұмысшылардың, қызметкерлердiң болғанын сiз жақсы бiлесiз, – дедi. Үнi қатты шықты. Соломенцев пен Колбин қабақтарының астынан шаншыла қарады. Меңдiбаев бұл сөздi күтпеген екен. Оған алара қарап:

– Көпжасар Нарибаевич, сiздiң мұны бiлмейтiнiңiз қалай? Бәрiн бүлдiрген студенттер… Тек қана солар. Бiз солай шешкенбiз, – дедi едiреңдеп.

– Қандай жағдайда да ақиқат бiреу. Жұртты шатастырмай соны айтыңыз.

Меңдiбаев ана екеуiне жалтақтай қарап, Нәрiбаевқа ұмсына түсiп, күбiрлей сөйледi.

– Ақырын сөйлеңiз. Бұл басшылықтың шешiмi. – Ол екеуiн иегiмен меңзедi де сұқ саусағын жоғары қаратып шошайтты. Онысы Мәскеудiң нұсқауы дегенi ғой. – Сiз саясатты түсiнбеген екенсiз. Жұмысшылар өз өкiметiне қарсы шықты десек әлемдiк қауымдастықтың алдында масқара болмаймыз ба, – шеке тамырлары шоттиып булыға сөйледi.

– Сонда қалай, сiздiңше студенттер бұл елге бөтен бе? – дедi ол қадалып.

Меңдiбаев сөз ұқпайтын жан екенсiң дегендей Нәрiбаевқа алая бiр қарап, екi бастықтың алдына түсiп, жол көрсеткендей болып жортаңдай жөнелдi.

Шындықты жүз жылға көмсең де бәрiбiр шiрiмейдi. Ерте ме, кеш пе, әйтеуiр бiр жарыққа жарқ етiп шығары хақ. "Комсомольская правда" газетiнiң 1990 жылғы 2 қыркүйектегi №202 санында арнаулы тiлшiсi А.Мурсалиевтiң "В декабре на площади Брежнева" деген атпен көлемдi мақаласы басылды. "Э.Кадыржанов, бывший директор Алма-Атинского электротехнического завода: 17 декабря я получил команду мобилизовать дружинников завода и направить их на площадь. Они должны были иметь средства для отпора в виде прутьев, палок, арматуры. Команда поступила от первого секретаря Октябрьского РК партии"…

"…Е.Дунаев, слесарь электровагоноремонтного завода: Вечером я и несколько человек с завода дежурили в ДНД. Люди, которые выезжали на площадь брали с собой палки, прутья, обручи кабеля".

Автор осылай бiрнеше куәгерлердiң сөзiн дәлел ретiнде келтiрген. Қаладағы аудан басшылары обкомның бiрiншi хатшысы Марат Меңдiбаевтан арнайы бұйрық болмаса, ондай қатыгездiк iске өздiктерiнен бара алмайтыны анық. Мiне, Меңдiбаевтың өз қылмысын жуып-шаю үшiн, бар пәленi студент жастарға жауып отырғанының сыры осында.

* * *

1987 жылы 7 қаңтар күнi Орталық Комитетте Желтоқсан көтерiлiсiне байланысты жиналыс болды. Жиналысты Геннадий Колбиннiң өзi жүргiздi. Ол сөзiн бастағаннан-ақ бұзақы студенттердiң осы уақытқа дейiн неге жазаланбай оқып жүргенiн, олардың үстiнен қылмыстық iстердiң әлi күнге қозғалмағанын қатулана айтып:

– Көпжасар Нарибаевич, сiз не дейсiз? – деп орнынан тұрғызды.

Нәрiбаев сасқан жоқ.

– Геннадий Васильевич, алаңға шықты деп бәрiн жаппай жөн-жосықсыз жазалай бергенiмiз қалай болады. Егер солардың арасында заң бұзып, қолға түсiп жатқандары болса, баз бiреулердiң басын жарып, көзiн шығарып жатса мақұл-ау. Менiңше алаңға шықтың деп бәрiн бiрдей жазалай беру орынсыз. Оның үстiне арнаулы орындарға қамалғандардың 40 пайызға жуығы студенттер екен. Ал қалғандары ше? Мен жауапкершiлiктен қашпаймын. Бiрақ неге бәрiн менiң басыма үйiп-төгесiздер?

Колбин жалт бердi.

– Нәрiбаевтың айтып отырғаны дұрыс. Бар айыпты тек студенттерге сала берудiң қисыны келмейдi. Мендегi ресми мәлiметтерге қарағанда осындағы бiрнеше зауыттың және құрылыс мекемелерiнiң жұмысшылары да алаңға шыққан. Араларында қызметкерлер де, интеллигенттер де бар. Ал оларды кiм ұйымдастырды? – Ол бiрнеше министрдi орнынан көтердi. Бiрақ көңiл көншiтер жауап ала алмай дал болды. Өңiнен қаны қашып, сұрланып отырды.

* * *

СОЛ ЖИНАЛЫСТАН соң обкомның бiрiншi хатшысы Марат Меңдiбаев iске бiлегiн сыбанып, белсене кiрiстi. Жоғары оқу орындарының ректорларын шұғыл шақыртып, "Алаңға шыққан студенттердiң бәрiн қатаң жазалаңдар" – деп бұйырды. Сасқан ректорлар одан шығысымен обкомның идеология жөнiндегi хатшысы Шәмшә Көпбайқызы Беркiмбаеваға барған. Ол: "Шаш ал десе бас алып, студенттердiң обалына қалмаңдар. Ойланып, ақылға сыйымды iс iстеңiздер", – деп кеңес бередi.

Ректорлар бiрiнен соң бiрi министр Нәрiбаевқа да ағылып жатты.

Нәрiбаев:

– Сiздер студенттердi жазалау үшiн ректор болып отырған жоқсыздар. Негiзгi мiндеттерiңiз жастарды оқытып, тәрбиелеп елiмiзге қажеттi мамандар даярлау. Осыны басты назарда ұстаңыздар. Студенттердiң тағдырына қалай болса солай қарамаңыздар. Алаңда ұсталды екен деп бәрiн бiрдей жазалай беру жөнсiз болады. Бiреудi ұрып, соғып таяққа жыққандары қолға түссе амал жоқ. Дегенмен заңнан басқа ар-ұят пен адамгершiлiк тұрғысынан қарағандарың жөн, – деп, оларға жөн сiлтедi.

Нәрiбаевтың бұл жанашыр сөздерi Орталық Комитетке де жеткен. Көп ұзамай ОК екiншi хатшысы О.С.Мирошхин телефон шалды:

– Көпжасар Нарибаевич, сiз неге партияның шешiмiне қарсы шығасыз? Басыңыз екеу ме, әлде партбилетiңiз екеу ме? Неге бұзақыларды қорғайсыз? – деп өктем-өктем сөйлеп доқ көрсеттi.

– Олег Семенович, менiң басым да бiреу, билетiм де бiреу. Сонымен қатар бiзде шындық та бiреу емес пе. Сондықтан да студенттердi жаппай жазалаудан бұрын мәселенiң ақ-қарасын анықтап алуымыз керек қой. Олардың бәрiне бiрдей күйе жағып қаралата бергеннен сiздер не ұтасыздар? – Нәрiбаев қарсы дау айтты.

Мирошхин тосылып барып:

– Сiз пәлсапаны қойыңыз. Мен не айтып тұрмын, соны орындаңыз. Әлде ОК өткен жиналыста алған сөгiсiңiз аз ба? – деп тұтқаны орнына сылқ еткiздi.

Студенттер мен оқытушылар құрамын жазалау кең өрiс алды. Алды оқудан шығарылып, қылмыстық iстер қозғалып, сотталып жатты.

* * *

ОК бөлiм бастығы Е.Асанбаев қаңтардың ортасында Қазақ ССР Жоғары және арнаулы орта бiлiм беру министрi Көпжасар Нәрiбаев пен Алматы обкомының идеология жөнiндегi хатшысы Шәмшә Беркiмбаеваны өзiне шақыртты. Ол екеуiн келген бойда қабылдай қойған жоқ. Кеңсесiне бiр кiрiп, бiр шығып қабылдау бөлмесiнде отырған оларға қырын қарай өтiп, аса бiр мемлекеттiк мәселенi шешiп жатқандай кiсiмсiп, түске дейiн күттiрдi. Төзiм таусылған шақта хатшы қыздың телефоны шырылдап, бiзге "кiрiңiздер" дедi.

Стол басында отырған Асанбаев қабағын шытып, зiлдi үнмен:

– Шетел тiлдерi институтының ректоры Р.С.Әмiров, Құрылыс және архитектура институтының ректоры С.М.Байболов, Халық шаруашылығы институтының ректоры Н.К.Мамыров бүгiннен бастап қызметтерiнен босатылды, – дедi Нәрiбаевқа қарап. Содан соң Шәмшә Көпбайқызына басын бұрып. – Обком бiздi қолдайды, – дедi.

Сол-ақ екен Беркiмбаева шап бердi.

– Жоқ, олай емес! Мен мұны қолдамаймын! Олардың не кiнәсi бар? Қандай айып тағып отырсыздар?

Басын еңкiш ұстап қабағының астынан сазара қарап отырған Асанбаевқа тiке қарады.

Асанбаев тұтыға сөйлеп:

– Бiрiншi хатшымен келiсiлген. Сiздiң сөзiңiз шешушi бола қоймас, – дедi мысқылдағандай сыңай танытып.

– Сөзiмдi қаперлерiңiзге алмасаңыздар, менi неге шақырдыңыз? – Беркiмбаева орнынан атып тұрып кеңсесiнен шығып кеттi.

Ыңғайсызданып қалғанын сездiргiсi келмеген Асанбаев орнынан керiле тұрып жатып:

– Көпжасар Нәрiбаевич, Әмiров, Байболов, Мамыровты қызметтерiнен босату туралы бұйрық бүгiн дайын болсын. Бұл менiң ғана емес, жоғарыда қабылдаған шешiм, – деп сұқ саусағымен жоғарыдағы алтыншы қабатты нұсқады.

Нәрiбаев:

– Ереке, мен сiзге бұдан бұрын да айтып едiм. Қажет десеңiз қазiр де ескертейiн. Ректорларды қызметке тағайындау және орындарынан босату министрлiк төралқасының құзырындағы iс. Сондықтан төралқа шешiмi болмай мен ешқандай да бұйрық бере алмаймын. Сiздiң айтып отырғаныңыз заңға қайшы келедi, – дедi қасарысып.

Асанбаев тұлданып, бақшия қарады.

– Қайдағы заңды айтып тұрсың мына заманда? Байқаймын сенiң оларға iшiң бұрып тұр-ау. Керек болса саған да жетемiз әлi, – дедi.

– Сiздерге заңды белден басу түк те емес екен. Ал ар мен ұятты, обал сауапты қайда қоясыз? Не кiнәсi бар олардың? Мен бiлмейтiн қандай қылмыстарын ашып едiңiздер? Бар айыбы Оңтүстiктен шыққандары ма?

Асанбаев тайқып кеттi. Сөз осымен бiттi дегендей есiкке қарай қозғала бердi. Нәрiбаев қайтар жолда ана бiр жылдары Мәскеуде Асанбаев екеуi аспирантурада бiрге оқығанын, Желтоқсан көтерiлiсiне дейiн "сiз", "бiздесiп" тұрғандарын есiне алды. Колбин келгеннен кейiн оның өзiне көзқарасы күрт өзгерiп, дөрекi сөйлей жөнелгенiне қайран қалды. "Адамдар неге өзгередi? Шынымен-ақ бұрынғы сыйластықтың бәрi ұмыт болғаны ма. Оның менi соншалық жау көретiндей ала алмай жүрген қандай өшi бар едi? Түк түсiнсем бұйырмасын". Көкiрегiн керiп, ауыр күрсiндi. "Адамды танығың келсе, қолына билiк бер" деген осы екен-ау".

* * *

КҮН озған сайын Асанбаев пен Нәрiбаев арасындағы тартыс шиеленiсе түстi. Нәрiбаев жоғарының шешiмiн бiрден орындай қоймады. Ректорлар өз орындарында қызметтерiн жалғастырып жатты. Асанбаев Колбиннiң алдында өз беделiн түсiргiсi келмедi. Ол Нәрiбаевты қызметтен кетiрмей кедергiге кезiге беретiнiн бiлдi. "Жоғары және арнаулы орта бiлiм министрлiгiнiң орталық аппаратына қызметкерлер тамыр-таныстықпен және жерлестiк принциппен қабылданған, партияның ұлттық саясаты бұзылған" деген тұжырыммен бөлiмде құжат дайындап, ОК қарауына жоспарға енгiздi.

Нәрiбаев нақақ жаламен келiспедi. Министрлiктегi кадр мәселесi бойынша барлық мәлiметтердi жинап, Асанбаевтың алдына тағы барды. Сол кезге дейiн министрлiк аппаратында 171 қызметкер жұмыс iстейдi екен. Олардың 80-i қазақ, 62-сi орыс, 6-ы татар, 6-ы ұйғыр, 4-i белорус, 4-i кәрiс, 3-i немiс, 2-i украин, 2-i еврей, 1-i өзбек, 1–i дүнген. Нәрiбаев Жамбыл облысында туып өскен. Аппаратта жерлестерiнiң саны басқа облыстарға қарағанда әлдеқайда кем болып шықты. Басқарма, бөлiм бастықтары тiптен жоқ.

Асанбаев:

– Аппаратта неге Маңғыстау мен Жезқазған облыстарынан қызметкерлер жоқ? – деп дүрсе қоя бердi.

Нәрiбаев:

– Бiрiншiден, Маңғыстау мен Жезқазған облыстары кезiнде Гурьев пен Қарағанды облыстарының құрамында болған. Сондықтан сол өлкеде туылған азаматтардың құжатында бұрынғы облыстары жазылған. Екiншiден, мен министрлiктi басқарғалы берi 3-4 адам ғана жаңадан қызметке қабылданды. Оның 2-уi орыс, 1-еуi кәрiс. Үшiншiден, аппаратқа басқа облыстардан адам шақырсақ оны пәтермен қамтамасыз ету керек. Бұл оп-оңай шешiле салатын мәселе емес, – дедi де бар құжатты алдына жайды.

Ол тағы да түртiнектеп, тырнақ астынан кiр iздеп бақты. Бiрақ онысынан ештеңе шық¬пады.

Нәрiбаев:

– Ереке, ендi осы мәлiметтердi ОК идеология жөнiндегi хатшысына баяндаймын, – дегенi сол едi, Асанбаевтың өңi лезде өзгерiп сала бердi. Орынбасары В.И.Романовты шақырып:

– ОК қарауына дайындалып жатқан құжаттан министрлiктiң аппараты жөнiндегi айыптауларды алып таста, – дедi.

* * *

БҰЛ КЕЗДЕ одақтық басылымдардың серкелерi "Правда" мен "Известия" республикадағы жағдайды жарыса жазып, бар мәселенi жершiлдiкке, ұлтшылдыққа тiреп жатты. Г.Дильдяев пен А.Петрушовтың "Еще раз о старых связях", В.Щепоткиннiң "Паутина" атты жалалы мақалаларын республика газеттерi көшiрiп басты.

Нәрiбаев мәселенiң өршiп бара жатқанын сезiп, Колбиннiң қабылдауына барды. Бұл 1987 жылдың 10 ақпаны едi. Қабылдау бөлмесiнен өзi жақсы танитын жандарды көрдi. Көбiсi ақын-жазушылар. Бiрi кiрiп, бiрi шығып жатыр. Кезек күтiп тұрғандардың күбiр-күбiр сөздерiнен естiп бiлгенi әдебиеттегi ақсақал Ә.Әбiшевтiң Колбинге "Бiз сiздi 25 жыл күттiк" деп жеделхат жiбергенiн есiтiп, "О, тоба!" деп жағасын ұстады. Осыдан екi жыл бұрын Әбiшевтiң өзiнiң қабылдауында болғанын, шаруасын оң шешiп алған соң Дiнмұхамед Қонаевты көкке көтере мақтағанын, Димекеңнiң өзi отырған пәтерiн басқа ешкiмге бермей тек өзiне бергiзгенiн, қарындасы қайтыс болғанда өзi отбасына арнайы соғып, көңiл айтқанын, басқа да жасаған жақсылықтарын тiзбектеп жеткiзгенi бар едi. Ал ақсақалдың мына қылығын естiгенде жанын қоярға жер таппай тықыршып кеттi. "Әлжаппар ағамызға не жетпедi? Елдiң мүддесiн ойлап, жазықсыз жазаланып жатқан жастарға араша түсiп, пана болатын ағамыздың тiрлiгi осы ма?"

Ол кеңсеге кiргенде төрде отырған Колбиннiң көңiлi көтерiңкi екен. "Қазақ деген үш жүзге бөлiнген ел екен. Бiрiнiң үстiнен бiрi арыз айтып, бiрiмен бiрi айтысып, тартысып жатқаны қандай жақсы. Мұндай бiрлiгi жоқ халықты маған басқару қиын болмас". Масаттанып отырғанының мәнi осылай сияқты.

Екеуiнiң әңгiмесi "қазақтар көп оқып кеттi" даурықпадан басталды. Нәрiбаев соны жоққа шығаратын iс қағаздарды дәлел ретiнде алдына жайып, асықпай түсiнiк бердi. Колбин үн-түнсiз тыңдады. Бiрақ қоштаған сыңай танытпады.

Нәрiбаев Желтоқсан көтерiлiсiне байланысты жазықсыз жазаланған студенттер мен оқытушылар жайына көшкенде Колбиннiң қалың қабағы түйiлiп, сұрқы өзгерiп кеттi.

– Геннадий Васильевич, алаңға шықты екен деп жастардың бәрiн бiрдей жазалай беру жөнсiз. ОК, Обком, қалалық комитет жағынан ректорларға қатты қысым көрсетiлiп жатыр. Жазықсыз жұмыстан қуылған, кiнәсiз оқудан шығарылған жастардан арыз көбейдi. Басшылар билiктерiн асыра сiлтеп, елдiң берекесiн қашыруда, – дедi.

Колбин шегiр көзiнен ызғар шашты.

– Көпжасар Нарибаевич, сiз бiздi қолдаудың орнына бұзақыларды жақтап отырсыз ба? Мұныңыз қалай?

– Геннадий Васильевич, студенттер мен оқытушылар Заңды бұзса, қылмыс жасаса, кiнәлары дәлелденсе бiр жөн. Ал ендi соншама жанды қолдан қылмыскер жасау сiз бен бiзге сын емес пе. Мен соған қарсымын. Әлеуметтiк әдiлдiк болмаған жерде жағдай оңынан шешiледi дей алмаймын.

Оның бұл сөздерi Колбинге ұнамады. Ашу қысып тiстенгенде жақ еттерi бұлтылдады.

– Тағы қандай мәселеңiз бар?

Нәрiбаев папкасынан төрт бүктелген қағаз шығарып Колбиннiң алдына жаялықтай етiп жазды.

– Геннадий Васильевич, әнеу күнi Соломенцевтiң оқиғаға қатысқандар, оны ұйымдастырғандар оңтүстiктен шыққандар дегенi есiңiзде ме? Орталық Комитеттегi кейбiр басшылар сол сөздi ұстанып, ұрандатып жүрген сияқты. Мына қағаздағы ресми мәлiметтерге назар салсаңыз, соны жоққа шығарады. Алаңға шыққандар арасында батыс, солтүстiк, орталық Қазақстанда туып өскендер саны оңтүстiктегiлерден кем емес.

Ол алдындағы мәлiметтiң үстiне төнiп, шұқшия қадалды. Әлден соң Нәрiбаевқа қабақ астынан қарап:

– Сiз мұны қайдан алдыңыз? – дедi.

– Сiздерден, ОК әкiмшiлiк органдар бөлiмiнен.

Колбин бөлiм бастығы Ефимовты шақыртты. Ол келгенше екеуi де үнсiз отырды. Бұрыштағы үлкен сағаттың сыртылы, ауыр үнсiздiк еңсенi езiп тұрды.

Бөлiм бастығы iшке енген бойда:

– Ефимов жолдас, мына мәлiметтер сiзге таныс па? – деп соған қарай ысырды.

Ефимов қағазға шұқшиды.

– Геннадий Васильевич, бұл бiз жинаған материалдар.

– Мәлiметтiң дәлдiгiне жауап бересiз бе? – дедi қатуланып.

– Әрине, тиiстi органдардан жинап, жүйеге келтiргенбiз. Қате болмау керек.

– Ендеше маған неге бермедiңiз? Мен неге бiлмеймiн? – дедi Колбин ренжiп.

Ефимов екi иығын қушитты.

– Сiз бiлетiн шығар деп едiм. Барлық хатшыларға бергенбiз. – Ол мұрын астынан мiңгiрледi. Колбин оған бара берiңiз дегендей ишарат жасады.

Содан соң иiнi жұмсарып:

– Копжасар Нарибаевич, сiз Соломенцевтi айыптамаңыз. Ол үлкен адам және Мәскеуден бiзге арнайы келiп ақыл-кеңесiн айтып кеттi. Ал мұнда жұмыс iстейтiн сiз бен бiз. Бар ауыртпашылық бiзге түседi. Ендi былай iстейiк. Мен сiздiң министрлiкке барып, кездесу өткiзейiн. Ақылдасатын мәселе көп көрiнедi. Осыған қалай қарайсыз, министр жолдас? – Ол орнынан тұрып қолын созды.

– Сiзбен кездесiп түйiндi мәселелердi талқылауға бiз дайынбыз. – Нәрiбаев қолын қысты.

– Ендеше хабар өзiмнен болады, күтiңiз. – Колбин үлкен креслоға жалп етiп қайта отыра кеттi.

"Қайран Димекең. Есiгiнен енген жанды кiм болса да кеңсесiнiң орта тұсында қарсы алып, кетерiнде жылы шырайымен есiгiне дейiн шығарып салушы едi. Неткен мәдениеттiлiк! Неткен имандылық! "Ұлық болсаң, кiшiк болды" ұстанған жанның тәлiмiнен қалай үлгi алмассың.

Колбиндiкi құрғақ уәде екен. Министрлiкке барған жоқ. Қайта бiр аптадан соң жағдай күрт өзгердi.

* * *

КӨПЖАСАР Нәрiбаев министрлiкке коллегияны шақыруды созып жүргенде Халық шаруашылық институтының ректоры Н.К. Мамыров келдi.

– Көбеке, Алматы қалалық партия комитетi бiздiң жеке мәселемiздi қарау үшiн материал дайындап жатқан көрiнедi. Байқаймын белден басып, партиядан шығармақшы. Арғы жағы белгiлi ғой. Менiңше коллегияда бiздi солардан бұрын қарап, ректорлық қызметтен босатқаныңыз жөн болар. Оларға керегi де сол ғой. Сонда ректор емес жәй коммунистке беретiн жазасы да жеңiлдеу тиер, – дедi.

Нәрiбаев ойланып қалды.

– Нүреке, айтып отырғаныңның жөнi бар секiлдi. Қалалық партия комитетiнiң алдына ректор болып барсаң жазасы ауыр тиер. Ал жәй коммунист ретiнде көрiнсең көп болса сөгiс аларсың, – дедi.

Министрлiктiң коллегия мәжiлiсi үш ректорды орнынан босатты. ОК олардың орындарына қызметкерлердi сырттан шақыртқызды. Мамыровтың орнына Украинадан Найденов, Жамбыл Жеңiл тамақ өнеркәсiбi технологиялық институтының ректоры Т.М.Мұхаметқалиевтiң орнына Омскiден Миллер келiп қонжиды.

* * *

СОЛ ЖЫЛДЫҢ 17 ақпанында ОК бюросы шақырылды. Бюрода бөлiм меңгерушiсi Е.Асанбаев баяндама жасап, республикадағы барлық жоғары оқу орындарын қаралады. Оларда ұлтшылдық шектен тыс өршiген , қазақтан басқа ұлт өкiлдерiнiң ұл-қыздарының жағдайы нашар деген секiлдi айыптауларды Нәрiбаевтың басына үйiп-төктi. Бюро мүшесi М.Меңдiбаев ол айыптаған сайын айызы қанып, ауық-ауық дем берiп қолдап отырды. Асанбаев сөзiнiң соңында Нәрiбаевты ұлтшыл ретiнде партиядан шығарып, министрлiк қызметтен босатуды ұсынды. Зал тым-тырс.

Колбин төмен салған басын көтерiп:

– Жолдас Нарибаев, сiз не айтасыз? – дедi салқын үнмен.

Нәрiбаев мiнберге көтерiлдi.

– Жолдас, бюро мүшелерi, мен өзiм сұранып министр болғаным жоқ. Өздерiңiз шақырып осы қызметтi жүктедiңiздер. Мен сiздермен ақылдасып жұмыс iстедiм. ОК шешiмдерiн жүзеге асыруға тырыстым. Өздерiңiзге белгiлi ешбiр министр өз бетiнше саяси шешiм қабылдай алмайды. Сондықтан Асанбаевтың маған артқан саяси айыптауларын қабылдамаймын. Министрлiкте кемшiлiктер жоқ емес, бар. Бiрақ атқарылған игiлiктi iстер де аз емес – Ол соларды қысқаша қорытып шықты да. – Ал ендi "ұлтшылдыққа" келетiн болсақ, күнi бүгiнге дейiн Мәскеуден бiзге берiлген тапсырма бiлiм мен ғылымның, өндiрiстiң, ауылшаруашылығының барлық салалары бойынша өз кадрларымызды дайындау болатын. Мен соны орындадым. Ендi қалайша бiз бiр күнде "ұлтшыл" болып шыға келдiк? Жоғары оқу орындарында қазақтар көп оқып кеттi деген мәселе жаңсақ арандату екенiн мен бұрын да сiздерге нақты мысалдармен дәлелдегенмiн. Қазiр де сол ойдамын. Керек болса дәлелдеуге де бармын.

Меңдiбаев сөз алып, Нәрiбаевты ұлтшыл атап, Асанбаевтың ұсынысын толық қолдады.

Министрлер кеңесiнiң төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев:

– Жолдас, бюро мүшелерi. Нәрiбаев жолдас Республиканың Үкiмет мүшесi. Оны орнынан босату туралы мәселе менiмен келiсiлген жоқ. Бұл – бiр. Екiншiден, Нәрiбаев жолдас Қазақ ССР Жоғары Кеңесiнiң депутаты. Заң бойынша депутатты қызметтен босату үшiн Жоғары Кеңестiң шешiмi керек, – деп Жоғары Кеңес Президиумының төрағасына бұрылып. – Саламат Мукашевич, сiздер осы мәселе бойынша келiсiм бердiңiздер ме? – дедi.

– Бiзден ешкiм келiсiм сұраған жоқ.

Назарбаев сөзiн жалғады.

– Геннадий Васильевич, сонда қалай, бәрiмiз заңды белiнен басқанымыз ба? Үкiмет бекiткен тәртiптi неге бұзамыз? Асанбаев жолдасқа осыншама правоны кiм бердi?

Колбиннiң жүзi қызара бөртiп кеттi. Жан-жағына жалтақтай қарап:

– Асанбаев жолдас, бұл мәселе Үкiмет пен Жоғары Кеңесте келiсiлген жоқ па едi, – дедi жәй ғана.

– Геннадий Васильевич, ондай кемшiлiк болды. Бұдан былай тәртiптi бұзбаймыз,– Асанбаев күмiлжiп басын төмен салды.

Назарбаев сөзiн сабақтады. Министрлiктегi кемшiлiктердiң барын, бiрақ ондағыларға саяси бағыт-бағдар берген ОК екенiн, ал министрлiк соны орындаушы болғанын, Нәрiбаевтың басшылығымен талай толағай iстердiң бiткенiн айта келiп, Нәрiбаевқа партия жөнiнен сөгiс берiлiп, қызметiнде қалдыруды ұсынды.

Колбин екi оттың ортасында қалып, қай жағына шығарын бiлмей бiр ауық отырып қалды. Назарбаевтың әлгi сөзi мысын басып, пәтi қайтты.

– Нарибаев жолдас, не iстеймiз? Сiздi жазалап бiз абыройға жете қоймаспыз. Арамызда жүрiп қызмет iстедiңiз. Дегенмен өз еркiңiзбен арыз берiп, қызметтен босасаңыз қайтедi? – дедi.

– Геннадий Васильевич, осыдан кейiн ОК бөлiм меңгерушiсiмен ортақ тiл тауып, қызмет iстеудiң маған да жөнi келе қоймас. Мен ғалым адаммын. Қай кезде болмасын өз орнымды табамын.

Ол қызметтен босату туралы өтiнiшiн жазып бердi. Нәрiбаев тағдырдың тәлкегiнен, халықтық сыннан осылай өттi. Ары мен азаматтығы үшiн мансапты мансұқ еттi.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары