ЖАС ТIЛШIЛЕРДIҢ ФОРУМЫ

ЖАС ТIЛШIЛЕРДIҢ ФОРУМЫ

ЖАС ТIЛШIЛЕРДIҢ ФОРУМЫ
ашық дереккөзі
497

Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев "Жас өркен" ЖШС-не қарасты республикалық "Балдырған" журналының 50 жылдығы және "Дружные ребята" газетiнiң жарық көргенiне 75 жыл толуына орай "Жас өркен" ЖШС-нiң Бас директорын және аталған басылымдардың Бас редакторларын қабылдаған едi. Бұл жылы кездесу Алматыда өтетiн республикалық "Ұлан" газетi мен "Ақ желкен" журналы жас тiлшiлерiнiң "Қаламгер азамат" атты форумы қарсаңында орын алды.

Жас қаламгерлермен болған жиында сөз алған республикалық "Ұлан" газетiнiң бас редакторы Сұлтан Қалиұлының айтуынша, бұл форумның мақсаты – жазуға талапты балалардың қабiлет-қарымын ұштау, олардың бiр-бiрiмен жақын танысуына жағдай туғызу. Ол сондай-ақ, кеше ҚР Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаевтың қабылдауында болып, осы мәселе бойынша әңгiмелескенiн, алдағы уақытта бiрлесiп жұмыс iстеу үшiн арнайы тапсырмалар алғанын жеткiздi. "Министр техникалық тақырыптарға жазатын жастарды даярлау қажеттiгiн де ұмыт қалдырмады. Форум аяқталғаннан кейiн техника саласына қатысты айдарлар ашатын боламыз", – дедi жас қаламгерлердiң ұстазы Сұлтан Қалиев.

"Қаламгер азамат" форумына қатысушылар ортаға салған пiкiр-ойларын қорытындылай келе, елiмiздiң Президентi Н.Назарбаевқа үндеу жолдады. Онда жас қаламгерлер: "Бiр ғасырға жуық тарихы бар "Ақ желкен" журналы мен "Ұлан" газетiне жазған шығармаларымызда туған жерiмiздiң қастерлi шежiресi мен бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi, өткен белестерi мен алдағы асулары туралы шын жүрегiмiзбен тебiренiп, тереңнен толғап жазуға ұмтыламыз. Бұл тұрғыда "Ұлан" газетi мен "Ақ желкен" журналы жас ұрпақ пен аға ұрпақты, кешегi мен бүгiнгiнi жалғастырып жатқан рухани алтын көпiр деп бiлемiз. Бiз келесi оқу жылынан бастап республикадағы барлық мектептерде мемлекеттiк балалар мен жасөспiрiмдер басылымдары – "Ұлан", "Дружные ребята" газеттерi мен "Ақ желкен", "Балдырған" журналдарының арнайы күндерiн жыл сайын жүйелi түрде өткiзiп отыруға шақырамыз" дей келе, болашақта журналист мамандығын таңдағымыз келедi, өкiнiшке қарай, жоғары оқу орындарындағы журналистика факультеттерiне бөлiнетiн гранттың саны тым аз көрiнедi бiзге" дептi. "Құрметтi, Нұрсұлтан Әбiшұлы, әлеуметтiк-экономикалық, рухани-мәдени даму жолында нық басып келе жатқан қуатты Қазақстан мемлекетi бұл мәселелердi назардан тыс қалдырмай, лайықты шешiмiн табатынына кәмiл сенемiз" деген үндеу соңына форумға елiмiздiң жер-жерiнен келген 90-дай оқушы қол қойған.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi, ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi, сондай-ақ, Алматы қаласы әкiмшiлiгiнiң қолдауымен ұйымдастырылған шараға республиканың түкпiр-түкпiрiнен 100-ге тарта қолына қалам ұстаған жасөспiрiмдер мен 2-11-сынып оқушылары қатысты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары