Тарихшы, дипломат Рүстем Құрманғожин өмірден өтті

/
Тарихшы, дипломат Рүстем Құрманғожин өмірден өтті

Қазақстандық дипломат, тарих ғылымдарының кандидаты, халықаралық қатынастар саласының сарапшысы және оқытушы Рүстем Құрманғожин өмірден озды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Суыт хабарды марқұмның жақын досы әрі әріптесі, саясаттанушы Андрей Чеботарев мәлім етті.

Рүстем Құрманғожин 1985 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігіне қарасты Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған. 1986-2013 жылдар аралығында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жүйесінде қызмет атқарып, мансабында кеңесші-уәкіл дипломатиялық дәрежесіне дейін көтерілген.

Еңбек жолында ТМД елдерімен, Азия мемлекеттерімен, Еуропалық одақпен және АҚШ-пен байланыстарды дамыту бағытында жұмыс істеді. Сондай-ақ еліміздің сыртқы саяси бағытының қалыптасуына белсенді атсалысты.

Дипломатиялық қызметтен кеткеннен кейін Рүстем Құрманғожин ғылыми және білім беру саласына ден қойды. 2015 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, Қазақстанның дипломатия тарихы мен халықаралық қатынастарына қатысты зерттеулер жүргізді.

Ол отандық дипломатия мен сыртқы саясат тақырыбында көптеген ғылыми мақалалар мен монографиялар жазған. Ғалымның елеулі еңбектерінің қатарында «Тәуелсіз Қазақстан тарихы: Сыртқы саясат» атты зерттеуі және Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастыққа арналған ғылыми жұмыстары бар.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары