Астанада шетелдегі қазақ қаламгерлерінің жаңа кітаптары таныстырылды

Астанада шетелдегі қазақ қаламгерлерінің  жаңа кітаптары таныстырылды
Фото: "Отандастар қоры"

Астанада Ұлттық академиялық кітапханада «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен «Ұлы Дала» кітаптар сериясының жаңа топтамасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Ұлы Дала» жобасы шетелде тұратын қазақ қаламгерлері мен ғалымдарының еңбектерін Қазақстанда басып шығарып, ұлттық әдеби және ғылыми айналымға енгізуге, шетелдегі қазақ қауымдастықтарымен мәдени және зияткерлік байланысты нығайтуға бағытталған. Жоба аясында 2023-2025 жылдары 28 кітап жарық көрді. Биыл байқауға ұсынылған 11 шығарманың ішінен бес еңбек іріктеліп, баспадан шықты. Байқау жеңімпаздарын Жазушылар одағы анықтады.

Іс-шараға ҚР Сыртқы істер министрлігінің, «Отандастар қоры» КеАҚ мен Қазақстан Жазушылар одағының басшылығы, кітап авторлары, оқырмандар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып, шетелдегі қазақ қаламгерлерінің шығармашылығын қолдау және олардың еңбектерін кеңінен насихаттау мәселелері жөнінде пікір алмасты.

«Отандастар қоры» КеАҚ президенті Ырысқали Дәуренбектің айтуынша, «Ұлы Дала» жобасы аясында шетелдегі қазақ қаламгерлері мен ғалымдарының 30-ға жуық еңбегі жарық көрді. Жоба шетелдегі қазақтардың шығармашылық мұрасын сақтап, оны Қазақстанның әдеби және ғылыми кеңістігіне таныстыруды көздейді.

«Тарихи себептерге байланысты шетелде өмір сүріп жатқан қазақ қауымдары ана тілін, әдебиетін және тарихи жадын сақтап келеді. Олардың арасынан шыққан ақын-жазушылар мен ғалымдардың еңбектері сол елдердегі қандастарымыздың өмірін, мәдениетін және тарихи тағдырын танытады. Алайда бұл шығармалардың бір бөлігі Қазақстан оқырмандарына жеткілікті мәлім емес, кейбірі шағын таралыммен ғана жарық көрген.

Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Отандастар қоры» Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, 2023 жылдан бері «Ұлы Дала» жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба аясында бүгінге дейін 30-ға жуық еңбек жарық көрді. Біздің басты мақсатымыз – шетелдегі қазақтардың шығармашылық мұрасын сақтап, Қазақстанның әдеби және ғылыми кеңістігіне кеңінен таныстыру», – дейді «Отандастар қоры» КеАҚ Президенті Ырысқали Дәуренбек.

Белгілі саясаткер, ҚР СІМ Қоғамдық кеңесінің мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев шетелдегі қазақ қаламгерлерінің бес бірдей еңбегінің тұсаукесері ұлттық руханиятты нығайтып, ортақ тарихи жады мен әдеби мұраны сақтауға зор үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ ол «Ұлы Дала» халықаралық кітаптар сериясының маңызына тоқталды.

«Биыл Президенттің арнайы Жарлығымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық бастамасы мен «Ұлы Дала» халықаралық кітаптар сериясы жобасы аясында біз шетелдегі қандастарымыздың қаламынан туған бес бірдей іргелі туындының тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Моңғолия, Ресей, Өзбекстан және Қытай елдеріндегі бауырларымыздың бұл еңбектері – тағдыр талайымен төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтың рухани тұтастығы мен өшпес жадының айқын дәлелі. Әрбір кітаптың ұлт руханиятындағы орны ерекше.

Жалпы «Ұлы Дала» халықаралық кітаптар сериясы бізге не береді? Ең алдымен – тіл мен ділдің сақталуы. Жат жұртта жүрсе де, ана тілінің шұрайын жоғалтпай, ұлттық болмысты сөз өнері арқылы сақтап қалған қаламгерлердің еңбегі зор.

Екінші – рухани сабақтастық. Бұл еңбектер әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашылған қазақтың рухани бірлігін нығайтып, ортақ әдебиетіміздің көкжиегін кеңейте түседі.

Үшінші – тарихи таным. Кітап беттеріндегі оқиғалар мен естеліктер – біздің ортақ тарихымыздың белгісіз парақтарын ашып, жас ұрпаққа тағылым беретін құнды мұра.

Төртінші – жұмсақ күш. Бесінші – қандастарымызға зор көмек», – дейді ол.

Биыл «Ұлы Дала» кітаптар сериясының топтамасына енген кітаптар:

  • Рысбек Зұрғанбайұлы, «Моңғолия қазақтары: саяси нәубет және тарихи жады» – Моңғолия қазақтарының саяси қуғын-сүргін тарихы мен тарихи жадына арналған зерттеу;
  • Әуелхан Жәзитұлы, «Құт мекенім – Қосағаш» – Ресей Федерациясы Алтай Республикасындағы Қосағаш өңірі қазақтарының тарихы мен туған жермен рухани байланысы туралы;
  • Құлназар Ибрагимов, «Жыр өткелі» – Өзбекстандағы қазақ әдебиетінің шығармашылық мұрасын отандық оқырманға таныстыратын жинақ;
  • Сұлтан Жанболатов, «Таластағы тайталас» – Қытайдағы қазақ қаламгерінің әдеби мұрасын Қазақстанның мәдени кеңістігіне қайтаратын шығарма;
  • Бәкей Ағыпар, «Микроэкономика» – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Моңғолия Ғылыми академиясының академигі жазған қазақ тіліндегі оқулық.

Кездесу соңында авторлар профессор Ағыпар Бәкей мен Рысбек Зұрғанбайұлы еңбектерінің жазылу тарихы мен мазмұны туралы әңгімеледі. Сондай-ақ Жазитхан Әуелханның жұбайы Бесайдар Жатқанбаева кітапты шығаруға атсалысқан азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.

Кітаптар ұлттық және республикалық кітапханаларға таратылды. Сонымен қатар электронды нұсқалары «Отандастар қоры» КеАҚ ресми сайтында орналастырылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар