Шекарадағы ауылдар қалай көркейеді?

/
Шекарадағы ауылдар қалай көркейеді?
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтайда Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің депутаттары әзірлеген «Шекара маңындағы аумақтарды дамыту туралы» заң жобасы таныстырылды. Таныстырылымды комитет төрағасы Әмірбек Оспанбеков жүргізді. Жиынға депутаттар, мемлекеттік органдар мен шекаралас өңірлердің өкілдері, сарапшылар және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 14 нау­рыз­да өткен Ұлттық құрылтайдың IV оты­ры­сында берген тапсырмасына сәйкес әзір­лен­ген. Сол жиында Президент шекара маңын­дағы елді мекендердің ел қауіпсіздігі үшін айрықша маңызы бар екенін атап өтіп, оларды дамытуға арналған арнайы заң қабылдауды ұсынған еді.

Қазақстанның бес мемлекетпен арада­ғы құрлықтағы шекарасының жалпы ұзын­дығы – 13 398 шақырым. Еліміздің 14 об­лы­сы көрші мемлекеттермен шектеседі. Та­ныстырылымда келтірілген мәліметке сүйен­сек, мемлекеттік шекарадан 50 ша­қы­­­­рымға дейінгі аумақта 1 283 ауылдық ел­ді мекен орналасқан. Онда 1,7 миллион адам тұрады.

Алайда шекаралас өңірлердің бәрінің жағ­дайы бірдей емес. Кейбір ауылдар ірі қалалар мен экономикалық орталықтардан шал­ғай орналасқан. Шекаралық режимге бай­ланысты шектеулер де бар. Оның үсті­не, мұндай елді мекендерде күнделікті тұр­мысқа және шаруашылық жүргізуге ке­те­тін шығын көп болуы мүмкін. Өңір­лер­дің табиғи-климаттық, демографиялық және экономикалық ерекшеліктері де әр­түрлі.

Сондықтан жаңа заң жобасында әр ау­­мақ­тың жағдайына қарай қолдау көрсету ұсы­­нылған. Құжаттың негізгі мақсаты – ше­каралас өңірлердегі халықтың тұрмыс-тір­­шілігін жақсарту, өңірлердің даму дең­гейін­дегі алшақтықты азайту және тұр­ғын­дар­дың туған жерінде тұрақтап қалуы­на жағ­дай жасау.

Жобаға сәйкес мемлекеттік шекарадан 50 шақырымға дейінгі қашықтықта орна­лас­қан кенттер, ауылдар, ауылдық округтер, ау­дандар мен қалалардың аумақтары ше­кара маңындағы аумақтар санатына жат­қы­­­зылады. Ал шекарадан 25 шақырымға дейінгі қашықтықта орналасқан әрі мем­лекеттің айрықша қолдауын қажет ететін ел­ді мекендер шалғайдағы шекара маңын­дағы ауылдар ретінде белгіленеді.

Мұндай аумақтардың арнайы тізілімі де жасалады. Елді мекендерді тізілімге ен­гі­зу жөнінде әкімдіктер ұсыныс береді, ал ті­зілімді өңірлік даму саласындағы уәкі­лет­ті орган бекітеді.

Экономика мен инфрақұрылымға басымдық беріледі

Заң жобасында шекаралас өңірлерді да­мытудың бірнеше бағыты белгіленген. Со­ның бірі – білім беру мен денсаулық сақ­тау қызметтерінің сапасын арттыру, ма­мандар даярлау, жастарды ауылға тарту жә­не олардың ауылда тұрақтап қалуына жағ­дай жасау.

Бұдан бөлек, ішкі және шекарааралық ту­ризмді дамыту, сауда байланыстарын жан­дандыру, логистикалық нысандар салу ұсы­нылады. Өнеркәсіпті, ауыл шаруа­шы­лы­ғын, өнім өңдеу ісін және шағын кә­сіп­керлікті өркендетуге де көңіл бөлінбек. Со­ны­мен қатар тұрғындардың жол, инже­нер­лік желілер мен әлеуметтік нысандарды пай­далану мүмкіндігін кеңейту маңызды мін­деттердің бірі саналады.

Бұл ретте елімізде жұмыс істеп тұрған эко­номикалық және өндірістік алаңдардың мүм­кіндіктерін кеңінен пайдалану көз­дел­ген. Олардың қатарында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық ор­та­лығы, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы эко­номикалық аймағы, Батыс Қазақстан облысындағы «Еуразия» индустриялық ай­мағы, Жамбыл облысындағы Қыр­ғыз­станмен шекарада орналасқан сауда-ло­гис­тикалық кешеннің арнайы экономикалық ай­мағы және Түркістан облысындағы «Ор­талық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы бар.
Кәсіпкерлерді қолдау үшін шағын және отбасылық бизнеске микрокредит беру, не­сие мен лизингтің пайыздық мөлшер­ле­ме­сін субсидиялау, кредиттер бойынша ке­пілдік беру ұсынылады. Ауыл шаруашы­лы­ғы кооперациясын дамытуға да басым­дық беріледі.

Сонымен бірге инвестициялық жоба­лар­ды іске асыру, мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік аясында жаңа нысандар салу, даму институттары мен жеке кәсіпкерлерді өңірлерге тарту қарастырылған. Мұның бәрі өңірлерде кәсіп ашуға, жұмыс орын­да­рын көбейтуге және тұрғындардың та­быс табу мүмкіндігін кеңейтуге бағыттал­ған.

Шалғай ауылдардағы мамандардың жалақысы көтерілуі мүмкін

Жаңа заң жобасындағы маңызды ұсы­ныс­тардың бірі – шекараға жақын орна­лас­қан шалғай ауылдарға білікті мамандар тар­ту. Ол үшін мемлекеттік шекарадан 25 ша­қырымға дейінгі аумақта жұмыс істейтін қыз­меткерлердің лауазымдық айлық ақы­сын есептеу кезінде 1,5-ке дейінгі арттыру коэффициентін қолдану ұсынылып отыр.

Бұл шара денсаулық сақтау, білім беру, әлеу­меттік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар сала­ларында еңбек ететін қызметкерлерге қа­тысты болмақ.

Қолданыстағы Еңбек кодексінде ауыл­дық жерлерде жұмыс істейтін бюджет қыз­­меткерлерінің жалақысына мәслихат­тың шешімімен кемінде 25 пайыз үсте­меақы қосу қарастырылған. Ал жаңа заң жо­басында шалғайдағы шекара маңы ауыл­­дарында еңбек ететін мамандарға бұ­дан бөлек қолдау көрсету ұсынылған.

Сондай-ақ мұндай ауылдардағы мек­теп­тер мен медициналық ұйымдардың жұ­мыс істеуін қамтамасыз ететін міндетті нор­мативтер белгіленбек. Мамандарды ауыл­ға тарту үшін оларға тұрғын үй беру, жер учаскелерін бөлу, әлеуметтік жеңіл­дік­тер ұсыну, гранттар мен субсидиялар беру де қарастырылып отыр.

Мемлекеттік органдардың міндеті айқындалады

Жобада шекара маңындағы аумақтарды да­мытуға жауапты мемлекеттік орган­дар­дың міндеттері де нақтыланған. Орталық мем­лекеттік органдар қосымша қаржы бөлу және кредит беру жөнінде ұсыныстар енгізіп, инвестиция тартуға жәрдемдеседі. Сон­дай-ақ шалғай ауылдардағы мектептер мен ауруханалардың жұмыс істеуін қамта­ма­сыз етуге қажетті нормативтерді белгі­лей­ді.

Мәслихаттар өңірлерді дамытуға ар­нал­ған іс-шараларды бекітіп, қоғамдық тың­даулар өткізеді. Ал әкімдіктер арнайы ті­зі­лімге енгізілетін елді мекендер жөнінде ұсы­ныс беріп, даму жоспарларын әзірлейді жә­не олардың орындалуын қамтамасыз ете­ді. Бұған қоса, кәсіпкерлерге қолдау көр­сетіп, инвестициялық жобаларды әзірлеуге жауапты болады.

Қажетті қаражат бюджет заңнамасына сәйкес бөлінбек. Қаржы бөлу кезінде әр ау­мақтың жағдайы мен қажеттілігі ескері­ле­ді. Айта кету керек, заң жобасында әзірге бө­лі­нетін қаржының нақты көлемі белгі­лен­беген.

Жалпы, жаңа заң жобасы шекара маңын­дағы ауылдардың әлеуметтік және экономикалық мәселелерін жүйелі түрде ше­шуге бағытталған. Тұрғындардың тұр­мы­сын жақсарту, жұмыс орындарын ашу, кә­сіпкерлікті дамыту және білікті маман­дар­дың ауылда тұрақтап қалуына жағдай жа­сау арқылы бұл өңірлердің әлеуетін арт­тыру көзделіп отыр. Өйткені шекара маңындағы елді мекендерді дамыту – тек өңір­лік мәселе емес, елдің қауіпсіздігі мен тұ­тастығына да тікелей қатысты маңызды мін­дет.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары