Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері ақын Бекжан Әшірбаевтың «Жанартау» атты жыр кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кеш аясында ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасына арналған «Бекзат болмысты Бекжан» атты деректі бейнефильм көрсетіліп, «Жанартау» атты жыр кітабының таныстырылымы болды.
Аталған кешке Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегманов, ақынның анасы Ұлбике Әшірбаева, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, жерлестері мен баспа өкілдері, көрнекті ақын-жазушылар мен белгілі эстрада жұлдыздары қатысып, ақынның кітабы туралы және шығармашылық мұрасы, азаматтық болмысы, ақындық әлемі мен адами қасиеті туралы естеліктер айтты.

Іс-шара барысында Бекжан Әшірбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар, фотосуреттер және мұрағаттық материалдар көрмесі таныстырылып, Бекжан Әшірбаевтың «Жанартау» жыр жинағының көркемдік-идеялық ерекшеліктері мен ақындық әлемі туралы әдеби баяндама жасалды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің «Кино және медиа» мамандығының 4-курс студенттері Бекжан Әшірбаевтың «Жанартау» жыр жинағынан өлеңдер оқыды.
Сондай-ақ, ақынның сазгерлік мұрасынан «Көршінің қызы», «Жалғыз алма», және «Моншақ қыз» әндері орындалды.