Ұлттық қор – еліміздің макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін және келер ұрпаққа қаржылық капитал жинақтайтын негізгі стратегиялық актив. Ұлттық банктің және Қаржы министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, 2014-2026 жылдар аралығында Қордың қаржылық көрсеткіштері сыртқы конъюнктураға, жаһандық нарықтардың құбылмалылығына және ішкі бюджеттік саясатқа тікелей тәуелді болды.
2014 жылдың басында Ұлттық қор активтері 77,1 миллиард АҚШ долларын құраса, 2014 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 73,2 миллиард АҚШ долларына, яғни 18,2 триллион теңгеге дейін төмендеді. 2015 жылы теңге бағамының еркін ауытқуға өтуіне байланысты активтердің теңгелік баламасы номиналды түрде 23,8 триллион теңгеге жеткенімен, долларлық эквиваленті 63,5 миллиард АҚШ долларына дейін қысқарды. 2016 жылдың соңында активтер 61,2 миллиард АҚШ долларын немесе 20,4 триллион теңгені құрады.
Мұнай бағасының тұрақтануы нәтижесінде активтер көлемі біраз тұрақталып, 2017 жылы 58,3 миллиард доллар немесе 19,4 триллион теңге, 2018 жылы 57,7 миллиард доллар немесе 22,1 триллион теңге, ал 2019 жылдың соңында 61,8 миллиард АҚШ доллары немесе 23,6 триллион теңге деңгейінде қалыптасты.
Дегенмен 2020 жылы жаһандық пандемия салдарынан активтер 58,7 миллиард АҚШ долларына немесе 24,8 триллион теңгеге дейін азайды. 2021 жылы 57,7 миллиард АҚШ долларын немесе 25,1 триллион теңгені құраса, 2022 жылы халықаралық қаржы нарықтарындағы теріс инвестициялық кірістілікке байланысты активтер көлемі 55,7 миллиард АҚШ долларына немесе 25,7 триллион теңгеге дейін төмендеді.
Кейінгі жылдары көрсеткіштер жақсарып, 2023 жылдың соңында активтер қайта өсіп, 60 миллиард АҚШ долларын немесе 27,4 триллион теңгені құрады. 2024 жылдың соңында бұл көрсеткіш 63,5 миллиард АҚШ долларына жетті. 2026 жылғы 10 қарашадағы Ұлттың банктің ресми ақпараты бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері 66,9 миллиард АҚШ долларын немесе шамамен 32,5 триллион теңгені құрап отыр.
Валюталық құрылым тұрғысынан, Ұлттық банктің бекітілген инвестициялық стратегиясына сәйкес, Ұлттық қор активтерінің 100 пайызға жуығы шетел валютасындағы (АҚШ доллары, евро, фунт стерлинг, иена және қытай юані) халықаралық қаржы құралдарына орналастырылған. Теңгелік активтер тек бюджеттік операциялар мен транзиттік шоттар шеңберінде қысқамерзімді сипатқа ие. Бұл ретте теңгемен көрсетілген активтердің өсімі нақты жинақталуды емес, негізінен ұлттық валюта курсының қайта бағалануын немесе девальвациялық әсерді бейнелейді.
Қорға түсетін кірістер мен мұнай бағасының әсері
Қорға кірістер төрт негізгі көзден: мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салықтардан, жер қойнауын пайдаланушылардан түсетін өзге де міндетті төлемдер мен бонустардан, Ұлттық қордың активтерін басқарудан түсетін инвестициялық кірістен және мемлекеттік мүлікті жекешелендіру мен республикалық мүлікке қатысты операциялардан түсетін түсімдерден құралады.
Мұнай бағасының құбылмалылығы кіріс динамикасын тікелей белгілейді. 2014 жылы Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан жоғары кезде тікелей салықтық түсімдер 3,4 триллион теңгеден асса, 2015-2016 жылдары мұнай бағасы 30-40 долларға дейін құлдырағанда бұл түсімдер 1,1-1,4 триллион теңгеге дейін төмендеді. Ал 2022-2023 жылдары энергетика бағасының өсімі аясында мұнай салықтары қайта өсіп, жылына 4,5-6 триллион теңге аралығын құрады.
Ұлттық қордың инвестициялық портфелі облигациялар мен даму, яғни акциялар, алтын, баламалы қаржы құралдары портфельдеріне бөлінген. 2014-2021 жылдар аралығында орташа жылдық инвестициялық кірістілік долларлық мәнде 1,5 пайыздан 5,5 пайыз аралығында ауытқыды.
Дегенмен 2022 жылы жаһандық ин-фляцияның жеделдеуі және АҚШ пен Еуропа Орталық банктерінің пайыздарды жедел көтеруі салдарынан облигациялар мен акциялар нарығы бір уақытта құлдырады. Салдарынан Ұлттық қор өзінің тарихындағы ең төменгі теріс инвестициялық кірістілікті, яғни -2,7 миллиард АҚШ долларын немесе -4,6 пайызын тіркеді.
Артынша 2023 және 2024 жылдары акциялар нарығының өсуі есебінен инвестициялық табыс қайта оң мәнге өтіп, 2023 жылы +4,5 миллиард доллар немесе +8,4 пайызды құрады және Қор өзінің капиталдандыруын қалпына келтірді. Бұл ретте инвестициялық кірістің пайыздық көрсеткіші портфель құрамының нарықтық құнына тәуелді болса, абсолюттік долларлық сома нақты сатылған немесе қайта бағаланған активтер көлемін білдіреді.
6,5 трлн теңгені қалай пайдалануға болады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында 2029 жылға дейін ин-фрақұрылымды жаңғыртуға 6,5 трлн теңге бөлуді тапсырды. Ол Үкіметке ин-фрақұрылымды жаңғыртудың бұрын-соңды болмаған жоспарын әзірлеуді тапсырды.
– Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет. Бірақ Ұлттық қордың ресурсын жинақтау және оны пайдалану арасында теңгерім сақталуға тиіс. Қаражатты тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жарату керек. Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлу – Қазақстанның мемлекеттік қаржы жүйесі мен макроэкономикалық тұрақтылығы үшін аса ірі, стратегиялық сома. Аталған қаражаттың нақты салмағын бағалау үшін оны бұған дейін айқындалған базалық көрсеткіштермен, атап айтқанда Ұлттық қордың ағымдағы активтерімен, жылдық республикалық бюджет шығыстарымен және елдің Жалпы ішкі өнімімен салыстырып көру қажет. Салыстырмалы есептеулер 6,5 триллион теңге Ұлттық қордың қазіргі жиынтық активтерінің дәл 20 пайызын, яғни бестен бір бөлігін құрайды. Осылайша, бұл бастама Қордың валюталық резервтерінің едәуір бөлігін ішкі экономикаға жұмсауды білдіреді.
Бұл қаржының макроэкономикалық ауқымы бюджет пен жалпы ұлттық өнім көрсеткіштері арқылы да анық көрінеді. Мемлекетіміздің жылдық республикалық бюджет шығыстары шамамен 24-25 триллион теңге деңгейінде бекітілгенін ескерсек, 6,5 триллион теңге бір жылдық жалпы бюджет шығыстарының 26-27 пайызына тең.
Ал елдің былтырғы жылдық ЖІӨ-сі 159,6 трлн теңге төңірегінде қалыптасып отырғандықтан, бұл сома жалпы ішкі өнімнің шамамен 4,1 пайызына тең.
Аталған көрсеткішті әлеуметтік салалармен салыстырсақ. Республикалық бюджетте білім беру саласына жылына шамамен 2,7 триллион теңге, ал денсаулық сақтау саласына 2,4 триллион теңге бөлінеді, яғни екі саланың жылдық жиынтық бюджеті шамамен 5,1 триллион теңгені құрайды. Демек, бөлінетін 6,5 триллион теңге бүкіл елдің білім беру мен денсаулық сақтау салаларының 1,3 жылдық жиынтық бюджетінен жоғары. Сонымен бірге бұл сома Ұлттық қордың кейінгі жылдардағы орташа жылдық оң инвестициялық табысымен салыстырғанда 4-5 жылда жинайтын барлық инвестициялық кірісіне тең келеді.
Қаражат 2029 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен игерілетіндіктен, оны төрт жылдық белсенді инвестициялық циклге шақсақ, орташа жылдық жүктеме 1,625 триллион теңгені немесе шамамен 3,3 миллиард АҚШ долларын құрайды. Жылдық 1,625 триллион теңгелік инвестиция – республикалық бюджеттің даму бюджетіне, яғни капиталдық шығыстарға түсетін салмақты екі есеге жуық арттырумен бірдей.
Оқырманға түсінікті болу үшін бұл ауқымды нақты цифрлармен де көрсетуге болады. Ел халқының саны 20,3 миллион адам деп есептелсе, 6,5 триллион теңге әрбір Қазақстан азаматына шаққанда 320 000 теңгеден келеді. Ал орташа отбасы құрамын төрт адам деп алсақ, әрбір отбасыға 1,28 миллион теңгеден тиесілі деген сөз.
Инфрақұрылым тұрғысынан қарасақ, өңірлердегі 300 орындық заманауи көпбейінді аурухананың немесе 2 000 орындық «Жайлы мектеп» инфрақұрылымының орташа құрылысы 10-12 миллиард теңге тұратынын ескерсек, 6,5 триллион теңгеге еліміз бойынша 550-600 заманауи мектеп пен аурухананы толық салып шығуға болады.
Көлік инфрақұрылымы өлшемімен алғанда, жоғары сапалы 4 жолақты автобан жолының 1 шақырымын салудың орташа құны шамамен 1,5 миллиард теңгені құрайды, яғни 6,5 триллион теңге 4 300 шақырымнан астам жаңа халықаралық автожол салуға жетеді, бұл Астанадан Алматыға дейінгі жолды 3 рет қайта салып шығумен пара-пар.
Салдары қандай болмақ?
Дегенмен Ұлттық қордан осындай ірі көлемдегі қаражатты шығарып, экономикаға бағыттаудың екіжақты макро-экономикалық салдары мен тәуекелдері де бар. Біріншіден, жоспарланған 6,5 трлн теңгенің көлемі Ұлттық қор активтерінің шамамен бестен біріне тең дедік. Қаражатты кезең-кезеңімен пайдалану қордың жинақталған активтерін едәуір қысқартып, оның сыртқы экономикалық күйзелістерге қарсы қаржылық буфер ретіндегі әлеуетін әлсіретуі мүмкін. Екіншіден, аталған қаражат экономикаға ретсіз жұмсалса, ішкі нарықтағы ақша массасын ұлғайтып, тұтыну инфляциясы мен импортқа сұранысты күшейтеді. Үшіншіден, бюджеттік тапшылықты жабу үшін Ұлттық қор қаражатын тұрақты түрде инфрақұрылымға бағыттау Үкіметтің жеке инвестициялар мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті тартып, ішкі салықтық базаны кеңейтуге деген ынтасын төмендетуі ықтимал.
Мұншама есептеулерді жүргізгенде нақты әдіснамалық қағидаттарды басшылыққа алдық. Мәселен, Ұлттық қордың 66,9 миллиард долларлық активтері Ұлттық банктің 1 АҚШ доллары үшін 496 теңге болып бекітілген ағымдағы орташа бағамы арқылы теңгеге қайта есептелді, ал жан басына шаққандағы көрсеткіштер Ұлттық статистика бюросының халық саны 20,3 миллион адам деген демографиялық дерегіне негізделді. Бұл ретте Қаржы министрлігінің республикалық бюджет пен салалық шығыстар туралы заңдары, Ұлттық банктің валюталық активтер мен инвестициялық кірістілік есептері негізгі дереккөз ретінде пайдаланылды. Осылайша, 6,5 триллион теңгелік қаржы – елдің экономикалық серпілісі үшін қуатты рекордтық ресурс болғанымен, ол фискалдық тәртіп пен инфляциялық қауіптерді қатаң есепке алуды талап етіп отырған үлкен макроэкономикалық жауапкершілік екеніне көзіміз жете түсті.
Әлеуметтік инфрақұрылымды, атап айтқанда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны мен 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет нысандарын жаңғыртуға қаражат бағыттау – қарапайым тұтынушылық шығын емес, ұлттың адами капиталына салынатын ұзақмерзімді стратегиялық инвестиция. Алайда мұндай жобалардың макроэкономикалық тиімділігі тек бастапқы құрылыс шығындарымен немесе капиталдық салымдармен шектелмейді. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін оларды ұстап тұру, кадрмен қамтамасыз ету, құрал-жабдықтарды жаңарту және коммуналдық қызметтерді төлеу сияқты операциялық шығыстар ағымдағы бюджетке тұрақты салмақ түсіреді. Экономикалық есептеулерге сәйкес, әлеуметтік нысандардың жылдық пайдалану шығындары олардың құрылыс құнының 10-15 пайызын құрайды. Демек, нысандар толық іске қосылғаннан кейін республикалық және жергілікті бюджеттерге олардың сапалы жұмысын қамтамасыз ету үшін жыл сайын қосымша ондаған миллиард теңге тұрақты жүктеме түсетінін ескерген жөн.
Әлеуметтік нысандардың іске қосылуы экономиканың өнімділік әлеуетіне бірнеше стратегиялық бағытта оң әсер етеді. Денсаулық сақтау инфрақұрылымы бойынша өңірлерде перзентханалар, ана мен бала орталықтары мен босандыру нысандарының салынуы ана мен бала өлім-жітімін төмендетуге тікелей ықпал етеді. Сонымен қатар инсульт, травматология және ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының ашылуы мүгедектік деңгейін төмендетіп, еңбекке қабілетті азаматтарды экономикалық айналымға «қайтарады». Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының зерттеулеріне сәйкес, денсаулық сақтауға салынған әрбір 1 доллар халықтың еңбекке қабілеттілік мерзімін ұзарту және еңбек өнімділігін арттыру арқылы ұзақ мерзімде экономикаға 2,5-4 доллар қайтарады. Ал білім беру, спорт және мәдениет инфрақұрылымы аясында заманауи мектептер мен инклюзивті білім беру орталықтары оқушылардың PISA тесттеріндегі көрсеткіштерін жақсартып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде мұндай кешендердің салынуы ішкі миграциялық қысымды азайтып, өңірлердегі өмір сүру сапасын ірі қалалар деңгейіне жақындатады.
Жаңадан салынған нысандардың нәтижелілігін бағалау үшін бірқатар нақты сандық және сапалық индикаторлар қолданылады. Денсаулық сақтау жүйесінің нәтижелілігі 100 мың тірі туғандарға шаққандағы ана өлімінің деңгейі, 1 000 тірі туғандарға шаққандағы нәресте өлімінің деңгейі, еңбекке қабілетті жастағы халықтың созылмалы аурулардан қайтыс болу деңгейінің төмендеу пайызы және оңалту курстарынан өткен азаматтардың еңбек қызметіне қайта оралу үлесі көрсеткіштері арқылы бағаланады. Ал білім беру мен адами капиталдың дамуын Дүниежүзілік банктің Адами капитал индексінің өсімі, PISA халықаралық рейтингіндегі өңірлік алшақтықтың қысқаруы және ауыл мен қала арасындағы тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейінің алшақтығы сияқты көрсеткіштер айқындайды.
Ұлттық қордан бөлінетін 6,5 триллион теңгенің инфрақұрылымға бағытталуы мемлекеттік қаржыны тиімді пайдалану және оның экономикалық қайтарымын қамтамасыз ету тұрғысынан үлкен жауапкершілік жүктейді. Қазақстанның бұған дейінгі ірі мемлекеттік бағдарламалары, атап айтқанда «Нұрлы жол», индустрияландыру карталары және өңірлік ауыз су мен жол жобалары бірнеше жүйелі проблемаға тап болғанын көрсетті. Солардың қатарында жобаларды жобалау-сметалық құжаттама деңгейінде шикі дайындау салдарынан құрылыс барысында қайта сараптамалар жүргізіліп, бастапқы құнның 30 пайыздан 100 пайызға дейін қымбаттауы, яғни сметаның негізсіз өсуі жиі тіркелді. Сонымен қатар созылмалы ин-фрақұрылымдық құрылыстардың мерзімі 2 жылдан 5 жылға дейін кешіктіріліп, нәтижесінде ғимараттар пайдалануға берілгенше моральдық және физикалық тұрғыдан тоза бастады. Мердігерлерді таңдаудағы ашықтықтың жоқтығы, демпингтік бағалар және бақылаушы органдардың сыбайласуы салдарынан жаңадан салынған жолдар мен мекемелер 1-2 жылда қайта жөндеуді талап етті.
Қаржыны тиімді жұмсау үшін не істеу керек?
Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол бермеу үшін мемлекеттік жобаларды бақылау жүйесін түбегейлі қайта құру қажет. Біріншіден, жобаларды іріктеу саяси немесе әкімшілік шешіммен емес, тек қатаң экономикалық модельдеумен жүзеге асырылуға тиіс. Жобаның бастапқы құнымен қатар, оны кейінгі 10 жылда ұстап тұру шығындары мен халыққа беретін нақты қайтарымы алдын ала техникалық-экономикалық негіздеу арқылы бекітілуі қажет. Екіншіден, дәстүрлі мемлекеттік сатып алу форматынан бас тартып, халықаралық инженерлік-құрылыс стандарттарына өту маңызды. Мұнда бас мердігер жобаның сапасына, бекітілген бюджеттен аспауына және мерзімінде тапсырылуына толық қаржылық кепілдікпен жауап береді. Үшіншіден, барлық құрылыс процестеріне 3D-модельдеу мен ғимараттардың сапасын қашықтан цифрлық мониторингтеу жүйесі міндеттелуге тиіс.
Бұл ретте 6,5 триллион теңгенің ішкі экономикада қалуы отандық шағын және орта бизнесті жобаларға қаншалықты тартуға болатындығымен тікелей байланысты. Құрылыс материалдары мен коммуникациялық құралдар бойынша отандық өндірушілердің үлесін 75-80 пайыздан төмендетпеу талабы қойылуға тиіс. Ин-фрақұрылымдық жобалар басталмас бұрын мемлекет отандық зауыттармен ұзақмерзімді кепілді сатып алу келісімшарттарын жасасуы керек, бұл бизнеске өндіріс өнімділігін ұлғайтып, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұрынғы жобаларда бас мердігерлердің бюджет ақшасын алып, оны орындаған жергілікті шағын компанияларға ақшаны айлап төлемей қою фактілерінің орын алғанын ескерсек, бұған жол бермеу үшін эскроу-шоттар мен тікелей төлем жүйесі енгізілуге тиіс.
Кейінгі жылдары мемлекеттік органдардың жіберген басты қателігі – бөлінген соманың 100 пайыз «игерілуін» басты жетістік ретінде көрсетуінде болды. Бұл жүйені түбегейлі өзгертіп, нақты экономикалық-әлеуметтік нәтижелерді өлшейтін түйінді тиімділік көрсеткіштерін енгізу қажет. Мәселен, жол құрылысында жолдың пайдалануға берілгеннен кейінгі 5 жылда апат болмауы мен жөнделмеу мерзімі бағаланса, денсаулық сақтауда салынған нысан есебінен өңірдегі науқастарды қабылдау уақытының қаншалықты қысқарғаны мен ана мен бала өлімінің төмендеу пайызы есепке алынуға тиіс. Коммуналдық инфрақұрылымда желілердегі жылу мен су ысырабының нақты көрсеткіштерге азаюы басты өлшем болуы шарт.
Қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету үшін қоғамдық бақылаудың пәрменді тетіктерін құру аса маңызды. Қордан қаржыландырылатын әрбір нысан бойынша ашық цифрлық платформа құрылып, онда бөлшектелген смета, бекітілген мердігер мен қосалқы мердігерлер тізімі, сондай-ақ құрылыс барысының онлайн-камералық трансляциясы ашық орналасуы керек. Жоғары аудиторлық палатамен қатар сарапшылық қауымдастық пен тәуелсіз аудит фирмаларына жобаларды қабылдау кезеңінде шешуші дауыс құқығы берілуі және өңірлерде жергілікті тұрғындардан құралған бақылау кеңестерінің жұмысы заңнамалық деңгейде бекітілуге тиіс.
Қазақстан озық елдердің тәжірибелеріне сүйене отырып Ұлттық қордың қаржылық активтерін сақтау, бюджет тұрақтылығы және экономиканың ұзақмерзімді әлеуетін арттыру міндеттерін үйлестіру үшін бірнеше түбегейлі басқару қағидатын енгізу қажет.
Біріншіден, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көлемі Норвегияның фискалдық ережесіне ұқсас қағидатты енгізіп, Ұлттық қордан бюджетке берілетін трансферттерді қор активтерінің ұзақмерзімді тұрақтылығымен және күтілетін нақты кірістілігімен байланыстыру қажет.
Екіншіден, мемлекет жоспарлаған 6,5 триллион теңгенің коммерциялық және өзін-өзі өтейтін бөлігін тікелей мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, халықаралық қаржы институттарының төмен пайызды ұзақмерзімді несиелері арқылы жүзеге асыру қажет. Өйткені халықаралық қаржы институттарының ресурстары мен МЖӘ механизмдері мемлекеттік бюджетке салмақ түсірмей, ірі инфрақұрылымдық жобалардың кем дегенде 40-50 пайызын қаржыландыруға қабілетті. Ал әлеуметтік және бюджеттік жобалар ішкі салықтық базаны кеңейту және тиімсіз субсидияларды қысқарту арқылы босатылған қаражат есебінен қамтамасыз етілуге тиіс.
Үшіншіден, егер ерекше жағдайларда Ұлттық қордан ішкі экономикалық жобаларға қаражат бөлінетін болса, ол қайтарымсыз субсидия немесе трансферт емес, қатаң нарықтық шарттардағы қайтарымды инвестиция ретінде ғана ресімделуге тиіс.
Төртіншіден, бөлінген қаражаттың тек «игерілуін» емес, салынған нысан-дардың 5-10 жылдық сапасы мен эконо-микалық қайтарымын, яғни өнімділік өсімін, логистикалық шығындардың азаюын және өңірлік теңсіздіктің қысқа-руын бағалайтын қатаң индикаторлық жүйе құрылып, барлық жобалар бойынша ашық цифрлық интерактивті карталар жүйесі іске қосылуы керек.
P.S. Ұлттық қордың 6,5 трлн теңге көлеміндегі қаражатын инфрақұрылымды жаңғыртуға бағыттау Қазақстан экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін. Алайда оның нәтижесі бөлінген қаржының көлемімен немесе игерілу қарқынымен емес, елге әкелген нақты экономикалық және әлеуметтік қайтарымымен өлшенуге тиіс. Өйткені Ұлттық қор – бүгінгі экономикалық міндеттерді шешетін қаржы көзі ғана емес, келер ұрпақтың әл-ауқатына қызмет етуге тиіс стратегиялық капитал. Болашақ ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілік тек ақшалай активтерді сақтап қалу ғана емес, сол байлықты сыбайлас жемқорлықтан ада, тиімділігі жоғары және сапалы озық инфрақұрылым мен бәсекеге қабілетті экономикалық әлеует қалыптастыруға жұмсауда жатыр. Сондықтан оның қаражатын пайдалану кезінде қысқамерзімді қажеттіліктер мен ұзақмерзімді ұлттық мүдде арасындағы тепе-теңдікті сақтау Қазақстанның қаржылық тұрақтылығы мен экономикалық дербестігінің басты шарты болып қала береді.